Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: «Ұлы көш тоқтауы тиіс емес»

24 марта 2016

Қабдеш Жұмаділов– Келе жатқан мерейтойыңыз құтты бол­сын! Сексеннің сеңгіріне жетсеңіз де, қала­мыңызды тастамай, ой қуып, көкіректегіні сы­ғып, ақ қағазға түсіру кез-келген жазушының маң­дайына жазылмаған бақ.
 Бұл жағынан кел­генде сіз тағдыр-талайыңызға риза шығарсыз. Дегенмен, артыңызға қарап «жаза алмай қал­дым-ау, айта алмай қалдым-ау» деп өкінетін кез­деріңіз бола ма? Неге үлгермедіңіз? 
– Иә, жылдар зулап өтіп жатыр. Әні-міні де­генше сексенге келіппіз. Бұл жасқа екінің бірі келіп жатқан жоқ. Осы өміріме де ра­зы­мын. Бұл жасқа үлкен еңбекпен келдім. Жазу­шылар одағы қозғау салып, мамыр айында Ал­матыда үлкен мерейтойлық кеш өткізгелі жа­­тыр. Туған жерім – Шығыс Қазақстан. Сол жақ­тағы үш-төрт ауданның құрметті аза­ма­тымын. Олар да мені шақырып жатса, туған жер­ге барып қайтуға қарсы емеспін. Ал, қа­ламгер үшін жазатын нәрсе көп қой. Дегенмен мен осы жасыма дейін, ойыма алып, жазамын де­ген шығармамды жаздым. Өкінетін ештеңе жоқ. Мен екі империяны көрдім. Дәмін тат­тым. Шығармаларымның дені осы екі ел ор­та­сында болған оқиғалар. Мен арғы беттен «Тағдыр» романының, бірнеше кітапқа жүк болған «Соңғы көш» романының, «Атамекен» ро­манының материалдарын алып келдім. Қы­тайдан тек келген жоқпын, осындай қа­зы­наны арқалап келген жанмын. Бүгінге дейін он роман, жиырма бір повесть, жетпіс­тен астам әңгіме жазған адаммын. Әңгі­ме­лерімнің бәрі есте қалатын әңгімелер. Кіші­гі­рім дү­ниелер емес. Былайша айтқанда, әң­гі­мелерім повеске бергісіз, повестерім ро­ман­ға бергісіз. Өзегінде кесек ой жатқан, ір­гелі дүниелер.
– Қанша роман, повесть, әңгіме жазсаңыз да, бірде-бір рет пьеса жазбапсыз. Неге?
– Кезінде «Қабдеш аға, мына повестеріңіз ки­ноға сұранып тұр» деп Қазақфильм «Сәй­гү­лік» бастаған бірнеше повесімді сатып ал­ған. Келісім бердім. Ол сол Кеңес құлар тұс еді. Сценарий жазылып, әні-міні дегенше, Кеңес одағы ыдырап, бәрі жайына қалды. Тәуел­сіздік жылдары да «кейбір повестеріңізді қай­та сценарий етіп жазып берсеңіз, кино түсі­рейік» деген өтініштер болды. Бірақ рай та­нытпадым. Өйткені көңіліме қонатын ре­жиссер де жоқ. Жақсы дүние босқа қор бол­мақ. «Одан гөрі көркем дүние болып қала бер­гені жөн» деп шештім. «Шіркін-ай Қа­ра­керей Қабанбай батырға арналған «Да­рабоз» романы тұнып тұрған кино ғой. Неге түсір­мейсіздер?» дейтіндер көп. Біріншіден, ол ме­нің ырқымдағы дүние емес. Екіншіден, оған мемлекеттік қолдау керек. Кітаптағы оқи­ғаның өзегі он сегізінші ғасырдағы қазақ хан­дығының шынайы өмірі, сыртқы жаумен ар­палысы. Оны түсіру үшін үлкен дайындық, қо­мақты қаржы керек. Жылы сөз айтыл­ға­нымен, іске келгенде әлі ешкім тәуекел етіп бел байлап, кино етуге тырысып жатқан жоқ. Бәлкім оның да бір дөңгелеп уақыты келер. Жалпы, тек проза ғана емес, өлең де жазған адам­мын. Бірақ неге екенін қайдам, драмаға бар­маппын, пьеса жазбаппын. Сайып кел­генде, пьеса деген не, қырық-елу беттік дүние ғана. Өз қатарластарым сол салаға қалам сіл­теп жатқанда, мен де сол дүрмекпен жазып тас­тауыма да болар еді. Қолдан келмейтін дү­ние емес. Бірақ менің принципімде қосал­қы авторлыққа қарсымын. Жалпы, пьеса сені қосалқы автор болуға мәжбүрлейді. Режиссер сенің жазғаныңды оқиды, қосатынын қосады, кесетінін кеседі. Одан актер сөзіңді дұрыс жат­тай алса, жарады. Дұрыс айта алмаса, көр­кем сөзден мән кетеді. Мағына кетеді. Сүйтіп жұлым-жұлым бірдеңе шығады. Сәтті шықса, бір сәрі. Сәтсіз болса, жақсы дүниең бүлінеді. Көңі­лің құлазиды, атыңа кір келеді. Осы­лай­ша сенің жазғаның коллективтік еңбекке ай­налып кетеді. Коллективті қойып, екі адам бі­рігіп шығарма жазғанға қарсымын. Өйткені, ол екі әйелдің бірігіп, бір бала тапқаны се­кілді. Нағыз жазушы, нағыз суреткер біреумен бірігіп шығарма жазбайды. Менің драма жаз­байтыным, біреумен қосалқы автор бол­май­тындығым содан. Таза прозаикпын. Менің ұста­нымымда шығарма жазылмайды, туады. Бір рет қағазға түсіргенімді екінші мәрте өң­деп, қайтадан жазып көрген емеспін. Өйткені ол шығарма солай туды, солай қалу керек. Ол менің шығармашылық жолдағы дамуымның көрінісі болуы керек деп ойлаймын. Сонау 60-70-жылдардағы Жұмаділов қандай болды, қа­лай жазды, бүгінгі Жұмаділовтың қарымы қан­дай дегеннің таразысы ол.
– Ірі, күрделі тарихи тақырыптарды жазып жүрген қаламгердің эротикалық әңгімелерге ойысқаны қалай? Кітап оқитын кездің уақыты өтіп, оқырман азайған заманда, жұртты эро­тикамен қызықтырғыңыз келді ме?
– Бұл жерде менің көздегенім, оқырман кө­бейту емес. Жұмаділовты оқитындардың са­ны кеміген жоқ. Рас, қазір жұрт кітаптан гө­рі, ғаламторды көбірек қарайды. Бірақ ол оқырман азайды деген сөз емес. Жақсы шы­ғарма қашанда халыққа жетеді. «Толғанайдың түні», «Әмбебап әйел», «Кәрілерге ем болатын дәрілер», «Тұл махаббат» деген әңгімелер жаз­дым. Эротикаға әдейі бардым. Мұндағы көз­дегенім – демография. «Ұлт саны қайт­кен­де өседі» деген мәселе. Арғы тарихқа көз сал­сақ, исі қазақ екі қатын алғанды ар көрме­ген. Тіпті әмеңгерлікті де дұрыс жолға қоя біл­ген. Себебі қазақтың өткен тарихына үңі­лер болсақ, бабаларымыздың өмірі жау­гер­шілікпен өткенін көреміз. «Еркек тоқты құр­­бандық» дегендей, сол соғыстарда ерлер­дің саны үнемі азайып отырды. Ал, «олардың санын қалай көбейту керек?» деген түйткілді қазақ көп әйел алумен шешкен. Әмеңгерлік те сол. Әйел ерден кетсе де, елден кетпеген. Сол дәстүрді жақтаймын. Қазір екі әйел тұр­мақ, бір әйелге шамасы келмей, қуаты ке­мі­ген еркектер көп. Бұл – трагедия. Бір Ал­ма­тының өзінде жүз мыңнан астам кәрі қыз бар екен. Ал осылар ең құрмағанда тоқал болып тиіп, өмірге сәби әкеліп жатса, бұл үлкен өсім ғой. Балшықтан бала жасай алмай жатқан қазіргі заманда, әр баланың орны бөлек.
– Қазақстанның көп томдық тарихы қай­та жазылып жатқаны белгілі. Ол – жеке әңгіме. Ал көркем әдебиетте алаш баласының жүріп өт­кен қилы-кезеңі, тарихы қалай жазылуда?! Бір қызық жайт, қазір кейбір жазушы, ғалымдар Шыңғысхан Жетісуда, Іленің бойында туылған деген деректер айтып жүр. Бұған қандай уәж айтасыз?
– Тарих саясатпен байланысты. Тарих сая­сатқа бағынады. Саясатқа бағынды деген сөз билеуші топқа бағынды деген сөз. Сон­дық­тан Кеңес заманындағы тарихымыз бұр­ма­ланған тарих болды. Жавахарлал Нерудің сө­зі бар: «Отар елдің тарихын отарлаушы жа­зады» деген. Бізде дәл сол болды. Біздің тарих­ты орыстар жазды, не болмаса солардың айту-көрсетуімен Ресейдің ыңғайына орай­ластырып қазақ тарихшылары жазды. Еш­қан­дай нақтылық жоқ, бұрмаланған тарих болды да шықты. Соған қарап тұрсаң, бір кездері Қа­зақстан Ресейге өз еркімен қосылған бо­лып шығады. Сол қосылуды жақтап, қол қой­ған Әбілқайыр хан керемет көреген, да­нышпан болып дәріптеледі. Өйткені Ресейге қо­сылу арқылы біз Кеңес Одағының бір мү­шесі атандық. Одан кейін нұрлы болашақ-ком­мунизмге төте жолмен тарттық. Қой үстін­де бозторғай жұмыртқалаған, керемет заманда өмір сүрдік. Осының бәрі Әбілқайырдың кө­регенділігінің арқасы делінді. Ал Ресейге қосылуға қарсы болғандар, жат пиғылды, ойы бұзық, тек хандық дәуірді көксегендер болып айтылды. Меніңше, сол дәуірде де елімізде екі партия болған сияқты. Әрине, партия деп өзін айтып отырмын. Былайша айтқанда елдің бетке ұстарлары жікке бөлінген. Бірі Әбілқайыр бастаған бодандық партиясы, екіншісі, Абылайхан, Қабанбай батыр, Барақ сұлтан бастаған бостандық партиясы. Соң­ғыларының ойы, өзгеге бодан болу емес, тәуел­сіз ел, дербес мемлекет болу еді. Олар қол­дан келгенше, дербестікті сақтай отырып, Қытаймен де, Ресеймен де дипломатиялық қатынас ұстауға тырысты. Тепе-теңдікті сақ­тауға ұмтылды. «Кіші бауыр» болуға ты­рыс­пады. Содан болар Кеңес заманы тұсында үш жүз­дің басын қосқан, қазақ тарихында ерек­ше орын алатын Абылайды хан емес, сұлтан деп кемсітті. Әбілқайырдың басын алған Ба­рақ сұлтанды жамандады. Иісі қазақ әс­ке­рінің ұлы қолбасшысы Қаракерей Қабанбай батырды елемеуге тырысты. Ал осы дұрыс тарих па? Көрдіңіз бе, империя біздің тарихты өзгеше жазуға, өздеріне ыңғайлап жазуға ден қойдырды. Тарихты бір кісідей білетін адам ретінде бұл өте сорақы болып көрінді. Осы­ның бәрі жанымды жай таптырмай, «Шын тарихты неге жазбасқа?» деген ойға жетеледі. Содан болар ащы шындықтың қанын сор­ғалата отырып, тарихи дүние жазуға, яғни «Дарабоз» атты роман жазуға мәжбүр болдым. Өйткені халыққа өз тарихының қалай бол­ғанын қалайда дәлелдеу керек еді. Өтіріктің ең баттасып тұрған кезі он сегізінші ғасыр бол­ды. Ол кезде басты уақиға не, басты қаһар­мандар кім дегенде, оқиға мен белгілі тұл­ғалардың орны ауысып кетті. Нағыз өтірік осы жерде айтылды. Басты оқиға Қазақ­стан­ның Ресейге өз еркімен қосылуы, басты тұлға Әбілқайыр болды. «Дарабоз» арқылы басқа концепция ұсындым. Басты оқиға Қазақ­стан­ның Ресейге қосылуы емес, қазақ жерін жоң­ғар басқыншыларынан тазарту, азат ету еке­нін көрсеттім. Сол ұлт азаттық отан со­ғы­сының бас­ты тұлғасы хан Абылай, бас батыр Қа­бан­бай екенін дәлелдеп шықтым. Орысқа қазақ ешуақытта да өз еркімен қосылмаған. Әбіл­қайыр заманынан кейін де алаш жұрты өз еркіндігі үшін орыстармен талай соғысты. Тіпті он тоғызыншы ғасырдың өзінде оңтүстік жақ берілген жоқ. Тек Черняев зеңбіректің оғы­ның астына ала отырып көндірді. Демек қазақтың орысқа өз еркімен бағынуы жалған. Қазақ қашанда бостан болуды, азат болуды сүйген ел. Біз кешеге дейін тарихты кері оқып келдік. Ал қазір заман өзгерді. Тәуелсіз елміз. Сондықтан ащы да болса тарихты келер ұрпаққа дұрыс жеткізу парызымыз. Құдайға шүкір, қазір кезінде айтылмаған шындық айтылып жатыр. Тасқа басылып, қатталып жазылып жатыр. Елдің көзі ашылды. Бұрыс пен дұрысты таразылады. Тәубә! Қазір біз жоң­ғар заманынан өтіп, Шыңғысхан дәуірін зерттеуге көштік. Ұлы қаған ешқандай моң­ғол емес, таза түркі екенін дәлелдеуге тыры­сып жатырмыз. «Моңғолдың құпия тарихы», сол секілді Рашид ад-Диннің «Жылнамалар тарихы» секілді дүниелер кезінде дұрыс аударылмаған. Менің ше, әдейі аудармаған секілді. Осыдан келіп қателіктерге ұрындық. Шыңғысхан түрік. Ал осы «түрік» деген сөзді әдейі қоспаған. Сол тарихи дүниелерді қазір қытай тіліне жетік білетіндер қайтадан аударып жатыр. Шындық әлі айтылады. Оның бүкіл нояндары түркі тайпаларынан шыққандар, қайын жұрты, нағашы жұрты қоңырат. Тарихты жетік білетін Мұхтар Мағауин «Шыңғысхан және оның заманы» дейтін төрт томдық кітап жазды. Бар ащы шындық сонда көрсетілген. Өзге де зерттеу­шілер Шыңғысханның түрік екеніне көз жет­кізді. Солай деп көрсетуде. Кейбір импе­риялар тарапынан жүргізілген кезіндегі со­лақай саясат Шыңғысханды түрік емес, моңғол етіп көрсетуге тырысты. Өйткені ұлы қаған­ның түрік екенін мойындау, Шыңғыс­ханды түрік деп тану, сан-салалы түрік жұртын қайта көтеру, рухын оятып жіберу деп ұғып, одан қорықты. Енді қазір біз Ұлы қа­ғанды қалайда әлемге түрік екенін мойын­датуға күш салуымыз керек. Мәселе, оны қазақ деп, мына тұрған Түргенде, Жаркентте туған, сол жерде өсіп-өнген деген өтірікті айтпауымыз керек. Бұрхан-Халдун қайда, Жаркент қайда? Өтіріктің құйрығы бірақ тұтам деген. Мәселе, Шыңғысханның қазақ болуында емес, мәселе оның «арғы атам ер түрік» деп кешегі алаш зиялылары жырла­ғанындай, түркі азаматы болуында. Біз осы жағынан келуіміз керек.
– 1962 жылы Қытайдан Қазақстанға өткен Ұлы көштің себепкері, қозғаушы күші – сізсіз. Оны біреу мойындар, біреу мойындамас. Ол әркімнің өз еркі. Өкінішке қарай, жарты ға­сырдан астам уақыт өтсе де, сол көшті зерттеп, неден туғанын саралап жатқан ешкім жоқ. Не­ге? Жалпы сіз «Шет елдегі қазақ – біздің алтын қорымыз» дейсіз. Осы алтын қордан түбі айрылып қалмаймыз ба?
– Амал не, қазақтың көшi-қон тарихын әлi күнге дейiн бiзде ешкiм зерттеген жоқ. Әсi­ресе, 1962 жылғы көш еш жерде айтылмай, жа­зылмай, жабулы күйiнде қалып келедi. Олай болатыны, Кеңес дәуiрiнде бұл оқиға айтуға болмайтын мемлекеттiк құпия сана­лады. Ал тәуелсiздiк жылдарында ұлт тағ­ды­рына қатысты мәселеге зиялылар тым селқос қарады. Жоқтан өзге ұсақ-тұяқ тақырыптарға кандидаттық, докторлық диссертация қорғағыш тарихшылар да осы бiр маңызды та­қырыпқа аттап басқан жоқ. Ал бұл iске менiң қандай қатысым барын бiлгiңiз келсе, сол оқиғаның басы-қасында болған жай қатардағы куәгер емес, 1962 жылғы көштi дайындаған, әрi соның бұйдасын ұстап келген адаммын. Тарихта үлкен оқиғалар кейде кiш­кентай идеядан бастау алады. Бұл жолы да солай болды. Онда менiң Қытайдағы саяси нау­қандарға байланысты, Алматыдағы оқуым­нан (1956-1958) қол үзiп, үш жылдай Үрiм­жiде бақылау астында жұмыс iстеп, өзiм­нiң туған қалам Шәуешекке келген бетiм бо­латын. Жоғарыға дүркiн-дүркiн арыз жа­зып жүрiп осыған қолым әрең жеткен. Он­дағы мақсат – шекараға жақын (небәрi он сегiз шақырым) Шәуешекке жетiп, одан ары Қазақстанға өту, үзiлiп қалған оқуымды қайта жал­ғастыру еді. Шекарадан өтсем, менi керi қай­тармайтынына сенiмiм кәмiл. Өйткенi, Қа­зақ университетiнiң студенттiк билетi мен екi жыл бойы баға қойылған «сынақ кiтап­ша­сы» костюмiмнiң iшкi қалтасында тығулы жүр едi. Соны көрсетсем, менiң шекара бұзған жан­сыз, не «шпион» еместiгiме шекарашылар сенедi деп ойлаймын. Анығын айтсам, 1961 жылы көктемде Шәуешекке келудегi басты мақ­сатым осы болатын. Ал атажұртқа көш бастап өту, сол көшке халықты дайындау идея­сы кейiн пайда болды. Мұндай өзгерiс енгiзген өмiрдiң өзi. Үрiмжiде ашаршылықтың дәмiн татып, көнек аурумен iсiп-кеуiп жат­қандарды өз көзiммен көрiп келгенмiн. Шәуе­ш­екке келсем, бұл аймақты да ашаршы­лық жайлап алған екен. 1958 жылы жаппай құрылған «Халық коммунасы» қалың жұрт­шы­лықты ортақ қазанға қаратып, жеке түтiн шығаруға тыйым салып, iшер ас, киер киiмге зар қып қойған кезi. Бұқара халық бұған наразы болып, аштық апатынан құтылудың амалын таппай, бастары қатып жүрген аса қиын кезең болатын. Осыдан бiр жыл бұрын Алтай аймағы коммунаға қарсы көтерiлiске шығып, олар қарулы әскер тарапынан күш­пен жанышталған. Ақыт қажының баласы Қалман бастаған алпыс адамды байлап-ма­тап, Үрiмжi түрмесiне әкелгенiн өз көзiммен көр­генмiн. Шеттерiнен мерген, Оспан батыр­дың ерлiк дәстүрiн әлi ұмыта қоймаған, жауын­гер Алтай керейлерi анадай халге ұшы­рағанда, Шәуешектiң отырықшы, әрi «оқы­мысты» жұрты ондай қайрат көрсете алмасы анық. Демек, бұл елге аштық апатынан құ­тылудың басқа жолын iздеу керек. Мiне, атажұртқа ел көшiру идеясы менiң басымда осылай туды. Жеке мақсат ендi ұлт мақсатына айналды. Қолымда «төменге түсiрiлдi» деген жолдау қағазым болғанымен, «идея қалтам» (қызметкердiң өз қолына берiлмей құпия ұсталатын жеке делосы) Үрiмжiден уақытында келмей, Шәуешекте үш айдай бос жүрдiм. Көңiлдегi мақсатты жүзеге асыруда, осы ай­ларды пайдаланып қалуға күш салдым. Бұл – қаладағы мұғалiмдер мен студенттердiң де жаздық каникулға шыққан бос кезi. Мен сияқты «төменге түсiп», әлi орныға алмай жүр­гендер қаншама. Алғашқы аптада-ақ Шәуешек жастары менiң маңайыма үйiрiле бастады. Олай болатыны, ол кезде жұртқа та­нымал, жас ақынмын. Оның үстiне Алма­тыда екi жыл оқып қайтқан, Мәскеудi көрген (1957 жылы Мәскеуде өткен дүниежүзiлiк жастар мен студенттердiң 6-фестивалiне Со­ветте оқитын Қытай студенттерi атынан қатысқанмын) адаммын. Қайтсек ұлттық езгi­ден құтыламыз, атажұрт Қазақстанға қалай жетемiз деп, ұшарға қанат таппай жүр­ген жастардың менен сұрайтын ақыл-кеңес­терi көп-ақ. Мұндай мүмкiндiктi зая кетiрмей, алдағы көш туралы әңгiменi ашық айта бастадым. Кешке қарай қалалық саябаққа барамыз, ойын-тойға қатысамыз, мұнда да то­ластамайтын сол әңгiме. Жастар Алма­тыны сұрайды, Мәскеудi сұрайды. Қазақстан халқының тұрмысын, мәдениетiн бiлгiсi келедi. Өздерi аттарын естiген ақын-жазу­шыларды сұрайды. Тiптi асыра айтпағанның өзiнде, техникасы мен мәдениетi шығандап алға кеткен советтiк өмiр салты оларға ға­жайып ертегi сияқты әсер етедi. Әсiресе, Қа­зақ­стандағы тоқшылықты, жыл ара мил­лиард пұт астық алатынын естiгенде, ауыз­дарының суы құриды. Сонымен, Шәуешек халқы көшуге дайын деуге болады. Қала тұр­ғындары ғана емес, қырдағы ел де солай. Ала­қандарына түкiрiп, «құдайым алдағы көк­темдi қолға бере ме, жоқ па» деп, асыға күтiп отыр. Бiрақ бұл жеткiлiксiз. Ендi алдағы көш­ке Совет одағын дайындау керек. Артынып-тар­тынып, шұбырып жетiп барғанда, шекара­шылар халықты өткiзбесе, не алдыңнан оқ бо­ратып, қырып салса не болмақ. Ендеше, олар­дан алдын ала баспана сұрап, босқындар кө­шiн бөгетсiз қабылдайтын ету керек. Осы ой­мен, бiз сол жылы күз айларында Мәскеуге жүз­деген адамның қолын қойдырып, ондаған хат жолдадық. Адрес белгiлi: «Мәскеу. Кремль. КПСС Орталық Комитетiнiң бас сек­ре­тары Н.Хрущев жолдасқа», немесе «Жоғарғы Совет Президиумының төрағасы К.Ворошилов жолдасқа» деймiз де, конверт сыртына бағалы маркiлер жапсыртып, ай­рықша заказбен жiберемiз. Кейде ол хаттар­дың көшiрмесiн Қазақстан Ком­пар­тия­сының бiрiншi хатшысы Д.Қонаевқа жiбе­рiп отыр­дық. Мен Мәскеуге жолданатын хат­тардың бiр­неше нұсқасын дайындағам. Он­да Шың­жаң қазақтарының бұл өлкеге қо­ныс­тану тарихы, жалпы қазақтың атажұрты – Қа­зақ­стан екенi қысқаша баяндалған. Сон­дай-ақ, қазiр Шыңжаңдағы қазақ ұлтының Қы­тай шовинистерi тарапынан саяси, эко­но­микалық, құқықтық езгiге ұшырап отыр­ғаны, қазiр ел iшiн аштық жайлағаны айтыл­ған. Одан ары «Совет Одағы – дүниедегi езiл­ген халықтардың жанашыр досы екенi, Шың­жаң қазағына атажұртқа көшуден басқа еш амалдың қалмағаны айтылып, егер алдағы көктемде көшiп бара қалсақ, бiзге баспана бе­рiлуiн сұрағанбыз». Кереметi сол, Кремльге жаз­ған хаттарымыздың «тапсырып алдық» деп мөр басылған түбiртегi келiп отырды. Бұл жағдай бiздi одан ары жiгерлендiре түстi.Қараша айында Шәуешекке Құлжадағы Совет консулының орынбасары келдi (бұл кезде Шәуешектегi Консулдық жабылып қалған). Ол жұртшылықтың тiлегi бойынша, көп адамдарды кезекпен қабылдады. Қа­был­дауда мен де болдым. «Ал халық ше? Шәуешек халқы алдағы көктемде атажұртқа көшемiз деп белсенiп отыр. Олардың жағдайы не бо­лады?» дедiм консулдың ау-жайын түйгiм келiп. «Осында келгелi осындай тiлектi көп ес­тiдiм. Мұны мiндеттi түрде жоғарыға жет­кi­зем. Айналып келгенде көшу мәселесiн ха­лықтың өзi шешедi» дедi ол. Арадағы әң­гiмеден өзiмнiң дұрыс бағытта екенiмдi түсiндiм. Күткенiмiздей-ақ, 1962 жылдың сәуiр айында көш басталып кеттi. Алдымен осы оқиғаны тықырши күткен қала жастары мен шекараға таяу ауылдар өттi. Олардың «балдай батып» кеткенiн көрген соң, алыс ауылдар мен аудандар қозғала бастады. Ол кез­де, келiсiм бойынша, шекараны Совет сол­даты ғана күзететiн. Қытай жағы әлi ше­кара күзетiн қолға ала қоймаған. Несiн айта­сың, Совет Одағы жүз елу шақырымға созыл­ған Тарбағатай шекарасын бес жерден ашып тастады. Жаманты, Бақты, Ергейтi, Емiл, Шағантоғай заставалары бiр шақырымға дейiн шекара сымдарын жинап тастап, аттылы, арбалы, түйелi көштердi күндiз-түнi қабылдады-ау! Не керек, айналасы жиырма-шақты күнде Шәуешек шаһары түгелiмен (қалада жүз мыңға жуық қазақ тұратын), қа­лаға қарасты аудан халқы, Шағантоғай ауда­ны, Шәуешектегi дүмпудi естiп қозғалған То­лы мен Дөрбiлжiн ауданының бiр бөлiмi ше­карадан өте шықты. Егер Қытай өкiметi әлсiн-әлi нота тапсырып, бiрiншi мамырда шекара жабылып қалмағанда, көш аймақтағы жетi ауданға түгел тұтасар едi. Соның өзiнде 200 мыңнан астам адам шекарадан өтiп үл­гердi. Әрине, ресми құжаттарда бұл сан ке­мiтiп көрсетiлдi. Дұрысы, сiрә, бiздiң есебiмiз болар… Бұл көштiң барысы «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романымда егжей-тегжейлi жазылған. Өз басым сол көштiң жоспарын жасап, бұйдасын ұстап келгенiмдi мәңгi мақтаныш етемiн. Менiң жазу­шылық еңбегiм, жазған том-том кiтап­тарым өз алдына. Ал 1962 жылғы көш – менiң азаматтық қызметiмнiң шырқау шыңы. Қазiр көре алмайтын, iштерi тар, мысық тiлеулi бiреулер менiң көш бастаған еңбегiмдi жоққа шығарғысы келiп: «Ол – ашаршылықтан қашқан босқындардың көшi ғой. Жұмадiлов соны сырттай иемденiп жүр» деп пыш-пыш өсек тарататын көрiнедi. Ондайлардан мы­наны сұрау керек: «Иә, ол жылдар Қытайда аштық болғаны рас. Ондай аштық апатына қазақтар тұратын Алтай аймағы да, Құлжа аймағы да ұшырады ғой. Жерлерi шекараға тиiп тұрғанына қарамай, ол аймақтардың халқы неге қозғалмай отырып қалды? Көк­темгi көкөзек шақта Шәуешек халқын дүр көтерген қандай күш? Көш бастаған серке кiм?» Ал менiң Мәскеу мен Алматыға ел аты­нан хат жолдағаныма күмән келтiрушiлер та­былса, ол хаттар Орталық Комитеттiң мұра­ғатында сақтаулы. Ақтарып көрулерiне бола­ды. Иә, жоғарыда айтқанымыздай, 1962 жыл­ғы ұлы көшке биыл – 54 жыл. Оның ұлы бо­латыны, қылышынан қан тамған импе­риялар шекарасын қақырата бұзып өтуiнде. Ол да ұлт рухының тасыған бiр жылы болар. Онда бiздiң де жас кезiмiз. Арман жоқ, ойхой жиырма бесiмiзде көш бастап, қамал бұзып­пыз! Ол көш те ерiккеннен емес, ұлт қамын күйттеуден туған. Бүгінде сол 200 мың адам өсіп-өне келе миллионнан асқаны белгілі. Ел­ге ел қосылса құт деген осы. Қазір тәуел­сіздік ал­ғаннан бергі ширек ғасырда сырттан мил­лионға тақау қандастарымыз келіпті. 25 жыл­да. Ал 1962 жылы 20 күн ішінде 200 мың х­алық дүр көтеріліп, шекара асты. Мұны Ұлы көш демей, не дейміз?! Еліміз қандай жағ­дайда өмір сүрмесін, сырттағы қандас­тары­мызға қашанда есік ашып қоюы керек. Көш тоқ­тауға тиіс емес. Исі қазақтың бір ғана Ота­ны бар. Ол – Қазақстан.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескендер 
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, 
Толғанай ТАЛҒАТҚЫЗЫ
Суретті түсірген Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
aikyn.kz

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика