Қарағанды облысында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 2 292 салымшысы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында үй алады

25 декабря 2017

2018 жылы Қарағанды, Балқаш және Жезқазғанда 2 292 пәтерден тұратын 15 тұрғын үй пайдалануға беріледі. 1 шаршы метрдің бағасы 90 000 мен 140 000 теңге аралығында болады. Пәтерлерде шотына үй құнының 30%-ын жинаған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салымшылары сатып ала алады. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын алдын ала тұрғын үй займы ретінде береді.

— «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттары бойынша тұрғызылған үйлердің 50%-ы жергілікті әкімдікте кезекте тұрған жандар арасында бөлістіріледі. Бірақ бұл азаматтарға да Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, қаражат жинай бастау керек. Шот неғұрлым ертерек ашылып, ақша жинақтала бастаса, әлеуметтік тұрғын үй алу мүмкіндігі де соғұрлым артатынын салымшыларымыз қаперде ұстаулары тиіс. Атай кету қажет тағы бір маңызды дүние бар: жинақ мерзімі неғұрлым ұзақ болса, несие бойынша мөлшерлеме де соғұрлым төмен болады, — деп түсіндірді банктің Қарағанды облыстық филиалы директоры Гүлнәр Дабылова.

Бұдан бөлек тағы 332 адам «Өз үйім» бағдарламасының аясында тұрғын үй ала алады. Олардың 152-сі – прокуратура қызметкерлері. Бұл азаматтарға берілетін төмен бағадағы баспана Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Қарағанды облысы прокуратурасының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес салынады.

— Осы жылы банк бизнес процестерін оңтайландыру бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Baspana.kz атты ерекше жаңа портал іске қосылды. Мұнда «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламаларының аясында салынып жатқан нысандар туралы барлық ақпаратты білуге болады. Порталдың іске қосылуы банк клиенттері қызмет алуды ыңғайлырақ етіп қана қоймай, әлеуметтік тұрғын үй бөлістіру процесін ашық, айқын ете түсті. Сайтқа кірген қолжетімді баспанадан үміткер адам аймақта қандай нысандар салынып жатқанын, қай жерде өтініш қабылданып жатқанын көріп, ұнатқан пәтерін таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтінім бере алады, — деп атап өтті Гүлнәр Дабылова.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысындағы 71 000 банк салымшысы мемлекет сыйлықақысын алады. Олардың 21 000-ы келісім-шартты осы жылы бекіткен екен. Мемлекет сыйлықақысы 200 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 453 800 теңгеден аспайтын салым сомасы бойынша есептеледі. Яғни жыл бойы банк клиенті осындай ақша жинаса немесе оны бір жолы барып бір-ақ салып тастаса, 90 760 теңге көлеміндегі ең жоғарғы сыйлықақы алады.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика