Қарағанды облысында ерекше сайттың тұсуы кесілді

30 октября 2017

Қарағанды жастары Елбасымыздың қазақ тілін таңбалауды біртіндеп латын графикасына көшіру идеясын бір ауыздан қолдайты және қазірдің өзінде бұған толық дайын. Мұның дәлелі ретінде олар  барлық ақпарат латын әрпімен жазылған  zhastar09.kz жастар порталының тұсауын кесті, — деп хабарлайды Qasym.kz

Бұл сайт елімізде жаңа әліпбиге негізделіп жасалған алғашқы ақпараттық порталып отыр. Ол алдағы уақытта толықтай жаңа әліпбимен жазылған хабарды тарата отырып, оқырманның көзін үйрете бермек.

Елбасымыз 2025 жылдан бастап  латын әліпбиін қолданысқа енгізу бастамасын көтерді. Алда біраз уақыт бар. Алайда дәл сол атаулы күнге дейін еліміз латын әліпбиіне көшуге толықтай дайын болуы керек. Сондықтан да осы бағытта көптеген шаралар жүргізілуде. Әрине, бұл жаңалық аға буын өкілдерін біраз әуре-сарсаңға салары анық. Алайда жастар жағы Елбасымыздың бастамасын бір ауыздан қолдайды және ешқандай қиындық көрмейді. Өйткені ғылым мен техника қарыштап дамыған мына заманда латын әліпбиі барлық салада өзінің үстемдігін көрсетуде. Сондықтан да біз әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің сапынан табылу үшін осындай маңызды реформаны бастап өткеруге тиіспіз.

«Президент «Қазақ тілінің латын графикасына ауыстыру туралы» жарлыққа қол қойды. Латын әрпіне көшу – қоғамдық сананы жаңғырту идеяларының негіздерінің бірі. Біз оны қолдаймыз. Енді жаңа zhastar09.kz сайтында сіздер ақпаратты латын әрпінде оқи аласыздар», — деді жастар саясаты басқармасының жетекшісі Мирас Құттыбай саттың тұсаукесер рәсімінде.

Жобаны қолға алған және жүзеге асырған Қарағанды облысының балалар және жастар ұйымы. Мұның өзі жастардың латын графикасына көшу бастамасын қолдайтындығын көрсетеді. Олар алдағы уақытта порталға қызықты әрі көпке пайдалы ақпараттарды орналастырып отырмақ. Авторлардың пайымдауынша, бұл бастамаға тек жастар ғана емес Қарағанды облысының барлық тұрғындары бір кісідей қолдау көрсетеді.  

«Латын әліпбиі – ол тарихи тұғырымызға оралу. Қаулыға қол қойылды, бірақ алда әлі де көптеген жұмыстар күтіп тұр.  2025-ші жылға дейін еліміз біртіндеп латын әрпіне көше бастайды. Біз өз жұмысымызды латын графикасы туралы сөз қозғалған бетте, сәуір айында бастадық. Сол кезде біз санап отырсақ, аймағымызда 2900-ден астам тіл мамандары бар екенін анықтадық, оның 760-ы латын графикасымен таныс екен. Қазір жастар өз сайтын таныстырып отыр көпшілікке, яғни олар Президенттің бағдарламасын қолдайтындарын және жаңа әліпбиге дайын екенін көрсетеді. Біз де бұл бағытта өз жұмыстарымызды жалғастыра береміз», — деді Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі Гүлнарайым Қаңтарбекова.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика