Иван Бунин. Чангтың түстері

2 мая 2019

Чанг түстері БунинБәрібір емес пе, кім туралы айтса да? Оған жержүзінде өмір сүргендердің әрбірі лайық.
Чангтың мынау кең әлеммен және фәни дүниедегі ендігі тіршілігі қосақталған қожайынымен, капитанмен танысқанына не заман. Содан бері де аттай алты жыл кемедегі құм сағаттың құмындай сусып өте шығыпты.
Тағы да бір түн болатын – түсі ме, әлде өңі ме? – міне, тағы да қайта таң атуға жақын – өңі ме, әлде түсі ме? Чанг қартайды, Чанг маскүнем – қашанда қалғып-мүлгіген бейжай күйде.
Тыста, Одесса қаласында, қыс. Күн райы қатал, түнеріңкі, тіпті, Чанг пен капитан бір-бірін жолықтырған шақтағы қытайдағыдан да әлдеқайда нашар. Ұп-ұсақ, өткір қар борап, теңіз жағасындағы қаңыраған бос көшенің тайғанақ асфальт бетімен қиғаштай ұшып, қолдарын қалталарына тыға, бүкшеңдей, оңды-солды ебедейсіз жүгіре басып бара жатқан әр еврейдің бетін ауырта осқылайды. Босап қалған айлақтың, қардан тұмантқан шығанақтың ар жағынан, жалаңаш даланың шеті көмескілене әрең көрінеді. Мол1 бастан аяқ қою сұр буға бөгіп будақтайды: теңіз таңнан кешке дейін молдан домалай асып, көпіршіген ішек-қарнын ақтарады. Жел телефон сымдарын дыңылдата ысқырады…
Мұндай күндері қаладағы тіршілік ерте бастала қоймайды. Ерте Чанг пен капитан да оянбайды. Алты жыл – көп әлде аз уақыт па? Алты жылдың ішінде Чанг пен капитан, тіпті, капитан қырыққа да жетпей, тез қартайды, тағдырлары да тым оғаш өзгерді. Олар енді теңіздерде жүзбейді – теңізшілер айтатындай «жағада» және бір кездегі жерде де емес, жіңішке, сүреңсіздеу көшедегі, тас көмірдің иісі мүңкіп тұратын, еврейлердің, отбасына тек ымырт жабылғанда ғана оралып, шләпәсін желкесіне ысырып қойып, кешкі асқа отыратындары қоныстанған бес қабатты үйдің шатыры астында өмір сүреді. Чанг пен капитанның бөлмесі үлкен әрі суық, төбесі аласа. Мұнысын былай қойғанда, оның іші әр кез қаракөлеңке: көлбеу шатыр-қабырғаны тесіп жасаған шағындау, дөңгелек екі терезесі кеменікін еске салады. Терезелердің ортасында комодқа ұқсас әлдене және сол жақ тұстағы қабырғада темір кереует тұр; міне, ішінен үнемі жел аңқылдай үріп тұратын каминді есепке алмағанда, бұл жадау тұрғынжайдың бар жасауы осы.
Чанг каминнің артындағы бұрышта ұйықтайды. Капитан төсекте. Еденге тиердей тапталып созылып кеткен бұл төсектің де, оның үстіндегі матрастың да қандайлығын шатыр астында өмір сүріп көрген кез келгенге елестету оп-оңай, ал кір басқан жастықтың жұқалығы сонша, капитан оның астына былғары күртешесін салып қоюға мәжбүр. Дегенмен капитан осы төсекте де шалқалап жатқан қалпы, тып-тыныш, көзі жұмулы, өңі қуқыл тарта, – өлік сияқтанып, қимылсыз ұйықтайды. Ал оның бұрынғы төсегі керемет-ақ еді-ау! Келісті, мықты, биік, суырмаларымен, жайлы жұмсақ көрпелерімен, жұқа, сусылдаған төсеніштері және қардай аппақ жастықтары бар-тын! Бірақ, толқын шайқаған сол кездерде де, капитан, тіпті дәл қазіргісіндей терең ұйықтамайтын: күні бойы қалжырап шаршайтыны бар және енді ол ұйықтап қаламын-ау деп несіне алаңдасын немесе келер күн оны несімен қуанта қоймақ? Бір кезде дүниеде алма-кезек ауысып тұратын екі-ақ ақиқат бар еді: біріншісі сол, өмірдің тіл жеткізе алмас тамаша екені, екіншісі – өмір сүру үшін тек есуас болуың керек екені. Енді капитанның пікірінше, дүниеде тек жалғыз ақиқат – белгісіз тайпадан шыққан дана Экклезиастың, еврей Иованың ақиқаты ғана бар және болған, мәңгі бақи бола да бермек, ол жалғыз да соңғы ақиқат. Сыраханада отырғанда енді ол: «Жас кезіңнен көрген ауыр күндер мен жылдарды, ол кездерден рақат көрмедім дейтініңді, ұмытпағайсың, адам!» – дегенді жиі айтатын болды. Сөйткенмен де күн де, түн де сол бұрынғы қалпы, қазір түн болса, енді міне тағы бір таң атты. Капитан мен Чанг ұйқыларынан оянды.
Бірақ, оянғанмен, капитан көзін аша қоймайды. Оның осы сәтте не жайлы ойлайтынын, тіпті, от жағылмаған, ішінен түнімен тек теңіздің саф ауасы есіп тұратын каминнің жанында еденде жатқан Чанг та білмейді. Чангтың бар білетіні: ол, капитанның осы беті бір сағаттан кем жатпайтыны. Чанг, капитанға көз қиығын тастайды да, қабағы салбырап, қайта қалғиды. Чанг та маскүнем, таңертеңгілікте дүниені ол да мәңгіріп, бойын әлсіздік билеп, сол бір, кемемен жүзіп теңіз ауруынан зардап шегетіндердің барлығына етене таныс, қажыңқы жиіркенішпен сезінеді. Сондықтан да Чанг осынау таңертеңгі мезгілде қалғып-мүлгіп жатып, көңілсіз, жабырқау түсін көреді… Түсінде:
Кеменің палубасына қыликөз, кәрі қытай көтерілді де, жүресінен отыра кетіп, жанынан өткендердің барлығынан, өзі алып келген бір кәрзеңке иістенейін деген балықтарды сатып алыңдар деп жалына сарнай бастады. Қытайдың жалпақ өзенінде күн суық әрі мұнартқан шаң еді. Лай өзенде шайқалақтаған, қамыс желкенді қайықта, түлкіге де, итке де әлденендей ұқсастығы бар, мойнын қалың, қатты жүн қаптаған, – жирен түсті еркек күшік – ақылды мойыл көздерімен кеменің бүйіріндегі биік темір қабырғаға байыппен барлай қарап, құлақтарын тікірейтіп отыр.
– Онан да итіңді сат! – деді өзінің биік мұнарасынан2 кеменің бостан-бос тұрған жас капитаны қытайға көңілді, көтеріңкі дауыспен, саңырауға айтқандай айқай салып.
Чангтың алғашқы қожайыны қытай, айқайдан да, қуаныштан да сасқалақтап қалып, назарын жоғарыға аударып, иіліп-бүгіле: «Ve’y good dog, ve’y good!»3 – деп тықылдады. – Сөйтіп, күшік – бар-жоғы бір рубль күміс ақшаға сатып алынды, – сонымен, Чанг деп ат қойылып, сол күні-ақ жаңа қожайынымен Ресейге жүзіп кетті, сөйтіп, алғашында, тұтас үш апта, теңіз ауруынан азап тартып, басы айналғаны соншалықты, тіпті, ештеңені: мұхитты да, Сингапурды да, Коломбоны да көре алмады…
Қытайда күз басталып кеткен, ауа райының қысылтаяң шағы-тын. Сағаға шығар-шықпастан-ақ Чангтың жүрегі лоблыды. Қарсы алдарынан жауынның, тұманның иісі білініп, жазық айдын бетінде көбікті кішірек толқындар жалтылдап, сұр-жасыл түсті жыбырлақ титтей толқындар тербеле жүгіре жөнеліп, үшкілдене, бей-берекет шолпылдап, жайдақ жағалаулар шығандай түсіп, тұманға сіңісіп – айналада су ұлғайған үстіне ұлғая берді. Тоны жауыннан күмістей жылтыраған Чанг пен күләпарасын көтеріп алып, су өтпейтін пальто киген капитан, бұрынғысынан бетер биіктеп кеткендей көрінген капитан мінбесінде тұрды. Капитан пәрмен беріп, ал Чанг желден тұмсығын алып қашып, діріл қақты. Су ені кеңейе, бұлыңғыр көкжиекті қапсыра, қарауытқан аспанмен араласты. Шулаған жыбырлақ толқындардың ірілеуінен шашыраған тамшыларды жұлып әкетіп, көрінген тұстан тұтқиылдан киліккен жел, діңгектерге ысқырына соқтығып, темірмен табандалған етік киген, жамылғылары суға малшынған матростар желкендерді төмендегі байлауын шешіп, шап беріп, шиыршықтағанша дүңк-дүңк қаққылады.
Жел қай жерден қаттырақ ұрып өтсем деп тіміскіленіп, оған жайымен бас ұрып келе жатқан кеме, кенет, оңға қарай кілт бұрылғаны сол екен, қайнаған, зәулім ақжал толқын көтеріп әкеткенде, дес бере алмай, домаланған толқыннан көбікке малшына құлады, ал штурманның рубкасында қызметші ұмыт қалдырған кофенің шыны аяғы салдыр-гүлдір, сыңғыр етіп еденге ұшып түсті… Осы сәттен-ақ музыка басталды дерсің!
Мұнан соң да не түрлі күндер өтті: бірде жарқыраған көктегі күн оттай күйдірсе, бірде таудай бұлттар үсті-үстіне үймелеп, сұмдық гүрілмен найзағай шатырлады, енді бірде құтырынған нөсер кеме мен теңізге топан су болып ақтарылды; бірақ шайқалу, тіпті, тұрақтап тұрғанда да, толассыз шайқалу саябыр таппады. Әбден сілесі қатып, Чанг, юттың4, екінші кластық бос каюталардың ортасындағы қаракөлеңке қапырық дәлізінде, тәулігіне бір рет капитанның шабарманы Чангқа тамақ әкеліп бергенде ғана ашылатын, палубаға шығар есіктің биік табалдырығының жанындағы өзінің бұрышынан үш апта бойы бірде-бір рет тапжылмады. Қызыл теңізге дейінгі бар сапарынан Чангтың есінде қалғаны ішкі қоршаулардың ауыр сықыры, қайта-қайта лоқси бергені, жүрегі соқпай қалғандай болғаны, бірде кеменің қалтыраған артқы жағымен бірге шыңырауға құлап, енді бірде аспаннан бір-ақ шыққаны; биікке көтеріліп, кенет қайтадан түскенде, бұрамасы5 ауада тарсылдаған кеменің артқы жағына, иллюминаторлардағы күндізгі жарықты сөндіре, таудай су тұтасымен зеңбіректен атылғандай соғылып, содан соң қалың әйнектің бетімен лайлы селдей ақтарыла сорғалағанда өлердей зәресі ұшқаны ғана. Сырқаттанған Чангтың құлағына жеткені: алыстан бұйрық берген айқай, боцманның6 күркірей ысқырғаны, төбесінде, әлдебір жерден естілген матростардың аяқтарының тарсылы, судың шолпылы мен шуы, шала жұмулы көздері шетпірмен7 қаптаулы тең-тең шай үйілген дәлізді ажыратып, жүрегі айни, қапырық ауа мен шайдың ащы иісінен есінен тана, масайғаны ғана…
Бірақ осы жерде Чангтың түсі үзіліп қалды.
Чанг селк етіп, көзін ашты: бұл енді кеменің арт жағынан ұрған толқын емес, бұл – төменде әлдебіреудің серпіп лақтырғанынан тарс ете қалған есік болатын. Оның ізінше капитан қатты жөтеле, илектенген төсегінен созалаңдай түрегеледі. Тозығы жеткен былғары башмағын аяғына сұғып, бауын өткізіп байлап, жастықтың астынан алып шыққан алтын түймелі былғары күртесін киіп, комодқа қарай жүрді, сөйткенше, көнетоз жирен тонды Чанг та, еденнен түрегеліп, наразылана қыңсылай есінеді. Комодтың үстінде арақтың басталған бөтелкесі тұрған-ды. Капитан тура бөтелкенің аузынан қылқ еткізе салды да, сәл тұншығып, мұртын ентіге дем ала желпілдетіп, каминге қарай жүрді, сосын оның жанындағы жайпақ ыдысқа Чангқа да арақ құйды. Чанг құныға жалауға кірісті. Ал капитан шылымын тұтатып алып, құрыс-тырысының әбден жазылуын күтіп, қайта жантайды. Алыстан трамвайдың да шуы естіле бастады, сыртта, төменде бір қиырдан, тас көшеде тарсылдаған ат тұяғының дүрсілі тоқтаусыз төпелейді, десе де, шыға қоюға әлі ертерек. Сол жатқан бойы капитан шылымын шекті. Жалап болып, Чанг та жата кетті. Ол төсекке секіріп шығып, капитанның аяғының тұсына домалана бүктеліп, әр кез арақтың бөлейтін рақат күйіне ақырын малти енді. Оның жартылай жұмулы көздері тұманданып, қожайынына өлеусірей назар аударды, оған деген мейірімі үдей түскенін сезініп, адамша былай деуге келетін ойға шомды: «Аһ, ақымақ-ай, ақымақ-ай! Дүниеде тек бір ғана ақиқат бар, сен білсең ғой, оның қандай ғажайып ақиқат екенін!» Сөйтіп, Чангтың тағы түсі екені әлде ойы екені, капитан мен Чанг мінген, Қытайдан жүзіп шыққан кеме, азабы мол, беймаза мұхиттан соң Қызыл теңізге өткендегі сол бір алыста қалған таңғы шақ елес берді…
Түсінде:
Перимнен өтіп бара жатып, кеме әлдилегендей баяу тербеп, бұлғақтағанда Чанг та тәтті, терең ұйқыға шомған еді. Ұйқысынан аяқ астынан оянды. Оянған бетте, қайран қалды: маңайы түгел жайбарақат тыныштық, кеменің арт жағы еш жаққа қисаймай, ақырын ғана, бір қалыпты дірілдейді, су да қабырғаның ар жағында бір жерден жайымен сылдырлайды, палубаға шығатын есіктің астынан еніп ас үйден жеткен жып-жылы иіс неткен сүйкімді… Чанг орнынан көтеріліп, бос тұрған кают-компанияға көз тастады: онда, қара көлеңкеде көзге көрінер-көрінбес, бірақ ғажап бір қуанышқа бөлейтін қызғылтым-алтындай әлдене жұмсақ себезгілейді – онда, иен-тегін шуақты-көгілдір бос кеңістікке қарата артқы иллюминаторлар ашық тұр, ал аласа төбеге түскен сәуле айна бұлақтардай бұралаңдай ағып келіп сорғалайды, әрі ағып та таусылмайды. Сөйтіп, Чанг та, өзінің қожайыны, капитанның сол уақыттарда сан рет басынан өткізгеніндей жайға тап болды: оның кенеттен, дүниеде жалғыз ғана емес, екі ақиқаттың барына көзі жетті – біреуі сол, жер бетінде өмір сүру мен теңізде сапар шегуден асқан азап жоқ екендігі, ал келесісі… Алайда Чанг келесісін ойлап үлгермеді: күтпеген жерден ашылған есіктен ол спардекке8 апаратын басқышты, кеменің жалтыраған, қап-қара зәулім трубасын, жазғы таңның ашық аспанын және жуынып, қырынған, жаңа сепкен әтірдің жұпары аңқи, ақ сары мұртын немісше шиыра көтерген, өткір нұрлы көздері сәулелене, шымыр денесіне құйып қойғандай, бастан-аяқ аппақ болып киінген капитанның траптың астымен, машина бөлімінен тез-тез басып келе жатқанын көрді. Чанг осы көргендерінен алға қарай шаттана ұмтылғаны сондай, капитан оны жол-жөнекей қағып алды да, төбесінен шөп еткізіп, артқа қарай бұрылып, үш қарғып, оны қолына көтерген қалпы, жоғарғы палубаға, спардекке, ол арадан одан да биікке, алып қытай өзенінің сағасында зәресін ұшырған, нақ сол капитан мінбесіне9 ырғып шықты.
Мінбеден капитан штурманның10 рубкасына11 кірді де, ал еденге тастай салынған Чанг жылтыр тақтайларға түлкі құйрығын күлтелендіріп біраз отырды. Чангтың арт жағында аласа жерден түскен күн тым ыстық әрі жап-жарық еді. Жақыннан көрінген алтын жағалаулары және қоңырқай тауларымен, сусыған алтынға ол дағы терең көмілген, тіршіліксіз планетаның тауларына ұқсайтындай шыңдары, секіріп түсіп жетіп баруға болатындай, ерекше айқын көрініп, құм-таулы шөл даласымен – оң жақта қалып бара жатқан Арабияда да ыстық шығар-ау. Ал биікте, капитан мінбесінде әлі таңғы мезет сезіліп, әлі салқын леп білінеді, аппақ киім киінген, ақ дулығалы, төбесінен түйеқұстың мамығындай аппақ жұқа бұлттар бұйраланған алдыңғы мачтаның12 аспандағы өткір ұшына ауық-ауық қарап, үрейіңді ұшыратын қара көзілдірікті – сол, соның өзі, соңыра тұмсығына үрлеп қайта-қайта Чангтың қанын қайнататын – капитанның көмекшісі ілгері-кейін сергек адымдайды… Содан соң рубкадан: «Чанг! Кофе ішуге!» – деп капитан айқайлады. Чанг дереу атып тұрып, рубканы жүгіре айналып шығып, оның мыс табалдырығынан лып етіп секіріп түсті. Табалдырықтың ар жағы мінбедегіден де әлдеқайда артық болып шықты: онда қабырғаға жапсарластыра жалпақ былғары диван қойылыпты, оның жоғарғы жағында домалақ, жылтыр әйнекті, тілі бар, қабырға сағаты сияқты әлденелер ілінген, ал еденде нанды тәтті сүтке шылап жасаған быламық құйылған жуындының ыдысы тұр екен. Чанг ашқарақтана жалай бастады, ал капитан өз ісіне кірісті: ол диванның қарсысында, терезенің астына орналасқан үлдіріктің13 бетіне, үлкен теңіз картасын жайып жіберіп, оның үстіне сызғышты қойып, алқызыл сиямен батыра ұзын жолақ жүргізіп өтті. Чанг, жалап бітіп, мұртындағы сүтімен, үлдірікке секіріп шығып, сол жердегі, мүйізді доңғалақтардың жанында, терезеге арқасын беріп тұрған матростың қайырма жаға кең жейдесі көгеріп көрінген терезе алдына отыра кетті. Осы арада, ақырында, оңаша қалса-ақ, Чангпен сөйлескенді аса ұнататын болған капитан Чангқа:
– Көрдің бе, бауырым, мынау Қызыл теңіз. Қарай гөр өзін, құртақандай аралдар мен су асты жартастары қаптап тұрғанын, екеуміз одан енді сақтанып өтуге тиіспіз –– мен сені Одессаға аман-сау жеткізуім керек, өйткені сен туралы ондағылар хабардар. Түсінесің бе, мен сен жайлы, ақылды адамдардың барлық теңіздер мен мұхиттардың түбінен жүргізген ұзын сымы арқылы, байқамай еркетотай бір қызға айтып, оған сенің сүйкімділігің жайлы мақтанып қойған едім… Мен, Чанг, дегенмен өте бақытты адаммын, бақытты екендігім соншалықты, сен тіпті елестете де алмайсың, сондықтан да мына су астындағы жартастардың біреуіне соғылып қалуды еш қаламаймын, алғашқы ұзақ сапарымда абыройым айрандай төгіліп, масқара болғым келмейді…
Осылай деген капитан, кенет Чангқа қатал көз тастады да, тұмсығынан қағып жіберіп:
– Әкет табаныңды картадан! – деп бұйыра зекіді.– Қазынаның мүлкін таптаушы болма!
Чанг та, басын бұлғаң еткізіп, ырылдай, көзін жұмды. Бұл оған тиген алғашқы шапалақ еді, ол ренжіп қалды, оған енді тағы жарық дүниеде өмір сүру мен жүзу – жеккөрінішті көрінді. Ол мөлдір көздерінің оты сөне, сығырая түсіп, баяу ырылдай қасқыр тістерін ақсита бұрылып кетті. Алайда капитан оның ренішіне мән бермеді. Ол папиросын тұтатып, қайта диванға барды, бедерлі мақта матадан тігілген күртешесінің жан қалтасынан алтын сағатын шығарып, өткір тырнағымен қақпағын ашып, сағаттың ішіндегі жарқыраған, ерекше шапшаң, сыңғырлай асығыс зымырайтын әлденеге қарап отырып, қайтадан тату-тәтті сөйлесіп кетті. Ол Чангқа оны Одессаға, Елисаветинская көшесіне апара жатқанын, Елисаветинская көшесінде оның, капитанның, біріншіден, пәтері, екіншіден, сұлу жары және үшіншіден, ғажап сүйкімді қызы барын және ол, капитан, қанша дегенмен де өте бақытты адам екенін айтып, әңгіме бастады.
– Әйтсе де, Чанг, мен бақыттымын! – деді капитан, содан соң былай деп қосып қойды: – Менің сол қызым, Чанг, өте зерек, әрнәрсені де білуге әуес, алған бетінен қайтпайтын өжет қыз, – кей кезде саған, әсіресе құйрығыңа, оңай бола қоймас! Бірақ та, сен, білсең ғой, Чанг, оның қандай ғажап сүйкімді екенін! Мен, бауырым, оны жақсы көретінім сонша, оған деген өз махаббатымнан қорқамын: мен үшін өмірімнің бар мәні – бәрі дерлік дейік, – сол, – ал олай етуге бола ма? Әрі, жалпы, кімді болса да қатты беріле жақсы көрудің қажеті бар ма? – деп сұрады ол. – Сонда сендердің анау барша Буддаларың біз екеумізден ақымақ болғаны ма, ал құлақ қойшы, олар мынау жарық дүниеге деген махаббат жайлы, жалпы – күн сәулесінен, толқыннан, ауадан әйелге дейін, сәбиге дейін, боз қарағанның жұпарына дейін – адам жанымен, тәнімен сезінетіннің барлығы туралы не айтады екен! Немесе: сен, сендердің өздеріңнің, қытайлардың-ақ ойлап тапқаны, Тао дегеннің не екенін білесің бе? Мен, бауырым, өзім де жете білмеймін, бәрі де оны жақсы білмейді, бірақ оны түсінетін болсақ, бұл деген не? Тұңғиық – Түпана, ол өзі жаратып, өзі жұтып қояды, жұтып қояды да, жарық әлемдегі жаратылыстың бәрін қайта әкеледі, басқаша айтқанда – жаратылғанның барлығының Жолы сол, оған жаратылғанның ешбірі де қарсы келмеуі тиіс. Ал біз оған дамылсыз қарсы тұрамыз, дамылсыз, айталық, тек қана, сүйген әйеліміздің жан дүниесін өзгертуді ғана емес, тіпті бүкіл әлемді иіп әкеліп өз дегенімізге көндіргіміз келеді! Бұл әлемде өмір сүру қорқынышты, Чанг, – деді капитан, – керемет тамаша, бірақ қорқынышты, әсіресе мен сияқтыларға! Мен бақытқа өте қомағаймын ғой, сол себептен тым жиі тосыламын: қапас та зұлым ба бұл Жол, әлде тіпті мүлдем, мүлдем керісінше ме?
Азырақ үнсіз қалды да:
– Ең басты мәселе неде? Біреуді жақсы көрген кезіңде, ешкім де сені ешқандай күшпен, сен сүйген жан, сені сүймейді дегенге сендіре алмайды. Міне, Чанг, міне пәле қайда жатыр. Ал өмір неткен тамаша, құдай-ау, қандай тамаша! –деп қосып қойды тағы.
Әлдеқашан биікке көтерілген күн күйдіріп, сәл дірілдей зымыраған кеме ұшы-қиырсыз аптап ауа кеңістігіндегі тымық Қызыл теңізді тынбай тілгілейді. Тропиканың тұнық аспаны рубканың есігінен қарайды. Талтүс жақындап қалды, мыс босаға күн астында жанып тұр. Шыныға ұқсаған толқындар борттың сыртында асықпай домалап, рубканы жарқырата, көз қарықтыра жалт етеді. Чанг капитанды тыңдап, диванда отыр. Чангтың басын сипалаған капитан, оны еденге итеріп тастап – «жоқ, бауырым, қапырық!» – деді, – бірақ бұл жолы Чанг өкпелемеді: мынау шат-шадыман талтүсте жарық дүниеде өмір сүру қандай керемет еді. Сонан соң…
Бірақ осы жерде Чангтың түсі тағы үзіліп қалды.
– Чанг, кеттік! – дейді капитан, кереуеттен аяғын түсіре беріп. Чанг тағы да өзінің Қызыл теңіздегі кемеде емес, Одессадағы үйдің шатырының астында екенін таңғала бажайлады, далада шынымен де талтүс, бірақ шат-шадыман емес, қарауытқан, сұрқай, жек көрінішті. Ол мазасын алған капитанға ақырын ғана ырылдады. Бірақ капитан оған елең етпей, формалы ескі картузын және сондай пальтосын киіп, қолдарын қалталарына салып, құнысып, есікке қарай беттеді. Чангқа да еріксіз төсектен секіріп түсуге тура келді. Капитан баспалдақпен дәл бір мезі еткен қажеттіліктен, күштегендей ауыр басып құлықсыз аттайды. Ал Чанг әжептәуір жылдамырақ домалаң қағады: оны ширықтыратын, әрдайым арақтан масайраудың соңы соқтыратын ашуының әлі тарамауы…
Иә, міне, Чанг пен капитанның күн сайын бар бітіретіндері мейрамханаларға бару ғана болғалы екі жылға айналды. Онда олар у-шудың, темекі түтіні мен түрлі күлімсі иістердің ортасында ішіп, тіскебасар бірдеңені қаужаңдап, өздерімен қатар отырған, ішіп, тіскебасарын қаужаңдаған басқа да маскүнемдерге көз тастайды. Чанг капитанның аяғының астында, еденде жатады. Ал капитан шылымын шегіп, теңіздегі әдетімен үстелге шынтағын нықтай тіреп, әлденендей өзі ойлап тапқан заң бойынша, басқа мейрамханаға немесе кофеханаға орын ауыстыратын уақыттың жетуін күтіп отырады: Чанг пен капитан таңертеңгі асқа бір жерге, кофеге келесі бір жерге, түскі асқа үшінші, кешкі асқа төртінші жерге барып тамақтанады. Әдетте капитан тіл қатпайды. Дегенмен, капитан өзінің бұрынғы достарымен жолығысып қалатыны да бар, ондайда ол күні бойы өмірдің мәнсіздігі жайлы тынбай сөйлеп, дамыл-дамыл біресе өзіне, біресе тыңдаушысына, біресе еденде әркез алдында әлдебір ыдыс тұратын Чангқа шарап құяды. Осынау күнді де олар дәл солай өткізеді: бүгін олар капитанның ескі танысы, цилиндр қалпақты суретшімен таңертеңгі асты бірге ішуге уәделесіп қойған. Демек, олар алдымен – таңертеңнен кешке дейін жұмыстан бас алмайтын, іскер, бар мақсаты ішіп-жеп, тағы жұмыс істеп, өздері сияқтыларды шұбыртып дүниеге әкелуді ғана білетін, екі беттері қып-қызыл, ойсыз немістермен күлімсі сыраханада отырады; содан соң, ұдайы биржа жаңалықтарын тосып, маза таппайтын – гректер мен еврейлерге – бұлардың да бар өмірінде мән-мағына жоқ – лық тола кофеханаға барады, ал кофеханадан адамның неше түрлі азғындары ағылып келетін мейрамханаға жөнеледі, – сөйтіп түннің бір уағына дейін ол жерде де отыра береді…
Қыс күні шоп-шолақ, ал бір бөтелке шарапты ортаға алып, танысымен әңгіме-дүкен құрғанға, ол одан да шолақ. Міне, тағы Чанг, капитан, суретші сыраханада да, кофеханада да болды, енді мынау мейрамханада да таусылмайтын ішу мен аяқталмас отырыс. Тағы да капитан, шынтағын үстелге тіреп, суретшіге дүниеде жауыз да пасық жалғыз ғана ақиқаттың барын түсіндіріп, қызулана иландырады.
– Айналаңа қарашы, – дейді ол, – екеуміз күн сайын сыраханада, кофеханада, көшеде көретіндердің бәрін есіңе түсірші! Досым-ау, мен жер шарын түгел аралап көрдім – барлық жерде – өмір осы! Мұның, адамдар әлденеге бола өмір сүреді-ау дегеннің бәрі жалған және бос сандырақ: олардың құдайы да, ұяттары да жоқ, өмірінің ақылға қонар мақсаты да жоқ, махаббат та, достық та, адалдық та жоқ, – тіпті жай ғана аяушылық та жоқ. Өмір – лас кабактағы14 жабырқау қыс күні, одан еш артық емес…
Осының барлығын, Чанг та, үстел астында, ызалануға енді шамасы жоқ мастықтықтың тұманында жатып тыңдайды. Келісе ме ол капитанмен, келіспей ме? Бұған нақты жауап беруге болмас, егер де болмайды екен, демек, хал мүшкіл. Капитандікі дұрыс па, Чанг оны білмейді, түсінбейді; біз бәріміз де «білмеймін, түсінбеймін» деп тек қамыққанда айтамыз ғой; ал шат-шадыман кезде кез келген тіршілік иесі өзінің бәрін білетініне, бәрін түсінетіне сенімді… Алайда, бұл тұманды, кенеттен күн сәулесі көктей өткендей болды: мейрамхананың эстрадасында таяқтың пюпитрді тық еткізген дыбысы естілді де – бірінші скрипка сызыла әуен төгіп, одан кейін екіншісі, үшіншісі құйқылжи жөнелді… Олар барған сайын құлшына, барған сайын сыңқыл қаққанда, – бірер минуттан соң-ақ Чангтың жан дүниесі тіптен өзгеше сағынышқа, тіптен өзгеше мұңға бөкті. Ол белгісіз бір шаттықтан, әлдебір тәтті азаптан, әлденені аңсаудан діріл қақты, – Чанг өзін түсінде екенін әлде өңінде екенін айыра алмас күйге түсті. Ол бар болмысымен музыкаға елітіп, оның соңынан мүлдем басқа дүниеге ілесіп – өзін қайтадан сонау бір шақтағы ғажап әлемнің босағасында, Қызыл теңіздегі кемедегі, бар әлемге сенгіш, ақымақ күшіктей сезінді…
– Иә, сонымен қалай болып еді? – әлде түсі, әлде ойы ма. – Иә, есімде: Қызыл теңізде талтүстің ыстығында өмір сүру деген неткен ғажап еді! Чанг капитан екеуі рубкада отырып, содан соң капитан мінбесіне баратын… Шіркін, жарық та, жарқыл да, көгілдір де, көкпеңбек те иен-тегін мол еді-ау! Матростардың қолдарын жайып жібергенде, тұмсық үстінде желбіреген, сол бір ақ, қызыл, сары жейделері аспан аясында ғажайып гүлдердей шұбартатын! Содан соң Чанг капитанмен және беттері кірпіштей, көздері майланып, маңдайлары бозара тершіген басқа матростармен бірге, бұрыштағы электр желдеткіші ызыңдай үрлейтін бірінші кластық қапырық кают-компанияда таңертеңгі ас ішіп, таңертеңгі астан соң біраз қалғып алып, шайдан кейін түскі ас, түстен кейін тағы қызметшінің капитанға әкелген кенеп креслосы тұрған, жоғарыда, штурманның рубкасының алдында отырып, сонау алысқа, теңіздің ар жағына, бұлдыраған, сан алуан, түрлі түсті үлпілдеген бұлт басқан көгілжім көкжиекке жанаса бере кенет созыла оттай-қошқыл митраға15 айналып, алқызыл шараптай болып батып бара жатқан шапақсыз күнге көз тігетін-ді… Кеме оның соңынан өкшелей жүгіргенде, борттың сыртындағы, көкпеңбек — қызғылтым шегірендей жалтылдаған майда су өркештері тек жылт етіп қана қалып жататын, ал күн асыққан үстіне асығып, – теңіз оны нақ өзіне жұтып жатқандай, – барған сайын азайған үстіне азая бере, қызған көмірдей болып, ұзара, дірілдей сөніп, сөне сала, бар дүниені әлдебір мұң көлеңкелеп, түнге қарай күшейе түскен жел одан бетер мазасызданған. Капитан, жалаңбас, шашын жел тербей қозғап, көкжиекке сіңе бастаған күннің күңгірт жалынына қарап отырған-тын, оның жүзі ойлы, тәкаппар, мұңлы болатын, сөйтсе де оның бақытты екені, оның әмірімен зымыраған осынау кеме ғана емес, тұтас әлем оның билігінде екені сезілгендей-тін, өйткені дәл осы сәтте оның жан-жүрегіне бар әлем сыйып тұрғандай-тын, және тағы, одан сол кезде де шарап иісі білінетін…
Түн қорқынышты әрі асқан көрікті болып жетіп еді. Ол бей-берекет желімен, кеменің айналасында жойқын күшпен шулай жұлқынған толқындарымен қарауыта, үрейлендіргені сонша, кейде тіпті, палубада жылдам басып, тоқтамай қыдырыстаған капитанның ізінен жүгіре ерген Чанг, борттан қыңсылай жалт береді. Капитан Чангты қайта қолына алып, оның дүрсілдеген жүрегіне бетін тақай, – өйткені ол дағы айнымай капитандікіндей соғып тұрды! – палубаның ең ұшына, ютқа келіп, қараңғылықта ғажайып әрі зәреңді алатын көрініске Чангты таңғалдыра, ұзақ тұрып еді: кеменің биік, алып артқы жағының астында, винттердің құмыға шыққан бұрқылының астынан, құрғақ сыбдырлаған шексіз көп оттай ақшыл инелер шашырай бөлініп, іле-шала, кеме салған қардай ұшқындаған жолмен құйғытады, бірде көгілдір алып жұлдыздарға, бірде тығыз көк буға айналып, жарқырай жарылып, сөне бере, қайнаған жал-жал жұмбақ судың іші бозғылт-жасыл фосфордай будақтайды. Қараңғыдан жел тұс-тұстан Чангтың тұмсығынан салмақпен әрі жұмсақ ұрғылап, кеудесіндегі жүнді ұйпалақтай, тоңазытып жібергенде, капитанға бауыр баса, жабыса түскен Чанг күкірттің салқын лебін сезіп, теңіз тереңінің ақтарылған қарнының иісі танауына келіп, ал кеменің артқы жағы қалтырап, оны әлдебір теңдессіз әрі жойқын күш емін-еркін төмен түсіріп, қайта көтергенде ол, осынау соқыр, қараңғы, бірақ, жүз қайтара қағілез, ашуы іштен тынған Түпсіз тұңғиықты беймаза күймен тамашалай, тербетіле, тербетіле берген еді-ау. Кей кезде, ерекше бір асау әрі зілдей толқын, кеменің арт жақ тұсынан гүрілдей құйғыта, алапат жалтылдай, капитанның қолдары мен күміс түсті киімін жарқ еткізіп өте шығады…
Бұл түні капитан Чангты қызыл жібек қалпақты шамның ұлпа жарығы құйылған, өзінің кең әрі жайлы каютасына алып келіп еді. Капитанның төсегіне тиістіре қойылған жазу үстелінің үстінде, шамның көлеңкесі мен жарығында: терең креслода еркелей бұртиып, еркін отырған, шашы бұйралана төгілген, сүйкімді кішкентай қыз және тұтас бойымен дерлік түскен, иығында шілтер қолшатыры бар, шілтерлі үлкен шләпәлі, көктемгі сәнді көйлек киген, – сымбатты, нәзік, сұлу әрі мұңлы, грузин патшайымындай жас әйел бейнеленген – екі фотосурет тұрған-ды. Сонда ашық терезенің ар жағындағы қап-қара толқындардың шуылына қабаттаса капитан былай деді:
– Бұл әйел, Чанг, сен екеумізді ұната қоймас! Кей әйелдердің жан дүниесі, бауырым, әрқашан әлдебір махабатты мұңая аңсаумен зарығады, осыдан олар ешуақытта да ешкімді сүймейді. Ондайлар бар – барша тасжүректігі, өтірікшілігі, сахнаны, жеке автомобильді, яхтада сейілдеуді, шашын тігінен жарып, май жағып жалтыратып қойған қайдағы бір спортшыны арман қылатыны үшін оларға қайтіп кінә қоярсың? Бұл жұмбақты кім шешеді? Әркім де өз өресі жеткенге лайық, Чанг, әлде олар, мынау от қабыршақты, қап-қара толқындарда емін-еркін сайран салатын қандай да бір теңіз мақұлығы бағынатын, Таоның құпия әміріне бағына ма?
– У-у! – деді капитан, орындыққа отыра бере, басын шайқап, аппақ башмағының бауын шешіп жатып. – Алғаш рет оның енді басыбүтін мендік емес екенін сезгенімде, Чанг, – сол түні, ол алғаш рет яхт-клубтағы балға жалғыз барып, дәл бір солып қалған раушангүлдей, шаршау мен әлі жайланбаған көңіл толқынысынан бозара, мені соншалықты жатсына сыр бүккен жанарының шарасы кең ашыла түсіп, таң алдында оралғанда, не күйге түстім десеңші! Сен білсең ғой, оның мені қайтіп елден ерек ақымаққа айналдырғысы келгенін, әншейінгідей таңғала: «Сен әлі ұйықтамағансың ба, байғұс-ай?» – дей салды, осы арада мен тіпті тіл қата алмай қалдым, ал ол бірден түсінді де, тіс жармай, – тек, маған тез бір көз қиығын тастап, – ештеңе демеген қалпы шешіне бастады. Мен оны өлтіріп тастағым келді, бірақ ол салқын әрі жайбарақат қана: «Көйлегімнің арт жағын ағытып жіберші», – деді, мен оның еркіне бағына, жақын келіп, қалтыраған қолыммен әлгі бір ілгектер мен кнопкаларды ағыта бастадым – ашылған көйлектегі оның тәнін, оның екі жауырынының ортасы мен иығынан сырғытып, корсетке тығып қойған іш көйлегін көрген бетте, қара шашының жұпарын жұтып, жарық түсіп тұрған айнадағы, корсет биіктеткен төсін көзім шалғанда…
Капитан сөзін аяқтамай, қолын бір сілтеді.
Ол шешініп, жантайды да, жарықты өшірді, Чанг та жазу үстелінің жанындағы жұмсақ сақтиян креслода ары-бері қозғалақтап, жайғаса бере, жалт ете қалып сөнетін ақ жалынның жолақтары теңіздің қап-қара жамылғысын қалайша айғыздайтынын, қап-қара көкжиекте әлдебір оттардың қатер төндіре жылтылдайтынын, ол жақтан кей уақытта қаһарлана шулай, зымырап жетіп, борттан да биіктей ұлғайып, үрейіңді ұшыратын жаны бар толқын, – өне бойы мөлдіреген зүбәржат пен жақұттай түрлі түсті көздері от шаша, ертегідегі жылан дерсің, – каютаға үңілетінін, кеме қалай оны аулақ итеріп тастап, көне заманғы, ендігі бізге жат әрі қаскөй жаратылыстың, мұхит аталатын, орнықсыз әрі зілдей қоспасының ортасында ілгері қарай бірқалыппен жөнеле беретінін көрді…
Түнде, кенет, капитан айқайлай дауыстап, іле-шала, әлдебір жалынумен-қорланумен ынтыға шыққан өз айқайынан өзі шошына оянып кетті. Бірер сәт үнсіз қалды да, мысқылдай күлімсіреп:
–Иә, иә! «Хас сұлу әйел – шошқаның танауындағы алтын сақина!» Үш қайтара сенікі рас, Асқан данышпан Соломон! – деді күрсіне.
Ол қараңғыда темекі құтысын іздеп тауып, папиросын тұтатты, бірақ, екі рет ішіне сора тартқаннан кейін, қолын түсірді – сөйтті де, қолында папиросының шоғы қызарған бойы қалғып кетті. Қайтадан тыныштық, – тек бортты жанасалай жалтылдап, шулай, тербетіле толқындар зымырайды. Қара бұлттардың ар жағынан Оңтүстік Крест шоқ жұлдызы көрінеді…
Алайда, осы арада, Чанг тосыннан қатты шыққан тарсылдан абдырап қалды. Чанг зәре-құты қаша ытқып тұрды. Не болды? Тағы да мас капитанның кесірінен, үш жыл бұрынғыдай, кеме су астындағы тасқа соғылды ма? Тағы да капитан пистолеттен сұлу да мұңлы әйеліне оқ атты ма? Жоқ, түн іші емес, теңізде де емес, Елисаветскідегі қыстағы талтүс те емес, бұл – жап-жарық, шу мен түтін тола мейрамханада үстелді жұдырығымен қойып қалып, суретшіге айқай салған мас капитан екен:
– Сандырақ, бос сандырақ! Шошқаның танауындағы алтын сақина, міне сенің әйелің кім! «Кілемдермен әшекейлеп, жатын бөлмемді, египеттің алуан түсті маталарымен сәндеп қойдым: кел, кір, елжірескен ерке-назға сусындайық, өйткені үйде күйеуім жоқ…» А-а, әйел! «Ол әйелдің үйі өлімге, жолы – өлілерге бастайды…» Әйтсе де, досым, жетер, жетер. Жабылатын уақыт келіпті, – кеттік!
Сөйтіп, бірер минуттан кейін капитан, Чанг және суретші шамдарын қарлы жел үрлеп өшірген қараңғы көшеге шықты. Капитан суретшіні сүйіп, екеуі екі жаққа тарады. Ұйқылы-ояу, жабырқау Чанг, тротуарда тез әрі шайқалақтай жүріп бара жатқан капитанның соңынан қорқақтай жүгірді… Тағы бір күн өтті, – әлде түсі, әлде өңі? – тағы да дүниеде түнек, суық, қажу…
Осылайша, Чангтың күні мен түні біркелкі жылжып жатты. Бірде, таңертең, дүние нақ кемеге ұқсап, зер салмайтын көздерден жасырын қалатын су астындағы жартасқа, кенеттен, екпіндей келіп соқтықты. Қысқы бір таң еді, ояна сала Чанг бөлмеде орнаған тылсым тыныштыққа қайран қалды. Ол орнынан ытқып тұрып, капитанның төсегіне ұмтылғанда – басы артқа шалқайыңқырап, жүзі қуқылдана қатып, көзі жартылай ашық, кірпіктері қимылсыз жатқан капитанды көрді. Содан, осы кірпіктерді көрген бетте Чангтың торыға ұлығаны соншалықты, оны дәл бір көшеде зымырап бара жатқан автомобиль мұрттай ұшырып, қақ бөліп өткендей еді…
Бұдан кейін, бөлменің есігі маза таппай, сан түрлі адамдар – аула сыпырушылар, полицейлер, цилиндр қалпақты суретші және капитанмен мейрамханаларда бірге отыратын басқа да түрлі мырзалар дауыстай сөйлесіп бірі кірсе, бірі шығып және қайта оралғанда – Чанг тасқа айналды… О, бір кезде капитан зәрені ұшырып: «Сол күні үйді күзеткендер қалтырап, терезеге үңілгендер тұнжырайды; олардың биіктерден де зәресі ұшады, жолдарда да сұмдықтар болады: өйткені адам өзінің мәңгілік үйіне қайтты, оны енді жоқтау айтатын әйелдер қоршап алуға дайын: өйткені бұлақтың басында құмыра сынды, шығыршықты доңғалақ құдық үстіне құлап түсті…» – дейтін еді. Бірақ енді Чанг қорқынышты да сезінбеді. Ол еденде, тұмсығын бұрышқа қарата жатып, дүниені баз кешіп, оны ұмыту үшін көзін тас жұмып алды. Сөйтіп, теңіз тұңғиығына тереңдей түскен кімде-кім оның шуылын қалай естісе, дүниенің шуы да оған сол тәрізді алыстан күңгірледі.
Енді ол костелдің16 есігінің алдында, табалдырықта ғана қайта өз-өзіне келгендей болды. Ол сол жерде, шала ес, шалажансар күйде – тек тұла бойы ұсақ дірілден қалтырай, басы төмен салбырап отыра берген еді. Сөйтіп, кенет костелдің есігі айқара ашылып – Чангтың көзіне де, жүрегіне де әуенге, үнге толы ғажайып көрініс оттай басылды: Чангтың алдында қаракөлеңкеде готикалық салтанатты сарай, оттан шашыраған қызыл жұлдыздар, қаптаған тропикалық өсімдіктер, биік тұғырға қойылған емен табыт, қарауытқан адамдар тобыры, мәрмәр сұлулығы таңдай қақтырар – нақ әртүрлі жастағы апалы-сіңлілер сияқты, – ауыр қайғы баcқан екі әйел, ал осының бәрін – у-шу, гүрсіл-дүрсіл, клирдің17 періштелердің әлдебір мұңлы қуаныштары туралы саңғырлаған айқайы, салтанаттылықты, әбігерді, айбындылықты баса – ғаламат діни ән естілді. Сонда жанын сыздатқан және тәнті еткен әуенге толы бұл ғажайып Чангтың үстіндегі жүнін тік тұрғызды. Сонда, осы сәт костелден шығып келе жатқан, көздері қызарып кеткен суретші таңғала кідірді.
– Чанг! – деді ол Чангқа алаңдай еңкейіп. – Чанг, саған не болды?
Қалтыраған қолын Чангтың басына тигізе беріп, бұрынғысынан да еңкейе түсті – олардың жас толған көздері түйісіп, бір-біріне шексіз сүйіспеншілікпен үңілгенде, Чангтың бүткіл жан-тәні жер-дүниеге: аһ, жоқ, жоқ – жер бетінде тағы бір, мен білмейтін үшінші ақиқат бар! – деп дыбыссыз айқай салды.
Сол күні, қабір басынан оралған соң, Чанг, тағы да биікке, үйдің шатырының астына, бірақ жып-жылы, сигара иісі білінетін, кілемдерді төсеп тастаған, сірестіре көнекөз жиһаздар қойылған, қаптата аса көлемді картиналар, өрнекті қалың жібек маталар ілінген – өзінің үшінші қожайынының үйіне қоныс аударады… Ымырт үйірілген, камин тола қызулы, күңгірт қызыл шоқ, Чангтың жаңа қожайыны креслода отыр. Ол, үйге қайтып келген соң, тіпті пальтосы мен цилиндрін де шешпестен, терең креслоға шылымымен отыра кетіп, түтінін сора тартып, шеберханасындағы қараңғылыққа үңілді. Ал каминнің жанында кілем үстінде көздері жұмулы, тұмсығын сирақтарына қойған Чанг жатты.
Анау жақта, қараңғылық түскен қаланың ар жағында, зират аталатын, қабір қоршауының ар жағында, сағанада да, – біреу жатты. Бірақ ол капитан емес, жоқ. Егер Чанг капитанды жақсы көретін, сезетін болса, сол бір таңғажайып, ешкім түсінбейтін жад көзімен оны көре алатын болса, ендеше, басы да, соңы да жоқ Ажал жетпес сол дүниеде капитан әлі де мұнымен бірге. Бұл дүниеде тек бір ғана – үшінші – ақиқат болуы тиіс, –– ал ол қандай, – оны тек таяуда Чанг қасына қайтып баратын сол соңғы Қожайын ғана біледі.

Орысшадан аударған
Айман Мұқышева


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика