Қаршадай қызға қорлық көрсеткен қос педофил бостандықта жүр

10 августа 2017

Қарағандылық педофилдің құрбаны болған бес жасар қыз ауруханадан шығарылды. Бірақ Сәтпаев қаласындағы үйіне оралған бүлдіршінмен әлі де кәсіби психологтар жұмыс істейтін болады. Қазір балақай өздігімен жүріп, енді-енді үлкендермен тілдесе бастаған.  Дәрігерлер жәбірленушіге екі айдан кейін екінші ота жасалатынын айтады. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Ал, қаршадай қызды  қорлағаны аздай, ол жауыздығын  түк болмағандай айтып тұрған күдіктінің жауабы ашуына тиіп, қаскөйді сабап тастаған сержант  бұл істен шеттетілді. Сондай-ақ ешқайда шықпау  және  көңіл көтеретін қоғамдық орындарда көрінбеу туралы қолхатпен үйіне жіберіліпті. Айта кету керек, адам кейпіндегі азғынның соттан бұрынғы жазасын өзі бермек болған полиция қызметкерін қорғаушылар өре түрегелді ол кезде. Арасында балалар да бар.

– Полицияны босатыңызшы, ол мен сияқты кішкентай балаларға көмектесті.

Ал, Алматыда тоғыз жасында жездесі зорлаған, кейіннен туған нағашы атасы қорлаған жасөспірім қыздың құқын әжесі қорғай алмай жүр. Өйткені, Айжан Карменова немересін қорлағандардың қылығын кеш естіп қалған. Зейнеткер,  немересін өзінің туған анасының  күйеу баласы, яғни қызға жезде болып келетін азамат  көмірханада қолын байлап, зорлап тастағанын айтады.

КӘМИША ЕСМҰХАМБЕТҚЫЗЫ, жәбірленушінің қорғаушысы:

 – Қыздың оқитын мектебіндегі психолог ортаға түсті. Неге сол психолог сұраққа алынбады тергеушілер тарапынан? Неге осы іске не үшін ақша ұсынғаны сұралған жоқ. Кәмелетке толмаған қыздың құқын біз қазір қорғамасақ, қашан қорғаймыз?

Айта кету керек,  сұмдық хабарды әжесі немересі 13 жасында ауырып, гинеколог дәрігердің алдына барғанда бірақ білген. Ол аздай, жасөспірім қызға нағашы атасы да қол жүгірткен көрінеді. Ал, қыздың анасы болса, басқа туыстарын жақтап, туған қызынан бас тартыпты. Алайда, арада бірнеше жыл өтсе де, қылмыстың бетін қайтсем де ашамын деп жүгірген зейнеткерге екі күн бұрын істің қысқарып қалғанын айтқан.

АЙЖАН КАРМЕНОВА, жәбірленушінің әжесі:

– Зорлаған адам отырады ғой деп екі жылдан асты үмітімді үзбей жүрмін. Кімге сенерімді білмеймін. Не шешесі жоқ, төрт жыл болды көрмей.

Сөйтіп бір емес, екі мәрте ашылып, қайта жабылған қылмыстық істің қысқаруын Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі былай түсіндірді.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Бұл қылмыстық істің екі рет жабылуына себеп бар. Өйткені, заңның аясында барлық көптеп сараптамалар тағайындаудың нәтижесінде сол сезікті адамның кінәсін дәлелдеу мүмкін болмады. Өйткені, арада көп уақыт өтті.

КӘМИША ЕСМҰХАМБЕТҚЫЗЫ, жәбірленушінің қорғаушысы:

– Бұл жерде уақыт емес. Бұл жерде тергеу анасы қылмыстық істі жауып тастады ма, жездесі жасады ма, егер жездесі жасамаса, кім зорлады қызды?  Айтпай ма соны? Мына адам зорлады деп? Тергеуді бізге не үшін берді? Біз не үшін жүрміз сенделіп.

Қорғаушы бұл істе шикіліктер тым көп болды. Бірақ талап-арызымызды ескерген ешкім болмады деп отыр. Тек күні кеше ғана Алматы қалалық прокуратурасы бұл істі бақылауына алатынын айтқан. 13 жасар қызына қатысты іс сотқа жетпей қысқарып қалды деп редакциямызға тағы бір ана шағымданды. Жасөспірім баласының болашағына алаңдап, бетін жасыруымызды өтінген Әнел есімді әйел де қызына қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет жасаған әскери қызметкердің қылмысын әшкерелей алмай жүргенін айтады.

ӘНЕЛ, жәбірленуші:

– Жанымызда келе жатқан кісі айқайлады. Не істеп жатсың, хайуан. Ана қолыңды ал қыздан деп айқайлады. Қызым екінші полкадан түсті де мені құшақтап жылай бастады.

Бұл — 3 маусым күні Алматы-Ақтөбе пойызында болған жағдай. Кәмелетке толмаған қызының қойнына қолын жүгірткен жігіттің бұл әрекетіне қатысты сол сәтте полицияға шағымданған ана, таяуда бұл істің қысқарып қалғанына қапалы. Өйткені, Оңтүстік аймақтық әскери-тергеу басқармасының шымкент бөлімінде тіркеліп, қызылордалық топ тергеген іс, анасы ішімдік ішіп, қызымды зорламақ болды деген ефрейтордың әрекетінен еш әбестік көрмеген көрінеді. Іспен танысып шыққан заңгер Айгүл Орынбек те тергеуалды істе шикіліктің көп болғанын алға тартады.

АЙГҮЛ ОРЫНБЕК, заңгер:

– Бұл кісіде ешқандай беттестіру, деломен таныстыру болмаған. Экспертиза тағайындаған. Бірақ экспертиза дайын болмай, істі жауып тастаған. Шымкент қаласынан куәгерлер бар, Арал қаласынан куәгерлер бар екен. Бірақ ол кісілерді іс бойынша, шақырмаған деп айтып отыр жәбірленушінің өзі.

Ал, полиция қылмыстық құрам жоқ деп жауып тастаған, жабыла шаң жуытпай қорғап жүрген әскери қызметкердің жақындары болса, Әнелге «ашуыңды бер деп,2 млн теңгенің көлемінде ақша ұсынып, жүрген көрінеді.

Ал, жағымсыз жағдайдан соң томаға-тұйық болып қалған қызын психологқа көрсетуге ақша таба алмай жүрсем де, қызымның арын ақшаға саудаламаймын деген жалғызбасты ана, басқа да құзырлы органдарға шағымданбақ ниетте.

ӘНЕЛ, жәбірленуші:

– Былай буып, резинка тағып, маған айтып жатыр. Мама маған повязка жасашы, мен ұялам, мен денемнен ұялам. Өзі кіп кішкентай. Далаға да шықпай жүр. Қызымды психологтарға көрсететін жағдайым жоқ.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика