Исатай батыр Жәңгір хан Ордасын неге шаппады?

3 августа 2018

1234321495Ел тәуелсіздігімен бірге Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгірдің де саяси портреті қайта сомдалып, ғылыми дәйектерінің әлсіздігіне қарамастан, жаңа қоғамдық пікір қалыптастыруда көсемсөз шеберлерінің еңбектері алға шықты. Жәңгір ханның игі істерін ұлықтау шырқау биікке көтеріліп, оған кесене, ескерткіш, университет, көше, кітап дүкені, музей, мектеп атын беру шаралары жедел қарқынмен жүргізілді. Сөйтсе де, Отандық тарихнамада әлі күнге дейін Жәңгір хан тұлғасына қатысты бірізділік жоқ. Студенттік аудиторияларда кеңінен пайдаланылатын, еліміздің жетекші ғалымдары К.Есмағамбетов, М.Қойгелдиев, И.Кенжалиев, т.б. жазған іргелі зерттеулерде сын сағатындағы хан Жәңгір қимылын еш ақтап алуға болмайтындығы баса көрсетіледі, көк құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан бүгінгі жас ұрпақтың (еліміз бойынша мектеп партасында 2,5 млн. оқушы отыр. – автор) тарихи санасын қалыптастырып жатқан жалпы білім беретін орта мектептің 8-сыныбына арналған, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған, таралымы 108 000 дана оқулықта: «Жәңгір хан тарапынан салынатын алым-салық түрлері де еңсені езіп жіберді. Ол өзінің жеке басының пайдасына жинап алынатын бірыңғай салық түрін енгізді. Патша үкіметі ханның өзі жасап алған фискалдық қаржы жүйесіне араласпады», «Жәңгір хан мен оның төңірегіндегілер Исатайға жала жабуға көшті», «Жәңгір хан халықтың қаһарынан шошып кетті», т.с.с. жазылған. Бұдан Жәңгір ханның өте күрделі тұлға екендігі, сондықтан оны қоғамға насихаттаудағы ресми ұстанымда әлі бірізділіктің жоқ екені аңғарылады. Жәңгір хан хақындағы мемлекеттік рухани-идеологиялық көзқарастың бір ортақ ұлттық мүддеге жұмылдырылмауы, беделді ғалымдардың еңбектерінде «тамаша дипломат», «көреген қайраткер» ретінде дәріптеле бастаған тұлғаның сәулелі жақтарымен бірге, көлеңкелі істері де жетіп-артылатыны зерттеулер мен тарихи оқулықтарда көрсетілгендіктен, бүгінгі жас буынның тарихи санасы қарама-қайшылықтармен шырмалуда. Мұның сыры күні бүгінге дейін Отан тарихының көптеген принципті мәселелерінің түбегейлі дәйектелмеуінде жатыр.
Дәстүрлі қазақ қоғамы үшін қай заманда да ежелгі және мәңгілік құндылық — әлеуметтік әділеттілік. Әлеуметшіл тұлға қашанда — мемлекетшіл! Сонымен, әзірше шешімі жоқ сұрақ, сонда қай тұлғаның мемлекетшілдігі басым: Исатай әлде Жәңгір?! Таным таразысына теңдей тартылғанда, салмақ қай жағында? Тауларымызды аласартпай, даламызды асқақтатайық деген қағида бұл жерде жүре ме? Сансыз сауалды бір мақалада саралап, Жәңгір хан мен Исатай батыр арасындағы күрделі күрмеуді шешу, әрине, қиын. Сондықтан біз оның бір қырын — сәті түсіп тұрғанда, хан ордасын шабуға келген батырдың неліктен кідіргендігі туралы мәселені жүйелегенді жөн деп білдік.
Жасқұстағы ордасында «шыбын жанын шүберекке түйген» Жәңгір ханды қос батырдың қоршауға алған күндері тарихи әдебиетте баяндалған. Махамбеттің «Әй, Махамбет, жолдасым! (Исатай атынан)» атты монологы да сол күндерді әсерлі бейнелеп, бүгінгідей көз алдымызға әкеледі:
«…Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде,
Арыстандай ақырған
Айбатыма шыдамай,
Хан баласы жылады-ай,
«Жанымды қи» деп сұрады-ай.
Ақкөңіл, аңқау жүрекпен
Беремін деп мен тұрдым.
Көкбедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың.
Исатай басшы білсін деп,
Ауыр әскер қол тұрды».
Соңғы кезге дейін тарихнамада негізінен үстем болып келген көзқарас – старшын Исатайдың Жәңгір ханға сеніп, аңғалдыққа ұрынып, кейін бұл әрекетіне өкініп, опық жегендігіне аталған жыр жолдары дәйек болып жүр. Аталған тақырыпқа зерттеушілік ғұмырын арнаған белгілі махамбеттанушы Б.Аманшин: «Орданың іргесін түріп қойып, шауып алуға дөбі келіп-ақ тұрған шақ еді. Бірақ Жәңгір ханмен әлі де болса ымыраға келем бе деген, оны ақиқат жолына түсірем бе деген дәмесінен қайтпаған Исатай, қасындағы Махамбет, Үбі, Таңатар, Қабыланбай құсаған ең жақын серіктерінің де сөзін тыңдамайды. Орданы шаппай тұрып алады да, алтын уақытын текке жібереді» — дейді.
Жырдың жалғасы төмендегідей:
«Қырық бір жасқа келгенде
Өз дегенім болмаса,
Өзгенің тілін алмаған,
Кісі ақылы қонбаған,
Қанша айтсаң да болмадым,
Сөзіңе құлақ салмадым.
Бұрала біткен емендей
Қисық туған сорлы ағаң.
Хан сөзіне сенгенім,
Он күн срок бергенім.
Әскерімді таратып,
Он бір күнге қаратып,
Бекетай құмға келгенім…».
Махамбетке сенсек, сөз жоқ, Исатайдың қарсы беттің мәймөңке сөзіне иланған. Мәселеге бұлай келу шынымен де батырдың аңғалдыққа ұрынғандығын аңғартқандай және мақаланың тақырыбына алынған сауалдың жауабын Исатайдың атынан айтылған Махамбеттің осы өлеңімен де жылы жауып қоюға болар еді. Бірақ, біздіңше, бұл жерде бір терең сыр жатқандай болады да тұрады. Арыстандай ақырған батырдың «жібектей жұмсақ» бола қалғаны мүлде түсініксіз. «Халық қаһарланса, хан тағынан таяды» деген күн жақындап келген сәтте Исатай батырдың жүрек түкпірінде қандай құпия сақтағанын болжап, дөп басу өте қиын. Осыған дейін Қарауылқожа, Балқы, т.б. билердің ауылдарын ойланбастан ойрандаған батыр хан ордасын шабуға келгенде жансерігі Махамбеттің де ақылына құлақ аспады. Қалай болғанда да Исатай ұғымында хан ордасын тас-талқан ету соншалықты оңай шешім болмағанға ұқсайды. Дауылпаз ақын інісі Махамбет «теңіздей терең ақылдым, тебіренбес ауыр мінездім» деп сүйсіне жырлаған батыр ағасы Исатайдың бұл шешімі соңғы жылдарға дейін зерттеушілердің ойын сан-саққа жүгіртіп келді. Саяси ұстанымы мен азаматтық көзқарастары бір-бірінен еш ажырағысыз көрінетін қос батырдың негізгі мәселеде шешуші сәтте екі түрлі бағыт ұстануы, олардың түпкі мақсаты бір болғанымен, оған жетудің жолдарын әрқайсысы өзінше түсінгенін аңғартады. Біз бұл жерде Махамбеттікі қате, Исатайдыкі дұрыс еді деген ойды оқырман санасына тықпалап, екі тұлғаны шендестіріп, шешуші сәттегі «ең мықтысы» кім болғандығын іздеуден аулақпыз, мақсат — батырды шын мәнінде бөгеген қандай күш, осы тұрғыда шындыққа, ақиқатқа жақындау.
Исатайдың хатшысы болған Шөректің ұлы Ығылманның дастанында да жоғарыдағы жайт қайталанады. Осы деректерге иек артқан А.Мәметұлы Исатайдың «аңғалдығына», Махамбеттің «сұңғылалығына» бірнеше мәрте назар аударса, Х.Досмұхамедұлы: «Өтемісұлы Махамбет бас болып бір бөлек адам бітімнің керегі жоқ деп, орданы тез шабу керек деп зарласа да, Исатай бітімді мақұлдайды. Хан халықтың тілегін сұрайды» — дейді.
Исатай тарихын мұрағат деректері негізінде індете зерттеген, орынборлық тарихшы А.Рязанов «Исатай Тайманов көтерілісі» атты еңбегінде Исатайдың мүлдем қимылсыз қалуы түсініксіз жай болғанын, батырдың хан ордасына қарсы ешбір батыл әрекет істемегенін былай қойғанда, қолында толық мүмкіндігі бола тұра, тіпті олардың сыртқы өмірмен байланысын үзіп тастамағаны өте таңғаларлық екенін атап көрсеткен еді. Ол сол мезеттегі Тайманұлының саяси ұстанымын төмендегіше суреттеген: «Исатайдың іс-қимыл әрекетіне қарағанда, оған 2-3 мыңдық жігіттерімен хан ордасын талқандау түкке де тұрмайтын еді. Ендеше оның ашық күреспен орданы алу ниеті болған емес. Оны қолдайтын старшындардың көпшілігі Жәңгір ханды жоюды көздеген жоқ. Олар ханға қасында отырған барлық би-кеңесшілерін алмастырып, сұлтандарды, әсіресе Балқы би мен Қарауылқожаны қызметінен аластатып, олардың орнына Исатай жағындағы адамдарды тағайындатамыз деп ойлады. Сөйтіп, олардың көздегені — билік қайтадан рулық старшындардың қолына көшсе, сол арқылы Жәңгір ханның өктемдігі шектеледі, одан әрі халық мүддесі қорғалады деген ой-тұғын».
Мұнан әрі А.Рязанов, бір сөзбен айтқанда, Исатай батыр мен оны жақтаушылар ұлттық автономияны жүзеге асыруға талпыныс жасады деген қорытындыға келеді.
Біздіңше, империяның көтерілісшілерге қарсы ұзақ уақыт қимылсыз қалып, жазалаушы әскердің Ордаға келіп болмауы «исатайшылардың» сенімді қимылдауына жол ашып, алдағы күндерде де саяси үдерістер дәл осы бағытта жылжиды деп ойлаған батыр хандықтағы саяси өмірге бірте-бірте ықпал етем деген сыңайда болғанға ұқсайды. Сөйтіп, Исатай да, кезіндегі Сырым сияқты, Хан кеңесіне әсер ету арқылы старшындық топтың рөлін күшейтуге тырысқаны байқалады. Бірақ, бұл мүмкін емес-тұғын. Шын мәнінде Исатай Орыс империясының құзырындағы Жәңгір билігінің ендігі жерде еш қауқары жоқ қуыршақ екенін, өлкеде өктемдігі толық орнаған патша өкіметіне ешқандай күш қарсы тұра алмайтынын, сайып келгенде «тарих шығыршығын» кері айналдырудың еш мүмкін еместігіне алғашында барлау жасай алмаған секілді.
Соңғы жылдары зерттеушілер бұл шетін сұрақтың жауабын басқа қырынан зерделеуге бет алды. Ғалым Зұлқарнай Алдамжарұлы өзінің «Тарих: пайым мен тағылым» атты еңбегінде осыған дейінгі тарихнамада баса көрсетіліп келген Исатайдың хан сарайын шауып алуға күші жете тұра қимылдамағанын оның аңғалдығы мен сенгіштігінен іздеген тұжырымдарды жоққа шығарып, тарихи шындыққа біршама жақын көзқарастарын ұсынды. «Оның негізгі мақсаты тек ханның басын алу емес еді,— деп жазды ол, — екіге бөлінген қазақты өзара қантөгіске жібермей, хан, сұлтанға қысым жасап және хан жағында жүрген аталастарын да өз ықпалына көндіріп, патшалық басқару жүйесінен алшақтатып, көтерілісті біртұтас ұлт-азаттық күрес арнасына бағыттауға талпыныс еді… Сол сәтте Исатайға да келіссөз жүргізу керек болды. Мұндай үлкен шешімді іске асыруға ұмтылу алданғандық, аңқаулық болмас». Тарихшы шын мәнінде Исатайдың далалық дипломатияға жүгінгеніне назар аударған, ең өкініштісі, ханды қоршаған қауым өз қазағы екенін терең түсінген Исатайдың шиеленісті қылышпен емес, мәмілемен шешкісі келгенін хан өз мүддесіне «шебер» пайдаланып кетті. Көшпелі қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан сөзде тұрып, уәдеден таймау деген асыл дәстүр һәм мәрттік мінезді Жәңгір әп-сәтте аярлықпен алмастырды.
З.Алдамжар ел аузындағы деректерге сүйене отырып, Исатайдың әкесі Тайман батыр Бөкей ханмен сыйластықта болып, оның хандығының іргесін нығайтуға, Еділ-Жайық аралығын қазақтың тұрақты мекеніне айналдыру саясатына қажырлы қолдау жасағанын, бұл арақатынасты жоғары бағалаған Бөкей хан өз тілегімен ұрпақтарының болашақта Тайман батыр ұрпақтарымен достықта болуына батырмен баталасқанын, бұған Исатай мен Жәңгір куә болғанын, келе-келе аралары суып, алшақтай бастағанын, жеме-жемге келіп, мәселе ханды шабуға тірелгенде, қазақи ата дәстүрді қатты сыйлайтын, сертке берік Исатай әкесі Тайманның батасын аттап, аруақты қорлаудан, Жәңгірді өлтіріп, оның қанын көтеруден тайсалып қалуы да мүмкін екенін түсіндіреді. Жалпы, қазақ қоғамында ханды шабу себеп-салдары тереңге тартатын, күрделі мәселе екенін есепке алған жөн деген ой тастайды.
Шындығында, халық арасында нақыл сөзге айналып, ескіден келе жатқан «Ханның басын хан алар», «Ә, құдайым, ханды алмағай, хан кетіп, қара халық сандалмағай», «Ханға қарсылық — құдайға қарсылық», «Хан баласы көпір болса, басып өтпе», «Хан – шаңырақ, халық – уық», «Хан екі айтса, қадірі кетеді, қараша екі айтса, ары кетеді», «Хан қарашасыз болмас, дау арашасыз болмас», «Ханын сыйламаған ел азады» дейтін түсініктер хан тұқымының қара халықтан өзгеше әлеуметтік құқығын ғана емес, сонымен қатар хан билігінің қасиеттілігін баршаға паш еткендей. Бұқара жадындағы хандық билікке бұндай құрмет қазақ қоғамында оның халық санасына сіңіп, белгілі дәрежеде идеологиялық сипат алғанын аңғартады. Осыған байланысты, Исатайдың да сол күндері ханға һәм хандық билікке күмәнсіз сенгені, сондықтан да күдігінен үмітінің басым болғаны, бабадан келе жатқан дәстүрді үзгісі келмегені аңғарылады. Мұны мұрағат деректері де дәлелдейді. Исатайдың жазалаушылар қолына түскен қанды көйлек жолдасы Қабыланбай Қалдыбаевтың берген мәліметтеріне сенсек, хан ордасын қоршаған кезде Исатайдың жанында 3500 жігіт болған; батырдың мақсаты орданы қирату емес, «ханмен татуласу»; Исатай өз қолын Тастөбеге жинағанда егер ханнан тікелей бұйрық болмаса, орыс отряды бізге қарсы оқ атпайды деп сендіреді. Келтірілген дерек ханның қара басында батырдың еш шаруасы болмағанын және одан көпке дейін күдерін үзбегенін дәлелдейді. Батырдың хан ордасы бағытында ұстанған саясатын анықтайтын тағы бір тарихи дерекке кезек берсек, хан ордасындағы жағдайды естіп, суыт жеткен, Исатай әскерінің арасына іріткі туғызып, оны жаныштауды қолға алған подполковник К.Гекенің рапортында, батырдың уақыт ұтуды ойластырып, қыс түсіп мұз қатқан бойда, Жайықтың сол жақ бетіне көшіп кетпек ниетте болғаны айтылады. Бұл дерек қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыпты үрдіске айналған, ханнан әбден көңілі қалған қарамағындағы қарашасының ханнан алыс көшіп, қоныс ауыстыратын дәстүрін еске түсіреді және Исатайдың алдында Жәңгірмен арадағы бас араздықтан да биік мақсат тұрғанын көрсетеді. Қысқа айтқанда, ата-бабадан тіні үзілмей келе жатқан дәстүрлі мемлекеттілікті қастерлеген қоғамдық сана Исатай батырдың да саяси дүниетанымын өзгерте алмаған тәрізді.
Осы тұрғыда исатай-махамбеттанушы Әнес Сарайдың: «Исатайдың Орданы шаппауы — оның аңғалдығы да, сөзге сенгіштігі де, басқа да емес, о бастан-ақ батырдың хандық құрылымға емес, хан әділетсіздігіне қарсы күрескендігі. Исатай қазақ өмірінде хандықтан басқа құрылымды көрген жоқ, ол хандықты төңкеріп тастағанда, елдің ертеңгі күні не болатынын жақсы білді. Патша әкімшілігіне бағыну — басқа жол жоқ-ты… Ол хандықты төңкеріп тастамақ, ханды өлтірмек болған жоқ, ойы халық мұқтажына құлақ асуға иіп, көндіру ғана болды» — деген пікірі ғылыми жағынан жаңаша сарапталған соны ұстаным екенін атап өтпекпіз.
Басы ашық бір шындық — Исатай-Махамбет тарихының нақ осы тұсы аса күрделі және көпқыртысты, шым-шытырық ойларға жетелейді. Қалай десек те аңғал батыр қарсыластары құрған «тұзаққа» оп-оңай түсті деп, түйткіл тұсқа нүкте қоя салу, тарихи шындыққа салынар сүрлеудің жолын кесері анық. Бір қарағанда оқиға желісі «аңғал» батырды «айлакер» хан жерге қаратып кеткендей көрінгенімен, ақиқаттың ауылы тым алыста жатыр. Дәстүрлі қазақ қоғамында бұқара мен билік арасында ғасырлар бойы сақталған тепе-теңдік бодандық заманда бұзылды. Бұдан қара қазақтың басындағы қасіреттің негізгі төркіні отаршылдық саясатта жатқаны нақтыланады. Отаршылдықта ізгілік, басқыншылықта бейбітшілік болмайтынын Исатай-Махамбат тағдыры тағы бір мәрте дәлелдеді.
P.S. Монархиялық Англияның астанасындағы алаңдардың бірінде король І Карл мен соның басын алған Оливер Кромвельге қойылған ескерткіштер қатар орналасқан. Өткеніне құрметпен қарайтын әрбір ағылшын, тарихқа орасан ықпал еткен тұлғаларды тарих көшінен лақтырып кету, атын өшіру дегенді тіпті де ойламайды екен. Олар бабалары жүріп өткен жолдан өзіне керектіні алуды өздері шешіп үйренген. Жәңгір хан мен Исатай-Махамбет тағдыры да осыған өте ұқсас. Тарих — ешкімнің көңіліне қарамайтын ғылым, түптің-түбінде ол шындыққа, әділдікке, ақиқатқа барар жолды бәрібір табады.

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика