Қазақстанды «тәуелсіз» сөзінің шынжырынан босату керек.

6 февраля 2020

Еліміз тәуелсіздікті алғаннан бері 30 жылға жуық уақыт өтіпті. Көтерілген көк байрағымызды, елтаңбамызды түрік ағайындардан бастап барлығы мойындады. Бәсекеге қабілетті екенімізге көздері жетті. Бекітілген шекарамыз, өз әскеріміз, полициямыз, Ата заңымыз, төл валютамыз бар.  Бұл күнде оған ешкім шүбә келтіріп, бізбен санаспай жатқан ешкім жоқ.  

Менің ойымша, «Тәуелсіз Қазақстан» деген пафосты тіркесті айтуды доғару керек. Осының өзі бір кездері біздің тәуелді болғанымызды білдіріп, есімізге сонау қасіретті жылдарды салып тұрғандай. Ұлттық телеарналарда, газет, журналдарда, қаланың жарқыраған баннерлерінде әлі күнге дейін елдігімізді әлдебіреу мойындамай жатқандай жанталаса жазып келеміз.

Бір мысал келтірейік: кезінде ағылшындардың боданында болған үндістердің «біз тәуелсізбіз» деп әлемге жар салып, мақтанып жүргенін естідіңіздер ме? Немесе, Кеңестер Одағы құлап, еркіндікке қол жеткізген мемлекеттердің ше? Жоқ, естіген емеспіз. Олар өткен күнді тарих деп санап, жаңа идеалогиямен өмір сүріп келеді. Даурығып жүрген біз ғана.

Қарумен, күшпен дамыйтын замандар өтті. Техналогиямен, біліммен, жоғары интеллектпен озатын XXI ғасырдың ширегінен асып барамыз. Оларды игеретін санасы таза, ойын ашық білдіре алатын жаңа ұрпақ. Ешкімге тәуелді емес екенімізді жауқазын буын онсыз да біледі. Керек десеңіз әлемдік саясаттың жаңалықтарын айтып, талқылайды. Демократияның не екенін мектеп қабырғасында жүріп деректі фильмдерден түсініп алған. Интернет арқылы кез-келген ақпаратты біліп алады. Жер шарын әлеуметтік желімен шарлап, пікірін ашық айтып, таразылап жүрген ұрпаққа «біз тәуелсіз елміз» деп қайталай берудің қажеті жоқ. 

Айтқым келгені: Қазақстанды «тәуелсіз» сөзінің шынжырынан босату керек.

Еліміздегі ұлты қазақ көп ата-ана өз балаларын орыс тілді мекетпке бергісі келеді. Олардың ойынша орыс тілін жаттап, сол ұлттың менталитетін сіңіріп өскен бала ойын ашық айтып, еркін жеткізетін ширақ болады екен. Түбінде жақсылыққа апармайтын мұндай түсінік қайдан қалыптасты? Қара волгадан қорқып өскен аталар «пәлесінен аулақ» дегенді миымызға жақсылап құйып берген. Содықтан да болар, қоғамда болып жатқан көп өзгерістерге атүсті қарап, ауылымызды алшақ ұстаймыз, бірдеңелерді айтуға ұяламыз және қорқамыз. Әрине, бұл заңды құбылыс. Бір буын бір буынға әсер етпей қоймайды. Санамыз әлі де әлдененің бұғауында. «Тәуелсіз» деген сөзге теледидар, газеттерден қарағанда рухымыз мұқтаж.   

 


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика