ҚАНАТ ПЕН ГЕННАДИЙДІҢ ЖЕКПЕ-ЖЕГІ ҚАЗАҚСТАНДА ӨТЕДІ

16 февраля 2017

Қанат Ислам мен Геннадий Головкиннің кезекті бокс кездесулері Қазақстанда, бір күнде өтуі мүмкін. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында хабарлады. Ол Астанада EXPO-2017 көрмесінің аясында өтетін бокс кешінің дайындық жұмыстарымен таныстырды.

«Қазір біз келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Геннадий Головкинмен EXPO өкілдері, ал Қанат Исламмен Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері келісіп жатыр. Біз үздік боксшыларымызды жинауға тырысамыз», – деді Мұхамедиұлы.
Оның айтуынша, министрлік өкілдері Қанат Исламның промоутерімен кездесіпті. Қазір боксшының кіммен жұдырықтасатыны анықталу үстінде және әлемдік федерациямен келіссөз жүргізілуде.

Ал қазақстандықтардың көптен күткен бокс кездесуі қашан өтеді? Мәдениет министрі бұл сұраққа да тоқталып өтті.

«Бұл іспен промоутерлер айналысады. Бірақ біз ең мықты қазақстандықтарды жинауға тырысамыз. Боксшылардың өзі дайын, бірақ оларға лайықты қарсылас таңдау қиын. Себебі жекпе-жектер өте қызық болады. Айта кетейік, біздің боксшылар гонорарсыз жұдырықтасуға дайын. Бокс кешінің қайда өтетінін әлі қарастырамыз. «Астана-Арена» бар, велотрек бар, онда 10 мың адамға орын бар. Осы екі нысанның бірінде өтеді», – деді министр.

Айта кету керек, осыған дейін 10 маусымда EXPO-2017 аясында WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) мен WBO бойынша белбеу иегері, ағылшын боксшысы Билли Джо Сондерс (24-0, 12 КО) кездеседі деген ақпарат тараған еді. EXPO баспасөз қызметіндегілер келіссөздердің жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика