Қанат Ислам Арманға қолдау білдірді

6 марта 2017

Ережесіз жекпе-жектен WSOF біріншілігі өзінің 35-ші турнирінде өнер көрсететін спортшылардың тізімін шығарды. Алайда бұл тізімге Арман Оспанов пен Стивен Родригез арасындағы жекпе-жек кірмей қалды. Бұған Арман Оспановтың қанынан табылған допинг себеп болыпты.

Қанат ИсламWSOF басшысы Рей Сефоның айтуынша, Марокко елінде өткен əскери самбодан əлем біріншілігінен кейін Арман Оспановтың қанынан допинг табылған. Осыған байланысты ол 4 жылға дейін спорттан шеттетілген.

Қазақ батырының басындағы бұл мәселеге жанкүйерлер алаңдаушылық танытты. Олардың қатарында былғары қолғап шебері Қанат Ислам да бар. Ол өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында:

«Арман, сен — қазақтың батырысың! Сен — чемпионсың! Оны қаншама рет дәлелдедің. Әлемдік додаларда ел намысын қорғадың, көк туды желбіреттің. Қазақтың жұдырығы ауыр, жігері мықты, намысты ұлт екенін мойындатқан жаужүрек спортшысың. Ринг сыртында да күрес бар. Бұл айқаста да жауырының жерге тимейтініне сенемін. Шын мықтыға түрлі сынақтар келеді. Бұл жерде де қасқайып тұрып беру керек. Бұл жерде де еңсені тік ұстау керек. Мойымау керек. Әлемдік аренада әлі де ұлттың абыройын асқақтатып, туын желбірету үшін саған бұл сынақты да жеңу — міндет. Өзің үшін емес, артыңнан еріп келе жатқан, еліктеп жүрген інілерің үшін, ұлтыңның келешегі үшін саған тоқтамау керек. Әлсіздер ғана әр сөзге алаңдап, кім не деп жатыр деп жалтақтап жүреді. Сұңқар — биікте самғайды. Сен — батырсың. Өзіңнің орның бар. Оны ешкімге берме! Мықты екеніңді әлі талай дәлелдейсің. Ол күн де алыс емес! Мен саған сенемін!», — деп жазады.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика