Қала әкімі мен сегіз министр ұйықтап қалыпты

8 мая 2017

Бүгінгі сатира

Түнгі төртте оянсам, қасымда қатыным жоқ! Зәрем қалмады, басқа біреуге күйеуге тиіп кетті ме екен, махаббаты еріп, сезімі иіп кетті ме екен деп…

Содан, ас бөлмесіне келсем, киініп алып, шәй ішіп отыр.
–Түнгі төртте тырбаңдап, өзіңше ырбаңдап, қайда барасың?–деп сұрадым мен.
–Жұмысқа.
–Жұмысқа? Есің есектен ауып, түніңді түйе теуіп кетті ме не? Түнгі төрт қой?
–Естімедің бе, не? Астанада көлік кептелісін реттеу үшін қала әкімі әкімдіктегі қызметкерлердің жұмысын түнгі беске ауыстырды ғой! Менің есепші бұхгалтер екенімді білесің.
–Сонда кешке дейін жүресің бе?
–Немене, сен маған күлесің бе? Жұмыс күндізгі екіде аяқталады. Жұмысқа кешіккен адам сөгіспен таяқталады…
Астана көшелеріндегі көлік кептелісін көзіме елестетіп жатып, ұйықтап кетіппін. Бір кезде әйелім түртеді. Көзімді уқалап ашсам, әйелім.
–Саның жалтырап жата бересің бе? Тұрсаңшы! ЦОН–да жұмыс істейсің, жұмыс кестелерің өзгерді ғой!
–Ойбай, қаншада басталады біздің жұмыс?
–Кептелісті болдырмау үшін таңғы алтыда басталады! Оған дейін шәй іш, асықпай, жәй іш…
Құдая, бүйткен кептелістері құрысын! Қазына қаржысын олай да, былай да шаша бергенше, мемлекеттік тойларды көбейте бергенше, анау Германия, анау Жапониядағы сияқты айналмалы, аспандатылған көшелер салып тастамайды ма? Ертеңіне қонаққа балдызым келген. Қонуға. Түнгі үште тасыр– тұсырдан оянып кеттік, сөйтсек, балдызым шелекке сүрініп құлапты. ЖШС-те жұмыс істейтін. Олардың да жұмыс кестесі өзгеріпті! Түнгі үш жарымда басталады екен! Ұйықтамай-ақ қойсақ болады! Әкімдердің өздері қызметтерін түнгі төрттен бастап отыр ғой? Министрлер вахталық жұмысқа көшіпті. 15 күн қызметте отырып, 15 күн демалады екен. Депутаттар үш ауысыммен жұмыс істемек. Сонда күндіз қалада тірі жан болмайды. Оқушылар, студетттер сабақтарына түнгі бірде бармақ. Сонда, күндіз қаланы тек қорылдар басады. Кептеліс деген атымен жоқ! Рахат! Ыстоп! Бірақ түнгі кептелістер одан сайын көбейіп кетті… Масқара болғанда, ұйықтап қалып, жұмыстарына кешігетіндер көбейді. Кеше қала әкімі сосын сегіз министр ұйықтап қалыпты! Енді әкімдер түнгі көлік кептелісінен қалай құтылатындарын білмей, бастарын қатырумен жүр. Күлгің келе ме? Бәрің жабылып, әкімдерге күл… Түнгі төртте оянсам, жұмысына кететін әйелім пышылдап ұйықтааап жатыр. Тәтті түс көріп жатыр– ау деймін? Оятайын ба? Жоқ, оятпай–ақ қояйыншы?

Мұхтар Шерім


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика