«Мен сені іздеп жүрмін …» немесе Қайрат Рысқұлбеков рухымен сырласу

24 Қараша 2016

Қайрат Рысқұлбеков…Бүгін тағы да түсім де Сені көрдім. Сол баяғы жап- жас, күлімсіреп қараған, аңқылдаған ақжарқын қалпың… Екеуміз тағы да сол күндердегідей ұзақ әңгімелестік. Көз алдымыздан өткен күндер жыртылған парақтай ұшып жатты, ұшып жатты…

…Қапырық, қараңғы ҚПЗ-ның тар камерасы, күн сәулесі өлімсірей түскен кішкене торлы терезе, жүректі тілгілеген төрт қабырға, сонда тағдырдың дәм-тұзын бірге татқан мазасыз күндер біртіндеп ұзап бара жатса да, бірдеңе ұмыт қалғандай артыма жалтақ-жалтақ қарайтын болдым. Тіпті, кейде сол бір күндердің жүрекке қатты батыра салған терең жарасының орны шым… етіп ауырып, олардың бәрін ұмыттырмай келеді. Менің мы- нау кішкене жүрегім дүрсілдей соғып тұрғанда сол бір арыма тиісе, жер -жебіріме жете қорлаған сөздерді қалай ұмытармын? Қалай ұмытылар екеуміздің тар қапаста бір жапырақ қара нан мен ыстық суды бөліскен күндеріміз, түнімен дөңбекшіп, жамбасқа батқан сұр еденде өткізген түндеріміз.
Қайрат! Екеуміз айырылысар соңғы күні тергеуге кетіп бара жатып, артыңа қараған бейкүнә жанарың, мына ыңырсыған қатыгез дүниеден шындық тілеген күнәсіз көзқарасың менің санам да мәңгілікке орын алыпты. Сол күннен соң мен сені көре алмадым. Бір көрсем деп тіледім . Сені асау сезімдеріміздің аптығын басқан түрмелерден, көңілдерді күйзелткен колониялардан іздей бердім, іздей бердім… Сөйтсем содан бері сені іздеумен келеді екенмін. Тіпті, сол бір маусым айындағы газет сөзіне сенбедім, сенгім де келмеді. Сен біздің жанымызда жүргендейсің, Қайрат! Неге үндемейсін? Алғаш сол қатал да қатыгез, әділетсіз шешімді оқығанда төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалып, қолымдағы газетті мыжғылай беріппін… Аз ғана күн бірге болсақта туған інімдей бауыр басып кеткен сені ондай жамандыққа қимадым. Дәл сол сәтте өз өксігіме тұншығып тұрып, сенің тұнығынды лайлаған аппақ жүрегіңе қаракүйе жағып, өміріңе қол сұққан қайырымсыз, тасжүрек жандарға қарғыс айттым. Дәл сол сәттен бастап мен мына жыртқыш заманда шындық дегеннің бар екеніне сенуден қалдым.
Есіңде ме, сол бір желтоқсанның 16-сы күні бүкіл қазақ халқының жанды жерін кенеттен басталған пленум шешімі қамшымен осып-осып өткені?.. Үлкендеріміз тағы қамшыға мойынұсынып, жауырындарын төседі. Ал, жастардың енді мұндай қорлыққа шыдағысы келмеді. Өз ойын айтуға, шындығына жетуге алаңға келмеді ме? Сонда кім түсінді, кім тыңдады бізді? Қайта «халықты қорғайтын» армиясын төккен жоқ па? Ақ қар, көк мұзда мұздай су шашып, қыздарымызды ұрып, итке талатқаны да намысқа тимеді ме? Ұясынан құлап түскен балапандай, жаутаңдап, алақандай Алматының көшелерінде көмек сұрап, сергелдеңге түспедік пе?
Сол күні шындық іздеп сергелдеңге түскен жастардың үлкен бір бөлігі Жазушылар одағына барғанда, екінші қабаттағы терезеден егіле жылап тұрған орта жастағы қазақ әйелін байқап қалғаным бар. Бүкіл жан-дүниесімен бізді түсінген ананың көз жасы, дәл сонда ұясына қарай жылжыған сұр жыланнан қорқып, безілдей шырылдаған бозторғайды көз алдыма әкелгендей болды. Бірақ, оның қорғансыз шырылы кімге жетуші еді? Тіпті, үміттенген үлкендеріміздің өздері іштей аласұрғанымен, жетпіс жылдай әбден бойына сіңіп қалған жалтақтық желкеден тұқыртып, тұрғызбай қойған жоқ па? Кейбір «белсенділер» көзге түсіп қалу үшін бізді «ұлтшылдар», «бұзақы», «нашақор» атандырып жібергені де рас, Онысы әрбір қадамымызға шөгірдей қадалған жоқ па? Осындай кезеңде алдына жан салмай «аттандаған» кейбір ағаларға шынымен-ақ ашынасың ғой. Ана отырған «жылы орындары» халқының қасіретінен артық болғаны да!
Содан кейін «алаңға шыққан бұзықтарды» жаппай аулay басталды емес пе? Бұл сорақылық фашистердің коммунистерді қудалауынан асып түспесе, кем түспеген сияқты. Мені, сенен сәл ертерек, желтоқсанның 24-інде-ақ жұмыстан желкелеп әкетті. Ары қарай өмірі естімеген, ар-намысқа тиіскен қорлаулар, қолыңды шырқырата қысқан кісендер, шындыққа сенбеген қатыгез адамдар… Екеуміздің бір-бірімізді жұбата, көңілімізді көтеруге тырысқан сөздеріміз, күніміз бен түніміз бірдей қап-қараңғы түнектеріміз, …бәрі-бәрі дәл қазіргідей жадымда. Тіпті, соттағы: «…кім шақырды сендерді. Тып-тыныш, бейқам жатқан қаланы дүрліктіріп…» деген ызалы дауыс құлағымда әлі ызыңдап жүр. Сол «тып-тыныш қалада» қазақтардың дәл бүгін 22-ақ процент болатынын, қазақ жастарының баспана іздеп, «жетім бұрышты» жағалап жүргенін оқымайды дейсің бе? Өздерінің «мәңгүрттеніп» бара жатқаны, жергілікті қазақ жастарының қазақшаға мүлдем мақұрым екені де сол «тыныштықтың» арқасы шығар. Сонда қарулы солдаттардың күзетуімен темір торлы қорапта келе жатып, |торлы терезеден аппақ қарға бөленген түнгі Алматыға, мұң-мұқтажы жоқ адамдарға қарап, шындығы жоқ мына өмірден қатты түңілдім. Соттағы: «Айыпталушы Аймаханов Кұттыбек Әуелбекұлы бес жыл бас бостандығынан айырылып, өтеу мерзімі қатан тәртіпті еңбекпен түзеу колониясына жіберілсін» деген қатал дауыс жүрегім де мәңгі қатып қалғандай.
Сөйтіп, кеше ғана арманға толы ойларым быт-шыт болып, темір торда бұлқынды да қалды. Міне, солай жағаға толқын лақтырған балықтай ешкімге керексіз болып қалдық. Онсыз да жаралы жүректі мазалай берді, мазалай берді… Тіпті, Жамбылға түскенде: «Сен бе, Совет өкіметіне қол көтерген? Сендер түгілі 100 есе күшті немістерің де тас-талқан болған. Маған ерік берсе, қабырғаға көзіңді бақырайтып қойып атып тастар едім » деп кіжіне айқайлаған совет офицерін көрдік қой. Сол қазір кездессе көзіме тура қарай алар ма екен? Мықты деген Одағының қабырғасы шытынап жатқан жоқ па?
Қайрат! Бүгін түнде сен тағы түсіме кіріпсің. «Рысқұлбеков» деген ызғарлы дауысқа дір еткендей, орныңнан ақырын тұрдың. Темір есікке жете артыңа қараған жүзіңнен шаршағандықты, салқындықты көрдім. Тағдырдың қатты ағынына қарсы жүзіп келе жатсаң да, бір сәт миығыңа күлкі үйіріп, «әлі талай кездесеміз» дедің де, иегіңді көтеріп қалдың. Қара есік сенің бейнеңді мәңгілікке жұтқандай. Бірақ, күні бүгінге дейін күлімсіреп шыға келетіндей, жан-жағыма елегзи, іздей қараймын.
«Айта берсе көңіл тазарар» дегендей, содан алақандай жер де күндер итшілеп өтіп жатты. Барлығына төзе- ді екенсің! Осылай кезенген автомат пен темір тордың аржағында жабығу мен жалығуға, торығу мен сарылуға толы жылдың көктей бастаған көктеміндей, жастық өмірімнің біраз кезеңі өте шығыпты. Қазір ойлап қарасам, соның бәрі бір сәттік қана түс тәрізді.
Содан бері төрт жылдан астам уақыт өтіпті. Өмір өтіп, заман өзгеріп жатыр. Екеуміз сызды камерада армандаған күндеріміз ақырындап шуағың шашып, қатып қалған бойымызды жылытпақшы болады . Бірақ, тура бүгіндері сенің қасымызда жоқтығың есіме түссе, бұла сезімдерім өткенге қарай сүйрелей жөнеледі. Сол бір күндер! Қатыгез тағдырдың қақпағына түскен «желтоқсандықтар» түгелдейдерлік темір тұғырды талқандай, еркіндікке атыла ұшқан қыран құстай ашық аспан астында еркін самғап жүр. Лайым қанаттары талмасын делік! Тек қана өзіңмен бірге сотталған, жаланың ауырын алған Түгелбай Тәшенов қана темір торда сарылып, бір жақсылықтың келерінен дәм етіп, тағатсыздана күтуде. Осы жақында өткен желтоқсанның төрт жылдығында, сол баяғы алаңда, сол оқиғаға қатысушылар, «желтоқсандықтар», өз қолымызбен ескерткіш тақтаны ілдік. Өмір осылай өзгеретінін сол кезде ойладық па? Ертеңіне, осы бір халқымызға алғаш рет дем берген қаралы күнге арналған қаралы жиын болды. Рас, онда ана Бакудегі қаралы күнге жиналғандай қарақұрым халық болмады. Тек, онда жүрегінде намыс оты бар, халқымыздың қайғысына қабырғасы қайысып, желтоқсан оқиғасына қатысушыларға бір сәт бас иіп, тағзым ету үшін саналы азаматтар бас құрады. Сол күні кешке күндізгі болған жиыннан алған әсерлерімді, төрт жыл бұрынғы желтоқсан оқиғасын ой тізбегінен өткізіп, троллейбуста ойланып келе жатқанда, кенеттен шыққан бір топ қазақ жастарының масаңдау дауыстары ойларымды шашыратып жіберді. Бәрі біз секілді жас. Орысша өлеңдерді барқыратып, бүкіл троллейбусты басына көтерді. Мына дүниеде өздерінің шуылдап жүрген Алматысында не болып жатқанынан мүлде бейхабар сияқты. Міне, елінің ертеңін көркейтер замандастарымыздың түрі. Тіпті, былтырғы мамыр айында бостандыққа жаутаңдап көмек күтіп отырған бауырларымызды шығарып алу үшін аштыққа отырғанда, бір қазақ жігіттерінің: «…қайдағы біреулер үшін өз өмірлерімен қош тасқан ақымақтар» деген кекесінді сөздері жүрекке бойлата ұрған пышақтан әрмен тиді. Оларға не дерсің? Халқына деген титтей сезім бол­са, осылай айтар ма еді? Кешегі, ана Мәскеуде өзін-өзі өртеген литовецтің жан-дүниесін түсіну қайда, ондайларға?
Сен ол кезде небәрі 21 жаста ғана едің-ау. Егер күні бүгінге дейін арамызда жүргенде, наурыздың 13-інде 25 ж асқа толғаныңды атап өтер ме едік. Сонау шығыстан жарқырай шыққан күн көзіне үміттене, күлімсірей қараған жауқазын ғұмыр қыршынынан қиылып түсті. Біреулер жері кеңіп қалғандай, отырған орнында қуаныштан қопаң-қопаң етіп қозғалып қойса, біреулер қайғыдан қан жұтып, зар иледі де қалды… Әсіресе, түн ұйқысын төрт бөлген Ананы айтсайшы… Тыңдашы, ұзақ сергелдеңнен кейін елге оралғанда Анаммен алғаш қауышқан сәтімді айтып берейін. Ол күні менің ойымда ештеңе жоқ, алаңсыз жүргенмін. Кенеттен жеткен хабар жүрегімдегі бір тылсым күшті лықсытып жібергендей болды. Өз құлағы ма өзім сенбедім . Шынымен-ақ бәрі де өте шыққаны ма? Шынымен- ақ, менің екі жарым жылым мына қоршаудың аржағында өткені ме? Бәрі түс тәрізді. Бірақ сол сәтте менің бойымда қуаныштың бір түйірі де болған жоқ. Тура солай болуы керек сияқты көрінген. Жол-жөнекей де мен өзіме-өзім келе алмадым. Тіпті, Алматыда қарсы алған достарыммен де сондай салқын амандастым. Артымда ұмыт қалған бірдеңе бардай ұйқылы-ояу хал кештім. Осы бір сананы жеген ойлардан ауылға барғанша құтыла алсамшы. Міне, мектеп пен үйдің арасын талай-талай тоздырған көшем… Азып, кішірейіп кеткендей. Міне, біздің үй, әне менің үш жыл бойы жете алмаған жан Анам. Менің үйді айналдыра қоршаған шарбақты ашқанымды да сезген жоқ. Бірдеңелерді істеп, күйбеңдеп жүр. Менің дауыстай жөткірінген даусымды естіді-ау ақыры, жалт қарады. Бірақ, арамыз алшақ болғандықтан онша тани да алмаған сияқты. Өзінше күбірлей сөйлеп, бері қарай жүрді. Тек, жақындағанда ғана «әй, бұның шашын алдырып тастағаны несі?» деген сөзін естіп күліп жібердім . Осы кезде ғана таныды-ау, егіле келіп бас салды.
Қайрат! Өзіңмен сөйлесемін деп отырып барлық ішкі мұңымды ақтарып салған сияқтымын. Қанша дегенмен бастан өткен соң, саған ғана айтып отырмын. Ал, сен болсаң, үндемейсің! Тура баяғы қалпың… Күлімсіреп қойып, ақырын тыңдап жатырсың. Тыңдасаң тыңдай берші, тек енді қайтып менің көз алдымнан кете көрмеші. Жан бауырым, Асыл інім, Қайратым!

Құттыбек Аймаханов
(«Лениншіл жас», 3 сәуір, 1991 ж.)


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика