ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ 1458 ЖЫЛЫ ҚҰРЫЛҒАН

26 Тамыз 2017

Қазақ хандығының 550 жылдығыҚазақ хандығының құрылуы мәселесіне жаңа көзқарас XIV – XV ғғ. Дешті Қыпшақ аумағындағы этноүдерістер. XVI ғ. 20-30 жж. қазақ халқының қасіреті.
Қазіргі кезде еліміздің егемендігі бекіп, іргесі нығайған сайын оның болашағы мен тарихына деген қызығушылықтар арта түсуде. Әсіресе, соңғы жылдарда “Қазақ мемлекеттілігі қай дәуірден басталады?”, “Қазақ хандығы қашан құрылды?” немесе “Қазақ хандығының құрылғандығына қанша жыл?” деген  нақты сауалдарға  көпшіліктің ынтасы ауып отыр. Мұндай мәселелер бұрынырақта тек тарихшы-мамандардың ғана айналысатын нысаны болса, бүгінгі күндері бұл тақырыптар тарихшылармен қатар, көзі ашық, көкірегі ояу, өз елінің тарихына сүйіспеншілікпен қарайтын әуесқой тарихшылардың, әдебиетшілердің, журналистердің, сондай-ақ кейбір мамандық иелерінің зерттеу обьектісіне айналуда. Әсіресе, журналист ағайындар бұл істе өте белсенділік танытып, отқа май құйғандай, тақырыпқа деген қызығушылықты одан әрі арттырып жіберді. Үстіміздегі 2006 жылы Қазақ хандығының құрылғанына- 550 жыл толады деп кей газеттер жарияға жар салып, өз беттерінде мақалалар жариялап, сұхбаттар ұйымдастырып жатыр. Сол себепті де біз осы мақаламызда Қазақ хандығының құрылған жылына байланысты зерттеуші-тарихшылардың әртүрлі пікірлеріне тоқталып, оларға талдау жасаймыз.
Қазақ хандығының Дешті Қыпшақ аумағында ежелден бері үзілмей жалғасып келе жатқан этникалық, мәдени-рухани дамулар мен  XIII-XV ғғ. саяси процестердің заңды қорытындысы ретінде XV ғасырдың ортасында тарих сахнасына шыққандығын зерттеушілердің бәрі мойындайды. Сондай-ақ хандықтың құрылуында Керей мен Жәнібек хандардың атқарған басты рольдерін ешкім де жоққа шығармайды. Дегенменде жоғарыдағы тұжырымды бірауыздан мойындайтын тарихшылар хандықтың нақты қай жылы құрылғандығы жөніндегі мәселе бойынша XV ғасырдың ортасындағы бірнеше датаны көрсетеді. Төменде сол даталар мен оның авторларын атап өтелік.
Қазақ хандығы 1428 жылы құрылды деген пікірді тарихшы Ә.Хасенов дәлелдейді; (1)
Кейінгі жұмысында бұл автор 1428 жылдан бас тартып, 1445 жылды ұсынады; (2)
Қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деген пікірді М.Тынышбаев, А.Чулошников және тағы басқалары атап өтеді;(3)
1458 жылы құрылған деп осы мақаланың авторы көрсетсе;(4)
1465-66 жылдар шамасында құрылған деген пікірді Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегіне сүйеніп М.Қ.Абусейітова және тағы басқалары ұсынады;(5)
Тарихшы Т.И.Сұлтанов болса Қазақ хандығының құрылуы 1470 жылы аяқталады деп қорытады.(6)
Қазіргі кезде осы көрсетілген даталар ішінде 1456  мен 1465-66 жылдар үстем пікірлер болып, тарихи әдебиеттерде жиі қолданылып жүр. Ә.Хасеновтың мақалалары баспасөз беттерінде жарық көрген бойда-ақ оның пікірлеріне қарсы пікірлер айтылып, ғылыми орта оларды қабылдамай қойды. (7) Т.Сұлтановтың соңғы пікірлері тың болғандықтан көпшілік оны әлі игере қоймаған секілді. Сондықтанда біз аталған екі автордың пікірлеріне тоқталмай, көпшілікке кең тараған және Қазақ хандығы 1456 және 1465-66 жылдары құрылған деген тұжырымдарды талдап, соларға қатысты өз ойларымызды білдіреміз.
Алдыменен Қазақ хандығығы 1456 жылы құрылды деген пікірді талдап көрелік. Қазіргі күнде бұл пікірді жақтаушылар М.Тынышбаев, А.Чулошников пікірлеріне сүйенеді де, олардың бұл датаны қайдан және қалай алғандығына назар аудармайды. Біз бұл пікірді талдау барысында жоғарыда аталған авторлардың  “1456 жылды” В.В.Вельяминов-Зерновтан алғандығына көзімізді жеткіздік. Олай болса, XIX ғасырдағы орыс шығыстанушы-ғалымының зерттеуіне де құлақ асып көрелік.
В.В.Вельяминов-Зернов 1864 жылы Санкт-Петербург қаласында жарыққа шыққан “Исследование о Касимовских царях и царевичах” атты зерттеуінің екінші кітабын қазақ сұлтаны, XVII ғасыр басындағы Қасым хандығының билеушісі Ораз Мұхаммедке арнайды. Автор Ораз Мұхаммедтің Орыс ханға дейінгі шығу-тегін анықтау үшін көптеген шығыс деректерінің мәліметтерін қолданады. Кейбір дерек мәліметтері автордың пайдалануы арқасында алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп, ғылыми көпшілікке белгілі болады. Сондай деректердің біріне Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарих-и Рашиди” атты еңбегінің мәліметтері жатты.
В.В.Вельяминов-Зернов  “Тарих-и Рашидидің” екі нұсқасын пайдаланады. Біріншісі-парсы тіліндегі нұсқа болса, екіншісі-Ш.Уәлихановтың Қашғарға барған сапарынан алып келген Қашғарлық нұсқасы болды. Екінші нұсқаны Мұхаммед Садық түрік тілінің Қашғарлық диалектісіне аударады. Автор осы екі нұсқаны бір-бірімен салыстыра отырып, мәліметтерінің шынайылығын тексереді. Ораз Мұхаммедтің ата-бабалары туралы деректерді іздестіре келе, “Тарих-и Рашидиден” Керей мен Жәнібек хандарды кездестіреді. Бұл екі ханның Қазақ хандығының негізін салушылар екендігіне көз жеткізіп, соған қатысты мәліметтерді орыс тіліне аударады. “Бұл кезде Дешті Қыпшақта Әбілхайыр-хан билік құрып тұрды, одан жошылық сұлтандар көп қысым көрдік сол себепті де Жәнібек хан мен Гирей хан екеуі Моғолстанға қашты…”,-деп аударылады.(8) Кейінгі жылдардағы “Тарих-и Рашидидің” Ташкентте шыққан орыс тіліндегі, Алматыда жарық көрген қазақ тіліндегі аудармаларымен салыстырғанда В.В.Вельяминов-Зернов аудармасының ешқандай айырмашылығы жоқ.(9) Мәтіндегі кейбір сөздер басқаша түрде, басқаша стильде берілгені болмаса, жалпы мазмұн бәрінде бірдей, ортақ боп келеді. Бірақ та көпшілік көп назар аудара бермейтін  бір өзгешелік XIX ғасыр ғылымында ұшырасады. Осы өзгешеліктің біз қарастырып отырған мәселеге негіз боп қаланатынын автор аңғармаса керек. Ол мынау еді: В.В.Вельяминов-Зернов Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақта билеуші боп тұрғанын айта келе, оның қай кез, қай жылдар екенін оқырмандарға түсіндіре кету үшін “Бұл кезде” деген сөз тіркесінен кейін (шамамен 860-1456 ж.) деген датаны жақша ішінде өзі қолданады. XIX ғасырдағы тарихи зерттеулерде авторлар өзіндік түсіндірмелерін мәтіннің арасына кіргізіп, оларды жақшамен бөліп көрсету дәстүр болатын. В.В.Вельяминов-Зернов та осы әдісті қолданады. Сөйтіп ол, Әбілқайыр ханның хижра бойынша –860 жыл шамасында, қазіргі жыл қайыру бойынша –1456 жылы Дешті Қыпшақта билеуші боп тұрғанын түсіндіре кетеді. Және де “шамамен 860 жылы” деуі –хижраның 860 жылының төңірегін меңзейді. Ол жылдар –1455-1458 жылдар шамасы.
Парсы тіліндегі мәтін аудармасының қандай екендігін жоғарыда айтып өттік. Шығыстанушы ғалымның сол кездегі ғылыми беделі, атақ-дәрежесі ол қолданған 1456 жылды –басқа зерттеушілер Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Қазақ хандығын құрған жылы деп түсінеді. Кейіннен бұл датаны Ш.Құдайбердіұлы, А.Чулошников, М.Тынышбаев ең дәлелденген, дұрыс дата ретінде қолданады. Ал олардан кейін 1456 жыл –басқа тарихшыларға ауысады. Соңғы жылдары бұл датаны М.Мағауин “Қазақ тарихының әліппесі” атты кітабында қолданып, одан әрі жаңғыртып жібереді.(9) Қазіргі күнде мерзімді басылым беттеріндегі журналист ағайындар негізінен, М.Мағауиннің еңбегіндегі датаға негіздеп тұжырымдар жасап жүр. Біздің ойымызша, 1456 жыл -Әбілқайыр ханның қаһарына мініп тұрған кезі. Оның беделін түсіріп, сағын сындыратын Сығанақ түбіндегі Өзтемір тайшы басқарған қалмақтардан жеңілуіне әлі бір жыл бар. Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуі –1457 жылғы жаздың соңы –күздің басында Әбілқайырдың қалмақтардан жеңілісінен кейін болғандығын басқа дерек мәліметтері дәлелдейді. Олай болса, Қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деген пікірдің көмескі, анық, дәл емес екендігін бірден көруге болады.
Енді Қазақ хандығы 1465-66 жылы құрылған деген пікір туралы ойларымызды айта кетсек.
Бұл пікірге Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарихи Рашиди” еңбегіндегі деректер негіз болып отыр. Екі бөлімнен тұратын еңбектің біірнші бөлімінде автор XIV ғасырдың ортасынан XVI ғасырдың ортасына дейінгі Моғолстан атты ортағасырлық мемлекеттің тарихын баяндайды. Бірінші бөлімнің 39-шы тарауында Мұхаммед Хайдар Дулати Есенбұға хан тұсындағы Моғолстан тарихын айта келе, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан қашып Моғолстанға келгендігін, сол тұстағы моғол ханы Есенбұға екендігін, оның Керей мен Жәнібек хандарға Моғолстаннның батысындағы Шу өзені бойынан Қозыбасы жерін бергендігін жазады.(10) Одан әрі Дулати: “Қазақ сұлтандарының билік жүргізуінің басы 870 жылдан басталады,”-деп жалғастырады.(11) Ал “Тарихи Рашидидің” 43-ші тарауында Мұхаммед Хайдар Дулати хижраның 866 жылы (1461-62) Есенбұға ханның қайтыс болғандығын нақтылап көрсетеді.(12)
Алғаш рет деректегі осы мәліметтердің бір-біріне сәйкес келмейтіндігін тарихшы Т.И.Сұлтанов анықтады. Ол Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келуі Есенбұға ханның тірі кезінде болғандығын ескеріп, Шу бойына келу – 1461 жылға дейін жүзеге асқан деп пікір білдірген еді.(13) Біз де осы тұжрымды қостай отыра, өзіміздің осы тақырыпқа арналған мақалаларымызды Қазақ хандығының құрылған жылы – 1458 жыл деп дәлелдеуге тырыстық .Бұл жерде біздің мақсатымыз хижраның 870 жылы немесе қазіргі жыл санау бойынша 1465-66 жыл – Қазақ хандығының құрылған жылын не себепті дәл көрсетпейтіндігін дәлелдеу болғандықтан, бар күшімізді осы мәселе төңірегіне жұмылдыралық.
“Тарих-и Рашиди” авторының стилінде тарихи оқиғаларды баяндау мен олардың болған жылын көрсетуде өзіндік бір ерекшеліктің бар екендігі байқалады. Ол ерекшелік кітаптың бірінші бөлімінде қатты байқалып тұр. Мұхаммед Хайдар Дулати маңызды деген тарихи оқиғалардың даталарын біріншіден, анық білмеген жағдайда болжаммен шамалап көрсетеді. Екіншіден, автор кейбір даталарды ондыққа дейін жуықтатады да, болған оқиғаларды “соған дейін” немесе “содан кейін” деп түсіндіреді. Үшіншіден, автор өзінің болжаммен, шамалап, жуықтататын көрсеткен даталарының соңына “Анығын бір Алла біледі ” деп жазып отырады. Кітаптың бірінші бөлімінде жуықтатып көрсетілген даталар бірнешеу. Мысалы, 26-шы тарауда “Хан (Қызыр) 770 (1368-1369) жылға дейін дүниеге келген болса, ал бұл баяндалып отырған оқиға 807 (1405) жылы болған. Сонымен Қызыр қожа хан Әмір Темірден соң қанша жылдан кейін қайтыс болғаны белгісіз. “Алла жақсы біледі”. (14) Ал келесі 27-ші тарауда Ұлықбектің туған және қайтыс болған жылдары туралы былай деп жазады: “Тарих жылнамасында оның (Ұлықбектің) туған күні белгісіз. Егер десол кездегі мерзімдерді салыстырар болсақ, ол шамамен 860 (1455-1456) жылдары қайтыс болған. “Алла жақсы біледі” (15). Тарих ғылымы Ұлықбектің нақты қай жылы, қай айда туғанын да, қайтыс болғанын да біледі. Ол 1394 жылы 22 наурызда дүниеге келіп, 1449 жылы 25 қарашада о дүниелік болған. (16). 41-ші тарауда Жүніс ханның өмірі жайлы айта келе, ”… Оның туған жылын мен естімесем де, өлген жылы және өмір сүрген уақытына қарап оны 819 (1416-1417) жылы туған деп санауға болады. “Алла жақсы біледі”(17). Мұхаммед Хайдар Дулати дәл осындай әдіспен осы кітаптың 39-шы тарауында Қазақ хандығының құрылуы туралы баяндай келе, “Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-66) жылдан басталады. “Алла жақсы біледі”-деп аяқтайды.(18).  Былайша сөйлеу қазіргі күнгі қазақ тілінде жиі кездеседі. Егерде иманды  адам бір нәрсе жөнінде әңгіме айтып тұрып, әңгіменің кейбір жақтарын нақты білмесе, онда ол сол белгісіз жақтарды мөлшермен айтады да, одан әрі “қалғаны бір құдайға мәлім”,  “анығын бір Құдай біледі”, “Аллаға анық” деген сөз тіркестерін қосады.
Төртіншіден, Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде аз болса да кейбір кемшіліктер мен қателердің бар екенін біліп, оқырмандарға ол жөнінде алдын-ала ескертеді және олардан кешірім сұрайды.  Бұл туралы ол  бірінші кітаптың соңғы тарауында былай деп жазады: “Авторлардың салтында оқырмандардан егер де олар [шығармадан] кемшіліктер мен қателіктер байқап қалса, онда оған кешіріммен қарап, түзетіп оқуын өтініп сөге көрмеңіз деп кешірім сұрау әдеті бар. Бірақ мендей жазған құлдың кешірім сұрауға батылы жетпейді. Әдетте [авторлар]: “Кемшіліктері мен қателіктері болса, мен жақсы білемін. [Менің шығармамда] қате мен кемшілік жеткілікті –қандай да бір ескертпе болмасын –орынды болмақ” деп айтып жатады”.(19)
Көріп отырғанымыздай, Мұхаммед Хайдар Дулати өзі толық көзі жетпеген тарихи оқиғалардың датасын осылайша шамамен жуықтатып беріп отырған. Бұл әрине оның қатесі емес, керісінше, оқиғаларды мүмкіндігінше анық көрсетуге тырысуы деп түсінуіміз керек. Қазақ хандығының құрылған жылы туралы оған дейін ешбір автор жазбағандықтан, сондай-ақ Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшіп келуі мен “Тарих-и Рашиди” кітабының жазылуы арасында бір ғасырдай уақыт өткендіктен автор оқиғаның барысын дұрыс баяндайды да, ал оның мезгілін жобалап көрсетеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тарихи оқиғалардың уақытын ондыққа дейін жуықтатып, автор қазақ сұлтандарының билігі 870 (1465-66) жылдан басталады деп жазады. Бұл датаның өте анық емес екендігін осылайша көруге болады. Олай болса, Қазақ хандығы қай жылы құрылған деген сауалға өзіміздің жауабымызды беріп көрелік.
Қазақ хандығының құрылуында Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Мауереннахр аумақтарындағы мемлекеттердің саяси дамуы, бір-бірімен саяси қарым-қатынастары қолайлы жағдай жасайды. Керей мен жәнібектің Моғолстанға көшіп келуіне Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы қарым-қатынастар себепші болса, Моғолстанның батысында Қазақ хандығының құрылуына Моғолстан мен Мауереннахр билеушілері арасындағы шиеленіскен саяси жағдайлар алып келеді. Қазақ хандығының нақты құрылған жылын анықтауда осы екі мемлекет арасындағы саяси оқиғалар қосымша жәрдем бере алады.
1449 жылы Ұлықбек қайтыс болып, Мауереннахрда екі-үш жыл бойы Темір ұрпақтар арасында билік үшін күрестер жүреді. Осы жағдайды пайдаланып, Есенбұға хан бірнеше рет Мауереннахрдың шығысындағы аймақтарға тонаушылық сипаттағы жорықтар жасайды.(20) Ал Мауереннахрдың қоластындағы Хорасан аймағына батыстан да қауіп төнеді. 1451 жылы Мауереннахр тағына келген Әбу Сайд мырзаға екі майданда соғыс жүргізуге тура келеді. Ол мұндай қиын жағдайдан шығу үшін негізгі күшін Хорасан жаққа бұрып, Исан Бұғаға қарсы оның ағасы Жүністі жібереді.(21) Бұл –1455-1456 жылдар болатын. Жүніс ханның Исан-Бұға ханмен алғашқы шайқасы 1456-1457 жылы өтті.(22) Ал, 1457-1458 жылдан бастап ол ашық шайқастан гөрі күш жинақтауға көшеді. Оның себебі де жоқ емес еді.. Дәл осы 1457-1458 жылы Қашқар билеушісі Әмір Сайд Али қайтыс болады. “Тарих-и Рашидиде” ол туралы: “Әмір Сайд Али қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай 866 жылы (біздің жыл санауымыз бойынша –1461-62) Исан Бұға қайтыс болады. Хандық билік оның ұлы Дос Мұхаммед ханға тиеді…” делінеді.(23)
Керей мен Жәнібек хандардың бір жыл кеш емес, дәл 1457 жылы Шу бойына келіп, екі хан иеліктерінің ортасында хандық  құруы Исан-Бұға ханды күшейтіп, ал Жүніс ханға тосқауыл болған дейміз. Керей мен Жәнібек хандардың 1457-ші жылы келгенін, тіпті жылдың қай мезгілде болғанын тарихи аңыз да растайды –“Тышқан жылы қара күзде” Керей мен Жәнібек сұлтандардың Мойынқұмға келгендері туралы мәлімет бар.(24) XV ғасырдағы тышқан жылы ол қай жыл? XIV ғасырдың 40-50 жылдары жазылған Масут ибн Осман Кухистанидың “Тарих-и Абулхайырхани” атты еңбегінде Әбілхайырханның қай жылы өлгендігі туралы: “57 жасында тышқан жылына сай келетін 874 жылы (біздің жыл санауымыз бойынша 1469 жыл –Б.К.) оның жаны о дүниеге ұшты” делінеді.(25) 1469 жыл –тышқан жылы болса, оның алдында өтіп кеткен тышқан жылға 1457 жыл сай келіп тұр. Ал “қара күзіміз” қараша айы. Сонда Керей мен Жәнібек хандар 1457 жылы қараша айында Шу бойына келіп, қыстап шыққан және келесі жылы көктемде, яғни 1458 жылы наурыз-көкек айлары ішінде Керейді хан сайлаған болады. Алғашқы ханы Керей хан болған Қазақ хандығы осылайша дүниеге келген.
Осылайша, қазіргі кезде баспасөз беттерінде және кейбір тарихи әдебиеттерде жиі айтылып жүрген Қазақ хандығы 1456 немесе 1465-66 деген даталар шындыққа сай келмейді. Ал хандықтың 1458 жылы құрылғандығы жөнінде біз бұған дейінгі бірнеше мақалаларымызда айтып өткенбіз. Бұл жерде де сол жылды ұсынамыз. Ол – 1458 жыл.  

Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және этнология факультеті,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика