«Қазақ афоризмдері» антологиясының  таныстырылымы өтті

27 Сәуір 2018

2018 жылдың 25 сәуір күні Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында «Көрме» орталығында ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденұлының «Қазақ афоризмдері» антологиясының  таныстырылымы өтті. Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері – ақын-жазушылар, ғалымдар,  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өкілдері, оқырман қауым қатысты.

Аталмыш еңбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Рухани жаңғыру идеясы аясында Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген. Кітаптың «Ой-қазына» деп аталатын бірінші бөлімі «Бағзы мәдениет бұлақтары», «Ортақ қазына», «Төлбастау», «Құнарлы көмбе», «Өнердің алтын ғасыры», «Жаңа дәуір – жаңа арна» деген тарауларға бөлініп, онда ойшылдардың дара сөздері, яғни біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан бастап, XXI ғасыр аралығындағы өмір сүрген даналардың дана ойлары топтастырылған. Екінші бөлім – «Ақылнама» деп аталып, онда мақал-мәтелдердегі, қара өлеңдердегі эпостық жырлардағы, би-шешен сөздеріндегі, жыраулар жырындағы, айтыс айшық­тарындағы, ән мәтіндеріндегі жау­һар­лардан тұрады.

Жинақ оқырманның философиялық таным көкжиегін кеңейте түсетін ерекше энциклопедиялық басы­лым қатарына жатады. Бұл антологияда түрлі тарихи кезеңде өмір сүрген 78 ой иесінің толғам-пайымдары топтастырылған. Сонымен қатар халық даналығы: мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, халық жырлары, жылнама жолдары, айтыстар да қоса берілген. Кітап журналистерге, саясаткерлерге, қазақ тілін үйренушілерге, жалпы көпшілік оқырманға арналған. Жалпы «Қазақ афоризмдері» атты ортақ атаумен бірнеше рет жарық көрген бұл еңбек әр қазақтың төрінде тұруға лайық кітап.

Ербол Шаймерденұлы 1954 жылы 12 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. Са­налы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына арнаған қоғам қайраткері. Ол мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде 1992 жылы қа­былданған мемлекеттік рә­міз­дерді әзірлеу, ұлттық геральдиканы қалыптастыру ісіне ай­тулы үлес қосып, бірнеше еңбектер жазды. Әдебиет әлемінде өз қолтаңбасын қалдырып, соңында 20-ға жуық кітап қалдырды. Сондай-ақ, бірқатар ғылыми-зерттеу еңбектері, публицистикалық жинақтары рухани мұрамыздың қорын толықтырды. Олардың қатарында «Көңіл суреті», «Жүректегі жазулар» атты жыр жинақтары, «Тыңда тоғысқан тағдырлар», «Қазақ елінің рәміздері», «Елтану әліппесі», «Әз Астана», «Қазақстан Республикасының рәміздері», «Ақыл-ой антологиясы», «Қазақ афоризмдері», «Даналық дидары», «Мәңгілік мұрат», «Ақиқат айнасы», «Елтаным» және т.б. туындылары бар. Еңбектері бірқатар шет тілдеріне тәржімаланды. Сонымен бірге «Арман қала – Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл жар», «Көлсай», т.б. жазған бірнеше ән мәтіндері тыңдарманға жол тартты. Білікті аудармашы ретінде әлемдік философиялық ой-пікірлерді қазақ тіліне тәржімалады. Әлемдік афористика классиктерінің, А. Камю, Ф. Ницше, Х. Ортега-и-Гассет, К. Ясперс, М. Хайдеггер сияқты философ қаламгерлердің бірқатар шығармаларын аударып, қазақ авторларының туындыларын орыс тіліне аударумен де шұғылданды. Ербол Шаймерденұлы еліміздің алғашқы баспасөз қызметін құруға еңбек сіңірген талантты журналист.

Е. Шаймерденұлының сіңірген еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаға ие болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болып, «Құрмет» орденімен наградталған. М.Дулатов атындағы сыйлықтың иегері.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика