Қарағанды облыстық ҚХА жанынан қайырымдылық жасаушылар клубы құрылды

29 Қараша 2017

Қарағанды облысында ізгі ниетті қайырымды жандардың қарасы қалың. Азаматтық ұстанымдарын дүниеауи қызығушылықтарынан жоғары қоя білген жандар көмекке мұқтаж әр адамға қолын созуға дайын. Әйтсе де осы уақытқа дейін облыста олардың басын қосатын ұйым тапшы еді. Бұл кемшіліктің орнын Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы толтырды. Ағымдағы жылдың 29 қарашасы күні Достық үйінің конференц-залында  Қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер клубының алғашқы отырысы өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылдың 12 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының даму Тұжырымдамасына (2025 жылға дейінгі) еліміздегі қайырымдылық шараларының дамуын үйлестіру ҚХА жұмыстары бағыттарының бірі болып табылады.

Алқалы отырысты жүргізген Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының басшысы Е.Б.Құсайын: «Мәңгілік Ел»жалпы ұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыру барысында Қарағанды облысы ҚХА бастамасымен қайырымдылық пен тәлімгерлікті дамытуға баса назар аударылып келеді, осыған орай, тиімді жұмыс атқару мақсатында Қарағанды облысы ҚХА жанындағы қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер Клубын құру жоспарланған болатын, бүгінгі жиын игі бастаманың нақты іске асқанын айғақтайтындығын атап өтті.

Қайырымдылық – адам бойындағы ізгі іске бағыттайтын алтын қақпа тәрізді. Қайырымды адам қашанда тура жолда, адамгершілік қасиетте жүреді. Қазақ халқы жетімі мен жесірін жылатпаған, жандары жаралы, мүгедек жандарды өмір атты тайғақ жолдан құлатпаған кемеңгер, парасатты халық. Қайырымы кең қазақ сынды халықтың әр баласы мен әр ұрпағы қол ұшын тигізіп, көмек беруге дайын тұрған. Мұның бір айғағы ретінде өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін жылдарын еске түсіруге болады. Солақай саясаттың салдарынан атамекендерінен қуылған жүздеген тілі, діні мен дәстүрі бөлек халықтар Қазақстанға әкелінді. Аш-жалаңаш жұртты жергілікті тұрғындар жатсынбай бауырына басып, қолындағы жалғыз нанын бөліп берді, тар бөлмесінің бір бұрышын босатып, үйін паналатты. Осындай ынтымақ пен бірліктің негізінде бүгінгі мамыражай бейбіт күнге қолжеткіздік.

Бабалардан жеткен осы бір ізгі қасиет бүгін де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қарағанды облысының кәсіпкерлері мен қолы ашық жомарт жандар күні бүгінге дейін көмекке мұқтаж азаматтарға жәрдем беріп келеді. Осындай ізгі ниетті меценаттардың бір парасы, яғни 23 адам Қарағанды облыстық ҚХА жанындағы клубқа мүше болып қабылданды. Алдағы уақытта олардың қатары кеңей түсетіні анық.

Аталған шарада Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер клубының ЕРЕЖЕСІ талқыланып, қайырымдылық жолында жасалған жұмыстар мен осы мәселені дамыту бағытында, алдағы уақыттағы атқарылатын жұмыс жоспары нақтыланды.

Отырыс барысында клубтың төрағасы болып «КазПласт» ЖШС директоры С.Н.Водько, ал төрағаның орынбасары болып жеке кәсіпкер М.Р.Кадырова бірауыздан сайланды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 8 желтоқсанда Астана қаласында өтетін, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» акциясын қорытындылайтын республикалық съезіне клуб құрамынан қатысатын мүшелері анықталды.

Қазір әлемді қаржы дағдары қыспаққа алып тұр. Әсіресе бизнес иелері үшін күрделі экономикалық ахуал оңайға соқпай тұрғаны анық. Әр тиын санаулы. Әйтсе де бұл олардың азаматтық ұстанымдарына селкеу түсірмек емес екен. Облысымызда өтпелі кезеңнің күрделі экономикалық ахуалына қарамастан, қайырымдылық жасайтын азаматтардың қатары көбеймесе, азайған емес. Жаһандық дағдарыс жағдайында, халыққа демеу болып, оларға қолұшын беруге ұмтылатын жандардың өсе түсуі көңілге қуаныш ұялатады.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика