Кәдірбек Сегізбайұлы. Ақиқатты айту да ардың ісі

29 сентября 2016

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫҚазақтың қабырғалы қаламгері Кәдірбек Сегізбайұлының қаламынан туған көркем шығармалар қазақ әдебиетінің жауһарына айналған қымбат қазыналар. «Ашылмаған сыр», «Қойнаудағы ауыл», «Біз қалада тұрамыз», «Жол», «Беласқан» атты еңбектердің авторы. Әйгілі жеті жетімнің де бүгінде қатары сиреген. Кәдірбек Сегізбайұлы – өткен ғасырдың 60-70-жылдардағы әдебиетке келген буынның ірі өкілдерінің бірі. Қаламгермен әңгімеміз де әдебиет пен ұлттық мүдде тұрғысынан өрбіді. 

– Жеті жетімнің бірі – өзіңіздің до­сыңыз, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы балалық шағы туралы «Бір өкініш, бір үміт» романын жазды. Сегізбайұлының бал балалық шағы туралы білгісі келетіндер өте көп. Сауыр тауының үстінде өткен күндерді жиі сағынасыз ба?

– Балалық шағым Сауыр тауының үстінде өтті. Қойшының баласы болдық. Қазақстанды туған өлкеміз десек, Шығыс Қазақстандағы Зайсан өңірі туған мекенім. Әлі күнге дейін Сауыр тауының үстінде өткен күндерім есімнен кетпейді. Жылына екі рет, тым болмағанда бір рет елге барып қайтпасам, көңілім тыншымайды. Кеңес Одағының кезінде жылына бір мәрте әдеби қор қаламгерлерге демалыс орындарына жолдама береді. Басында демалайыншы деп жазылып аламын да, жеме-жемге келгенде, «туған жерден артық жер жоқ шығар» деп елге тартып отырамын. Қозы жайып жүрген кезеңдерімнің бәрі ерекше. Қолымнан Жюль Верннің, тағы басқа белгілі жазушылардың кітаптары түспейді. Қойды өріске қаптатып жіберіп, тастың үстінде отырып, кітаптың қызығына кірісіп кетемін. Бірде мынадай қызық болған. Әкем: «Балам, басым ауырыңқырап тұр. Кішкене қисайып алайын. Сен қойды Күркеліге қарай еңкейтіп, өзің жотада отыр. Әрі қарай шатқалға түсіп кетпесін» деді. Қойды қайырып, Күркеліге қарай еңкейттім де, өзім жалпақ тастың үстіне жатып алып, кітаптың қызығына түсіп кеткенмін ғой. Қарасам, күн тас төбеден өтіп кетіпті. Қойды қайырайын десем, терең шатқалға түсіп, көлеңкеден шықпайды. Шырылдап жүрмін. Әкем келіп: «Балам, бара ғой. Өзім қайырып аламын. Ана тастың үстінде жатқан кітабыңды ұмытпа» деді. Неден кінәлі болғанымды біліп тұр. 
Сол кездердің бәрі есте. Ол сағыныш бәрібір жүректің бір түкпірінде тұрады. Қазір елде ағайын-туғаннан да көп ешкім қалған жоқ. Жора-жолдастың көбі басқа жаққа, қайсы бірі келмес сапарға кетіп қалды. Өлең жазуды мен де бала кезден бастадым. Ең алғаш ат бәйгесі туралы «поэма» жазғаным есімде. Ол «поэманы» ешкім оқыған да жоқ. Жоғалды. Ақын боламыз деп өстік. Ақын боламыз деп, Алматыға асықтық. Мектепті бітірген соң, ақындыққа үйрететін жер осы деп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсырдық. Балымыз жетпей, оқуға түсе алмай қалдық. Ол кезде конкурс қатты болады. Екі жыл жұмыс істеп келген баланы конкурстан тыс қабылдайтын мизам шыққан. Сол екі жылдан соң филология факультетінің жанындағы журналистика бөліміне 25 бала қабылданыппыз. Қарасам, жиырма бестің бәрі ақын. Өңшең мықты ақынды көргенде өзіңнің өлеңдеріңді көрсетуге ұялады екенсің. «Қой, мен өлең жазуды қояйын» деп, өлеңнен бас тарттым. Бірақ қатарыңнан қалмау керек. Мақала жазып бастадық. Төртінші курста жүргенімізде марқұм Кәкімжан Қазыбаев бізге очерк жанрынан дәріс берді. «Балалар, сендерден емтихан алмаймын. Әрқайсысың болашақ журналиссіңдер. Өздерің ойларыңнан очерк жазып келіңдер» деп тапсырма берді. «Ол. Оның әкесі. Оның баласы» дейтін үш тараудан тұратын очерк жазып келдім. Қойшының өмірі туралы жазылған дүние болатын. Кәкімжан аға әлгі очеркімді мақтады. «Жетісудың» редакторы болып қызмет атқаратын кезі. «Жетісуға» қызметке алар едім, оның өрісі тар. Одан да «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналас. Шер-ағаңа айтып қойдым» деді. Төртінші курсты бітірген соң, «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа қабылдандым.

– Ол кездері Оралхан Бөкей жұмысқа қабылданып қойып па еді?

– Жоқ. Университеттің үшінші және төртінші курстарында Өскеменге барып, облыстық газеттен өндірістік тәжірибеден өткенмін. Орекеңмен сонда жүріп таныстым. Бірінші жылы Оралхан Қатон Қарағай аудандық газетінде жұмыс істейтін кезі. Облыстық газеттен келген кісіге біртүрлі қызыға қарайды ғой. Орекең де сөйтті. «Азғантай жазған дүниелерім бар еді. Соны облыстық газетке ала кетсең, қайтеді» деді. Оқып қарасам, заулап тұр. Облыстық «Коммунизм туы» газеті оны сол жолы-ақ қызметке шақыртып алды. Өзім «Лениншіл жасқа» келгеннен кейін, Орекеңмен хабарласып тұрдық. Жазғандарын жастар газетіне жібере бастады. «Сарыарқаның жаңбыры» деген алғашқы материалы Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы тарихи очерк екен. Шер-ағаң оқыды да, бірден «нөмірге» деп қол қойды. Содан мені шақырып алып: «Мына жігітті танисың ба?» деп сұрады. «Жақсы журналист» дедім. Шер-ағаңның көрегендігі мықты еді ғой. Жер-жердегі мықты жігіттердің бәрін редакцияға жинады. Университетте жүрген Ақселеуді, Серік Әбдірайымовты жұмысқа шақырды. Шымкенттен Мұхтар Шахановты алдыртты. Фаризаны Атыраудан шақырды. Жиырмадан жаңа асқан жігіттер топтастық. Тұтқабай Иманбеков, Болат Бодаубаев, Әнес Сарай, Оразбек Сәрсенбаев, т.б. жігіттер еңбек етеді. Біз оларды «шалдар» дейміз. Жастар бөлек бір топ болып кеттік. Серік, Ақселеу, Кәрібай, Оралхан, Қуанышбай бар. Бексұлтан комсомолдың Орталық Комитетінде қызмет атқарады. Бізге бастық. Орекең марқұм бір күні жетеуміз бірге тұрсақ қалжыңдап: «Әй, жеті жетім» дегені. Содан бастап, біреуінің әкесі, біреуінің шешесі болса да, сүйеушісі, демеушісі жоқ, тек өз күштеріне сенген рухани жетімдерге «жеті жетім» деген сөз қалыптасып кетті. Өкінішке қарай, жеті жетімнен ошақтың үш бұтындай болп үшеуміз ғана қалдық. Алдымен Орекең кетті. Кәрібай, Ақселеу, Серік кетті. Тіршілігімізде ең бақытты кездеріміз дейтін сәттер – сол «Лениншіл жастағы» күндер. Бәріміз пәтерде тұрдық. Бір-біріміздің пәтерлерімізді араларап, қыдырып жүруші едік. Қазір де сол қимас күндерді жиі еске алып отырамыз. Біздің бүгінгі міндетіміз – солар туралы есті сөз айту, естен шығармау сияқты болып тұрады. Оның бәрі ұмытылмайтын кезеңдер еді ғой. Үшеуміздің жетімсіреп қалғанымыз анық. Әке мен шешеден айырылу бір бөлек те, шын достарыңнан айрылу деген ең қиыны екен. Қарттар баяғыда: «Қатарыңды сиретпесін» деп жиі айтушы еді. Сол сөздің мәнін енді ұққандаймыз. Өмірде талай-талай ащы-тұшыны бірдей көріппіз. Жаңа жоғарыда пәтерде тұрғанымызды бекер айтқан жоқпын. Алты жыл пәтерде тұрдым. Он шақты жыл пәтерде жүргендер де болды.

– «Біз қалада тұрамыз» деген шығармаңыз сол күндердің нақты елесі емес пе? Алайда бұл еңбегіңізде пәтер иесінің тағдырын көбірек суреттеген сияқтысыз. Неге?

– «Қалада тұрамыз. Неменеге жетісіп жүрміз?» деген әңгіме ғой. Шығарманың негізгі желісі де осы. Өз басымыздағы халді пәтер иесі арқылы көрсету. «Біз қалада тұрамыз» деп айтқанымызбен, қиындықты көп көрдік. Бірде көшеде жаяу пәтер іздеп жүргенімде, орыстың бір мыжырайған кемпірінің ағаштың үлкен қуысын көрсетіп, «Әне, саған керекті пәтер. Осы ағаштың қуысына келіп тұр. Бұларға қала неге керек екен?!» дегені. Жүрегіме біреу ине сұғып алғандай болды. Әлі күнге сол кемпірдің айтқан сөзі ұмытылмайды. Кейін баспагерлерге арналып, қазіргі «Достық» даңғылынан 72 пәтерлі үй салынды. Сол үйді де тамыр-таныстықпен алмақ болғандар көбейіп, дәметіп жүрген біз құр қалатын түріміз бар. Редакторымыз – Сейдахмет Бердіқұлов. Жиырма шақты адамның өтінішін ескермей, редакцияға бір ғана пәтер бөлініпті. Дәл сол кезде Мәскеуде партияның 24-съезі өтіп жатқан. Барлығымыз жиылып, съезге телеграмма салдық. «Партия съезінің шешімдерін жүзеге асыруға күш-қайратымызды аямаймыз» дегенді айта келіп, түгелге жуық үйсіз-күйсіз екенімізді сөз соңында жазғанбыз. Бұл телеграмма Орталық комитеттегілерді біраз абыр-сабыр қылды. Алдымен Сейдағаңды шақырып алып, қысты. Соған қарамастан, жоғарыдағылар арызымызды ескеріп, алты пәтер берді. Сөйтіп, бір қора адам бір бөлмеге әзер қол жеткіздік. Осының бәрі де тіршіліктің шығармаға айналған түйткілдері болатын. 

– «Қалай жазушы болдыңыз?» деген сауал қаламгерге көп қойылатыны рас. Дегенмен, сіздің журналист-баспагерліктен барып, жазушылыққа бет бұрғаныңызды жақсы білеміз. Мұның бәрі жазуға жасалған баспалдақтар болды ма?

– Оның рас. «Қалай жазушы болдың?» деген сауал көкейде көп тұрады. Журналистиканың қазанында «қайнап» жүре беруіміз мүмкін еді. Бірақ қасыңдағы азаматтар көркем дүниеге бет бұрып жатқан кезде, сен де мойын бұрмай тұрмайды екенсің. Оралханның әңгімелері шыға бастады. Болған оқиғаның ізімен «Ашылмаған сыр» деген алғашқы әңгімемді жазып, редактордың орынбасары марқұм Қалдарбек Найманбаевқа әкеліп бердім. Ол кісі оқып шығып, біраз өңдеп, қысқартып, газетке берді. Сол алғашқы әңгіме маған әдебиетке жол ашты. 

– Оралхан ағамен екеуіңіздің бірдей бура туралы әңгімелеріңіз бар. «Балабура» атты әңгімеңіздің жазылуына Оралхан Бөкей себепкер болыпты деген әңгіме естідік. Рас па?

– Хрущевтің заманында түйе атаулыға жаудай тиген кезең болды. Мәуітхан дейтін шал түйенің тұқымын сақтап қалайық  деген оймен бір бураны ешкімге бермей алып қалыпты. Сол кісі бурамен тұз артып келе жатқан кезде, оны таяғымен бір ұрса керек. Киелі жануар ашуланып, тасып жатқан өзенге түсіп кетеді. Қария түйесінен айырылып қалады. Тасыған өзен бураны жабағы құрлы көрмей ала жөнеледі. Етекке барып, өлігі шықты ма деп қараса, жоқ. Содан екі ай іздеп, бураның денесін таба алмайды. Елу екі күн дегенде, өзеннің тасуы басылып, салынды айдап жүргендер биіктегі текшеге тығылып қалған бураны көреді. Сөйтсе, шала жансар, құр сүлдері қалған. Мәуітхан біраз жігіттерді жинап алып, төрт жігітпен арқанмен салбыратып, жерге түсіреді. Сонда түйенің бойында әлі жаны бар екен. Аяқтары денеге жабысып қалған. Құр теріге қапталған сүйек, басына көлеңке тігіп, жоңышқаның басын суға езіп беріп, ауру күткендей бақты. Екі айдан кейін ғана түйе орнынан тұрды. Осы оқиға ойымда жүрді. 
Әріптестеріміздің бірі үйленіп, соның тойында Оралханға осы әңгімені айтып бердім. Орекең: «мынауың қазақтың өліп барып, өліп барып аман қалған тағдыры сияқты екен. Жақсы әңгіме болады. Менің «Ақбота» деген әңгімем бар еді. Соған диптихболсын. Мен жазайын» деді. «Әй, саған әңгіме жазсын деп айтып отырған жоқпын. Өзім ойымда қорытып жүрген дүнием. Өзім жазамын» дедім. Үйге түнделетіп, жаяу бардым. Түнгі сағат үш. Суық сумен жуынып алып, «Балабура» деген әңгімемді жаздым. Күн шыққанда әңгімені де бітірдім. Ұйықтамастан, жұмысқа келдім. Келсем, үшінші қабаттан Оралханның даусы саңқылдап естіліп тұр. «Бураны жетектеген Қазақбай…» деп сайрап отыр екен. Ішім қылп ете қалды. Айтқанымдай, жазып қойыпты. Салиха Сәмбетова деген «Қазақстан пионері» газетінде істейтін келіншек болатын. Соған апарып бердім. Бастыртып алып, жоғарыға көтерілсем, Орекең қайқайып жатыр. «Жазбай қалай шыдаймын?» дейді. Шер-ағаңа барсам, Орекеңнің әңгімесіне «нөмірге» деп қол қойыпты. Орекең «Бура» деп тақырып қойыпты. Менікі – «Балабура». Шер-ағаң: «Ой, шығыстың шырайлылары, сендерге не болды? Үкімет түйені халық жауындай ғып жатқанда, бұларың не?» деп бір күліп алды. «Айналайын, сенің де әңгімең жақсы екен. Бірақ бұл үшін ертең менің басымнан сыйпамайды. Мынадай жарлық боп жатқанда, екеуіңнің әңгімелеріңді бірдей бере алмаймын. Жаңа ғана «Жұлдыздағы» жігіттермен келісіп қойдым. Қазір апарып бер» деді. «Жұлдызға» шыққан алғашқы әңгімем сол «Балабура» болатын.

– «Жеті жетімнің» қайсысы бірінші Жазушылар одағына мүше болды?

– Ең бірінші Оралхан мүшелікке қабылданды. Шығармашылық деген бәсекемен дамиды ғой. Бұл – жарасымды, достық бәсеке болды. Орекеңнің «Қамшыгер» деген бірінші кітабы жарық көрді. Соның алғашқы бетіне: «Кәдеке, күн біз жақтан шығады» деп жазыпты. Бір-екі айдан кейін менің «Ашылмаған сыр» деген бірінші кітабым шықты. Сосын мен: «Ореке, біз Ертістің лайланбаған өр жағында тұрамыз» деп қолтаңба жаздым. 

– Оралхан аға сіздің шынайы шығармашылық бәсекелесіңіз болса, Ақселеу Сейдімбекпен ерекше достығыңыз болыпты. Ағаның қай қасиетін ерекше құрмет тұттыңыз?

– Ақселеу екеуміз оқуға бірге түстік. Бір бөлмеде төсегіміз қатар болды. Ақселеумен өмір-ғұмырымыз, тіршілігіміз бірге, ағайын-бауыр сияқты достар едік. Шындығы солай. Ақселеудің әңгімелерінің, повестерінің алғашқы оқырманы да өзім едім. Менің де алғашқы оқырманым сол еді. Ол біраз жақсы әңгіме-повестерін жариялап болған соң: «Көркем шығарма – тұспал, ал ғылым турасын айтады» деп көркем шығарма жазуды тоқтатты. Таза ғылымға бет түзеді. Өмірінің соңғы жылдарында Астанада болды. «Ел айырылған» деген күйді сұңқылдатыа тарта беруші едің, басыңа келді ме?» деп қалжыңдаушы едім Астанаға кеткенінде. Енді міне, өмірден де көшіп кетті. Қадыр түні болатын. Кешке жақын телефонмен хабарластық. Түнгі үште хабар келді. Есімізден танғандай болдық. Қуанышбай екеуміз бірге барып, жақсы досты мәңгі мекеніне тапсырып қайттық. Қалай дегенде де, мен үшін Оралханның орны бір бөлек болса, Ахаңның орны бір бөлек.

– «Серік Әбдірайымовтың да артында жарыққа шықпаған қолжазбалары қалды» деген пікірлер айтылады. Ол кісі өзінің жазған дүниелерінің бәрін жарыққа шығара алды ма?

– Серікпен кейіндері «Санат» баспасында бірге жұмыс істедік. Екеуміз сыр жасырмас жақын достармыз. Менен ешқандай құпия жасырмайтын. Дінмұхаммед Қонаев аға қызметтен босаған соң, алдына екі рет бірге еріп бардық. Димекеңнің үйінде аса көп жиһаз жоқ, жұпыны бөлме. Әзіл-қалжыңды жақсы көреді екен. Айтқан дүниелерін сол кезде жазып алмаппын. жазып қоймаппын. Серік ағаң Қонаевқа көп еңбек сіңірді. Асқаров туралы да жазды. Нұрғиса туралы да кітабы шық­ты. «Жақсы бір повесть жаздым» деп жүретін. Ол туралы балаларына айттым. Секең жаза білетін азамат еді. Оның кісілігі, жолдасқа адалдығы бөлекше еді. Сол үшін ерекше құрметтейтінбіз. 

– Қателеспесек, «Соңғы шабыс» деген әңгімеңіздің негізгі прототипі өзіңіз секілді. Бұл әңгімеңіз көптеген тілдерге аударылды. Бұл оқиға өмірде болған ба?

– Бала кезім. Әкемнің екі аты болды. Бірі – Ақжал, екіншісі – Месторы. Месторының түрі жаман. Таңертең бір астау жем жейді, кешкісін бір астау жем жейді. Қамшы тисе болды, мөңкиді. Шабу, желу дегенді білмейді. Ауылда ол кезде 7 қарашада үлкен той өткізіледі. Сонда ат бәйгесі болады. Аттар жиырма бес шақырымға шабады. Ақ жалды ағай мініп шауып кетті. Артынан ілбіп, мен келдім. Айналма бәйгеге үш ауылдың жиырма бес жүйрігін үкілеп қосып жатыр екен. Кіл жүйріктер. Ел күлсін дедім де, астымдағы жаман Месторымен мен де қатарларына тұра қалдым. Қолымда қамшым да жоқ. Бәрі лап қойды. Атымның басын тартсам, кері бұрылмайды. Жолда екі канал бар. Бірінші каналға жеткенде тоқтай қалып, ішін босатты да, кері шапты. Содан 100 қадамдай жерге барды да, кері бұрылып, каналдан қарғып өтті. Екінші каналға барғанда тағы тоқтады. Маған бағынуды қойған. Соңғы шақырым қалғанда Месторы барлық аттарды артқа тастап, алғашқы боп келдім. Ағам «аруақ-аруақ» деп айғайлап, жылап жүр. Бірінші келгенімді қайтейін, көпшілік: «Бұл заңсыз қосылған ат, бұған бәйге бермейміз» деп дауласып кетті. Сөйтіп тұрғанда, үлкен кісілердің бірі: «Балам, атың дірілдеп тұр. Жетекте» деді. Жетектеп келе жатыр едім, жануар гүрс етіп құлап, бірден жантәсілім етті. Кейіндері білсем, Месторы құнан-дөнен кезінде-ақ алдына мал салмаған жүйрік екен. Үлкен бір бәйгенің алдында қаскөйдің қолынан жарақат алып, қор болған мал екен. Әбден қартайған шағында өнерін көрсетіп үлгерген ғой. Мұндағы идея – бойыңда бар қасиетің болса, бір көрсетіп барып өлу. Месторының соңғы шабысында қазақтың бойындағы осы өр қасиеті жатыр еді. 

– Цензураның қатал заңы бар. Мұндай идеяларды кеңестің бас идеологтары қалай байқамай қалды? Мұның бәрі қоғамға қарсылық емес пе?

– Байқаған жоқ. Өйткені ол кезде жұқалап ғана көрсетесің ғой. Тура жазсаң, қысқартып жіберуі мүмкін. Негізі, кеңестік қоғамға қарсылығымызды тура осылай көрсетіп отырмасақ, тағы болмайды. Кеңес кезеңінде кез келген шығармада міндетті түрде екі кейіпкер болатын: жағымды және жағымсыз. Жағымды кейіпкерден жағымсыз мінез шықпайды. Соңында жамандықты жақсылық жеңеді. Осы үрдісті пайдалана отырып, қоғамның келеңсіз сәттерін кейіпкеріміз арқылы бейнелеуге тырыстық. 

– «Беласқанды» Мемлекеттік сыйлыққа ұсындыңыз. Бірақ бұл шығарманың жолы болмапты. Атаққа құмартпауыңыздың бір себебі осында жатқан жоқ па?

– Тіліміздің білгірі Рабиға Сыздық апай «Беласқанды» оқып, біраз жаңа сөздер тауыпты. Бұған дейін Қалихан Ысқақтың, Орекеңнің шығармаларын оқып, жаңа сөздерді жазып отырады екен. Рабиға апай хабарласып: «Кітабыңды таң асырмай оқып шықтым. Жақсы дүние екен. Маған өте ұнады. Ішінен біраз бұрын оқымаған сөздер таптым» деп алғысын білдіріп, «Қазақ әдебиеті» газетіне көлемді «Беласқанды» таң асырмай оқығанда» атты мақала жазды. Белгілі әдебиетші, ғылым докторы Ш.Елеукенов ағамыз да көлемді мақала арнады. Басқа да мақалалар шықты. Бәлкім, сол пікірлер қанаттандырды ма, роман сыйлыққа ұсынылды. Бірақ екінші турдан аса алмадық. Себебі өзім жүгіріп, комиссия мүшелерінің ешқайсысының алдына барғаным жоқ. Кітабымды сыйлағам жоқ. Сыйлық алмадым деген өкінішім де болған жоқ.

– Шығармашылықтың ерекше ләззаты бола ма?

– Әрине, оның ләззаты ерекше. Жазамын деп ойланып, қиналып жүресің. Өз-өзіңді алдарқатып жүресің. Бір бастасаң, бас алмай жазасың. Аяғына жеткенше асығасың. Шығарманы жазғандағы ерекшелігім – оның аяғы қалай аяқталатынын бағдарға аламын. Жолай қайда бұрылып, қайда тоқтаймын – оған шығарманың өзі мені жетелеп отырады. 

– Көңіл неге алаңдайды?

– «Көңіл неге алаңдамайды?» деп сұрасаң, мұның жауабы жеңілдеу тиер еді. Алаңдайтын дүние көп. Бүгінгі қоғамда халықты алаңдатқан дүниенің бәріне жаның ауырады. Себебі қоғамдағы әр қуанышты жетістіктер мен сәтсіз қадамдар қаламгерлердің де жүрегі арқылы өтеді. «Балаларды үш тілде оқытамыз» деп жатырмыз. Білім министрлігінің басына 25 жылда 13 министр келіпті. Он үш министр де онға жуық реформа жасады. Соның қайсысы нәтиже берді? Немерелерім өз тілін білмей, мәңгүрттеніп кете ме деп алаңдаймын. Тілді білмесін деген сөз емес. Қанша тілді білгісі келсе де, өз еркі. Бала ең алдымен ана тілін меңгеруі керек. Содан кейін 13–14 жасында өзге тілді үйрене берсін. Оны даярлайтын мұғалімдер дайын емес. Ағылшын тілін жақсы білгенімен, математика, химия, физика сияқты пәндерден хабары жоқ, бұл пәндердің методикасын білмей тұрған ұстаз балаға нені үйретеді? Қазақстан тарихына реформа жасаймыз деген де сөздер айтылуда. Ұлт тарихын білмей өскен бала қалай ұлтшыл болады деп қамығамын. «Жерді жалға береміз, аукционмен сатамыз» деген де әңгіме шықты. Жерді кім сатып алады, кім жалға алады? Қарапайым шаруаның қалталыға жалданбасына кім кепіл? Ағылшын Уинстен Черчиль: «Саясат та соғыс. Соғыста бір-ақ рет өлесің. Ал саясатта қайта-қайта өлесің» деген екен. Саясаттан шалғай жүрген кісі болсақ та, осының бәрі жүрекке салмақ түсіреді ғой. 

– «Қаламгер алпысқа дейін барын сарқып тауысады. Одан кейін жазудың қажеті жоқ» деп пікір айтқан екенсіз. Оның бір себебі бар ма?

– «Алпысқа дейін сарқылып, таусыласың» демеген шығармын. Ақыл-ойдың толысып, ортаймай тұрған шағында қай еңбектің де өнімді болатынын айтқан болармын. Жалпы, жас келгеннен кейін үлкен адамда ұмытшақтық дейтіннің пайда болары рас. Мысалы, «Беласқан», «Жол» романдарымды жазған кезімде ешқандай кітапқа қарамай-ақ, ерекше жігермен жазып шығып едім. Қазір жазу үстінде кейбір білетін сөздердің өзін ұмытып қаласың. «Осы Ғабең, Сәбең баяғы кітаптарының жалғасын неге жазбайды екен?» деп заманында ойлаушы едік. Сөйтсек, әр жастың өз тосқауылы болады екен. Бірақ әлі тоқтай қойған жоқпыз. Жазсақ па деген дүниелер әлі баршылық.

– Жарнаманы жаныңыз сүймейтін секілді. Насихатты қаламайсыз ба?

– Жазушылар одағына 70-жылдары мүше болыппын. Одан бері қырық жылдай уақыт зымырап өте шығыпты. Бірақ ойлап отырсам, Жазушылар одағындағы талай жиналыстарға, талай кездесулерге қатыстық. Біреуінде мінбеге шығып көрмеппін. Бұл менің сөз білмеймін, айтарым аз дегенім емес. Елдің алдына көп суырылмайыншы, көрініп қалуға тырыспайыншы деген принципім болса керек. Жалпы, насихат мәселесі, қазақтың барлық жазушысына қатысты. Қарап тұрсаңыз, қазақтың әдебиеті еш әдебиеттен кем емес. Тек оның насихаты кемшін. Әйтпесе, Әбіш кімнен кем? Қалихан, Сайын, Мұқағали қай елдің әдебиетшілерінен кем деп ойлайсыз? Рахымжан Отарбаев деген жазушы бар. Оның өзі алпысқа келіп қалды. Сол сияқты Асқар Алтай, Несіпбек Дәутайұлы, Әлібек Асқаров, Нұржан Қуантай, Айгүл Кемелбаева сияқты ізбасар қаламгерлердің кітаптарын жиі оқимын. Шығармаларының «іші-сырты» жұп-жұмыр, өздерінің аяқ алыстары ширақ. Олардың да өздерінше тың соқпақ табуға талпыныс жасап жүрген жас ізбасарлары қаншама. «Әдебиет – өмірдің өңделген нұсқасы» дейтін тәмсіл бар. Әр шығармада ақиқатты айту – ардың ісі. Өміріміздің өңделген нұсқасын жасап жүргендер көп. Демек, қазақ әдебиетінің бүгіні ешкімнен кем болмаса, ертеңінің де жарқын боларына сенемін. Ең жаманы – «ертең тындырамын» деп жүріп, есейгеніңді білмей қалу өкініш. Ал өміріміздің бұдан да жарқын болуы бар жүректің ақ тілеуі. 

Гүлзина БЕКТАС
«Айқын» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика