Қарағанды қаласында «Көкірегі көмбеге толы тау тұлға» атты Жайық Бектұров оқулары өткізіледі

7 октября 2016

Жайық БектұровЖайық Бектұровтың есімі Қарағанды жұртшылығына, әдебиет пен тарих жанашырларына жақсы таныс. Ол еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастайды. Кейін комсомолға ауысып, өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен алғырлығын көрсетеді. Ел басына қиын-қыстау заман орнап, белгілі қаламгерлер мен қайраткерлер жаппай ұсталып, темір торға тоғытылған шақта республикалық «Лениншіл жас” жастар газеті редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан” газетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары міндеттерін атқарады. Соғыс басталған тұста майдан жұмысына белсене араласып, дивизиялық газетінің редакторы қызметінде болады. Соғыс даласында жеңіске жету үшін қолға қару алып, оқ атудан бұрын жауынгерлердің рухын шыңдап, жеңіске деген сенімін ұлғайту керек қой. Бұл қызметті Жайық Бектұров аброймен атқарып шығады. Әйтсе де оның ұлтжандылығы сол кездегі үкімет басшыларының қолайына жақпай қалған. Ол 1942 жылдың мамыр айында қамауға алынып, КСРО НКВД-нің айрықша кеңесінің шешімімен РФСР Қылмысты істер кодексінің әйгілі 58-ші бабымен сырттай он жылға кесіліп, Солтүстік Оралға жер аударылды. Бұл жаладан тек Сталин өлген соң барып құтылады, бірақ толық ақтауға 1989 жылы ғана қол жеткізеді.

Тар заманда ұлт, тарих туралы жазбалардың жарыққа шықпасы белгілі. Мұны сталиндік қуғын-сүргіннің ащы дәмін сезінген Жайық Бектұров жақсы түсінген. Әйтсе де келешектен үміт үзбей, сол кездердегі халықтың жайы туралы деректерді жеке мұрағатында жинақтай береді. Ол осы арқылы Орталық Қазақстанның көптеген фактілері мен тарихи оқиғаларын көпшіліктің жадында қалдырды. Қарағанды және Қарағанды облысының энциклопедиясын жасауға үлес қосты. Оның есімі Қарағанды облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына берілген.

Ағымдағы жылдың қараша айының оныншы жұлдызында аталмыш кітапхана төрінде «Көкірегі көмбе тау тұлға» атты Жайық Бектұров оқулары өтеді. Бұл шараның басты мақсаты – Жайық Бектұровтың шығармаларын кең көлемде насихаттау, халық арасындағы талапты да дарынды жастарды анықтау және олардың шығармашылығына қолдау көрсету.

Қалқаман Нұрлыхан

«Қасым» порталы


Жайық Бектұров оқуларының

ЕРЕЖЕСІ

Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы Қарағанды облысының «Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ-нің қолдауымен аталмыш кітапхананың 40 жылдық мерейтойы аясында тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті, оның ішінде Жайық Бектұров шығармаларын насихаттау, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу мақсатында 2016 жылғы 10 қарашада «Көкірегі көмбе тау тұлға» атты Жайық Бектұров оқуларын өткізеді.

Байқау үш номинация бойынша өтеді:

I номинация:

«Жырлары өз дәуірінің айнасы» (ақын өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу).

ІІ номинация:

«Мен дегенің жел ұшырған бір қурай» (қаламгерге арнау өлеңдер).

IIІ номинация:

«Ж. Бектұров және оның зерттеу еңбектері» (эссе жазу).

Байқау шарттары:

— байқауға 15-24 жас аралығындағы жастар қатыса алады;

— бірінші номинацияға қатысушылар Ж. Бектұровтың кем дегенде 5 өлеңін жатқа оқуға тиіс;

— екінші номинацияға қатысушылар Ж. Бектұровқа арнау өлеңін оқуы қажет;

— үшінші номинация бойынша үміткерлер Ж. Бектұровтың қоғам қайраткерлері, әдебиет майталмандары туралы жазған еңбектеріне ойтолғау (эссе) жазады;

— бір үміткер бір бөлімге ғана қатыстырылады;

— оқылатын мәтін көлемі 3 минуттан аспауы қажет;

Байқаудың сарапшылары үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың:

• Мәнерлеп оқу шеберлігіне;

• дауыс мәнері және тіл тазалығына;

• мәтінді таңдау талғамына;

• сахнада өзін-өзі ұстауына;

• өлеңінің мағынасына;

• өлеңдегі сөз қолданысына;

• ұйқасына;

• ой жүйелігі мен тереңдігіне;

• тілінің көркемдігі мен шеберлігіне;

• тақырыпты ашуына баса назар аударады.

Байқау жеңімпаздары диплом, алғыс хат, заттай сыйлықтармен марапатталады.

Байқауға қатысу үшін үміткерлер туралы мәліметті (Қатысушының аты-жөні, туған күні, айы, жылы,оқу орны, тобы, сыныбы, жауапты ұстаздың аты-жөні, қатысатын номинациясы) 2016 жылғы 4 қарашаға дейін Khumarbeke@mail.ru электронды поштаға жіберу қажет.

Мекен-жайы: Ж. Бектұров атындағы ОЖК. Қарағанды қ., Ержанов көшесі, 8-а;

Байланыс телефондары: 8(7212) 43-06-50; 43-06-48; 43-07-04;

Е-mail: karaganda_oub@mail.ru.

Ескерту: Бір оқу орнынан бірнеше оқушының қатысуына рұқсат етіледі.
 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика