Қазақ орфографиясы ережелерінің концепциясы жобасы талданды

27 Маусым 2018

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алдымызға таяу жылдардағы орындайтын міндеттерді жүктеп, бірнеше жобаны жүзеге асыру қажеттігін тапсырды. Соның бірі – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі болса, бұл бағытта өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда.


Ең алдымен, ғалымдар мен тіл жанашырларынан тұратын тұрақты спикерлер тобы құрылса, жыл басынан бері облыс өңірлерінде ақпараттық-насихаттау бағытында әртүрлі форматтағы 50-ден астам іс-шара өткізілген екен. Сондай мазмұнды шараның бірі ретінде жақында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Достық үйінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Ұлттық комиссия төрағасы Ерден Задаұлы Қажыбек пен Ұлттық ғылым академиясының академигі, ф.ғ.д., профессор, Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы Айтбаев қатысқан «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру негізі» семинары болып өтті. Аталмыш семинарға басқармалар мен облыстың аудандық және қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тілге жауапты мамандары, сондай-ақ оқыту орталықтарының басшылары мен әдіскерлері, жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
Семинар модераторы Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Г.Қаңтарбекова ұйымдастырылып отырған семинардың маңыздылығына тоқтала келе, сөз кезегін қонақтарға берді. Алғашқы болып сөз алған Е.Қажыбек қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің мақсат-міндеттеріне, сондай-ақ маңыздылығы мен өміршеңдігіне тоқталды. Ұлттық комиссия төрағасы өз сөзінде: «Тілдік реформамыздың негізгі мақсаты – төл, қазақы, Ахмет Байтұрсынұлы және оның ғылыми мектебі іргесін қалаған ілімге оралу. Латынға бізден бұрын көшкен түркі тектес елдер мен Еуропа елдерінің тәжірибесі мұқият сарапталған. Кейбір тілдерде маңызды дыбыстар ескерілмей түсіп қалса, кейбір тілдерде ғылыми әдістеме жасалмай, реформалар тоқырап қалды, ұзаққа созылды. Ал кейбіреулерінде науқаншылық басым болды. Бізде бұның барлығы жан-жақты ескерілді», – дей келе, қазіргі уақытта емле ережесінің тұжырымдамасы әзірленгенін, осыған байланысты қарағандылық ғалымдардан ұсыныстар күтетінін айтты. Ал академик Өмірзақ Айтбайұлы болса, қазақ жазуын латын графикасына ауыстыру мәселесінің алғаш рет Халықаралық қазақ тілі қоғамының құрылтайында көтерілгенін айта келіп, қазақ әліпбиінің қалыптасу жолына, оның ішінде А.Байтұрсынұлының ғалым ретінде тілдің өркендеуіне сіңірген еңбегіне тоқталып кетті.
Семинар барысында сөз сөйлеген қарағандылық ғалымдардың пікірі де салмақты шықты. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен М.Тұрсынова мен Е.Түйте, «Болашақ» академиясынан Қ.Сембиев, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясынан Е.Қожабековтер сөз алып, «Қазақ орфографиясы ережелерінің концепциясы» жобасына өз ұсыныстарын ортаға салды.
Осы ретте, семинардан соң Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы облыс аумағындағы құзырлы орган ретінде семинарға қатысушылар тарапынан көтерілген мәселелердің негізінде ұсыныс-пікірлерді жинақтап, Тіл білімі институтына жолдады. Біз де жоғары оқу орындарының ғалымдары тарапынан берілген ұсыныстар Қазақ орфографиясы ережелерінің концепциясының соңғы нұсқасын әзірлеу барысында ескеріледі деп сенеміз.
Жалпы, әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар екен: бірінші –  әліпби деңгейі, екінші – таң­ба деңгейі, үшінші – емле-ереже дең­гейі. Жазу –  ұлттың тарихы, ұлт мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне әсер ететінін ескерсек, жаңа әліпбидің емле ережелері жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыруға қызмет етеді деген үміт бар.

Жақанова Жұпар,
«Ресурстық тіл орталығы» КММ-нің
Латын графикасына көшу бойынша оқыту және
әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика