Қалқаман САРИН. Ақын – әулие де, әнбие де емес

28 сентября 2016

Талантты ақын Қалқаман Саринді жұртшылық жақсы таниды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы. «Арманымның бейнесі», «Құс жолындағы керуен» атты жыр жинақтарының авторы. Қысқасы, ел аузында жүрген дарынды жас. Жуырда ақынмен жүздесіп, өзінің өмір жолы мен әдебиет туралы ақтарыла әңгімелескен едік.

Қалқаман СаринАЛҒАШҚЫ ӨЛЕҢІМ «АСТАНА АҚШАМЫНДА» БАСЫЛДЫ

– Бір-бірімізді студент кезімізден білеміз. Ол кезде сізді айтыскер ақын ретінде танушы едік. Қазір жазба поэзияның көрігін қыздырып жүрсіз. Қара өлеңге бала кезіңізден құштар болдыңыз ба?

– Ауылда туған қазақтың кез келген баласы қара өлеңге ғашық болып өседі. Мен де мектеп жасымнан тығылып өлең жаздым. Оны ешкімге жариялап айтқан емеспін. Өзіммен-өзім сырласатынмын. Даланың тұмса табиғаты, үйіріліп соққан желдің гуілі, құстардың мазасыз шуылы – бәрі де маған өлең айтып тұрғандай көрінетін. Ал айтысты сол ауылда жүрген кезден бастадым. 9-сыныпта оқимын. Мектепішілік оқушылар арасында айтыс өтпек болды. Сынып жетекшім Сәуле Тұрсынғалиева деген кісі еді. Маған «11-сыныптың оқушысымен айтысып көрші!» деп қолқа салды. «Апай, мен айтыспақ түгіл, домбыра шерте алмаймын» деп бұлтарып қашсам да, екі қолымды матап тастады. Шырмауынан шығармай қойды. Ол кісі менің алдымда оқыған ағам мен апайыма да сынып жетекші болған еді. Сондықтан ба, «Менің алдымнан өткен Сариндердің бәрі домбыра тартып, ән айтады. Ауылдың, әрі кетсе ауданның намысын қорғап жүрген өнерлі жастар болды. Сен де олардан еш кем емессің. Неге домбыра шертпейсің?» деп, бір деммен қойып қалды. Домбыраны бала күнімнен шертемін. Кейде үйде қолым қалт еткенде, оңашада домбыра тартып, ән айтамын. Бірақ оны көпшілік біле бермейді. Әкем мен анама ғана белгілі. Осы өнерімді ұстазыма әкем айтып қойыпты. «Домбыра шертпегені қалай? Күнде үйде даңғырлатып отырады» депті. Содан сынып жетекшімнің үмітін ақтауға тура келді. Елу шумақ өлең жазып, 11-сыныпта оқитын қызбен айтыстым. Сөйтіп, айтысқа бала күнімнен бейім болдым.

– Соған қарағанда мектептегі ұстаздарыңыз сіздің бойыңыздағы талантты ерте байқаған ғой…

– Дұрыс айтасыз. Әрине, адамға талантты Алла береді. Бірақ оны дамытуға, ұштауға ортаның әсері көп. Өз басым туған ауылымдағы мектепте дәріс берген, өнегесін алған ұстаздарыма дән ризамын. Сынып жетекшім болған Сәуле Тұрсынғалиева апайым да өнерден қара жаяу емес еді. Әп-әдемі ақындығы да бар болатын. Әрбір баланың мінез-құлқын жақсы білетін. Оның қандай дүниеге икемі бар екенін де байқап тұратын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Бақыт Тұрсынғалиева апайымды да ерекше айтып өтуге болады. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болған Төлеген Сүлейменов ағамыздың мен үшін орны бөлек. Мені ақындыққа осы кісілер баулыды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, бойымдағы қабілетті аңғара білді. Ақындық талабымды ұштады. Өнерімді дамытуға қолдау көрсетті. Ұстаздың ұстаздығы да сол ғой.

– Бала кезімде Алматыда оқысам деп армандадым. Сондағы қазандай қайнап жатқан әдеби ортаны көргім келетін. Атағынан ат үркетін жазушылармен жүздессек деп ойлаушы едім. Сіз де сондай әсем қалада оқысам деп армандаған жоқсыз ба?

– Әрине, Алматы бала күнімізден арман қала болғаны анық. Алматыға барып, оқуға түсуге талпынбаған бала жоқ шығар. Руханият пен мәдениеттің ордасы қонған қасиетті жер ғой. Қолымда таңдау болса, мен де сол қалада оқығанды қалар едім. Көпбалалы отбасында ержеттім. Он баланың кенжесі атандым. Біріміз мектепті тәмамдап жатсақ, келесіміз әскерге аттанып, үлкеніміз үйленіп деген секілді кезекпен-кезек тіршілік алмасып жататын. Ол ата-анама оңай салмақ салмайтын. Бәрімізді қатардан кем қалдырмас үшін тырбанып еңбек етті. Қолдағы бар мүмкіндікті жасады. Он баланы жеткіземіз деп, көз алдымызда қартайды. Кейде әкем жоқтық қол байлаған шақта қоңырайып отырып қалатын. Осы бейне әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Мектеп бітірген кезде әкем марқұм «Ақмолаға бар, онда табан тірейтін ағаң бар. Бір-біріңе қарайласып жүресіңдер» деп ақылын айтты. Әкенің сөзі – балаға заң, бұлжытпай орындаймыз. Содан қанжығамдағы екі өлең дәптерімді арқалап, Ақмолаға арман қуып келдім. Ақмола педагогикалық институтына (бүгінгі Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) оқуға түстім.
Айтыс деген – текті, синкреттік өнер ғой. Алайда менің ішкі жан дүниеме жазба ақындық жақын болатын. Түпкі мақсатым да, арманым да осы жанрдың жалынын үрлеу еді.
Алғашқы өлеңім де 1995 жылы қалалық «Ақмола ақиқаты» газетінде (бүгінгі «Астана ақшамы») жарық көрді. Оған сол кездегі осы басылымның бас редакторы Кенже Жұмағұлов мұрындық болған еді. Ағамыздың сол уақытта жас ақынның өлеңіне редактор ретінде назар аударып, қолдау көрсеткенін ұмытпаймын. Ақмола – ол кезде алақандай ғана шағын қала. Ешқандай әдеби орта жоқ. Өлең жазам десең, қуанып емес, күдікпен қарайтындар көп. Өлең жазбақ түгіл, қазақша сөйлейтін адам іздейтінбіз. Қазақша сөйлесең, қазақша өмір сүрсең, көштен қалған жұпыны тіршіліктің иесі деп ұқсатып, мүсәпір күйде қарайды. Орыс тілін білсең, озық ойлы азамат секілді көрінесің. Сондай жағдайды бастан кешіп жүргенде, белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев досым мені біраз айтыстарға алып барды. Төрт жыл бойы Қызылжарда өткен аймақтық айтысқа қатыстым. Суырыпсалма өнердің де өз шарты бар. Оған төзімділік, шыдамдылық секілді қасиеттер қажет. Табан астынан тауып кететін тапқырлық, ұшқырлық керек. Айтыс деген – текті, синкреттік өнер ғой. Алайда менің ішкі жан дүниеме жазба ақындық жақын болатын. Түпкі мақсатым да, арманым да осы жанрдың жалынын үрлеу еді.
Ақмолада бірден әдеби ортаға танылуға, араласып кетуге мүмкіндік болмады. Өлең жазатын жастар сирек. «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деген қағиданың қағында тұрған кезі. Сөйтіп, 1998 жылы осындағы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, Алматыға баруға оқталдым. Сондағы журналистика факультетіне оқуға түсіп, әдеби ортамен жақын араласқым келді. Алайда Алматыға өзім барам деп жүргенде, астананың өзі Ақмолаға көшіп келді.
Елордамыз менің шығармашылығыма тыныс, жаңа леп әкелді. Бас қала болғаннан кейін, ақын ағаларымыз қоныс аударды. Әдеби ортаның жаңа әлемі қалыптаса бастады. Қазақстан Жазушылар одағының филиалы ашылды. Енді бас қаламыз экономиканың ғана орталығы емес, әдебиет пен руханияттың да ордасына айналды. Көптеген жоғары оқу орындары бой көтерді. Жан-жақтан таланты тас жаратын жастардың басы жиналды. Қайтадан қыран құстай түлеуіме, ақын болып танылуыма осының әсері тиді. Одан кейін өзім де іштей түсіндім. Жырды жазып беретін ешқандай орта емес екендігін білдік. Оның мың батпан бейнетін тартатын өзім екенімді сезіндім. Әрине, студент кезімде де ешкім қаламымды тартып алған жоқ. Сонда да осындағы әдеби аураның жұтаңдығы сезілетін. Бәйгеге шабар тұлпарлар секілді тыпыршып, қатарыңды іздеп тұрасың. Кейін елордаға жас ақындар көптеп келген соң, бір-бірімізбен шұрқырасып табыстық. Бір өлең жазсақ, соны оқуға асықтық. Тезірек жиналып, солардың көзқарасын, эмоциясын көзбен көргің келіп тұрады. Оның барлығы ақынға тән қасиет деп ойлаймын. Қайта қазір сол үрдісті сирексітіп алдық. Интернетпен ғана тілдесетін жағдайға жеттік. Шынайы да күле алмаймыз. Ғаламтор ақпаратты алмасу жағынан тиімді болғанымен, адами шынайы сезімдерді, құндылықтарды көмескілеп жауып жатқан жалмауыз секілді көрінеді.

АТАЛАР АМАНАТЫНА АДАЛМЫН

– Хакім Абай мен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов туған топырақта дүниеге келдіңіз. Алдыңызда осындай алыптар тұрғанда, сізге қара сөздің жауапкершілігі екі есе жүктелері хақ. Оны қалай сезінесіз?

– Тұтас алып қарағанда, қасиетті қалам ұстаған қаламгердің барлығы қара сөздің жауапкершілігін терең түсінеді деп ойлаймын. Алайда ұлылар дүниеге келген топырақта туғандықтан ба, өз басым оның қасиетін ерекше сезінемін. Кейде бір жерлестерім Абайды, Шәкәрімді, Мұхтардың есімдерін жалаулатып, олардың атақтарымен жер-көкке сыйғызбай, өздерін мақтап жатады. Сондай кезде мен қатты қысыламын. Мақтанудың да өз жөні бар. «Біз сол мақтануға лайықпыз ба?» деген ойлар мазалайды. «Ұлылардың ұрпаққа аманат етіп қалдырған шығармаларын өз деңгейінде насихаттап жүрміз бе?» деген сауал қаумалайды. Олардың алдындағы жауапкершіліктің қандай ауыр екенін бағамдай білу қажет. 1997 жылы осы қалада белгілі әнші Гүлмира Сарина апайымның Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына арналған концерті өтті. Біз онда отбасымызбен өнер көрсеттік. Кешті жүргізуші дарынды актер Сәкен Омаров деген марқұм ағамыз еді. Сол кісі маған келіп «Қазір сені Мұхтардың ұрпағы деп таныстырамын. Сахнада өлең оқисың» дегенде, қатты толқыдым. Сонда осы жауапкершілікті алғаш сезіндім. Мына өлеңді толқып тұрып оқыған едім:
«Дана Мұхтардың ұрпағы» дейді,
Мына жұрт мені жиі атап,
Санасыз ерді семірте берер
Сылдыр сөзбенен сый, атақ.
Тұяғы дүлдүл тұлпардан туып,
Тартпасам тарлан тегіме,
Алшаңдап басып, ауыз толтырып,
Айтудың өзі – ұят-ақ.
Тұғыры биік баба мұрасын
Ту қылып ұстап бұл күнде,
Дүбірге толы дүние мынау,
Қосылдым ұлы дүмпуге.
Тай кезінен-ақ тұлпар танитын
Талғамы күшті халқымның
Атаға тартып еңіреп туған
Ерді аңғармауы мүмкін бе?
Бүгінде сол бабаларымыз, дарынды аға-апаларымыз көрмеген құрметті, ілтипатты көріп жүргенде, өз басым ұяламын. Жазғандарымыз солардың жұрнағына татымаса да, халқымыз сөз ұстаған адамды төбесіне ханша көтереді. Сондықтан шамам жеткенше, аталарымның аманатына адал болғым келеді. Әрі-беріден соң бабаларымыздың саф алтындай тот баспайтын асыл мұраларына қызғыштай қорған болып, келесі ұрпаққа аман жеткізу әрбір қазақтың парызы деп ойлаймын.

– Жастар әдебиеті, жастар поэзиясы дегенде алдымен ауызға ілігесіз. Әдебиет бәйгесінде өзіңізбен қатар шауып жүрген әріптестеріңізге көңіліңіз тола ма?

– Қоғамда жастар әдебиеті туралы сөз көп айтылады. Біреу бар дейді, келесі жоқ деп өзеурейді. Көңілі толмайтындар да жетерлік. Жастарды арқадан қағып қолдайтындар да табылады. Қазір кез келген адам жастар әдебиетіне соқтықпай өтпейтін болды. Әрине, олар туралы аға буын өкілдері айтып жатса, қолдаймын. Оны жарасымды, ақылға қонымды дүние деп қабылдаймын. Кезіндегі аузы дуалы ақсақалдарды көрген, әдеби ортаның тәлімі мен тағылымын алған үлкендердің сөзі бөлек.
«Ұлылардың ұрпаққа аманат етіп қалдырған шығармаларын өз деңгейінде насихаттап жүрміз бе?» деген сауал қаумалайды. Олардың алдындағы жауапкершіліктің қандай ауыр екенін бағамдай білу қажет.
Сосын жастарды да түйрей бермей, оларға мүмкіндік, қолдау көрсету қажет. Әлеуметтік мәселесін шеше алмай жүрген дарынды жастан әдебиеттің жағдайын сұрау қисынсыз. Мемлекет тарапынан қамқорлық болса дейміз. Әуелі талантқа қолдау көрсетіңіз, содан кейін сұрауға толық хақыңыз бар.

ҚАРА ӨЛЕҢ ТҮРЛІ ТҮСКЕ ҚҰБЫЛМАУ ҚАЖЕТ

– Қазір «жаңаша жазып жүрміз» деген жастарға қалай қарайсыз?

– Әдебиет те уақыт талабымен жаңарып, жаңғырып отырары хақ. Бірақ оның ішкі формасын жойып алмау керек. Қазақтың қара өлеңі түрлі түске құбылмау қажет. Ол сол қалпында сақталған жөн. Қара өлеңмен келесі ғасырға да еркін кіреміз. Әдебиет – қашан да жасампаз өнер. Сондықтан дәстүрлі әдебиеттің өзегі мен қалыбын бұзбай, жаңашылдықпен көшке ілесуге болады. Ұлттық әдебиеттің ұлт мәдениетінде алар орны бөлек.
Қазақтың қара өлеңі түрлі түске құбылмау қажет. Ол сол қалпында сақталған жөн. Қара өлеңмен келесі ғасырға да еркін кіреміз. Әдебиет – қашан да жасампаз өнер. Сондықтан дәстүрлі әдебиеттің өзегі мен қалыбын бұзбай, жаңашылдықпен көшке ілесуге болады.

– Бүгінде жастар арасында әдебиетке толқын-толқынмен келу үрдісі үзіліп бара жатқан жоқ па?

– Бұрын әдебиеттің қоғамдағы беделі зор болды. Жазушылар дуалы сөз айтатын парасатты тұлғаларға айналды. Соны көрген жас ұрпақ әдебиетті сүйіп, соған келуге құштарланды. Әдебиетке буырқанып, буын-буын болып келу процесі қалыптасты. Жазушылық ақсүйектік, бекзадалық болмыстың иесі ретінде бағаланды. Солармен халық та, билік те санасып отырды. Қазір құндылықтар ауысқан уақытқа тап болдық.
Материалдық байлық алға шықты. Жұртшылықтың әдебиетке қызығушылығы азайды. Осындай техникалық прогресс дамыған заманда әдебиетті сүйіп, соған келіп жатқандарды жанкешті деп айтар едім.

– Ақтаңгер ақын Ғафу Қайырбеков Шөмішбай Сариевке «Қос қанатты ақын» деп баға берген екен. Осыны сізге де айтуға болады. Тәп-тәуір әнге сөз жазасыз. Жалпы, әнге сөз жазудың қиындығы, ерекшелігі бар ма?

– Рас, біраз ел айтып жүрген әндерге сөз жаздым. Бірақ осы тақырыпта әңгіме қозғауға соншалықты құлықты емеспін.

ҚАТАҢ ҚАҒИДАМЕН ӨМІР СҮРМЕЙМІН

– Байқасақ, мықты ақындардың барлығы 40 жасқа дейін шығармашылығын сарқып берген. Сіз де 40-қа келіп қалдыңыз. Соқталы бір дүние жазу ойыңызда бар ма?

– Осы сұраққа қарсы пікір де айтуға болады. Кешегі Қадыр мен Тұманбай аталарымыз жамбасы жерге тигенше сарқылмай жазып кеткен еді.

– Әрине, бірақ олар 40 жасына дейін де өнімді еңбек етті ғой…

– Оған дау жоқ. Алайда мен қатаң қағидалармен өмір сүретін адам емеспін. Осыған дейін екі кітабым жарық көрді. Көрнекті ақын Фариза апайдың «Кітап шығаруға асықпа» деп айтқаны бар еді. Сан қуып емес, сапаға ерекше мән беремін. Бір өлең жазсам да, елдің көңілінен шықса деп ойлаймын. Көлемді дүние жазу да оңай емес. Әрі ол бір күннің ісі емес. Соңғы кездері осындай дүние жазсам деп, тұңғиық ойларға берілемін. Формасын әлі анықтаған жоқпын. Шарқ ұрып, ізденіп жүрмін. Ол ақын қолтаңбасының тынысы мен шеберлігін көрсетеді. Сондықтан оған әбден дайындалып келсем деймін. Бір жағынан, шығармашылық жоспармен жүрмейді ғой.

– Көпшіліктің арасында көп жүресіз. Соның шығармашылығыңызға кері әсері тимей ме?

– Жалпы, ақынды әулие немесе әнбие тұту қажет емес. Ол да жұмыр басты пенде. Одан түсініксіз тұлға жасайтындарды түсінбеймін. Біреулер осыған әдейі барады. Мен оған қарсымын. Адамның өзінің іштей таным-түйсігі болады. Өлеңді көпшіліктің ортасында отырып жазбайсың ғой. Оны жазар кезде, тіпті отбасынан да бөлініп кетесің. Ондай сезімді ақындар ғана түсінеді. Ал басқа уақытта, кешіріңіз, ақын болып өмір сүру мүмкін емес. Сенің басқадан алып-жұлып бара жатқан айырмашылығың жоқ, көптің бірісің. Сосын осы елдің бір азаматы ретінде қоғамда болып жатқан әртүрлі жағдайларға байланысты өз үнімді, көзқарасымды білдіріп отырамын. Ол – менің азаматтық парызым. Өзімді-өзім қолдан оқшаулағанды қаламаймын.

– Жақын арада Ұлттық арнада сіздің жүргізушілігіңізбен бір жоба көрерменге жол тартты. Ол бағдарламаның көздеген мақсаты не?

– Иә, осы қыркүйек айында Ұлттық арнада «Ойтолғау» деген бағдарламаның тұсауы кесілді. Расы керек, қазір жұртшылық даңғаза әуеннен, елпі-желпі шыққан шоудан шаршады. Адамның ішкі дүниесін қозғайтын, парасатты сөз өрбітетін дүниелерді көргісі келеді. Өзім де соны қалаймын. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін осындай жобаны қолға алдық. Ұлттық арнаның басшылығы маған сенім артып, осы бағдарламаны жүргізуді тапсырды. Аталған хабардың мазмұны мен маңызы жаныма жақын болғандықтан, келісім бердім. Бұған елімізге өрелі ой айтып, өнегелі іс жасап жүрген танымал тұлғаларды шақырып, ұлт мәселелерін сөз етеміз. Сол алаңда халықтың сөзі мен ойы айтылады. Оның әдеттегідей шоулық сипаты жоқ. Таза ұлттық болмыс пен руханияттың әңгімесін мұрат еткен бағдарлама болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан:
Азамат ЕСЕНЖОЛ
«Астана ақшамы» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика