Қазақстаннан орын таппай шетелде қалуға мәжбүр болған қазақ жігіттің  мұңы  

3 апреля 2018

«Ыстанбұлға билет алдым, Түркия еліне  қайтатын болдым, қайтейін амал жоқ, туған жерімде маған орын жоқ шығар…», — деп Марат досым хабарлама жіберіпті.

Қайта хабарласып жағдайын сұрағанымда, Марат басынан өткен жағдайды баяндап берді: «Шынымды айтасам жағдайым жақсы емес, көңіл-күйім түсіп кетті. Неге? деп сұрасаң, менің бір жылдық визам бар еді ғой, сол визаның мерзімі аяқталайын деп тұған, полиция қызметкерлері: «сен әрдайым осы жерге дер кезінде құжаттарыңды тапсырып жүрсің ғой,  визаңды тағы бір айға созу үшін шетелге барып, кіріп-шық», — деп кеңес берді. Сонымен, полиция қызметкерлері кеңес бергендей, мен Қырғызстанның Бишкек қаласына аттандым. Осы оралман куәлігін әкімдіктен алдым ғой, енді Ыхтияр картасын аламын деп жүргем. Сол Бишкекке барам деп, қазақ шекарасында қазақстанның шекара қызметкерлерінен өмірімде көрмегенімді көрдім, Түркия елінде көрмеген азабымды өзімнің қазақ шекера әскери қызметкерлерінен көрдім. Менің үстіме ит секіртіп, итті маған искетіп, «иттен қорқамын, итке аллергиям бар», десем итті тартпай үстіме секіртіп, заттарымды шығарып, қалтамды ақтарып, «сен шегенсің бе», дегенге: «жоқ шекпеймін», деп, «тек темекі тартамын», дегеніме көнбей, «жоқ қазір сені тексереді», деп одан сайын итті үстіме секіртті. Қалтамдағы барлық заттарды шығарып қойып, көрсеткенімде Алматы қаласы бойынша қалалық көлікте жүретін «Оңай» картасы бар еді ғой, соны көріп «мынау не?», деп сұрады, оның қоғамдық көлікте жүретін карта екенін түсіндірдім. Ал біреуі ұялы телефонымды алып: «мынау қандай модель?», деп сұрап отыр, ал біреуі құлаққабымды алып: «мынау не?  тұпнұсқасы ма?»,  деп сұрап отыр. Бұлар осы тексерісті ойын қылып, менің заттарымды шұқып, қалтамда қанша ақша бар екенін тексергісі келген екен ғой, сосын мені сыртқа шығарып, камера жоқ жерге апарды, «жарайды тексерсеңдер тексеріңдер» — дедім, «жоқ бәрібірде біз сені тексерсек те құжаттарың дұрыс емес» — деді,  мен Қазақстанға кірер кезде қазақ  полициясы аэропорттан визама қол қойған, сол виза қазір өтпей тұр деді. Мен таң қалдым қалай ол дұрыс емес, тиісті органның берген құжаты, міне қолдары тұр. «Бұл шешілмейді, бір қолға шапалақ болса, рақмет айтсаңыз шешіледі», деді  әлгі полиция өкілдері. Осылай қинап-қинап мені, «қайтарып жібереміз», деп менен бес мың теңге алып қалды. Ал сен менен  ақша алатын болсан, оны адам сияқты айтпайсың ба! Неге менің бетіме ит секіртіп отырсың?  Маған жаман ауыр тиді, жүрегім ауырып кетті, сонда осы жердегі ит секіртіп айтпағанды айтып, тексеріс жасағаны театр екен ғой. Мен өзі 35 жасқа келген адаммын, бір өмірдің жартысын сүрдім, 20 жастағы балалардың маған келіп сабайтын адамдар сияқты қатты-қатты, әңкіп-әңкіп маған сөйлегені жүрегімді ауыртып тастады, менің ешбір үмітім қалмады Қазақстанға, қазақ полициясына.  Мен шетелде 30 жыл көрмеген қорлығымды осы қазақ елінде көрсетті ғой… Ол бес мың теңгеге мен кедейленіп қалмаймын, сен байымайсың, бірақ сенің істегенің дұрыс емес, бір қазақтың баласын алып үстіне ит секіртіп, «анализ алып, қаныңды тексереміз» — деп, тексер десем, біресе «жоқ тескермейміз, сенің өйткені қағаздарын дұрыс емес», — деп мазақ қылған саған ұят! Шынымды айтсам мен өзім солар үшін ұялып кеттім.

Негізі менің құжаттарымның бәрі дұрыс, Қазақстан Республикасынан оралман куәлігін алғанмын қазақпын деп, ал барлық қағаздарым дұрыс неге қинайсыңдар мені? Мен өз елімді жақсы көремін, мен өз еліме келдім, қаным тартып ата-бабам, өз тарихым өткен жерге келдім деп қуанып жүрмін мен, өз жерімді сүйемін, кішкентай кезімнен туған елге деген сүйіспеншілікті ең бірінші қанмен, екінші әке-шешем тәрбиемен сіңірген. Туымыз жерге түсіп қалғанын көрсек оны тазалап,сүйіп, маңдайымызға басып жоғары жерге көтеріп қоямыз. Тіпті рахат шоколдының орама қағазын жерден тауып алсам оны көтеріп алып, жинап қоямын, лақтыруға қолым бармайды, оны әрқашанда биік жерге қоямын, өйткені ол жерде туған жерімнің туы бейнеленген…

Итпен қорлағаны әлі есімнен кетпейді, иттің аузын жап десем жаппады, тілі салақтап, тістері көрініп адамды үркітеді, бұл жерге аяғы ауыр әйел келеді, ана иттен шошып баласын түсіріп алса не болады? Науқас адам ше? Біреуге ит жақпайды, сонда бұл жердегі иттің мақсаты қарапайым адамдарды қорқытып, ақша алу екен ғой… Сонда өзбегің, әзірбайжданың, қырғызың және басқа өзге ұлт өкілдері ешбір кедергісіз кіріп жатыр Қазақстанға, сол жерде итті маған айтақтатып сорлап тұрған мен ғана.

Ал менің жазығым қазақ болып, еліме деген сүйіспеншілігім бе? Қазақ тілінде сөйлегенім бе? Әлде ата-бабамның қаны тамған туған еліме келгенім бе? Мен шет елде жүргенімде қазақ көрсем қуанып, қолымнан келгенше қол ұшымды беретін адам едім. Жоқ болды! Көрерімді көрдім, осы да жетеді.

Айтар сөзім жоқ басқа, оларға айтар сөз таба алмаймын, солар үшін мен қатты ұялып отырмын. Адам басқалар үшін ұялады екен — соны түсіндім…

Мені барлығының алдында  бір террорист немесе нашақор сатушы адам сияқты қорлағандарын сол жерде өзге ұлт өкілдері де көріп жатты. Ал енді бұны кімге айтасын? Кім не істейді? Басқа мемлекеттер шет елден адам келсін, көрсін экономикаға пайдасы тиеді деп қанша миллиард долларға жарнама жасатып жүрсе, бізде өз-өздерін шекараларда мазақ қылып, күтіп жүр. Обал ғой, обал… Ел басымыздың «Рухани жаңғыру» бағдары қайда қалды сонда?

1998 жылы біз кішкене бала едік онда, анам жеті баласын ертіп Алматыға келген еді, Алматы аэропортындағы шекара қызметкерлері жоқ жерден пәле тауып, анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес, «самолет кетеді, жібермейміз, билеттерін күйіп кетеді», —  деп анамды жылатып,  500 долларын алып қалған. 20 жыл өтті ал міне мен келдім елге, кішкене бала кезімнен көргенімнен сорақысын көріп отырмын. Маңдайда бір өмір – сол бар екен. Ештене өзгермейді, өзгермейді де  екен. Мүмкін болашақта бір күні балам келсе, өзгерісті мүмкін ол көрер.  Не істеміз маңдайға жазған сол екен, қазақ жүрген жерін азап деген шын екен… Мүмкін болашақта келермін 10-15 жылдан соң көрерміз. Алыста жүрсем де қазақ көрсем қолымнан келген көмекті көрсетіп, елімнің, мемлекетімнің жақсылығын тілеп жүрем әрқашан…», — деп жүзі мұңға толы Марат әңгімесін аяқтады.

Бір әңгімесінде Марат: «қазір жұмысымды ретке келтіріп алайын, кейін Алматының бір жерінде үлкен қазан орналастырып, жағдайы төмен, үйсіз жүрген мұқтаж адамдарға тегін ыстық сорпа таратқым келеді, алда сол арманымды жүзеге асырамын, негізі идеям көп, не жасасам да осы еліме пайдасын тигізгім келеді», деген ойымен бөліскен еді. Иә өкінішті-ақ осындай көзі-ашық, зиялы, жан-жақты көзі елім деп сүйіспеншілікке толы, жанып тұрған азаматымыздың елге симай кеткені. Қазіргі заманда елім, жерім деп жүрегі соққан ер жігітті кездестіру жоқтың қасы… « — Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық, айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Жағдай бар, еліме келемін дегендерге қауымдастық арқылы барлық жағдайды жасауымыз керек. Біз көшіп келуге ниет еткен ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек.», — деп Елбасымыздың кешегі дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайында берген тапсырмасы қайда қалды?!

Қымбат Керейбай

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика