Қандай мамандық? Қалай таңдаймыз

17 февраля 2020

Оқу жылы аяқталуға жақын. Ата-ана мен талапкер бүгінгі таңда мамандық таңдаумен бас қатырып жүрген шығар?! Себебі, қолдағы диплом – жарқын болашақтың кепілі екені анық. Мамандық жайында бірер сөз қозғап көрейік.

Қарағанды облыстық білім басқармасының мәліметінше өңірде жалпы саны 550 мектеп бар екен. Олардан 2019 жылы 7506 оқушы түлеп ұшып, оның 5000-ға жуығы ҰБТ тапсырған. Ал 2020 жылы 7636-сы орта білімді тәмәмдайды деп күтілуде. Биылғы түлектер мамандық таңдауда қандай мәселеге баса назар аудару керек?

Қателеспеу үшін бір маңызды сұрақтың жауабын іздеген дұрыс. Ол: бүгінгі таңда еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие? Аталмыш сауалға жауап беру үшін отандық сарапшылардың сөзіне сүйенгенді жөн көрдік. Олардың ойынша, елімізде дәнекерлеуші, жонушы, көлік жөндеуші, нанотехнолог, IT технолог, логистик, химик, эколог, мал дәрігері сынды мамандар тапшы. Қала көшелерінде көліктер саны артып келеді. Жыл сайын автокөліктердің жаңа үлгілері шығып жатыр Ал,  IT технология күн сайын құбылып, даму үстінде. Табыс көзіне айналған төрт түліктің де түрлі дерттен аман болуы – кез-келген шаруашылық үшін қай кезде де маңызды.  Жалпы, осы мамандықты игергендер жер шұқып қалмайды дейді сарапшылар. Осы әңгіменің төңірегінде филология ғылымдарының докторы, көп жылдар бойы студенттерге дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеп жүрген Мәуен Хамзиннің пікірін білген едік.

«Мамандық таңдау үшін уақытпен санасу керек. Біздің кезімізде заңгер, экономист, мұғалім болғысы келгендердің қарасы көп болды. Енді ол кезең басқа ғой. Ал, қазір талап өзгерді. Көшеде қаншама жастар жұмыссыз жүр. Барып сұрастырсаң кілең заңгер, бухгалтер. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген біздің халық. Маңайыңа қарайла, түйін жаса. Ақпарат тасқындаған XXI ғасырда ұлттың болашағы жастардың санасын жағымсыз негативтерден аман алып қалатын әлеуметтік психологтар жетіспейді. Өз-өзіне қол жұмсау, нашақорлыққа салыну. Айта берсең көп. Олар неге күн санап көбейіп барады. Өйткені, жеткіншектерді ауыр депрессиядан алып шығар әлеуметтік психологтар тапшы. Мүмкін бар да шығар? Бірақ, бағаламаймыз. Ең керегі сол. Қоғам қайда бет алып барады, оны жақсы жаққа өзгерту үшін не керек.  Бәрін ақыл таразысына салып, шамалы болса да маңайға қарайлау керек. Сонда ғана мамандық дұрыс таңдалады. Әр уақыт өзіне тән проблемалармен келетіні айтпаса да белгілі» дейді профессор Мәуен Хамзин.

Жоғарыда келтірілген сарапашылар мен Мәуен Хамзиннің пікірі сәйкес келіп тұрған секілді. Аталған мамандықтар уақыт талабына сәйкес пайда болған. Сондықтан да, дипломды құшақтаған күйі жұмыссыз қалмас үшін – еңбек нарығымен санасу керек.  Көптеген ата-ана өз баласының жылы креслоға отырғанын қалап, оның сантехник, дәнекерлеуші, тракторшы болғанын қаламайды. Сол үшін де заңгер, экономист, аудит секілді мамандықтарға  оқытады. Ал, Халықтың арасында – «тас лақтырсаң заңгер мен экономистке тиеді» деген қалжың сөз бар. Сандырақ емес, демек.

   Мамандықты ата-ана таңдау керек пе, әлде талапкердің өзі ме?

Кез келген ата-ана өз баласының болашағына алаңдайды. Сол себепті де мамандық таңдау мәселесі отбасылық деңгейде шешіледі. Оқытып, баптағаны жұмыссыз тентіреп жүргенін кім қалайды? Жоғарыда қойылған сұрақтың жауабын табу үшін Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 4-ші курс студенті Шахризада Фазылқызының пікірін білген едік. Бүгінгі таңда үлгерімі жақсы бойжеткен таңдауды өзі жасағанын айтты. Алға қойған мақсаты бар. Жоспарын да құрып қойған. Өзіне сенімді. Тіпті әкесі Фазыл Нұғмановқа да хабарластық. Ол қызының сүйікті ісімен айналысқанын қалайды екен. «Мынау дұрыс, анау бұрыс дегенмен тіл ала қояр бала жоқ. Бәрібір өз айтқанын істейді»-деп сәл күліп қойды.  Білікті психологтар бұны заңды құбылысқа жатқызады. Олардың айтуынша, баланы әкенің немесе ананың арманы жолында құрбан етуге болмайды. Әрі кеткенде жанында жүріп, ақыл қосу керек. Өзі қалайтын, қызығатын мамандықты таңдаған жағдайда ғана оның жетістікке жетуіне шамамен 70% мүмкіндік болмақ. «Өмірдің жаңа қырларын ашып, маңайына енді қарайлап жүрген талапкер үшін аталған таңдауды жасау оңайға соқпасы анық. Сол үшін де ғұмырының біразын артқа тастаған, от пен суды көрген, ақ пен қараны ажырата алатын «үлкендердің» балаға қажетті деңгейде ақыл қосқаны, қолдағаны – қабылданған шешімнің дұрыс болуына зор ықпалын тигізетіні сөзсіз»-дейді педагогика және психология магистрі Рахат Телубаевна.

Назарларыңызға әлемдегі ең қызықты мамандықтарды ұсынамыз.

Мысалы, АҚШ-та марихуананың дегустаторы мамандығы бар. Есірткінің сапасын бағалап, табыс табады. Еуропа елдерінде шиколадтың дегустаторлары сұранысқа ие. Ал, әлемдегі ең оңай, әрі рахаты мол жұмыстың бірі – кәсіби демалушы. Оның міндеті – ауқатты адамдардың демалысын көңілді етіп, серік болу. Саяхат барысында кәсіби демалушылар өз қалтасынан қаржы шығармайды. Керісінше, миллиондап жалақы алады. Қымбат мейрамханадан тегін ас ішіп, бес жұлдызды қонақ үйлерде түнейді. Айта берсек миллиардерлердің қажетіне қарай пайда болған мамандықтар жетіп артылады. Олардың бірнешеуін ғана атап өттік. Өмірге қауіпті деп саналатын мамандықтарды да ұмытпайық. Өліммен шекаралас жүретін шахтерлерді, қауіпті қылмыскерді ұстайтын түрлі әскери қызметкерлерді бәріміз білеміз. Кейінгі уақытта олардың қатарына табихатты күзететін қорықшылар да енді. Кейінгі жылдары қатігез броконерлердің қолынан біршамасы қаза тапты, ауыр жарақаттанды. Әркімнің қолы жете бермейтін қомақты еңбекақы үшін 450 метрлік маякка шығып, жарық шамын ауыстыратын экстремалдар да бар. Оған жарты жылда бір рет қана көтеріледі. Айта берсеңіз көп.  Жер шары үлкен. Оның байлығын, жұмбақ тұстарын меңгеретін мыңдаған мамандық бар.  Оның үстіне адам баласы жаңалық ашудан жалығар емес. Әлі де қауіпті және қызықты мамандықтар қатары пайда болатыны сөзсіз.

Адамның қызметін робот, машиналар алмасытрып жатыр. Алысқа бармай-ақ елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының автобустарын мысалға келтірейік. Олардың ішінен жолақы жинап жүрген кондуктр көрмейсіз. Себебі, төлемді арнайы карталармен жасайды. Нәпақасын жолаушылардан тауып жүрген көбі жұмыссыз қалды. Бұл жүйе Қарағандыға да жетеді. Карталық төлемді қабылдауға арналған сары құрылғыларды аңғарған боларсыздар?  Ал, ақылды смартфондар шыққалы бері қалтадан әжептәуір орын алатын үнтаспа, фотоаппарат сияқтылар керексіз болып қалды. Смартфонның ішінде бәрі сап құрып тұр. Білгіңіз келген ақпаратты оп-оңай соның ішіндегі ғаламтор арқылы біліп аласыз. Алақандай ғана смартфон адам баласының қаншама қажетіне жарап жатыр. Робототехника дамыған сайын кейбір мамандықтар еңбек нарығынан жойылу үстінде. Күнделікті көріп жүрген су, түрлі тәттілерді сататын автоматтарға қараңыз. Оның арқасында дүкеншілер керексіз болып қалды. Ал, төлем қабылдайтын терминалдар ше? Қаншама адамды жұмыссыздардың санатына қосты. Көліктерді, компютерлерді роботтар жасайды. Ақылды темірлер жалақы талап етпейді, еңбек демалысын сұрамайды, тойға, анда-мында сұранбайды, ауырмайды. Өндірушілерге ең керегі сол емес пе?!   Келешекте асқан ақылды, қара күшті талап ететін біраз қызметті солар атқаратын секілді. XIX ғасырда Еуропаның қалаларында алғаш болып оятушы мамандығы пайда болған. Тапсырыс берушінің оянатын уақытын білетін олар келісілген уақытта терезеге ұзын түтікпен кішкентай тас атқан. Кейіннен сағаттар құрастырылып,  оятушы мамандығы керексіз болып қалды. Қысқасы, уақыт қозғалыссыз тұрған жоқ.

Бала кезімізде көршінің баласы күні бойы доп тепсе, «әй, осы бала футболшы болады-ау» дейтін ақсақалдар. Немесе, кітапханадан шықпағанды болашақ  ұстаз, ғалым, жазушы дейтін. «Болатын бала алысқа қарайды» деген сөз бекер айтылмаса керек. Әуелден адам өзі неге бейім болса, соған бір бүйрегі бұрып тұрады. Сол себепті де мамандық таңдауда жүрекке құлақ салған дұрыс болар?!

Ерік НАРЫН

Qasym.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика