Қарағандылық университетте  «Жұлдызды» десант жиналды

26 сентября 2017

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің магистратурасына елімізге аты жақсы танымал спортшылар мен айтыскер ақындар  оқуға түсті. Ел арасында «жұлдызды десант» атанып үлгерген магистранттар бірінші курс студенттерімен кездесу өткізіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті және арнайы ұйымдастырылған концертті тамашалады,   — деп хабарлады Qasym.kz тілшісі Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Студенттермен кездесуге келген танымал тұлғалардың қатарында Олимпиада чемпионы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев; ҚР бокс бойынша Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов; Әлем Кубогының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Серік Нұрқазов; Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Серік Елеуов;   ҚЭУ құрметті профессоры Ерлан Нығматулин, әлем чемпионатының қола жүлдегері Аблайхан Жүсіпов тәрізді саңылақтар бар. Бұл азаматтардың бір қатары осы университеттің түлектері болса, бір бөлігі әлі де университет қабырғасында білім алып жатыр. Мұндай әйгілі адамдардың басын бір залда жинау мүмкіндігі жиі туа бермейді. Қонақтар ҚЭУ ректоры, профессор Ерқара Аймағамбетовтың шақыруын қабылдап, оқу ордасының студенттерімен кездесуге келген.

Өмірдің сырлы соқпақтарында өз өнерлері мен талаптарының арқасында айтулы жетістікке жеткен азаматтарды еңбекқорлығы және жеңіске деген ынтасы мен мақсат қоя білуі және ең маңыздысы Отанға деген адал махаббаттары біріктіруде.

 — Жаңа оқу жылында ҚЭУ магистранттар құрамы бүкіл Қазақстан білетін және құрметтейтін көптеген табысты адамдармен толықты. Олардың қатарында: Дидар Кәмиев, Қамшыбек Қонқабаев, Василий Левит және Бахтияр Артаев. Бүгін олар 1-ші курс студенттерімен кездесуге келді. Біздің университет жыл сайын осындай мерекелік шаралар ұйымдастырып отырады, — деді қоғаммен байланыс бойынша бас маман Лейла Ивадилинова.

Ағымдағы жылы ҚЭУ-нің «кедендік қызмет» мамандығы бойынша магистратурасына Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері  Василий Левит оқуға түскен. Сонымен қатар олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығына, ал арқаның айтулы айтыскер ақыны Дидар Кәмиев «құқықтану» мамандығы бойынша оқуға қабылданыпты. Олардың барлығы мемлекеттік білім гранттарының иегері атанды. 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика