Қарттарым – асыл қазынам

9 Тамыз 2018

fSB-l_2uNy8Қарттарым жүректерің неткен дархан,
Көтерген тұрмыс жүгін сенің арқаң.
Жолыңды жүріп өткен қарасам мен,
Оқитын келешекте бір-бір дастан.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп өскен қазақ баласымыз. Арғы-бергі тарихты аударып көрсек біздің далада түрме, жетімдер үйі, қарттар үйі деген ұғымдар болмаған екен. Әйтсе де, қазір жағдай мүлдем басқа. Заманның ырқы солай ма, жоқ әлде адамдардың санасы өзгерді ме кім біслін, әйтеуір қалаларымыз қарттар үйі мен жетімдер үйіне толы. Қариясын құрметтеп, жетімін жылатпаған елдің мұнысына күйінішпен  қарайсың. Әйтсе де, қолдан келер шара жоқ. Заман түзелер, баяғы дәурен қайта оралар деп іштей тілек тілеп, дұға қыласың.
Бұрнағы күні Қарағанды «Болашақ» академиясының бір топ студенті қарттар үйіне барып өнерлерін көрсетіп қайтты. Мақсаттары атақ пен абройға кенелу емес, ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды қарттардың көңілін көтеріп, батасын алу. Ойлары орындалды да.
Концерт барысында өнерлі жастар өлең оқыды, ән салып, би биледі. Отырған жұрт көздеріне жас алып, ризашылықтарын батасымен жеткізді. Осы үйде жастары 88-90-ға келген қазақ қарттары тұрып жатыр. Концерт аяқталған соң, ол кісілермен әңгіме-дүкен құрудың да сәті түсті. Студенттер әр бөлмені аралап, қарияларға арнап алған азын-аулақ сыйлықтарын табыстады. Қарттардың сөз ауанына қарасақ қайсібірінің бала-шағасы, немере-шөберелері бар екен. Бірақ жасы келген шағында ұрпағының қызығын көріп төрде емес осы бір мекемеде отыруға мәжбүр. Бала күнінде балағына оралып, еркелеп өскен балалары өз қолдары өз ауыздарына жеткен шақта керек қылмай, сыртқа итеріп тастапты. Мұны қалай түсінбіруге болады? Қатігездік пе әлде азғындық па?
Бір қызығы, бұл жердегі кісілер баласынан еш мейірімділік, махаббат көрмесе де, баласын жамандамайды. Тіпті, дөрекілікте танытпайды. Неге дейсіз бе? Себебі іштен шыққан шұбар жылан қашан да ыстық. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегенің кері осы.

«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика