Қарағандыда Мұқағалиға арналған кеш өтті

18 апреля 2019

Қарағанды да Мұқағалиға арналған кеш өттіҚасым елі ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған еске алу кешін өткізді. Ақынның поэззиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан. Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, әпербақан сынға ұшырағанда да, «Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана» деген байламды берік ұстап, шен-шекпенге, лауазымға қызықпаған. Поэззияны өзінің сыңарына балаған ақынға деген елінің сағынышын, Мәдениет сарайына сыймай қалған қалың оқырманнан білуге болады. Кеншілер мәдениет сарайының қолдауымен өткен кеште арқаның бас ақыны Серік Ақсұңқарұлы Мұқағали Мақатаев жайлы естеліктерімен бөлісті. Салтанатты шарада Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің аға оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, ақын Қойлыбай Асанов:
— Даңқты ақынды әлем таныған деп жатады. Бірақ, нағыз ақын халықтың махаббатына бөленгені. Қазақта ақын, қазақта шайыр көп. Мұқағалидай халықтың махаббатына бөленген ақын кемде-кем. Мұқағали жырлары қазақтың домбырасы – деп, ақын жайлы жан тербетер ойын айтты.
Ақынның туған жер, адам тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, соғыс тауқыметіне арналған лирикасы қайталанбас ұттық сипатта, ұлттық зермен зерделенген өлеңдерін бір топ студенттер легі мәнерлеп, нақышына келтіріп оқыды. Қазақ поэззиясының асқар шығына шыққан ақынның артындағы інілері өздерінің арнау өлеңдерін оқыды
Ақиық ақынның көптеген өлеңдеріне ән жазылған. Олар қай заманда болмасын ел арасында кеңінен таралып, талғампаз тыңдарманның көңілінен шығып, санасында жатталған. Көпшілікке кеңінен таныс «Құмған алған» «Жас қайың» әндерін Қали Байжанов атындағы филормонияның әншілері орындады. Кеш соңында жас буын өкілдері ақынның өз дауысымен, Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған өлеңдерін естіді.
«Ақынмын деп қалай мен айта аламын, Халқымның айтқан сөзін қайталадым» –деген өмірдің ащысын көрген ақиық ақын, халқын, тілін, отанын өзінің баға жетпес бақытына балаған.
Өмірінің соңына дейін «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» –деп өткен мұзбалақ ақынның өлеңдері елі барда, халқымен бірге жасай береді.

Асыл Мұстафина
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика