Қаралы үй мен қазалы үй

12 декабря 2016

Қаралы үй мен қазалы үйЕртеде екі жолаушы алыс елден асығыс оралып, сауыт жүріп келе жатыпты. Олардың бірі Әлібек есімді қарт би де, екіншісі сол бидің баласы Төле екен. Бұл – үш жүздің баласына билік айтып өткен атақты Төле бидің бозбала шағы болса керек. Жолда олар қаралы бір ауылдың үстінен шығып, қазақы рәсімі бойынша көңіл айтып аттанбақ боп аттарынан шұғыл түсе-түсе қалады. Қызмет жасап жүрген жігіттер олардың аттарын байлап, өздерін қаралы үйге бастап алып жүреді. Аз-кем жөн сұрасып, танысып біліскен соң үй иесі мал сойдырып, әкелі-балалы екеуін жақсылап сыйлап, құрметтеп күтіп жібермек болады. Бұған дана би Әлібек те, бала би Төле де қарсы келе алмай сол күні жолдарынан қалып, ауылға қонады. Ертеңінде екеуі аттарына қонып, ауылдан қозы көш жер ұзап шыққанда Әлібек би баласын сынамақ болып: «Балам, кешелі бері не аңғардың? Марқұм болған кісі өз елінің кімі екен, сұрап білмедің бе?» деп Төленің жүзіне барлай қарапты. Сонда бозбала Төле: «Жоқ, сұрап қайтейін, оны өзім де біліп отырған жоқпын ба» деп таңдайын тақ еткізіпті. «Білсең, айтшы?» деп әкесі қайта қарапты. «Марқұм болған кісі өз елінің жау-жүрек батыры екен. Оны найзаның ұшына қара қыл байлап, сегіз қанат ақ үйдің белдеуіне іліп, аза тұтып қойғанынан білдім» деп іркілмей тез жауап беріпті. «Дұрыс» деп әкесі бас изепті. Сәлден соң баласына тағы да жүзін бұрып: «Жаңағы қаралы үй ме, әлде қазалы үй ме?» деп сұрапты. Ес біліп, етек жапқалы ел аралап, сөз ұстап, көзі қарақты бола бастаған Төле: «Қаралы үй» деп тағы да іркілмей жауап беріпті. «Оны қайдан білдің?» дегенде, «Төрге ұстаған кілемнің орта тұсындағы кереге басына сабын күмістеткен бұзау тіс қамшыны төмен салбыратып іліп қойыпты. Ал сол қамшы марқұм батырдың соңында өсіп жетіліп келе жатқан болат тұяғы, кетілмеген семсері барын кім-кімнің де есіне салып, айбар-сұс танытып тұрғандай көрінді. Сондықтан да бұл үй қара жамылған қаралы үй атанып, біраз уақыт аза тұтады. Кейін бәсіре қамшының иесі ер жетіп, атқа мініп, тізгін тартуға жарағанда сол үйдің туырлығы қайта желкілдейді. Ал тақымынан тұқым өрбімеген тұл еркек қайтса шын өлім деп міне соны айтады. Онда оның үйі қасірет-қайғы көрген нағыз қазалы үйге айналып, сосын жер бетінен оталып, құрып кеткен тұл тіршіліктей атсыз, атаусыз қалып, бір күні о да мәңгілікке жоғалар еді» деп сөз соңын ауыр сезіммен түйіндеп бітірген екен. Әкесі риза болып: «Қазақтың кең байтақ даласында тегін тумаған екенсің. Алла жазса, алыс көкжиектерге үңіліп, алдағыны тап басып, болжап біліп отыратын өрісті өрең бар көрінеді. Өркенің өссін, балам!» деп батасын беріпті. 

Рафаэль Ниязбеков
«Қызыл үй» романынан үзінді
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика