ҚАЗАҚҚА АЭС КЕРЕК ПЕ?

19 февраля 2017

Өткен ғасырдың орта шенінде әлем елдері атом қуатын өндіруден бәсекеге түсті. Бейбіт мақсатта емес. Бірін-бірі қынадай қырып, жер бетінен жойып жібергісі келді. Кейін түсінді. Одан ешқандай пайда келмейді екен. Иә, қорғаныс жақсы, ал өзгелерді атом арқылы басып алудың зияны көп. Ең әуелі қаруды дайындау және сақтау үшін қыруар қаржы құю керек. Оны соғыс барысында қолданар болсаң бәрі құрыды дей беріңіз. Қоршаған орта ластанды, жау елдің мал-мүлкі де жойылып кетеді. Атом соғыстың әу бастағы мақсаты – тонаушылықты жоқ етті. Осыдан соң атом қуатын басқа, бейбіт мақсатта қолдану көзделді. Одан да келіп-кеткен нәтиже жоқ.

1986 жылғы Чернобыль апаты елдің есінде. Бір ғана АЭС-да болған апат 5 миллион адамның өміріне қауіп төндіріп, ондаған елдің экологиясына зиян тигізді. Жарайды, бұл өткен ғасыр. Ол кезде технология әлі дамыған жоқ, адамзат атом қуатын дұрыс пайдалануды білмеді делік. Күні кеше ғана Жапон жерінде орын алған «Фукусимо 1» АЭС апатын қайда қоясыз? Демек қауіп әлі бар. Біз атом қаруынан ерікті түрде бас тарттық. Әлем елдерінің де көбі одан бас тартуға шақырып отыр. Энергия өндірудің баламалы көзін іздестіруге көшті. Ал бізде әлі күнге дейін АЭС салу мәселесі қозғалуда. Тіпті халық арасында «Балқашта АЭС құрылысы басталыпты деген қауесет жүр». Бұл қаншалықты дұрыс?
«Абай.kz» сайтының хабарлауынша, Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, брифинг өткізген ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев:

— Сіздерге түсінікті қылып айтайын, қазіргі таңда Қазақстанда ешқандай атом станциясы салынып жатқан жоқ. Дегенмен, біз бұл мәселеде оң ұстанымдамыз және жалпы Қазақстанға АЭС керек. Құрылыс қашан басталады? Міне, осы мәселе қазір қарастырылуда. Бүгінде елімізде электр энергиясын артығымен өндіріп отырмыз. Тіпті, өндірілген электр қуатының 30 пайызға жуығы шектік деңгейіне жетпеген де. Сондықтан, дәл қазір АЭС-қа мұқтаждық болмауы мүмкін. Дегенмен, еліміздің экологиясына да тиімді. АЭС энергия мен қамтуда үлкен рөл атқарады, — деп мәлімдеген.

Вице-министрдің сөзі БАҚ-да қызу талқыға түсті. Осыған байланысты «Abai.kz» ақпараттық порталы «Атомнан бас тартқан елге, АЭС неге керек?» атты мақала жариялады. Бұл мақалаға қатысты ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі Асқар Жалдинов мырза түсінік беріп, Қазақстанда әзірге АЭС салынбайтындығын айтқан. Ал вице-министрдің сөзін халық дұрыс түсінбеген.

«Бақытжан Жақсалиев мырза АЭС салынбайтынын айтты. Ол кісі қазір АЭС салуға еш қажеттілік жоқ екенін айтқан еді. Рас, біз қазір электр қуатын мөлшерден артық өндіріп отырмыз. Тіпті, алынған өнімнің 30 пайызы толық күшіне пайдаланылып жатқан жоқ. АЭС – электр қуаты жетіспей, жұрт тапшылық көріп отырған жағдайда айтылса бір сәрі. Ал қазір ондай тапшылық жоқ. Сондықтан, АЭС салу я болмаса салмау мәселесі сөз болып отырған жоқ. Оның үстіне министр Қанат Бозымбаев мырзаның өзі өткен жолы АЭС салынбайтынын Үкімет отырысында ашық айтты», — дейді Асқар Жалдинов «Abai.kz» порталына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстанда АЭС салынып жатқан жоқ. Балқашта құрылысы басталған нысан Су электр станциясы. Қазір қаражат жетіспегендіктен құрылысы тоқтап тұр. Инвесторлармен келісім шарт жасалған соң қайта жанданады. Әрі елімізде атом электр станциясын салуға аса зәрулік те жоқ. Елде энергиямен қамтамасыз етудің өзге де жолдары бар. Сондықтан алдағы біраз жылда бұл мәселеге алаңдамауға да болады.

Нұрлыхан Қалқаманұлы
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика