Қарағандыда шешендік өнер байқауының іріктеу кезеңі өтті

10 Қараша 2017

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 2017 жылдың 8 қарашасында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» Бағдарламасы аясында Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған «Даналар сөзі – ақылдың көзі» атты республикалық шешендік өнер байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті.

Аталған іс-шара мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнерді, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына зор үлес қосқан қабырғалы қайраткер, ұлы би, от ауызды, орақ тілді шешен Қаздауысты Қазыбек бидің шешендік мұраларын  насихаттау, тілге шешен, ділмар сөз шеберлерінің өнеріне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Байқауға Қарағанды облысының Қарағанды, Саран, Теміртау, Сәтбаев, Шахтинск, Жезқазған қалаларынан, Ақтоғай, Нұра, Қарқаралы, Абай, Осакаров, Шет аудандарынан және Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дан, «Болашақ» академиясынан, ҚарМТУ-дан, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінен, Қарағанды гуманитарлық колледжінен студенттер, оқушылар, педагогтар, мәдениет саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер т.б. сала өкілдері – 16 мен 35 жас аралығындағы үміткерлер өз өнерлерін ортаға салды.

Қазылар алқасы үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың байырғы сөздерді орнымен түрленте пайдалануына, ойының жүйелігіне, шешендік шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына баса назар аударды. Іріктеу кезеңінде шешендік қабілетімен дараланған                          4 үміткер республикалық байқауға жолдама алды:

І орын – Құрақбай Амангелді Қайратұлы – Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің бас маманы;

ІІ орын – Амангельдинов Берікбол Дәулетұлы – Шет аудандық орталық кітапханасының қызметкері;

ІІІ орын (екеу) – Нұртай Айсұлу ЕламанқызыҚарағанды қаласындағы №102 мектеп-гимназия мұғалімі;

Нәжкенов Айдын Есімұлы – Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 2-курс студенті.

Жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика