«Қалау­лым» қандай бағдарлама?

27 августа 2017

Бұрынғының ер-азаматтары қыз үшін күресетін. Бір Жібекке таласқан Төлеген мен Бекежанның тартысы бәрімізге аян. Ауыз толтырып айтуға да, естір құлаққа да жағымды жайт бұл. Бірақ бүгінгінің қыздары махаббат жолында майдан ашудан да тайынбайды. Өйткені соңғы кезде «жігіт тапшылығы» деген термин пайда болды. Егер ондай тапшылық бар болса, «өліспей беріспеу» әдісі дұрыс па? 
18 миллион халық алдында «сен маған ұнадың» деп сарт етіп сөйлегенге, «Сені іздедім, үмітті үзбедім» деп әндеткенге етіміз үйреніп келеді. Бұл өзі қалай болғаны?

Жақында отандық ар­на­лар­дың бірінде жаңа бағдарламаның шы­мылдығы ашылды. «Қалау­лым» деген атаумен әр күн сайын шы­ғатын бағдарламаның бағы­тын құптаймыз. «Екі жасты қос­қанның сауабы бар, дос арасын аш­қанның обалы бар» дегендей жү­ректерді қосар болса, құба-құп. Де­генмен бағдарламаның ол мақ­саты шетке ысырылып қалғандай. Есе­сіне, халықтың сынына ұшы­рады. Бірақ басты мақсат – жо­ғары рейтинг жасау жоба ұйым­дас­тырушыларының қолынан кел­ді. Әлеуметтік желіні ашсаң да, ағайынмен әңгімелесе қалсаң да, теледидарды қоссаң да – «Қа­лаулым». Көпшіліктің қызу тал­қысында жүрген соң, бірер шы­ғарылымын қарадық. Ішінде ж­а­сы жиырмаға жетпеген бойжеткен мен бозбаладан бастап, оң жақта оты­рып қалған қыздар мен сүр­лен­ген бойдақтар да бар. Соңғы­ла­рының отбасын құрып, шаңы­рақ көтергеніне қуанар едік. Бі­рақ бүкіл ел алдына шығып, үміт­­­­керлерді шертіп таңдау яки өзі бір жігітті «Қалаулым» деп атау­ға келгендерді қалай ақтап шы­ға аламыз? Эфир барысында бір-бірінің кемшін тұстарын іздеп, масқаралаудың қолайлы сәт­терін күтіп отырады. «Біз – бір от­басымыз» деп алып, ойына кел­генін айтып, екі жасты бір-біріне қар­сы қоя салады. Байқап қара­сақ, қатысушы ер азаматтар сал­мақ­ты, Қазақстан жұр­тының алдында отыр­ған­дарын сезінетін се­кілді. Арасында бірлі-екілі дау-дамай туды­ратындары болмаса, сөздерін екшеп сөй­лей­ді. Қыз бала­ның бол­мысы эмоцияға бе­рілгіш әрі нәзік еке­нін де ескеру қажет. Бәл­­кім, сол үшін кей ару­лары­мыз­дың өз-өзін ұс­тауы тым тұрпайы әрі ерсі кө­рінетін болар. Жігіт үшін жа­ғаға жар­масу ғана қалды деме­сеңіз, эфирде айтылатын сын­ның ішінде шыны ша­малы. Көп жағ­дайда аяқтан шалып, құлатуды көз­дейді.
Қазақтың қызы қашан ашық­тан-ашық жар іздеген еді? Жас­тар­дың басын қосу бұрындары жең­гелердің міндеті-етін. Күні бү­гінге дейін қыз бен жігіттің қо­сатын жеңгетайлар ауыл-аймақ­тарда бар. Сөйлегенде «сөздің жі­лі­гін шағып, майын ішетін» олар қайнысына қыз іздеп, қайын­сіңлісіне сөз сала кел­ген­дерді аямай сынайды. Бәлкім, бү­гін­де мұндай асыл жеңешелер де азайған болар. Сырлас әрі бас-көз болар ешкімнің жоқтығы, кеңес айтып, жол сілтер жанның бол­мауынан «жігіт тапшылығы» бе­лең алған шығар. Өйт­кені өзін-өзі ұстау әдебі ескі қа­лыбынан қиса­йып барады. Шы­найы бола­мын деп, шыны-аяқты сылдыр­лату басым. Жа­сан­ды­лық­қа жол бер­меймін деп, күл­ді­ремін деп бүл­діру басым.
Бағдарлама арқылы бас қосатын жұптың шы­ғары не шықпасы – әлі бел­гісіз. Бірақ бүгінде қыз-жі­гіт бо­лып кездесіп жүрген­де­рі бар. Дегенмен бағдарлама ток-шоу болғандықтан, кейіп­керлердің қаншалықты шынайы екендігіне қа­тыс­ты дау көп. Ұйым­дас­тырушылар мен қа­тысушылардың сөзіне сүйенсек, бәрі тікелей эфирде, шынайы өтеді деседі. Бірақ жұрт­шы­лық үшін басты мәселе бұл емес. Шай үстінде талқылайтын тақырып та­былды деп мәз. Әлеу­меттік желіні шулатқан бағдарламаға қатысты пікір­лерді қарап шығып, бірнешеуін назар­ла­рыңызға ұсынып отыр­мыз. Мақсатымыз – даттау да, мақтау да емес. Мәселеге тиісті мән берілуі тиіс. Телевизиялық жо­балардың айналасындағы дау­дан аяқ алып жүру қиын. Басы-қасында жүргендерге қатысты сы­н­нан бастап, кәсіби сапаға дейін көңіл көншітпейді.


Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ,
тележурналист:

– Ұят та болса айтайын. Олар эфирге ұялмай шығып жатқанында, мен несіне қысылуым керек? «Еуразия» арнасынан «Қалаулым» деген бағдарлама шығып, жұртты дүрліктіруде. Өздеріңіз айтыңыздаршы, «қалаймын» деген қандай мағына береді? Құлаққа түрпідей тиетін бұл атауды кім қойды екен? «Мен сені қалаймын» дегеннің өзі сондай жағымсыз естіледі. Сонда эфир басында бір қазақтың жоқтығы ма? Бағдарламаның аты затына сай болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, қазақ журналистикасы өшудің алдында қалыпты. Әлеуметтік желілерде (Фейсбук, Инстаграм, Вконтакте) оқырмандарым жүз мыңнан асады. Талай сорақыны көрдім, дәл мұндайды көрмедім деген күйге жетіп барамыз. «Бір қызымнан екінші қызым жерге қаратып барады» деген баяғыда бір кісі. Бұрындары төртінші биліктің ықпалы керемет еді. «Журналист келе жатыр» дегенде шенеуніктер дірілдеп тұратын. Қазір ше? Мүсәпір күйге түскенімізді қарапайым халықтың өзі мойындауда.


Тоқтар ЖАҚАШ, журналист:
– «Қалаулым» деген бағдарламаны көріп шықтым. Ештеңесі жоқ, тәп-тәуір дүние. Түріктерден алынған франшиза екен. Форматы бойынша ток-шоуға келеді. Демек, ток-шоуға интрига керек. Интригасыз ол – ток-шоу емес. Салмақты болатындай, құдалықта отырған жоқ. Қызығы, Түркияда рейтингі ең жоғары бағдарламаның бірі. Түпкі идеясына сәйкес, қалада теңін таппай жүргендерді табыстырады. Шаңырақ құра алмай жүрген қаншама бойдақтарымыз жүр. Бақытты болсын! Бет шымшуды қояйық. Соңын күтейік. Үйдегі бой жетіп отырған қызыңызға құда түсіп бөтен біреу келіп отырса, бетіңізді шымшып отыра бермейсіз ғой. Жұрт шулағанға орыстардың «Дом – 2» екен деп қалғаным рас. Жүргізуші де бағдарламаға әбден лайық. Эмоциясы жүзінде көрініп тұрады. Әрине, әрбір жаңа нәрсе осындай тосын көрінеді. Бірақ бұл жоба – «Еуразия» арнасында жаңа леп ескенін білдіріп тұр. Айтпақшы, түсірілімге қатысушыларға да ақша төлейді екен. Махаббатыңызбен бірге ақша тапқыңыз келсе, сіз де барыңыз. Қатысыңыз. Тым құрығанда ақша табасыз.
Әңгіменің берісін қазақы менталитеттен бастадық. Енді ислам діні тұрғысынан қарастырып көрсек. Дінімізде қыз бен жігіттің бірін-бірі көруі аздық етеді. Әлбетте, тілдесуі шарт. Қалыңдық пен жігіттің сөйлесуіне дініміз рұқсат бергенін muslim.kz порталында жарияланған мына оқиғадан көре аламыз. Халифа Омар (р.а.) хазірет Әлидің қызы Үммү Күлсімді айттырмақ болады. Сонда хазірет Әли (р.а.): «Қызымның пікірін сұрап көрейін, ол не дейді екен?» деп қызына болған жайды баяндайды. Үммү Күлсім: «Халифа Омарды жақыннан көрген емеспін, оны танымаймын ғой», – дегенде, әкесі: «Олай болса сені халифа Омардың үйіне жіберейін, кездесіп, танысыңдар», – дейді. Үммү Күлсім халифа Омардың үйіне барып, онымен танысады. Екеуі сөйлескеннен кейін халифаның ұсынысын қабыл алып, оған тұрмысқа шығуға келіседі. Сөйлесу барысында жоғарыда айтылғандай, екі жақ өздерінің шарттарын ашық баяндауы қажет. «Алдымен үйленіп алайық, сосын шарттарды сөйлесе жатармыз. Шарттарымды қазір айтсам, оны үркітіп алармын» деп құрылатын жоспар шаңыраққа деген опасыздық болып саналады. Сондықтан істің басында екі жастың ешқандай ойын ішіне бүгіп қалмай, ағынан жарылғаны абзал. Бірақ сөйлесу кезінде де екі жастың жалғыз қалуына болмайды. Алдыңғы тақырыпта айтқанымыздай, қыздың жақыны немесе жігіт жағынан бір әйел адам қастарында отыруы қажет.


Айгүл ОРЫНБЕК, заңгер:

– Экран бетінен әнші журналистерді ысыру ке­­рек. Телеарна бүкіл бір ұлттың қалыптасуына әсер етеді. Біздің телерналар өңкей әнші, биші, ар­тистер мен алаяқтарды шығаруға үйреніп ал­ған. Бұлар рейтинг үшін ештеңеден тайын­байтын болды. Ақпарат министрлігі құрылғанда қатты қуа­нып едім, ал күні кеше түнде теле­ди­дарды қос­қанда қуанышым бірден басылды. «Қалаулым» де­ген бағдарламаны көріп отырып, жастарды ая­дым.
Біздің кезде 90-жылдары кәсіби журналистер тек өзінің киімін ғана емес, келген қонақтың киімін, жүріс-тұрысын, өз-өзін ұстау мәнерін ба­қылап, тексеріп алатын еді. Кешкі жаңа­лық­тар­дың өзін көруге асығатынбыз. Ләззат Танысбай, Айгүл Мүкей, Зейін Әліпбек сияқты кәсіби жур­на­листер бүкіл бір ұлттың айнасы еді. Серік Абас-шах аға­ның «Ұят болмасын» бағдар­ла­масын көру үшін де­малыс күні ерте тұрып, үй жинап, экран бетіне қа­рап тағатсыздана күтетінбіз. Қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртып түсірілген «Жар-жар» бағдар­ламасы қандай күшті еді? Ол кезде талғам мықты болатын. Өйт­кені Мәдениет министрлігінде ұлттың идео­ло­гиясын ойлайтын азаматтар отырған. Жур­на­листикадан хабары жоқ әнші мен артистер экран бетін жын ойнақпен ластайды осылай.
Кәсіби мықты журналистер мен қазақи бағ­дар­ла­маларды көргім келеді. Бұл – жалғыз ме­нің ар­маным емес, бүкіл халықтың арманы. Біз­дің төлеп жатқан салығымыз далаға ұшпасын. Қай телеарнаға қанша қаражат бөлініп жатыр, сол жайлы ақпа­рат­ты халық алдына шығар­ғанымыз абзал.


Мәселенің мәнісі:

Ұлы сезімнің алдында бәріміз бас иеміз. Махаббаттың қай түрі болмасын қымбат әрі тәтті. Соның ішінде кішігірім мемлекет құрушылар арасындағы сезімге бей-жай қарауға болмас. Осы тұрғыдан алып қарасақ, топты жаратын екі жасты жарастырғанға қарсылық жоқ. Тек құндылықтарды құрдымға кетіріп алмасақ екен. Қыз баланың қадірін қашырмасақ, ер-жігітті төмендетіп алмасақ болғаны. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елдің рухани оянуына баса мән беріледі. Бұл процесс болса, билік не басшылық тарапынан жасалатын ресми шаралармен емес, әр адамның өзінен бастау алуы тиіс. Ұлт құндылығын басты назарға қойғанда ғана жаңғыру жайлы сөз айта аламыз. Көнеден құлағымызға сіңірген әсем махаббат хикаяларын арзан әзіл-қалжыңға, талғамсыз ток-шоуға айырбастағанымыз жөн емес.

Жадыра АҚҚАЙЫР

«Айқын» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика