Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында аламан айтыс өтпек

10 Наурыз 2016

Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ«Кемшілікті көрсетіп, жетістікті жырлаймыз…»

Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен, наурыз айының 12-сі күні сағат 11.00-де Кеншілер мәдениет сарайында аламан айтыс өтпек. «Армысың, әз Наурыз!». Өздеріңізге жақсы таныс, өнері мен қайраткер мінезін қатар тәрбиелеген ақын, ғалым Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВТЫҢ бұл айтысқа сіңіріп келе жатқан еңбегі аз емес. Айтыстан бөлек, Жұмабек ТӘШЕНЕВТІҢ есімін ұлықтауда, Арқа жыршыларының басын құрап, «Бұқарекең жырлайды» жобасын өткізіп жүргендігі, ғалымдығы, ұстаздық жолы, өз алдына бір қора әңгіме. Осы мақсатта Айтбай ақынды әңгімеге тартқан болатынбыз. Жуырда өткізілгелі отырған айтысқа құлағдар бола отырып, біздің сұхбатқа да көз жүгіртерсіздер.

– Бұл уақытта «Армысың, әз Наурыз!» деп аталып, Арқада дәстүрге айналған облыстық ақындар айтыс­ының бүгіні мен ертеңі һәм кешегісі жайлы әңгімеден бастасақ?
– Бір халықты басқа халықтан айырып тұратын ерекшеліктер ол ана тілі, ата діні, бабадан жалғасқан дəстүрі болса, қазақ дейтін ұлттың Құдай берген керемет өнері ол – айтыс. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсанында қаламызда дəстүрге айналған «Армысың, əз Наурыз!» ақындар айтысы биыл да Кеншілер мəдениет сарайында өтпекші. Сонау ерте замандардан бері арнасы үзілмей келе жатқан айтыс өнерінің ұлт пен ұрпаққа берер тағылымы көп. Елдің ынтымағын жарастырып, кемшілігін сынап, жетістігін жырлайтын аузы дуалы ақындардың қашанда халықтың алдында дəрежесі биік болған, қазір де еш кеміген жоқ. Жылда наурыз айында Қарағанды жұртшылығының осы айтысты ерекше күтетіні жасырын емес. Əсіресе, үлкендер жағы. Олай болудың да өз себебі бар. Облысымызда жыл құсындай жылына бір болатын жыр додасы ғой. Сол, талғамы биік халықтың алғысымен кешегі бозбалалар қазір Алашқа ақыл айтатын айтулы ақындарға айналды. Алғашқы «Армысың, əз Наурыз!» айтысында Дидар Қамиев арнайы жүлде алған болатын. Бүгінде дүйім жұртқа белгілі дүлдүлге айналды. Тілеген Əділов тізгінді тежеп, алдына Мұхтардай баласын салып жүр. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, сол Мұхтар былтыр топ жарып, аламанның бас бəйгесін еншіледі. Артымнан ерген Доскей де республикалық айтыстардан жүлделі болып жүр. Төлеген Жаманов та өзінің бауыры Медеттің тілеуін тілесе, Дидардың бауыры Ұланғасыр алдынғы толқын ағалармен қарсыласуға жарап қалды. Ұрпақтар сабақтастығы, дəстүр жалғастығы деген осы шығар.
– Жылда 22 наурыз күні өтетін игі шара биыл неге ерте өтіп жатыр? Ақтаңгер ақындарымыз жырлайтын тақырыппен таныса отырсақ?
– Сайлаудың алдында болатын айтыстың саясатқа еш қатысы жоқ. Наурызды науқанмен араластыруға болмайды. Биылғы айтыс Тəуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алашорда көсемі, мемлекет қайраткері Əлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналып отыр. ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан Əлихан Бөкейханның мерейтойының басы деп біліңіздер. Жазда Алла қаласа, Ақтоғай ауданында республикалық ақындар айтысы болады.
– Сіз ұйымдастырған әр жобада бір жаңалық бар. Биылғы айтыстың ерекшелігі неде? Құрметті қонақ қатарынан кімді көре аламыз?
– Жылда жаңалық əкелу оңай шаруа емес, дегенмен, халықтың көңілінен шығып, көктемде көпшілікке керемет қуаныш сыйлай алсақ – ол да үлкен мəртебе. Биылғы аламан айтыстың қонағы, қазылар алқасының төрағасы ретінде, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Əбіловті шақырып отырмыз. Биылғы айтыстың жаңалығы болады деп, үкілеп отырған Жезқазғанның түлегі, ҚарМУ-дың І курс студенті Заңғар Тілеулинов деген жас талантты бауырымыз бар. Қарағандыдағы айтыстан бұрымдыларды көп көрмейтініміз жасырын емес, дегенмен, осы айтысқа Приозерск қаласынан Балжан деген ақын қарындасымыз келе жатыр. Бұрын тойда көріп жүрген Шыңғыс Жүкенов деген асаба жігіттің ақындық өнеріне жұрт тəнті болады деп отырмыз. Тағы бір айта кететіні, Қамиевтер əулетінен осы жолы Ұланғасырдан бөлек, Тəттімбет атындағы өнер колледжінде оқитын Айдар Қамиев қатыспақ. Дидар екі бірдей бауырын қосып, «қайсысың мықтысыңдар, ал көрейін?» деп жатқан жайы бар.
– Жас шәкірттеріңіздің жетістіктерін айта отырыңыз?
– Жас шəкірттердің де жетістіктері де жоқ емес. Павлодарда өткен студенттердің республикалық айтысында Мұхтар Əділов жүлделі болса, кеше ғана Алматы облысы, Ұзынағашта өткен Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына орай ұйымдастырылған оқушылар арасындағы республикалық айтыстан Доскей Ботпай ІІ орынмен оралды.
– Айтысқа бас-аяғы қанша ақын шықпақшы? Ақындарды топтастыру қалай жүзеге асырылады? Алдын ала жеребе тастала ма, әлде, іріктеу бойынша топқа түсе ме? Жоқ, алдын ала сіз жұптайсыз ба?
– Бас-аяғы 14 ақын қатысады деп жоспарлаудамыз. Ақындардың қарсыласы айтыстың алдында жеребе тарту арқылы анықталады. Былтырғы наурызда елді «Құлманбет» айтыспен қарық қылдық деп ойлаймын. Айтыстың басқа да түрлерін көрсету болашақтың еншісінде, оған үлкен дайындық керек жəне де тісқаққан ақындарды сахнаға шығармасақ, айтыс өз дəрежесінде болмай қалса, жиналған жұртшылықтың талап-тілегінен шықпай қалатын жай бар.
– Болашақта бұл айтысты ақылы түрде тамашалату ойда жоқ па? Тегін затта құн болмай жатады ғой, әдетте.
– Өнер – халықтікі. Наурыз мейрамы қарсаңында өтетін болған соң, үкіметтің қаржысына жасалып жатқан соң, ақылы бола алмайды. Қазіргі нарықтық заманда айтыскер ақындар ғана халыққа тегін өнер көрсетіп жүр. Бұл – ақындардың шынында да, халқына деген адалдығын танытса керек. Сондықтан да болар, халықтың да ақындарға деген құрметі ерекше, алабөтен.
– Сөз соңында Сізге алдағы ісіңізге Алла берекесін берсін дей отырып, әңгімемізді осы жерден түйіндейік. Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Мирас АСАН.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика