Қазақ журналистикасының қара нары Мағауия Сембай дүниеден озды!

4 ноября 2019

(1955-2019)

Мағауия Сембай Қасым мен Мәди дүниеге келген киелі топырақтың тумасы.
Еңбек жолын 1976 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде қатардағы тілші болып бастаған. Аталмыш ұжымда бас редактордың бірінші орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде де аға тілші қызметін атқарды. Шығармашылдықты еңбекпен ұштастыра біліп, көптеген очерктер кітабын жазды. 1997 жылдан бастап «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Басшылықта жүріп Қарағанды облысында журналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Шәкірт тәрбиелеп, қуатты тілшілер буынын қалыптастырды. Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР президенті сыйлығының, «Мәдениет қайраткері» белігісінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Мағауия Сембай жайында айтылған және айтылар асыл сөз көп. Тәні жер құшағына енді. Бірақ, оның аты оқырман қауымның санасына, жүрегіне алтын әріппен жазылып қойған. Қажырлы еңбекке, ұлағатқа толы ғұмырында адалдықтың, адамдықтың байрағын биік ұстап өтті. Туған-туыстарына, асыл жарына, балаларына қабырғамыз қайысып көңіл айтамыз. Опасыз жалғаннан қазақ журналистикасына адал қызмет еткен қара нар өтті.

Көңіл айтамыз!

Естеліктен…
2018 жылдың ызғарлы күзі еді. Университетке қарай Қарағандының Оңтүстік-Шығысындағы саябағы арқылы өтіп бара жаттым. Алдымнан Мағауия ағам шықты. Самайында уақыттың сызбасы, жанарында сәл мұң бар.
— Ассалаумағалейкүм, аға! — деп амандастым.
— Уағалейкүмассалам, молда бол- деп аз ғана жымиды.
Шамалыдан соң басталатын сабағым жайына қалды. Өзім армандаған жеке кездесу. Ағаны әңгімеге тарттым. Елден оның білімі жайында көп еститінмін. Ең қызығы: Мағауия аға Мұхтар Мағауиннің өзінен сұхбат алған. Мұхтардан сұхбат алу үшін қандай білім, жүрек керек екенін ойладым. Мағауин жайында сұрадым. Ел естімеген, газет беттеріне жарияланбаған әңгімелерді айтты. Омарханның ұлы Мұхтардан  кейінгі заңғар жазушы Мұхтар Мағауин жанына жақын тартқан бауыры болу… 

Ағаның алдында өлең оқыдым. Маған батасын берді. Сөйтіп екеуміз екі жаққа кеттік. Соңынан ұзааааақ қарап тұрдым.  

Күз еді… Көзінде мұң бар еді… 

Ерік НАРЫН


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика