Қазақ киносы Орталық Азияның үздік фильмі атанды

17 Сәуір 2017

Қырғыз елінен қуанышты жаңалық жетті. Режиссер Ақан Сатаевтің «Анаға апарар жол» картинасы  Бішкекте өткен «Ақ ілбіріс» атты VI  ұлттық киножүлдесіне  үш номинация бойынша қатысып,  «Орталық Азияның үздік фильмі» аталымын жеңіп алды. Бұл туралы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Анаға апарар жол

Ұлттық жүлдені режиссер Ақан Сатаевқа қырғыздың кинорежиссері,  Қырғызстан Республикасының халық артисі, аталмыш премияның құрылтайшыларының бірі Артықбай Сүйіндіков және Лос-Анжелестегі азиялық кинофестивалінің үйлестірушісі Әсел Шерниязова табыстады.

– Түсіру тобын осы жеңіспен қуттықтаймын. «Анаға апарар жол» – Орталық Азияның үздік фильмі,  – деп жазды режиссер Ақан Сатаев өзінің Instagram парақшасында.  

Фильм өмірдің ауыртпалығына төтеп берген, қиын қыстау күндері  сұрапыл соғыстың мехнатын көрген басты кейіпкердің тағдырын баяндайды. Бұл кинотуынды ананың перзентіне деген шексіз махаббаты туралы, перзентінің Отанына деген адалдығы жайлы. Аталған кинотуынды 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальге қатысып, Бас жүлдені, сонымен қатар актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті. Одан бөлек, бұл туынды биыл Қазақстан киносыншылар ассоциациясы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» жүлдесінде үш бірдей жүлдені иемденді. Атап айтсақ, «Ең үздік актриса» – Алтынай Нөгербек және «Екінші пландағы үздік актриса» Аружан Жазылбекова деп танылды. Ал «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясын аталмыш фильмнің композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский бөлісті.  


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика