«Қаз дауысты Қазыбек би» спектаклінің премьерасы өтті

23 Қыркүйек 2017

Алты алаштың баласын бірлік пен ынтымаққа шақырып, ел азаттығы жолында аттан түспеген Қазыбек би Келдібекұлының бейнесі қайта жаңғырды. Қалың қалмақтың ханын жалғыз ауыз сөзімен жерге қаратып, қазаққа теңдік әперген бидің ұлағатты ғұмырын ұрпағы ұмытпақ емес. Биыл Қарағанды өңірінде Ұлы бидің үш жүз елу жылдың мерейтойы аталып өтуде. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры өзінің 86-шы маусымын «Қаз дауысты Қазыбек би» спектаклінің премьерасымен ашты. Бұл қойылым бабаның 350 жылдық мерейтойына арналған.

Жыл басында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялаған болатын. Болашағынан жарқын үміт күткен ел ең әуелі өзінің рухани дүниесін байытқан дұрыс. Елбасымыздың бастамасын халқы қызу қолдап, жер-жерде осы бағдарлама аясында аса маңызды шаралар ұйымдастырыла бастады. Еліміздің әрбір азаматы ұлттың рухани жаңғыруына өз үлесін қосудан қалыс қалмақ емес. Бұл ретте өнер ұжымының тысқары қалып қоюы тіптен ұят болар еді. Сондықтан да Сәкен театрының ұжымы өздерінің жаңа маусымын Қазыбек би Келдібекұлының ұлы бейнесін сахналаудан бастауды жөн көрген.

– Биылғы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде біздің облыс Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай атақты қайраткер және қазақ шешеніне арналған түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Біз де оған өз үлесімізді қосып, «Қаз дауысты Қазыбек би» драмасын қоюды шештік. Қойылымның режиссері қазақстандық театр әлемінде танымал тұлға Қуандық Қасымов болды. Ол Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты болып табылады. Спектакльдің көркемдік қоюшысы – Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы театрдың бас суретшісі Есенгелді Тұяқов, – деп мәлімдеді қойылым авторы Кеңес Жұмабеков.

Қазыбек би – Ұлы тұлға. Бұл кісінің ұлт келешегі үшін атқарған істері туралы толық айтып шығу мүмкін емес. Ал оның образын сахналау, халыққа дәлме-дәл жеткізу тіптен қиын тиері анық. Бүгінгі қойылымда басты рөлді сомдау актер ;ани Берденбетовке бұйырыпты. Актердің айтуынша, ол өзіне берілген образды сомдау шығуға бар өнерін салыпты.

– Әрине, кейбір қиындықтар туындады, қанша дегенмен күрделі рөл. Мен бас кейіпкердің барлық ерекшеліктерін жеткізе білуім керек болды, сондықтан мен бар өнерімді салдым. Мен осындай маңызды рөл маған бұйырғанына өте қуаныштымын. Көрермендерге қойылым ұнайтынына үміттімін, – дейді Қазыбек бидің рөлін сомдаған актер Ғани Берденбетов.

Театр ұжымы «Қаз дауысты Қазыбек би» драмасын сахналауға екі айдан астам уақыт дайындалған. Труппа ұжымы толықтай дерлік жақында ғана өнер академиясын тәмамдаған жас әртістерден құралыпты. Бұл олардың шығармашылықтарының бастауы. Өнер жолын осындай маңызды әрі күрделі спектаклден бастау, оларға үлкен сынақ әрі тәжірибе болғаны анық.

Кез-келген сахналық қойылымның көрерменге жетуінің ең маңызды екі шарты: әртістердің шеберлігі және сахналық декорация. «Қаз дауысты Қазыбек би» спектаклінің сахналық декорациясы, актерлердің костюмдері жоғары деңгейде дайындалғаны көрініп тұр. Бұл да болса көрерменнің көз алдына ел басына күн туған жаугершілік замандағы халықтың тұрмысын дәл әкеле білді. Осынысымен де көптің көңілінен шықты. 

Драманың көрсетілімі Қарағанды қаласында екі күнге жалғасты. Өнер ұжымы енді бұл қойылымды Павлодар қаласында сахналайды. 

 

 

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика