Қарағандыда мемлекеттік рәміздерді ардақтауға арналған форум өтті

2 июня 2017

Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала елінің рәміздері жасасын!» атты облыстық форум өтті. Оған облысымыздағы танымал қоғам қайраткерлері, белгілі спортшылар, өндіріс орындарының қызметкерлері, кеншілер, облысымыздағы барлық аудан мен қалалардың өкілдері және белсенді жастар қатысты. Форумды ашу мәртебесі қаламыздың құрметті азаматы, еңбек жолын Елбасымызбен бірге бастаған Омашев Қуаныш Омашұлына берілді, — деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі.

Форумның ашылу салтанатында облысымыздың әкімі Ерлан Қошанов барша жиналған қауымды осы бір мерейлі күнмен құттықтап, жастардың жүрегіндегі мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен махаббатты сезіне алғанына қуанышты екендігін жеткізді.

«Бүгін ерекше күн. Осы залдың энергиясын байқап, жастарымыздың рәміздерге деген құрметі мен махаббатын байқап, ерекше қуанып отырмыз. Құрметті форумға қатысушылар, сіздерді бүгінгі үлкен мереке — мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік рәміздер — кез келген елдің арманы мен мұратын айқындайтын ерекше белгі. Ал біз үшін рәміздер жай ғана нышан емес, онда ата — бабаларымыздың азаттыққа деген ұмтылысы, халқымыздың тәуелсіз ел боламын деген талпынысы бар. Ел рәміздері ең алдымен біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы.
Елбасы айтқандай: «Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образға айналды». Қазақ халқында мынандай сөз бар: “халықтың рухын көргің келсе жергілікті туына қара, елінің елдігін көргің келсе елтаңбасына зер сал, арман-мақсатын көргің келсе ұранын тыңда”. Мемлекеттің басты нышандарын жүрегіне басқан елдің еңсесі тік, рухы жоғары болады. Ендеше мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қастерлей білу біздің парызымыз», — деді облыс әкімі.


Азаттықтың ақ туын желбіретіп, арайлап атқан бүгінгі таңға да жеттік. Мұның барлығы сонау зобалаң жылдардағы елім деп еңіреген, жерім деп жер тепкен батыр бабаларымыздың отанына атылған оққа құрыш кеудесін тосқандығының арқасында қолжеткен жетістіктеріміз. Қазір міне, қыранымыз көкте қалықтап, көк байрағымыз көрген көзге көзайым болып тұрғаны мәлім. Ескі тарихтың елеулі тұстары өте көп. Ширек ғасыр бұрын Алтай мен Атырау арасындағы Ұлы далада өшкен отты қайта жағып, тәуелсіздігін тұғырына қондырған Қазақстан 1992 жылдың 4 маусымы күні мемлекеттік рәміздерін бекіткен еді. Енді міне сол рәміздеріміздің  бекітілгеніне де 25 жыл толып отыр.

Бек Ноғайбайұлы
«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика