Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан журналистер клубы ашылды

22 Қараша 2017

Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тың бастаманы қолға алды. Достар үйінде өткен журналистер қауымының өкілдерімен болған кездесу барысында журналистер мен сарапшылар клубы құрылды. Басты мақсат – этносаралық, конфессияаралық келісімді сақтап, азаматтық бірлікті, патриотизмді және рухани-мәдени тұтастықты нығайтуға ықпал ету.


Журналистер – билік пен қоғам арасындағы алтын көпір. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында «Достық үйлерінің» рөлін арттыру, оның жанынан түрлі клубтар құру туралы тапсырған болатын. Елбасы тапсырмасы еліміздің әр өңірінде орындалып жатыр. Кезек Қарағанды облысына келіп жетті.
Бейресми дерек көздерінің дерегінше, Қарағанды облысы бұқаралық ақпарат құралдарының саны мен сапасы жағынан алғанда ел көлеміндегі ірі орталықтардың бірі болып табылады екен. Облысымызды әр ауданы мен қаласында жергілікті газет-журналдар, телеарналар мен радиолар бар. Бұл үлкен күш. Әйтсе де осы күнге дейін Арқа төсінде журналистердің басын қосып, ортақ мүдде жолына жұмылдырған ұйым жоқ еді. Енді бұл кемшіліктің орнын толтыруды Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өз қолына алып отыр.


Клубтың алғашқы отырысына облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков, «5 канал» телекомпаниясының редакторы Әсел Сәбитова, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Зада Жұматова, Қарқаралы газетінің бас редакторы Рымбек Смағұлов, «Нұра» газетінің бас редакторы Тазагүл Пішенбаева және басқа да өңірлік басылымдардың басшылары мен облыстық ҚХА хатшысы Ерлан Құсайынов қатысты.
«Бұған дейін Қарағанды облысында ҚХА журналистер клубы болған жоқ еді. Сондықтан да осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында бүгін сіздерді жинап отырмыз. Төртінші билік ретінде бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік саясатты жүргізуде, ұлтаралық қатынас пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында сіздердің алатын орындарыңыз ерекше. Сондықтан да Елбасымыз бұл саланың дамуына айрықша көңіл аударып отыр», – деді Клубтың алғашқы отырысын ашқан Ерлан Құсайынов өз сөзінде.


Осыдан соң Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достар аймағы» журналы таныстырылды. Бұл журнал ұлтаралық татулық пен бауырмалдықты насихаттау мақсатында осы жылдың басында ашылған. Әрі форматы жағынан алғанда республикалық деңгейде әзірге жалғыз басылым болып отыр екен. Ол туралы журналдың бас редакторы Дмитрий Сергеевич айтып берді.
«Қазіргі таңда Қарағанды облысында мақтануға тұрарлық дүниелер көп. Солардың бірі ретінде біздің «Достар аймағы» журналын айтуға болады. Қазір осы журналға қатысты жағымды пікірді көп естіп жүрміз.
Журнал несімен қызық? Біз өз журналымызда этонстардың достығы мен бірлігін кең көлемде насихаттайтын боламыз. Ал республикамызда дәл осындай жұмыс істеп отырған журнал жоқтың қасы. Рас, буклеттер, газеттер бар. Бірақ журнал жоқ.
Алдағы уақытта осы клуб аясында сіздермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, журналдың жұмысын бұрынғыдан да қызықты қыла түсетін боламыз деп сенемін. Тіпті қарымды қаламгерлерге қаламақы төлеу жүйесі де жолға қойылған», – дейді Дмитрий Сергеевич.
Оның бұл сөзін Ерлан Бейсенбайұлы да қолдап, аталмыш журналдың республика көлемінде жоғары бағаға ие болғанын атап өтті. Әрине, бұл ең алдымен журналды шығарушылардың еңбегінің арқасында қол жеткен жетістік болып табылады.


Қай елдің болмасын атағын шығарып, мәртебесін көтеруде журналистер қауымының қосып отырған үлесі мол. Әр бір басқосу, іс-шара, жиындардың бәрі тілшілерсіз өтпейді. Ел тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, белсене араласып оны жариялап жүрген де осы журналистер. Сондықтан да қажетті ақпаратқа дер кезінде қолжеткізу мақсатында осындай алаңдарды ашу, оның жұмысын жолға қоюдың өзектілігі артып келеді.
Достық үйінде өткен кездесу барысында журналистер мен сарапшылар клубының төрағалығына облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары, Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының, «Тіл майталманы» аталымының лауреаты Ерсін Мұсабеков лайық деп таңдалды. Жалпы дауыс беру барысында клуб мүшелері бұл кісінің кандидатурасын бір ауыздан қолдап, төрден орын сайлады.
«Ассамблея жұмысы қай тілдегі журналист болмасын бейтаныс мәселе емес. Бұл мемлекеттік саясаттың үлкен бір бағыттарының бірі болғандықтан әрбір журналистің қаламында ұлтаралық, дін аралық татулық тұруы керек деген ойдамыз. Клубтың жұмысын ұйымдастыру, үйлестіру мәселесіне барлығымыз ат салысуымыз керек. Бұл өте құптарлық бастама. Ассамблея, достық тақырыбы өте қызықты тақырып. Сонау ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы тағдырлар тоғысында жан-жақтан ағылып келген ұлттар мен ұлыстарды кең құшағына басқан қазақ халқының тарихымен астасып жатқан тақырыпты бүгінгі мемлекеттік саясатпен сабақтастырып, ортақ ойымыздың қазанында қайнату сіз бен біздің шеберлігімізге байланысты», – деді Ерсін Мұсабеков.
Кездесу барысында әр басылымның өкілдері өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Журналистердің барлығы клубтың қажеттілігіне және оның ақпарат алмасып, пікірталас алаңына айналатындығына сенім білдіріп өтті.

Рымбек Смағұлов:
– Бұл облыс деңгейінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұрын мұндай болған жоқ. Әр аймақтың журналистерінің басын қосып, ортақ тақырыптарды талқыға салып отыр құптарлық дүние. Қазіргі таңда «Қоғамдық келісім» күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі болғандықтан мұны өте дұрыс шешім деп санаймын.

Зада Жұматова:
– Ұлтаралық достықты нығайту тақырыбында бұрын да жазып келдік қой. Ендігі уақытта сіздер ашқан «Достық аймағы» журналдарыңызға да өз материалдарымызды шығару арқылы Қарағандыға қоныс аударған балқаштықтарды қамти аламыз деп ойлаймын. Біздің Балқаш өңірінде кешегі қуғын-сүргін кезінде сырттан келген өзге ұлттың өкілдері өте көп тұрады. Ұлтаралық бауырмалдық пен достығымыз берік.

Тазагүл Пішенбаева:
– Жалпы біздің мемлекетіміздің қазіргі жетіп отырған жетістігінің өзі осы бірліктің, ұлтаралық татулықтың арқасы емес пе?! Біздің Нұра ауданы да облыстағы сан түрлі ұлт өкілдері тұрып жатқан өңірдің бірі. Ауданымызда Украиын, Орыс орталықтары бар. Мұның барлығы мемлекетіміздің алға қойып отырған саясатының жемісі ғой. Қазір рухани жаңғыру жолына түсіп, бір біріміздің мәдени, рухани құндылықтарымызды көтеруге бет бұрдық. Алдағы уақытта «Достық аймағы» журналының және клубтың жұмысына аудан болып атсалысуға дайынбыз.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика