ҚАЗАҚ АСПАНЫНДА — ҚАСЫМ РУХЫ

22 октября 2019

Қарағандыдағы қарашаңырақ Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың ғасырлық мерейтойынан бері «Қасым оқулары» байқауын жыл сайын ұйымдастырып келеді. Бүгінде жыр жәрмеңкесі дәстүрге айналған. Екі жыл бұрын əділқазылыққа Ақберен Елгезек келіп, содан бері байқау республикалық деңгейге көтерілді, талай таланттарды тауып, кәусәр бұлақтардың көзін ашты.

Біз, «Мағжан» баспасы өз бастамамызды ұсынып, әр байқаудың соңында, біріншіден, тарихи құжат ретінде, һәм өнегелі із қалдыру мақсатында, екіншіден, ақын өлеңдері мен қолжазбаларын, «Қасымтану» саласын насихаттауға, дамытуға, үшіншіден, жастар шығармашылығын қолдау үшін «QASYM» сериясымен кітап шығаруды қолға алған болатынбыз. Серияның алғашқы кітабына Қасымға арналған шаһқар жырлар топтастырылды. Сырбай Мəуленов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нəжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Дəулет Рысбайұлы, Жəркен Бөдеш, Əбіш Кекілбаев, Кəкімбек Салықов, Ұлықбек Есдәулет, Бауыржан Жақып, Гүлнар Салықбай, Серік Ақсұңкар, Ғалым Жайлыбайлардан бастап, Мирас Асан, Жанібек Әлиманға дейінгі ақындардың жырлары жинақталған болатын.

 

Екінші кітапқа дауылпаз ақын жайлы естеліктер, ғылыми мақалалар мен баспа бетінде жарияланған құнды материалдар топтастырылды. Бұл шығармашылық топ жинақтаған дүниелердің бір ширегі ғана. Қасымның азаматтық тұлғасы, қуатты поэзиясы, «соқтықпалы, соқпақсыз» өмір жолы жайлы жазылған жазбалар төрт-бес томнан асып жығылады екен. Аталмыш кітапқа ақын замандастарының, көрнекті ақын-жазушылардың, іргелі ғалымдардың дүниелерін ғана екшеп алдық. Олардың ішінде Сырбай Мəуленов, Əбділдə Тəжібаев, Ғафу Қайырбеков, Тəкен Əлімқұлов, Қасым Қайсенов, Есмағамбет Ысмайылов, Əбдіжəміл Нүрпейісов, Темірхан Медетбек, Жұмабай Шаштайұлы, Серік Қирабаев, т.б. бар.

Бұл бастамамыз болашақта өз жалғасын тауып, қайсарлық пен қаһармандықтың, сезім мен төзімнің символына айналған ақын қазынасы мектеп бағдарламасына, жоғарғы оқу орындарына «Қасымтану» элективті курсы боп енгізіледі деген үмітіміз де жоқ емес.

Қасым мұрасын зерттеуді мақсат тұтқан ізденушілерге 1960 жылдан бастап баспа беттерінде жарық көрген материалдардың сілтемесін ұсындық. Көрсеткіш Н.В.Гоголь
атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Өлкетану әдебиеті» бөлімінде, С.О.Телпекбаева, С.А.Медведкова жетекшілігімен дайындалды.

Кітап «Magzhan» баспасында жасалды. Баспа болашақта «Қасымның әндері» атты он алты нота кітабын, «Қасымның күнделігі» кітапшасын, ақынның табиғат лирикасы, махаббат лирикасы, азаматтық лирикасы сынды топтамаларын, байқау жеңімпаздарын, кітабы шықпаған жастардың жинақтарын осы серия аясында жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Тасқа басылған дүние балталасаң да өшпейді. Игі іске қолдау көрсеткен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, Н.В.Гоголь
атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына, басшысы Дина Аманжоловаға, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалына алғыс білдіреміз!


Ақын мұраларын насихаттау əрбіріміздің борышымыз! Қасым — қазақ жырының қасқайып тұрған Қарқаралыдай дара тауы емес пе?! Игі бастамамен барғанда, дауылпаз ақын қазынасын кеңінен танытуға деген ниетіміз бар екенін білдіргенде осылай меселімізді қайтармаса, əлі де үлкен жұмыстар жасаймыз деп білем. Бұл қылған еңбек теңізге тамған тамшыдай ғана.
«QASYM» сериясымен шыққан екінші кітаптың тұсаукесері 25 қазанда Н.В.Гоголь атындағы облыстық əмбебап ғылыми кітапхана ұйымдастырып жатқан республикалық «Қасым оқулары» аясында өтеді деп жоспарлануда.

Алмаз МЫРЗАХМЕТ,

«Қазақстан Жазушылар одағының» мүшесі,

ақпарат «Фейсбук» парақшасынан алынды.


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика