«Қазақ» атауынан Қазақ хандығына дейін

12 октября 2018

1441816014_egemen-1711Жалпы біздің сақтан тамыр тартатын түпкі тарихымыз қазіргі жыл санауымыздан бұрынғы VIII-VII ғасырлардан бастау алады. Ол кездері Алтайдан Дунайға, Енесай шатқалдарынан Памир тауларына дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде ат құлағында ойнаған» дала сайыпқырандары – сақтар өмір сүрген. Және олардың өзі өмір өскелеңдігімен бірнеше іргелі тайпаларды құраған. Сақтардың бірлестік негізін қалаған алғашқы көсемі Алып Ер Тоңа болыпты. Оны атақты Фердоусидің «Шахнамасында», жалпы шығыс елдерінде Афрасиаб деп атайды. Сақтардың ол кездегі діні – Көк Тәңірі, жазуы түрікше болған. Оларды романдықтар – «сакие», қытайлықтар – «сай», ирандықтар – «сака», парсылар – «сақ», үнділер – «саку», эллиндіктер (гректер) – «скиф» деп атапты. Мұндай атаулар мен тарихи деректерді «тарих атасы» Геродоттан бастап Аристей, Страбон, Ктесий, Ксенефонт, Помпени Мела, Климент Александрийский, Полиэн (Палиша) сынды грек тарихшылары жазған және ішінара парсыныңДарий Iпатшасы да тасқа шекітіп қашаттырған «Бехустин» жазбалары мен Персеполь және Хамадан мәтіндері біздің заманызға жеткізді. Сақтардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігі, олардың күнделікті пайдаланған ас-су, құрал-саймандары жайлы тереңірек және көбірек жазған Геродот пен Аристей. Олардың жазуынша, сақтар әлеуметтік-ұлыстық тұрғыда үш топқа бөлінеді екен. Алғашқысы – Хаомаварлар, яғни, қымыз даярлаушылар! Екіншісі – Парадариялықтар (үлкен судың арғы жағындағы сақтар). Үшіншісі – Тиграхаудалар. Бұл – «шошақ төбелі бөрік киетіндер» дегені! Гректер өздерінше осылай атаған бұл үш ұлыстан тұратын ағайынды сақтардың әлгідей атауларының өзінен-ақ қазақ иісі аңқып тұрған жоқ па?! Сонымен бірге тағы бір көңіл аударарлық жайт, «Мидия, Ассирия, Лидия жұұртшылығы сақтарды «ишгуз» деп атапты» (О. Сүлейменов «Аз и Я» 252-бет.) деген де тарихи дерек желісі бар. Ишгуз (ишкуз) – үшкөз (үш Ата, яки үш жан), үш Оғыз (үш ру, үш тайпа), үш Жүз (үш жұрт, үш ұлыс) деген мағынада екендігінде дау жоқ. Оның үстіне, бұл грек тарихшылары мен Ассирия шежірешілері жазып кеткен осынау дерек көздерін сақтардың төл шежіресі де «тірілтіп», олар өздерін әу баста ірі-ірі үш рудан тарайтынын өсиет етіп қалдырған. Және біз осы Қағиданы күні бүгінге дейін солай қабылдаймыз. Бір қызығы сол, бұл үш Ата – қазақ шежіресіндегі Алашұлы Жайылханнан тарайтын Қазақ, Созақ, Ұзақ болуы немесе Қазақұлы Жұманнан туатын Арыстың алты ұлдарының ішіндегі ең көп тарағаны – Ақ-Арыс, Жан-Арыс, Бек-Арыс болуы да, бек әбден мүмкін. Иә, бұл әлі де терең зерттеулерді қажет ететін ділгір дүние!
Ілкі замандардан із тартатын Қазақ шежіресі ататектік таралуын Алаштан бастайды. «Осыдан екі жарым мың жыл бұрын аталарымыз Хазар мен Алаш Алатау мен Алтай ормандарының арасын шиырлай көшіп жүріпті. Сол Алаштан қазақ шежіресі бойынша Жайылхан, Сейілхан атты екі ұл тарайды. Сейілханнан сегіз арыс түрікпен тараса, Жайылханнан Қазақ, Созақ, Ұзақ атты үш ұл туады. Шежіреде Созақтан қарақалпақ, ал Ұзақтан Қырғыз бен Хакас өреді. Қазақ атамыздан Жұман, Тұман атты қос ұл болып, оның Жұманынан Арыс пен Сабыр атты екі ұлы болады. Арыстың шын аты Анарыс болған деседі. Шешесі еркелетіп Арыс деп атап кетіпті. Арыстың дүние кезіп көп ілім алған адам екенін Майқы би бабамыз үнемі айтып отырады екен. Ол Еуропаның өнер мен білімі дамыған елдерінде, әсіресе, эллин (гректер) елінде болып, олардың өнері мен мәдениетінен көп нәрсе үйренген. Ол соңына мол пәлсафалық мұра қалдырған әрі ақын, әрі ахун болыпты. Оның «Дүние шексіз, алды да, арты да жоқ, хақиқатта да мөлшер жоқ және өткен күннің белгісі жоқ» деген сөзі қалған. Арыс бабаның баға жетпес осындай мұралары Майқы би заманына дейін жетіп, сол кездердегі (біздің жыл санауымыздың басы) бір жойқын жер сілкінісінің салдарынан жоғалып кетіпті». (Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқианнан өзіме шейін» 34-36 беттер.)
Ақыры әңгіменің ауаны Арыс бабамызға ауысқан екен, осы жерде ұлтжандылық сезімнің жетегімен негізгі тақырыптан сәл ауытқып, тарихи жәдігер ретінде сана серпілтер бір сәйкестікке оқырман көңілін бұра кеткенді жөн көріп отырмын. Ол сәйкестік бір жағынан – грек тарихшылары Геродот, Плутарх, Диогеннің жазбалары мен көне грек жазушысы Лукианның «Скиф немесе қонақ» атты әңгімесіндегі «жеті ғұламаның» бірі атанған Анахарсис патшазада (б.д.д. 620-555 жылдар) болса, екінші жағынан Қазыбек бек Тауасарұлы ұсынған қазақ шежіресіндегі Жұманның ұлы Арыс (шын аты Анарыс) бабамыздың ғұмырнамасы туралы деректерден туындап отыр. Екеуінде де Анахарсистің (Арыстың) анасы грек қызы болғандығын жазады. Екеуінде де Анахарсис (Арыс) патшазада эллин елінде болып, олардың өнерін, салт-дәстүрін, билік жүргізу заңдылықтарын терең меңгергенін және сол ілімін сақтардың тұрмыстық өміріне енгізуге тырысқаны баяндалады. Онымен қоймай, інісі Иданфирс патшаға «елді қалай дұрыс басқару керек» екендігін айтамын деп қазаға ұшырағаны туралы да жазылады. Бұл жерде грек тарихшыларының «сұңғыла Солонмен сөз жарастырған Анахарсис» деп отырғаны қазақ шежіресіндегі Жұманның ұлы Анарыс (Арыс) бабамыз екені даусыз! Өйткені, екеуінің де өмірі мен оқиға желілері бір-бірімен айнымай дәл келуімен таңқалдырады және таңқалдырып қана қоймай, осындай дүйім дүниеге аты мәшһүр ататегіңнің болғанын ойға оралтып, арада екі мың алты жүз жылдай өтсе де, сол бабамыздың қанымен жұмыс істеп тұрған жұдырықтай жүрегіңнің соғуын жиілетіп, тұла бойыңды түгелдей шымырлатады…
Арыс бабамыз ұстазы данышпан Солон өмірден озған соң, эллин елінен елге оралады. Ол он екі жыл өмір сүріп барып қызғаныштың кесірінен өз бауырының қолынан қапыда қаза табады. Осы аралықта одан алты ұл бала (Ақ, Пан, Жан, Бол, Бек, Бал) қалады және олардың ішінен үшеуінің ғана ұрпағы көп болады. Олар қазіргі жүрген барлық исі қазақтың аталары – Ақ-арыс, Жан-арыс,Бек-арыс. Геродот өз жазбаларында («Тарих» IV-кітап) Анарыс (Арыс) бабамыздың бабасын, атасын, әкесін жазып қалдырған. Бірақ өкінішке орай, бәрін де өз тіліне қарай бұрмалап: «Анахарсис – скиф патшасы Спаргапиптің шөбересі, Ликтің немересі, Гнурдың баласы» (сонда, 76-бап) деп үлкен өзгеріспен жазған. Дегенмен, бұған да тоба! Сонау алыс жатқан тарих қойнауынан Арыс бабамызды танып, тауып алуымызға осы да жеткілікті болды.
Қазіргі қолымызда бар көптеген тарихи құнды деректер мен тасқа қашап қалдырылған баға жетпес көненің көзі – жәдігер жазуларды бір-бірімен саралай салыстырып ой елегінен өткізген сайын,«қазақ» этнонимінің шығу тарихы тым тереңде жатқандығына көзіміз анық жете түседі. Жалпы «қазақ» атауының қалай шыққаны туралы пікірлерді екшегенде, оның қисынға келетін бірнеше нұсқаларын атап өтуге болады. Олар: «қас сақ», «қос оқ» (қыпшақ руының таңбасы), «ақ қаз», «қай сақ» (көне парсы тілінде «қай», «кей» сөздері хандық дәрежедегі үлкен лауазымды білдірген) сөздері. Бұл сөздер біздің қазақтық болмысымызға ұлттық-тектік тұрғыдан алғанда өте жақын тұрған ұғымдар. Және осы сөздердің әрқайсысына да көңілге қонымды әрі қисынды ойлар мен пікірлерді сағаттап айтуға да болар. Десек те, осылардың ішіндегі ең бізге жақын көрініп,жүрекке жылы тиетін сөз ол — «қас сақ» сөзі. Енді осы «қас сақ» сөзіне зерттеп, зерделеп тереңірек үңілсек.
Біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларда сол сақтармен ғасырлас өмір сүрген, олардың тұрмыс-тіршілігімен етене танысқан грек тарихшылары Геродот, Аристейлердің қалдырған деректері бойынша «сақтардың құрамында: катар, агафирс (аға беріш), танайс, гиргис (қырғыз), қорат (қоңырат, қорағат), қомақ (қимақ), дай (адай), қас, тохар және т.б. ірі-ірі тайпалардың болғанын» көреміз. Осы жердегі «қас» тайпасы – «қас сақтар» қазіргі жүрген қазақтардың тікелей «ататек бабасы емес» деп кім айта алады?! Және осы жерде халқымыздың тұрмыстық әдет-ғұрпында аса қастерлі саналатын «жеті ата» ұғымымен сабақтастыра айтар болсақ, «қас сақ» атауы кезінде кең-байтақ иен даланы ат тұяғының дүбірімен тітіреткен сақ бабаларымыздың заманында-ақ айтыла бастап, олармен қауымдас, қатарлас өмір сүрген, солардың тікелей шөбере-шөпшек-туажат үрім-бұтақтары болған деген де тұжырымды тоқтамға келесің. Себебі, «қас сақ» (нағыз сақ) атану үшін де сол сақтардың ортасында өмір сүру қажет емес пе?!
Ш.Уәлиханов: «Қазақ» сөзінің арғы мәні – жан мен тәннің рухтық беріктігін білдіретін еуропалық серілікке тән» (2-том, 208-бет) десе, Әлкей Марғұлан: «Қазақ» — мықты, алып, жойқын дегенді білдіреді» деп, «Таңбалы тас жазуларында» жазып қалдырған. Әзірбайжан ғалымы Кероғлы: «Қазақ» сөзі қас-сақтан шыққан», – дейді. Жалпы бұл ғылыми тұжырымдарға алып-қосарымыз жоқ. Тек қана қолдаймыз.
Енді, «қазақ» этнонимінің шығуына бірден-бір қатысы бар деп саналатын басқа да сөздерге жеке-жеке қысқаша тоқтала кетсек. Көптеген тіл және тарих саласындағы ғалымдарымыздың назарын өзіне көбірек аударған сөз ол – «қос оқ» сөзі болды. Жоғарыда атап өткеніміздей, «қос оқ» (қос жебе, қос пышақ болуы да мүмкін) – түркі тайпаларының ішіндегі ең көне этностардың біріне жататын қыпшақ руының таңбасы. Ол – қысқаша келген екі тік сызық. Араб әліпбиімен айтар болсақ, қос әліп. Әрине, бұл кейінгі кезеңдерде қосылған жанама атау екені белгілі. Оның нағыз атауын – әлімжеттік жаугершілік заманда бес қаруын бойынан тастамаған бабаларымыздың жебемен, пышақпен байланыстыруы, шындыққа бірден-бір жанасатын қисын. Жасанған жау келгенде оған қарсы тұрар, қайрат көрсетер ұлдарының (ер-азаматтарының) санымен де; екі ұлы болса – «қос оқ» деп, он ұлы болса – «он оқ» деп айтылып кетуі де мүмкін. Бұл қазақтың арғы-бергі тарихи шежіресінде көп кездесетін жайттар. Жалпы, күні кешеге дейін «тоқсан екі баулы» аталып келген қыпшақтардың арғы түпкі тегі екі ұл – екі Атадан, яғни «қос оқтан» таралуы да бек, әбден мүмкін.
Тағы бір қисын – сол қос сызық, екі жебе емес, екі пышақ (түрікше – «ікі пчак») болуы да кәдік. Біраз түрколог ғалымдарымыз осы пікірді қолдайды. «Ікі пчак» қыпшақ сөзінің этнонимі болып қалыптасуына ықпал еткен» дейді олар. Зады, «қыпшақ» этнонимі «қазақ» этнонимінен мән-мағынасы жағынан онша көп алыс жатқан жоқ. Түрлі себептермен екеуіне де ортақ «қос оқ» сөзін айтпағанның өзінде, көне түркі тілінде «қыпшақ» деп діңгегі қуыс ағашты айтады. «Сонау бір қуғын-сүргін, үркіншілік замандарда Қыпшақ атамыздың анасы айы-күні жетіп толғақ қысқанда, оңтайлы жер таппай ағаштың қуысында босаныпты» дейді кейбір бізге жеткен аңыздарда. Содан ағаш қуысында кіндігі кесілген бала Қыпшақ атанып кетіпті. Тегінде, әлі күнге дейін оңтүстік өңірлерде әсіресе, Сырдария бойында тұратын ағайындар ағаштың майда бұтақтарын «шақ» дейді. Олардан қоңыр күзде «Бір мәшине шақ түсіріп алдым» деген сөзді жиі естисің. Бұл жерде де «шақ» сөзі сол атам заманғы ағаш мағынасынан айнымай, қасиетті де көркем түркі тілінің мыңдаған жылдарға жалғасып жатқан ғажап жасампаздығын дәлелдеп тұрғандай.
Біз әңгіме етіп отырған сақ дәуірлерінен көп кейін орыс жылнамашылары қалдырған деректерде: «Ердада (Редедя) хан бастаған «қос оқ» (косок) халқы XI-XII ғасырларда Чернигов өлкесінде өмір сүріп, кейін олар өздерін «көп үй» (ковуй) жұртымыз деп атап кетті» деген де тайға таңба басқандай жазбалар бар. Қазіргі таңда Кіші жүздің ішіндегі Шеркеште Қосым, Табында Қосел, Көбей руларының бар екенін ойласаң, осылар сол «қос оқ», «көп үй» жұртының тікелей ұрпақтары болар деген сенімді пікірге келесің. Түптеп келгенде, әйтеуір бекер емес екеніне көзің жете түседі.
Тарихи шындықтан ауытқымас үшін, біз баянымыздың басын әлем тарихшыларына аты мәлім тұлға, сақ бірлестігінің алғашқы көсемдерінің бірі – Ишпақай (б.д.д. 720-670 жылдар) бабамыздан бастағанды жөн көріп отырмыз. Осыған сәйкес, Ассархадон патша тұсында ассириялық шежірешінің жазып қалдырған бір дерегіне көңіл аударсақ. Онда «… біздің эрамызға дейінгі VІІ ғасырдың жетпісінші жылдары Солтүстік Каспий далаларынан Каспий теңізінің батыс жағалауымен (Дербент қаласы арқылы) көшпенділер қаптап келді. Оларды бастап келген көсемінің аты – Ишпақай, ал тайпа бірлестігінің аты – «ишкуз» деп жазылған. Ишкуз – сақ тайпаларының ортақ атауы. Олай болса, сол сақ тайпаларының арасында ержүректілігімен, өжеттілігімен керек десеңіз, жанкештілігімен көзге түсіп, жорықтас қандастарының ішінде үлкен бедел мен атаққа ие болған «қас сақ» (нағыз сақ) тайпасынан шыққан қазақ бабаларымыздың да жүргені анық. Бұл деген – «қас-сақ» – «қазақ» атауы б.д.д. VII ғасырдың соңынан-ақ айтыла, атала бастады деген сөз! Және осыдан бір-екі ғасыр ғана кейін өмір сүріп, сол сақ бабаларымыздың қолынан ас-су ішкен Геродот, Аристей кейін Страбон дегдарлардың жазып қалдырған аса құнды тарихи деректерінде де «қадау-қадау сақ тайпаларының ішінде іргелі «қас» тайпасының да болғаны» туралы айтылады. Бұл енді, қанша қыңырланамын десең де, бұлтартпас айғақтар! Дегенмен де бұл әлі қанша нақты болғанымен бір жақты ғана мәлімет.
Жалпы, тарихта кейбір ру немесе тайпа аты сол замандардағы қоғамда болып жатқан әлеуметтік-саяси жағдайларға байланысты бірнеше ғасырлап тарих сахнасынан шығып қалады да, өз кезеңі келгенде сахна төріне қайта көтеріледі. Өйткені, аттың жалы, түйенің қомында өтіп жатқан көшпелі өмір тіршілігі бірде басқа елді бажағында ұстаса, бірде өзі басқаның бажағы болып кетуі әбден мүмкін. Билік тізгіні басқа жұрттың қолына көшкен ондай тайпаның көптеген азаматық және әлеуметтік құқықтары, әрине, шектеледі. Міне, дәл осы кезде ол жұрттың есімі де тарих сахнасынан шығып қалады. «Қазақ» атауы да осыған ұқсас жағдаятта, басқа рулық бірлестікте мыңдаған жылдар бойы «өз қайнауы өзінде болып» тарих сахнасының төріне көтеріле алмаған. Қыпшақ тайпасының да тағдыр-талайы дәл осындай. Бір кезде атақ-даңқы жер жарып дүрілдеп тұрған қыпшақ жұрты бірнеше ғасырлар тарих төрінен көрінбей кетіп, тек қана Шағатай ұлысы тұсында ғана Дешті Қыпшақ өлкесі болып тарих бетіне қайта шықты. Қазір есімізге түспей отырған мұндай жағдайлар бүйеннің қыртысындай тарих қойнауларында қаншама!
Тегінде біздер, көңілге келсін, келмесін тарихи құндылықтарымызды тиянақтап тіркеп-хаттауда әу бастан-ақ аса бір құлықты болмағандаймыз. Сондай құнтсыздық пен немқұрайлылығымыздың кесірінен өкінішке орай, көптеген тарихи тағдыр-талайымызды жадымыздан өшіріп алдық. Бұл, әрине, ұлттық үлкен өкініш, қала берді тіпті, қасірет десе болғандай… Себебі, қазіргі таңда толығымен бірізділікке түскен ұлттық «тарихи өзегіміз» жоқ. Азды-көпті қолымызда бар тарихи жәдігерлер хронологиялық және деректік нақтылығы жағынан көбіне біріне-бірі сәйкес келмей сабылтады. Осыдан болар, кейбір жағдаяттарда өзімізді-өзіміз әбден шатастырып болдық. Сондықтан да, амал жоқ соңғы жылдары тарихына ықтияттау қарайтын көрші елдердің «бақшасына қайта-қайта түсіп», өзімізді өзгелердің бұрмаланған тарихынан іздеуге мәжбүрміз. Әсіресе, грек тарихшылары мен қытай тарихшыларына көбірек тәуелдіміз. Олардағы сөздік атаулардың бұрмаланғаны соншалық, көптеген көне тайпалар мен этностарды, кісі аттарын танып-білуде әлі күнге дейін кімнің кім екенін анық ажырата алмай пұшайман болудамыз. Дегенмен, «көш жүре түзелер» деп мақал шығарған қазақтың күні жеткенде «төл тарихы да түзелер» деген сақа сенімнің басым екендігін несіне жасырайық.
Ендігі жерде, қолдағы барды қанағат тұтып, тағы бір өзекті де өміршең мәселеге ат басын бұрсақ. Бұл да тіршілік түйткілдерінен, ұлттық намыстан туындайтын көкейкесті мәселе.
Қазақтың 2700-3000 жылдай тарихы бар екеніне көзіміз жете түскен сайын, ойымызды осы Атамекен-қарашаңырағымызда осыншама жылдар бойы «қандай бірлестіктер мен мемлекеттер дәуірледі екен» деген маңызды сұрақтың мазалайтыны мәлім. Бұл жерде бірер ғасыр ғана өмір сүрген шағын хандықтарды тізбектей бермей, бүдін Түркі дүниесіне, кала берді исі қазаққа қатысы бар дейтін қадау-қадау ірі мемлекеттерді ғана еске түсіре көктей шолып өтсек.
Әлқисса, қысқаша шолуымыздың басын сонау б.д.д. VII-II ғасырларда Шығыс Еуропа мен Азияның теріскей өлкесін түгелге жуық ат тұяғымен таптаған сақ (ишкуз) дәуірінен бастасақ, арғы 3500 жылдық тарихы бар Тарғытай бабамызды айтпағанда, Ишпақай көсем басшылық жасаған Сақ бірлестігінің болғанын білеміз. Ол қазіргі күнімізден 2700 жыл бұрын адамзат тарихының даму өркениетіне өзінің сүбелі үлесін қосқан іргелі мемлекет болатын.
Біздің дәуіріміздің 552-жылы, түрік тайпаларының басын қосқан Бумын қаған сан ғасырлар тарих сахнасынан көрінбей кеткен «түрік» атауын қайта жаңғыртып, Түрік қағанатын құрды.
Қарахан мемлекеті мен Қыпшақ хандығының құрылуы мен дәуірлеуі қарайлас: бірі – X ғасырдың ортасына таяу (942-жылы) құрылса, екіншісі – сәл кейін, яғни XI ғасырдың ортасында қыпшақтар батысындағы басты қарсыластары – Оғыз бірлестігін жеңген соң барып (1050- жылы), дербес хандық құрды. Бұрынғы «Оғыздар даласы» «Қыпшақтар даласы» (Дешті Қыпшақ) деген атау алды. Бұл екі бірлестіктің бар айырмасы; Қарахан мемлекеті XIII ғасырдың оныншы жылдары өз билігін тоқтатса, Қыпшақ хандығы да сол XIII ғасырдың он сегізінші жылы (Шыңғыс ханға дейін) дәуірлеуін тоқтатты. Бірақ, Жошының ұлы Бату хан 1242-жылы құрған Алтын Орда мемлекеті сол «Дешті Қыпшақ» өлкесінде билік құрған соң, қыпшақтар өздерінің тек тарихи атауын ғана XVI ғасырдың басына дейін тарих сахнасында сақтай алды.
Шыңғыс ханның немересі Бату хан баһадүр негізін қалаған бұл мемлекеттің құрамында қазақтың арғы-бергі тарихындағы ірілі-ұсақты барлық ру-тайпалары болды. Бату ханның екі жүз елу мыңдық айбынды әскерінің де негізгі құрамы Үйсін-Жалайыр арысы бастаған Орта жүз бен Кіші жүз руларынан еді. Айбыны мен атағынан ат үркіп, атажаудың тізесі қалтырайтын Алтын Орда мемлекеті біздің елдігміздің ең айшықты кезеңдерінің бірі болатын.
XV ғасырдың орта тұсында (1456-жылы) «қазақ» атымен іргелі мемлекет құрып, «қазақ» сөзін ұлттық мүддеге айналдыра қайта жаңғыртқан Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек хандар болды. Әбілқайыр ханның қаталдығы мен қысастығына шыдамаған өздеріне қарасты «екі жүз мың жанмен» (М.Х.Дулати) олар Жетісу өлкесіндегі Моғолстан хандығына бет алды. Бұларды Моғолстан ханы Есенбұға үлкен құрметпен қарсы алып, Шу өзені бойынан және Қозыбасы аймағынан жер бөліп берді. Бұл арада Керей мен Жәнібек жеке Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Осы жерде «Хандар кестесіне» (Қ.Салғараұлы) зер сала кетсек: «Орыс ханнан жеті ұл, бес қыз туады. Сол жеті ұлдың үлкені – Тоқтақия да, екіншісі – Құтылығ-Бұқа. Осының Тоқтақиясынан Болат, одан Керей. Ал Құтылығ-Бұқадан Құтуужақ, одан Барақ (кей деректе Құйыршық), одан Жәнібек. Сонда Керей Орыс ханның шөбересі, ал Жәнібек шөпшегі болып келеді».
Осылайша Керей мен Жәнібек кәрі тарихтың қойнауында қалып, көмескі тартса да көңілден көшпеген қасиетті бабалар атауы – «қазақ» сөзін тарих төріне қайта шығарды. Ал, Тәуелсіздік алып, еліміз егемен Қазақстан аталғалы бері, қос буыннан тұратын «қазақ» сөзі бүкіл шартарапқа шалқи тарап, одан сайын ел абыройы асқақтай түсті. Көнеде «қас сақ», кейіннен «қазақ» аталуымен,қазіргі жер басып жүрген исі қазақтың сол кешегі жауынгер сақтардың заңды мұрагер – ұрпағы екендігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, сақтардың Атажұртында ұя басып, алшия отыруымыздың өзі де бұл ойымызды нақтылай түскендей.
Қазақ хандығының 550 жылдығы шаралары да басталды. Бұл той шын мәнінде бүкілхалықтық сипат алып, ел мерейін үстем етері анық.
 

Бектай ӘЛІМБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика