Қарағандыдағы Жұлдыздар аллеясы жаңа есіммен толықты

21 сентября 2017

 Қарағанды қаласының орталығында елге еңбегі сіңген азаматтардың есімін ардақтауға арналған ерекше орынның бары көпке мәлім. Қалалық саябақ алдындағы «Жұлдыздар аллеясы» осыдан бірнеше жыл бұрын ашылып, өңірге келген ел азаматтарының есімдері алтын әріппен жазылған еді. Бұрнағы күні дәл осы арада   Халықаралық түрік мәдениеті ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің жұлдызы  жанды. Бұл «Жұлдыздар аллеясы» ашылғалы берілген сегізінші атау, — деп хабарлады Qasym.kz тілшісі.

 Дүйсен Қасейінов биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Қазақ мәдениетінің дамуына бір кісідей еңбек сіңіріп жүрген азаматтың мерейтойы Қарағанды қаласында атап өтілді. Кеншілер сарайында Дүйсен Қасейіновтің құрметіне   «Достарым — менің байлығым» атты гала-концерт ұйымдастырылды. Бұл концерттік шара   өнер сүйер қауымға керемет мәдени кештер сыйлап, Қарағандының брендіне айналып үлгерген  «Әуенді Сарыарқа» фестивалінің шарықтау шегіне айналды. 

— Бүгін үлкен өнер мерекесі өтіп жатыр, жәнеде бізге бұл күні шет елдік танымал жұлдыздар қонаққа келді. Бұл жұлдыздар Қарағанды — ең әуенді қала, ал қарағандылық көрермендер — ең керемет екенін атап өтті. Сондықтан мен барлықтарыңызға — көрермендерге де, қонақтарға да алғысымды білдіргім келеді.

 «Әуенді Сарыарқа» фестивалі осымен 19-шы рет қатарынан өткізіліп отыр, осы уақыт аралығында 50-ден астам елдердің әртістері осы сахнада өнер көрсетті. Бұл фестиваль біздің қарағандылық брендімізге айналды. Осының барлығы біздің Дүйсен Құрабайұлының Қарағандыға деген махаббатының, ұйымдастырушылық қабілетінің жәнеде үлкен қолдауының арқасында жүзеге асып отыр, — деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Расымен де, Дүйсен Қасейінов басқарып отырған ТҮРІКСОЙ ұйымының қолдауына ие болған қарағандылық өнерпаздар осы күнге дейін  Түркияға, Малайзия, АҚШ, Қытай, Франция, Италия, Ресей, Әзірбайжанға гастрольдер ұйымдастырды. Шетелдік өнер сүйер қауымға қазақ елінің дәстүрі музыкасын, мәдени мұрасын таныстырып, еліміздің атын шығарды.

Кеншілер мәдениет сарайында өткен «Достарым — менің байлығым» атты гала-концерттің тізгінін Дүйсен Қасейіновтің өзі ұстады. Ол концертті ұйымдастыру барысында осындай өтініш білдірген екен. Өйткені достары туралы өзінен артық ешкім білмейді. Сондықтан кеш тізгінін өз қолына алуды ұйғарыпты.

Гала-концерт барысында  Дүйсен Қасейіновтың достары мен туыстары өнер көрсетті. Мерейтой иесінің немерелері Әлия мен Әмина фортепиано және альт музыкалық аспаптарында ойнады. Қарағанды симфониялық оркестрі туған күн иесіне арналған «Дүйсен аға» туындысын орындады. 

Мерейтойлық кеште қазақ әндері, қазіргі заманғы композиторлардың әуендері, джаз, Бахтың, Скрябиннің, Брамстың шығармалары, сондай-ақ опера мен эстрада туындылары орындалды.

Әсем ән мен күмбезді күй орындалған концерттің соңы «Жұлдыздар аллеясындағы» Дүйсен Қасейіновке арналған белгінің салтанатты ашылу рәсімімен жалғасын тапты. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов мерейтой тесіне арнайы естелік сертификатын табыстап, қарағандылықтардың ыстық ықыласын жеткізді.   Өз кезегінде Дүйсен Қасейінов тілеулес жандардың барлығына алғыс білдірді. 

Айта кетейік, «Жұлдыздар аллеясы» Қарағандыда 2007-ші жылы пайда болды. Ең бірінші болып халық әртісі Бибігүл Төлегенованың жұлдызы орнатылды. Соңыра Роза Рымбаеваның, «Дос Мұқасан» ансамблінің, Қайрат Байбосыновтың, Ескендір Хасанғалиевтың, Мақпал Жүнісованың, Болат Сыздықовтың атаулы белгілері қойылды. 

 

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика