Илья ЖАҚАНОВ. ТӘҢІРБЕРГЕН МОЛДАБАЙ (эссе-элегия)

3 Қараша 2018

zhakanov_iliaЕ, ей, Тәңірберген Молдабай,
Малға жарлы болса да,
Айтар сөзге, тілге бай…
Бала кезімнен тыңдаған әнім. Бұл әнді біздің «Ілгерібас» ауылында Алдаберген есімді әйдік әнші құйқылжытушы еді. Нағыз сайын даланың бұлғақтаған серісі. Бір өзі – бір филармония! Домбыра мен сырнайдың ортасында емін-еркін жортақтады. «Молдабайдың әнін», «Ағашаяқты», Сауытбектің «Ақбөпесін» айтқанда жұртты бір күлдіріп, бір жылататын-ды.
Арқаның асқақ та терең толғанысты әндерін кең толғап, шолтаңдаған өресіз әндерді менсінбейтін тәкаппар мінезді тағы бір ерен әнші Әбдірахман Алдабергенді дәйім көкке көтере қолпаштап: «Әншімін десең, «Молдабайдың әніне» бас! Мұндай жойқын әнді айтатын әнші қайда, бүгінде? Оны сен … сен ғана жеріне жеткізіп шырқайсың, Алдеке!» деп масаттанып, осы әнге ешнәрсені теңгермей, күпілдеп, қайрап отыратын-ды.
Біз, әрине, баламыз… Алдабергеннің өнеріне мәз-мәйрам болған үлкендердің «артист… артист қой!» деген сөздеріне таңғалатынбыз.
Біздің ауылға аудан орталығы Байқадамнан Қабыл Ажақаев дейтін ақжарқын, серілеу кісі уәкіл боп жиі келетін. Қабылдың домбыра шертісіне тәнті болған жандар оны «Тірі Тәттімбет» дейтін-ді. Бүл бір мейлінше сыпа, қыз мінезді ізетті жан ән де салатын-ды. Қабылдың да ең сүйікті әні – «Молдабайдың әні» еді. Оны қыздырмалап айтқызатын да әлгі Алдабергеннің өзі. Сөйтіп, ауылымыз Алдаберген мен Қабылдың «Молдабайын» тамашалап: «Пәлі, осылай… шырқа!» деп екі таудың арасын жаңғыртып, дүрілдеп жататын-ды. «Молдабайдың әні» сол күндерден бастап зердемде қалып қойыпты…
*   *   *
1959-жыл. Күз айы. Мен «Қазақстан пионері» газетінде әдебиет және өнер бөлімін басқарамын. Газеттің беделді авторларының бірі – академик Ахмет Жұбанов. Ол кісі мектеп оқушыларына арнап сал, серілер мен күйшілер жайында шағын-шағын мақалалар жариялатып жүрді. Мен Ахаңмен тез шүйіркелесіп, етене араласып кеттім. Ақаң бір жолы емен-жарқын әңгімелесіп, өзінің ақтөбелік екенін айтты. Ол жердегі әнші-күйшілерді сөз қылып, былай деді: «Солардың ішінде Молдабай әншінің жөні бөлек. Дала рыцары! Дара тұлға! Сал-серілердің бізге жеткен көзі. Сонау Арқадағы жонглер әнші, циркач – Кемпірбай, Балуан Шолақ, Берікбол, Тайжан, Шашубай секілді әр қырынан жарқылдаған алапат жан. Дала артисі! Мұндай адамдар өмірге бір-ақ рет келеді.
Сол Молдабай мейлінше қолы ашық, береген, «Таңғы ас тәңірден « деп дүниенің алды-арты, бар – жоғына қарамайтын мәрт мінезді жан екен. Мал-дүние жимаған. Бар байлығы – ән… ән! Үш жүзді әнмен қырған бай баласы Біржан сал «Ахау, ариайдай» дейтін әнінде:
Өмірің көрген түстей өтер-кетер,
Кімдерге мирас болмақ жиған малың, – десе, Молдабайдың замандасы Шашубай:
Күніне жүзді беріп, мыңды алсам да,
Қалтамның түбі тесік байымаймын, – демей ме? Молдабай да нағыз ақынша өмір сүрді. Кербез кедей! Шаруаға қырсыз. Күйбең тірлікке қолы бармаған. Бар өмірі ат үстінде, той-думан, ойын-сауық, дуылдасқан халық ортасында… аққулы көлдер мен сырнайлы өзендердің жағасында, жасыл жайлау төрінде өткен. Құс салып, ит жүгірткен. Табиғаттың ер-кебұланы екен сол, Молдабай! Жарықтық біздің мына заманды көрді. Жиырмасын-шы жылдары ел ашаршылықтан қатты күйзелді. Сол ауыр күндерде кешегі бір кездерде шалқып жүрген Молдабай күрт еңсесі түсіп, қабағы ашылмай қойыпты. Өз жері – Мәртөктің төңірегін орыстар мен хохолдар түгел иемденген, жергілікті елдің тынысы тарылады.
Арақ-шараптың не екенін білмейтін пәк сезімді бейкүнә жұрт бүл сұмдыққа да бой алдырып қалған кез. Жастар жағы… қыз-жігіт олардың өрескел әдетіне ойыса береді. Сонда бала кезінен дін исламның қасиетті фәлсафасына жетік Молдабай отырыс – жиындарда үнінен күрсініс лебі шығып:
Заман азғанда жақсы кісі
қалада болады,
Жақсы ат доғада болады,
Тайынша менен танаға
жүк артылар дер еді.
Қарап тұрған жігітке
қыз артылар дер еді,
Мөңке би айтты дер еді,
Мөңке би айтқан келеді! – дейтін сөзді айтып, мұңға батады екен, құдайсыз атеистерден иманы үйірілген. Осыны ішіңнен біл де қой, шырағым. Ел ішінде Молдабай жайлы қыруар әңгіме бар. Сол тарих тірілсе… жұмыс шаш етектен, уақытқа зармын… Молдабайды жаза алмай жүрмін.
*   *   *
1965 жыл. Қыркүйек айы. Бұл кезде мен қазақ радиосының музыка редакциясында істеймін. Бір күні бас редактордың тапсырмасымен композитор Евгений Григорьевич Брусиловскийдің алпыс жасқа толуына орай «Қыз-Жібек» операсының жазылу тарихын қағазға түсірдім. Қазақтың әншілік өнерін жете зерттеп, зерделеген ғұлама жан: «Сал-серілер өнері бұл – халықтың биік мәдениеті» деп, мысалы, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді секілді ән сұңқарларының дауыс ауқымына қызықты. «Олардың үні тынық ауада жеті, он шақырымнан естілген» деді. Сондай әншінің бірі деп, Молдабайды айтты. Мен бұл сөзге елең ете түстім де: – Молдабайды көре алдыңыз ба? – дедім.
Брусиловский үнсіз басын шайқады. Сәл ойланып отырды да: – Мына бір жай ешуақытта ұмытылмайды, – деді, – 1935 жылы наурыз айында сол кездегі Нарком Темірбек Жүргенов мені Ақтөбеге командировкаға жіберді. Онда Ресейден келген бір артистер труппасы концерт беріп жүр екен. Солармен мәміле түзіп, Алматыға әкелуім керек. Негізгі тапсырма осы. Және тағы бір тапсырғаны – осы елдің ескілікті әндерін, соның ішін-де Молдабайдың әндерін нотаға түсіруді нықтап, түсін суытып отырып айтты. Мен бүл кісінің мінезін білетін едім. Тура сөзді адам. Екі сөйлемейді. Айтты бітті, қалайда орындалуы тиіс. Шатақтығы да бір басына жетеді. Ішімнен жүрексіндім де. Амал не, Ақтөбеге кете бардым.
Ақтөбеде вокзалдың қонақ үйіне орналастым. Вокзалда, одан құжынап жатқан базарларда талай адамдармен жүздестім. Базарда Молдабайдың әндерін салған бір сайқымазақ адамды кездестірдім. Алғашында қуандым. Бірақ, өзі сөзге қонақ бермейтін есерлеу пенде екен, жынымды келтірді, одан жарытып ешнәрсе жаза алмай, Жүргеновтің сұсы зәремді алып, іштей тындым. Бір жақсысы Ресей артистерімен жүздесіп, оларды Алматыға келетін етіп, келістім.
Көп ұзамай Алматыға қайта оралдым. Темірбек Жүргеновке бірден жолығуға дәтім бармады. «Молдабайдың әні» жөнінде не деуім керек? Қорықтым. «Қыз-Жібек» операсын жазып жүргенде Жібектің негізгі ариясын таба алмай, әр нәрсені шатпырақтап дал болғаным… сол шимайымды қадала тыңдаған Жүргеновтің «Собери свои шмотки, убирайся свой Ленинград! Это не ария Жибека! Бездар!» деген зіркілі есімде. «Молдабайдың әні» маған тағы бір сор болатын шығар» деп құтым қашты. Мұндай тығырықтан мені кім шығарады? Ойлап-ойлап: «Аһа, Ахмет Қуанович бар ғой!» деп жүрегім лүп ете қалды. Бірақ, бұл уақытта мен ол кісінің уысынан шығып кетіп едім. Ол басқарып отырған музыка техникумының фольклорлық кабинетінің жұмысын қойып, осы Темірбек Жүргеновтің бұйрығымен опера театрына ауысып, «Қыз-Жібек» операсын сахнаға сәтті шығарып, иә, қазақтың тұңғыш ұлттық операсын жасаған композитор ретінде көңілім өсіп, дүрдиіп жүрген шағым еді. «Адам жылқы мінезді» деп қазақтар дұрыс айтады. Жұбанов, әлбетте, мені өзінің қарауынан басқа қызметке жібергісі келмеді. Менің біліміме, қабілетіме, іскерлігіме сенгені. Мен оны, әрине, іштей жақсы түсінем. Дегенмен, екеуіміздің арамыздан шайтан жүгіріп өтті. Қанша пендешілік ойға берілсем де бұл бір жаратылысынан аса мәдениетті интеллигент жан өзінің бекзаттық қалпынан, кішіпейілдігінен жазған жоқ. Ішіне кек сақтамады да. Сонысы үшін мен де оны жаманшылыққа қимай, ара-қатынасымызда ізет жолынан таймай, ретті жерінде қолдап қойып, сыйлап жүрдім. Сол Ахмет Қуанович! Ахмет Жұбановпен ақылдасуыма тура келді. Солай еттім. Қадірлі Ахмет Қуанович бар жайды түсінді де, өзінің жібектей сызылған әдепті қалпымен езу тартып: «Оған саспаңыз, Евгений Григорьевич, өзіміздің Әли бар… кәдімгі Әли Құрманов! Солқылдаған бозбала кезінде Молдабайдың соңына еріп, шәкірті боп, біз білетін әйгілі әнін, және басқа да әндерін алып қалған жалғыз әнші. Одан асқан әнші жоқ. Осы Әлиден түсіріңіз, «Молдабайдың әнін», деді.
Соның ертеңінде мен көмекші режиссерімді жіберіп, Әли Құрмановты тапқызып, театрға шақырып алдым. Әлидің қолында домбырасы… жүрісі баяу, көңілі сынық, бойы шау тартып, науқастанып жүр екен. Қан қысымы жоғары көрінеді. Оның момақан жүзіне есіркей қарап, мен оған Жұбановтың «Молдабайдың көзі!» деп мақтаған қолпаш сөздерін айттым. «Молдабайдың әнін Сіздің үніңізден нотаға түсіруім керек» дедім. Ол үнсіз бас изеді де, менің сөзім жүрегіне жылы тиді ме, көңілі босады. Іштей есіркедім. Мен қазақтың қаймақ құйған балдай тәтті қоңыр төбел шайын Ахмет Қуанович пен оның кемеңгер ағасы Құдайбергеннің үйінде талай рет рахаттана ішіп, соған әбден үйренгем-ді. Асылы, батыс қазақтары шайды қаймақпен, түйенің сүтімен әдемі баптайды. Оны да біліп қалғам-ды. Мына Әли болса сол жақтың адамы. Соны ойладым да секретарь қызға шай қойғыздым… өрік, мейізі, мампасиі бар… жұпар иісі бұрқыраған үнді шайы! Әли екеуіміз ежелгі етене жандай жайбарақат отырып шай іштік. Әлидің бірте-бірте реңі кіріп, бозарған жүзіне қан жүгірді. Өзін еркін ұстады. Бір сәт ойлана қалды да домбырасының құлақ күйін ұзақ келтіріп, бетін терезе жаққа бұрып, бұл жерде өзінен басқа жан жоқтай бірденнен «Молдабайдың әнін» төгілдірді-ай кеп. Мен қазақтың талай әншілерін білем. Кейбірінен ән жазып та үлгерген едім. Солардың әрқайсысы мен үшін бір-бір феномен! Домбырамен шырқайтын әншілердің ішінде небір қызу қанды кереметтердің тоғыз перне бойында он саусағының қалай билеп, өзіне сұқтандырып қойғанын талай рет көргем-ді. Ал, Әлидің сілтесі солардың ешқайсысына ұқсамайды. Виртуоз! Әлидің диапазонына таңғалып, Молдабайдың үнінің қандай деңгейде екенін анық елестеттім. Өте биік, кең диапазон! Әли алабұрта толқып: «Молдабайдың дауысы жеті, сегіз шақырымнан естілген. Біздің Батыс әншілерінің пірі – Мұхит салдың өзі «Біздің әнге ендігі ие – Молдабай мен Қызыл әнші» деген. Қызыл әнші Ақтөбенің Ойыл жағынан. Молдабаймен замандас. Жиырмасыншы жылдың бас кезіндегі ашаршылықта өлді. Солай… Молдабай біз үшін үніміз жетпейтін асқар шың болса, біз соның қоңырқай ғана етегіміз» деді, көзі жасаурап.
Әли Молдабайға осылайша табынды. Мен де оған сүйсіне қарадым. Сол күні Әли маған «Молдабайдың әнін» жалында-та лапылдатып, тиянақты етіп жаздырды. Осы жолғы тірлігіме көңілім көншіді. Қобалжуым басылды. «Уһ!» дедім.
Бір аптадан кейін «Молдабайдың әнінің» нотасын Темірбек Жүргеновке әкеліп көрсетіп, кабинетіндегі рояльда ойнап бергенімде ол кісі оған балаша қуанды. Мен – пианистпін ғой. Күн көру үшін ана бір жылдары Ленинград киностудиясында дыбыссыз мылқау фильмдердің қым-қиғаш эпизодтарын рояльмен сүйемелдеп, мына он саусақты Әли Құрмановтың саусағындай сусылдатып баққам-ды. «Молдабайдың әні» виртуоздық шеберлікті керек ететін, оқыс ньюанстарына қиял жетпейтін, өте қиын… адам сезімін әлекке түсіретін сондай күрделі… ағылып жатқан бір экспресс сияқты ғажап дүние. Әли Құрмановқа мың да бір рахмет! Ол – тірі Молдабай!
Кейін Әли Құрманов екеуіміз дос боп кеттік. Денсаулығы да ептеп түзелді. Жиі жүздестік. Бүл бір сері көңілді жанның басқа да өнері бар екен, өзі бармағы былқылдаған шебер, ұста, зергер боп шықты. Мен өзімнің «Ер Тарғын» атты операмның бірінші қойылымынан кейін декорацияға кайта көңіл бөлдім. Опера кейіпкерлерінің сауыт-сайманы, киім-кешегі – костюмдерін, көксауыр етіктерін Әли көрсеткен кейбір үлгілерімен тіктіруді жөн көріп, суретші мен режиссердің зердесіне тықақтап құйып жүрдім. Солай жасаттым да.
Мен қандай шығарма жазсам да, ол қазақы рухпен шықты. Мұны мақтаныш десеңіз де, суреткерлік тәкаппарлық десеңіз де – шындығы осы! Мені осындай деңгейге жеткізген қазақтың мына сөз етіп отырған Әли Құрманов сияқты жүрегінде ұлттық сезімі, халықтан алған тәрбиесі мол адамдар жеткізді. Қазақтың кәусар коларитін осылар берді…
Ал, бір күндері Брусиловскийдің осы әңгімесін мен композитор Сыдық Мұхамеджановқа айттым. Сыдық ірі әншілердің ішінде Қуан Лекерев пен Әли Құрмановты ерекше жақсы көретін-ді. Қуанның үнін аққу әуезіне теңейтін-ді. «Біржан салдың «Мақпалын» Қуаннан басқа ешбір әнші мөлдірете алған жоқ» деп…. Әли Құрманов жөнінде: «Бір әншінің болмысында осыншама дарқан мүмкіндіктің болуы – тәңір сыйы» дейтін-ді. Кез-келген жанға мадақ сөз айтпайтын кер мінез Сыдық сәл күлімсіреп, сөз бастады: – Тоқтай тұр, Илья, көкейімде жүрген бір сөздің ретін келтірдің. Сен менен ылғи «Ғасырлар үні» ораториясын қалай жазғанымды тәптіштеп сұрай бересің. Сол беймаза тірлігіңді теріс көрмесем де бір жолы саған «Прокурорсың. Енді жөнді-жөнсіз мазалай берме» дедім. Екеуіміз шегіміз түйілгенше күлдік. Сен ол ораторияның біраз сырын білесің. Бірақ, бүгіп қалған бір жай – ол Әлидің ентелете, екпіндете соғатын «Молдабайы» бар емес пе? Оратория тақырыбына ән-күй іздеп жүрген кезім. Өзіңе аян, мен кез – келген жанмен пікір бөлісіп, сырласа бермеймін. Жұрт осы мінезімді ұнатпайды. Мейлі… дей берсін. Бір әріптес інілерім кейбір шығармаларымды ақылға салғанымда маған дәріс оқып, өзімді жолдан тайдырып жібере жаздады. Сондықтан, көбіне «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!» деп өзіммен – өзім боп, іштей түйіліп, өз жүрегімнің әмірін ғана тыңдаймын. Түптеп келгенде өз идеям, өз ойым, өз мақсатымды алып шығам. Иә, оратория жазатынымды ешкім білген де жоқ. Менде дос көп емес. Көп болуы да мүмкін емес. Өмір бәрі-бәрін өзі реттейді. Бір кезде қолтыққа кіріп, жалпылдаған жылпостардың талайы жөніне қалды. Жаныма жақын досым – композитор Қапан Мусин ғана. Қапаш! Кристал! Сәби көңілді әулие пенде. Ана бір жылдары Зощенко, Ахматова, Мураделилер космополит атанып, партияның қаһарына іліккенде қазақтың ұлттық композиторларының арасында тұңғыш рет симфония жазған осы Қапан Мусин жазықсыздан жазықсыз біраз каққыны көріп, жұмыссыз қалып, шығармалары еш жерде орындалмай, тиым салынып, ары аяққа басылып, көрешекті көрген жан еді. Содан болу керек, ол да менен басқа ешкіммен тіс жарып, тіл қатыса бермейді. Маған сенеді. Мен де Қапанмен ғана пікірлесем. Өзіңе аян, ол – консерваторияда инструментовкадан дәріс береді. Және фольклорлық кабинетті басқарады. Кабинетте жылдар бойы жинақталып, магнитофонға жазылған ән-күйлер жетіп артылады. Сол қазынаға қызығып, Қапанға келдім. Келсем Қапан екі езуі екі құлағында, шалқып, есіліп жатқан бір әнге мәз, мүлде еліріп отыр. «Молдабайдың әні!». Сол сәтте жүрегім лүп ете түсті. Ораторияның бір бөлімі – жеңіс салтанаты, халық шаттығы еді. Дәл осы бөлімге «Молдабайдың әнін» төге салсам, деп бірден есім шықты. Заматта Мұқан Төлебаевтың «Коммунизм оттары» кантатасында асып-тасып шалқитын Иса «Желдірмесінің» жөңкіліп бара жатқан дүбірі елестеп өтті. «Молдабайдың әнін» орындаған Әли… Құрманов! Не деген отты сезім иесі! Мен Қапанға: «Бүл әннің нотасы бар ма?» дедім. Қапан маған күлімсірей қарап, ыржиып, үш саусағын сытырлатты. Ақша сұрағаны. Мен «болады» деп қауқалақтадым. Қапан маған «Молдабайдың әнінің» нотасын берді.
Ораторияда – Ұлы Отан соғысы суреттелетін бөлімнен кейінгі «Еңбек мерекесі» деп аталатын осы бөлімде Ұлы Жеңістің дүбірлі күйін «Молдабайдың әнімен» биік экстазға шығаратыныма кәміл сендім. Құдіреті зор хор үні солисті қолдағанда сахнаны солқылдататын көріністі көре бастадым. Мен «Молдабайдың әніне» құлай берілдім. Іштей «Іске сәт!» деп бекіндім де оратория либреттосын жазып жүрген ақын досым Қуандық Шаңғытбаевқа осы ойымды білдірдім. Қуандық әуелі өзінің аңқылдаған жайсаң мінезді ілкімді қалпымен: «Здорово! Здорово!» дей берді. Мен оған рояльда «Молдабайдың әнін» қайта-қайта ойнадым. Ол мәз… «Өзімнің Ақтөбемнің Молдабайы!» деп жер-көкке сыймай мақтанды. Ал, ертеңінде… Қуандық маған көңілсіз күйде жолықты. Біраз үнсіз тұнжырап: «Болмайды… қыс құйрығыңды!» деді. Мен аңырып, оған тесіле қарап қалыппын. Ол қалтасынан төрт бүктелген екі бет қағазды алды да: «Оқы» деді. Мен үндемей қағазға үңілдім. Қуандық: «Не ұқтың?» деді. Мен қағаздағы өлеңге қараған күйі түкке түсінбей меңірейіп тұра бердім. Қуандық шекесі тырысып, өлең сөзінің орта тұсын саусағының ұшымен көрсетіп:
Аққу құстай шалықта,
Жақсы менен жаманды
Қаусырма жақ қызыл тіл,
Көп ішінде анықта.
Алтын қалпақ, жез телпек
Хандар киер көзіне.
Кімдер әуес болмаған
Молдабайдың сөзіне! – деп саңқылдатып оқыды. Сөйтті де мұртын мазасыздана сипап:
Алтын қалпақ, жез телпек
Хандар киер көзіне! – дейсің ә, Мұхамеджанов жолдас, хандарды мақтап. Болмайды. Өздеріңнің іштеріңде өзің сескеніп айта беретін бір-екі әріптес інің бар. Біреуі – өз мансабы үшін әкесін де сатып жіберетін карьерист, екіншісі – ешкімге ешнәрсені қимайтын іші тар ит. Орталық ‘комитетке домалақ арыз жазғыш, деп естимін, біреулердің қолымен. Молдабайдың осы әнінің жылдар бойы айтылмай жатуының бір себебі – осылайша хандарды ардақтауында болар, бәлкім. Әлде молдалығы… білмеймін, Сыдық, көңіліме осындай күдік ұялады, хандардың алтын қалпақ, жез телпегін мақтаған Молдабайдың осы әнін қозғамашы. Мұндай шалқымалы әндер қазақта бар ғой… бар. Және өзің енді ғана композиторлар одағының председателі болып бекідің. Осы қызметті саған қимайтындар да баршылық.» деді, менің ойымда жоқ қайдағы бір қауіп-қатерлерді сүмірейтіп.
Мен біраз іштей булығып, пендеміз ғой, Қуандықтың осы сөзінен аса алмадым. «Молдабайдың әні» мені әм табындырып, әм торықтырып ораторияға өстіп кірмей қалды. Мен осыдан кейін ешқандай бөгде ән іздегем жоқ. Мені жек көретіндер кекетіп, «Бетховен» дейді. Ал, мен бүл сөзді пысқырмаймын да. Сыртымды бермеймін.Оратория мені шабыт отына салды. Өзімді-өзім қайрай түсіп, Бетховенше сілкініп, ораторияның сол шуақты. сәулелі бөлімін өз мелодияммен жарқылдатып, нағыз бейбіт күннің салтанаты етіп жазып шықтым. Осы бөлімге Қапан Мусин қатты қызықты. Кісіге тек болсын дейтін ғазиз досым: «Сенің осы ораторияңдағы келесі бөлімің – «Отанға гимн» енді дәл осы «Еңбек мерекесі» бөлімінің қуатымен ол да осылайша дүбірлеуі тиіс, «деді. Мұны мен саған тегін айтып отырғам жоқ, Молдабайдың экспресстей заулаған мелодиясы маған осындай құштар сезімнің лебін берген сияқты. Мен содан суынғам жоқ. Сол қызулы қалпыммен жаздым. Оратория гимндік әнмен, асқақ патетикамен бітті.»
Сыдық Мұхамеджановтың «Молдабайдың әніне» байланысты осы бір естелігі тәрізді әңгімелер көп-ақ. Соның бәрін жылдар бойы мысқалдап жинап, біздің заманымызда әні ұмытылмаса да, өзі елеусіз, ескерусіз қалған бейкүнә жан Молдабайдың тағдырын ойлаумен болдым.
Жылдар өтіп жатты.
*   *   *
1992 – жылы қыркүйек айында Тама Есет батыр Көкіұлының Ақтөбеде өтетін 325 жылдық тойына келдім. Мұнда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, белгілі ғалым, неміс тілінің маманы Мұхтар Арыновпен естен кетпес сұхбатты күндерім болды. Екеуіміз дос едік. Мұхтар маған бұл елдің арғы-бергі тарихынан беймәлім сырлар шертті. Сол әңгімелерінің бірі – Молдабай еді. Молдабай жөнінде бізге белгісіз деректерді білетін және ол жайында дастан жазған Сейітқали Жанғалиев есімді қарияны атап өтті. Ол кісі Мәртөкте тұрады екен. Мен бұл ақсақалға тойдың ду-дуымен сол жолы жолыға алмадым. Кейін Ақтөбеге бір-екі рет келдім, онда да бір көлденең жұмыстардан қолым тимей Сейітқали ақсақалмен кездесудің сәті түспеді.
2000-жылдың қыркүйек айында мен Атырауға қоныс аудардым. Батыс әндері-нің табиғатына дендеп ене бастадым.
Небір тосын есім, тосын тарихқа кез болдым.Молдабайдың серілік өмірі де жүрегімді тәтті түстей тербеді де жүрді.
2001-жылдың маусым айында біз отбасымызбен Ақтөбеге келіп, көңілдес жандармен дидарласып, Қобдадағы Асанқайғының баласы Абат батырдың кесенесіне тағзым етіп, қаладағы музейді көрдік. Экспонаттары ықылым заманнан сыр қозғаған өлкелік музейде Молдабай жайында көзіме ешқандай дерек ілінген жоқ.
Мен университет ректоры Кенжеғали Кенжебаевқа Молдабай туралы ана жылдары Мұхтар Арыновтан естіген, және өзім бұрыннан көкейге түйіп, зерделеп жүрген жайларды сөз еттім. Кенжеғали: «Бұл бір керемет тұлға ғой, біздің заманымызда қалай ұмытылған, ә? Ақтөбе елінің ірі әншісі деңіз! Құбылмалы қоғамның елеусіз бір пендесі болған да қалған. Неге солай болған? Бұған тарих сөзі ғана жауап береді. Молдабайды зерттеумен айналысайық» деп менің бүл уәжіме ерекше мән беріп, қолдай кетті.
Кезінде Молдабай Теке, Ойылдағы Көкжар, Гурьев, Астрахань, Саратов, Самара, Қостанай, тағы басқа да жерлердегі жәрмеңкелерді әнмен дүрілдеткен. Оның серілік тобында жиырма-жиырма бес жігіт дүррі – әнші, күйші, палуан, атбегі, қүсбегілер, иә, өңшең дала рыцарлары жүрген жерін әнге бөлеген. Білікті жандардың сөзіне қарағанда Молдабайдың көп әңгімесі Орынбор жағында көрінеді. Ол өзімен рулас атақты эпик жырау, сұңғыла әнші Әкімгерей екеуі Орынбордың жәрмеңке туын көтергені ел ішінде сел-сел аңыз. Екеуін «Орынбордың қос босағасы» дейді. Молдабайды Орынбор төңірегінен сұрастырып, білуді жөн көрдім. Бар ықыласым Орынборға ауды да тұрды. Ол Ақтөбеге іргелес. Онда қазақтар көп. Соны ойладым. Кенжеғали – нақты іске шешімді, кесіп сөйлейтін алғыр азамат. Ол қолма-қол Мәртөкке телефон соғып, аудан әкімі Серік Ботағаринмен, оның орынбасары Жақсат Қарлығашевпен сөйлесіп, Орынбор жағына баратынымызды айтты.
Бір-екі күннен кейін Кенжеғали өзінің проректоры Халел Құсайыновты қосып, жарамды машинамен бәрімізді(жұбайым – Тиыш, немерем – кішкентай Әйгерім) Орынбордың Ақбұлақ ауданына шығарып салды.
Сол күні біз Ақбұлақ ауданында Тама руының Аташал, Дәулеткелді бұтағынан тарайтын көне көздермен жүздестік. Олардың бәрі: «Сөз білетін қариялар таусылды. Мына қасымыздағы Қуандық ауданында да сондай. Орынборда кімдер бар, одан хабарымыз жоқ. Орыстардың ортасында отырмыз.» деді. Біз дағдардық. Амал не, әбден орысқол боп қалған ағайындардан Молдабай хақында қаламыма ешнәрсе ілікпеді. Орынбордың өзіне барсам да «осындай жағдайға тап болармын» деп қобалжыдым. Уақытым да тар еді. Кежегем кейін тартты. Орынборға бара алмадым.
Кештетіп Мәртөкке қайта оралдық. Бұл жерде Молдабаймен аталас, Сейітқали Жанғалиевтің ұлы Мәліктің үйіне түстік. Мәлік маған әкесінің қолжазбаларын, шежіресін, кітабын берді.
Сол жолы Серік Ботағарин, Жақсат Қарлығашевпен әрі-бері ақылдасып, Молдабайды зерттеуге мәміле түздік. Олар бұл істі аудандық кітапхананың білікті қызметкері Елена Брониславовна Ониськоваға тапсырды.
Келесі жылы жазда мен тағы да Ақтөбеге келдім. Көкейімде – Молдабай! Сол сапарымда Ақтөбе теледидарынан Молдабай жайында бір қызықты хабарды көрдім. Хабарды орыс тілінде Елена Ониськова жүргізді. Мәртөк жерінің сұлу табиғаты – көгілдір таулары, шоқ-шоқ тоғайы, жыландай ирелеңдеп, сылаң қаққан жіңішке өзені, ашық аспанда қалқыған ақша бұлттары көздің жауын алды. Елена мен оқушы жастарға: «Осы жерлерде сонау ақша бұлтқа әнін жеткізген Молдабай өмір сүрді. Әне, Күшікбай суының жағасы… Қойбас тауы… оның етегіне көз салыңыз, кең алаңда ескі бейіттер… Әне, Бестеңге жотасы. Соның биігіне шығып, таңазанмен, не болмаса маужыр кеште шырқағанда, Молдабайдың дауысын төңіректегі елдің бәрі жеті-сегіз шақырымнан естиді екен»деп әңгіме айтып, бәр-бәрін қолымен нұсқап көрсетіп тұрған бір жылы жүзді, байсалды ақсақалдың сөзін тыңдап, іздеген жоғым табылғандай іштей шалқыдым дейсіз. Енді осы ақсақалды көргім келді…
2003 жылдың қазан айы.
Тағы да Ақтөбедемін. Мұнда мен Ақтөбенің арғы-бергі тарихын жақсы білетін ғалым, бұрын көп жыл облыстық мәдениет бөлімін басқарған, бүгінде өлкелік музей директоры – Еркін Құрманбековты, филармония әншісі – Қоянбек Тобағыбыловты алып, Мәртөкке жол тарттым.
Мәртөкте Молдабайға ерекше ықыласты Жақсат Қарлығашевпен жолықтық. Бұл кезде ол аудан әкімшілігінен ауысып, аудандық емхананың бас дәрігері болыпты. Жақсат арқылы Елена Ониськовамен жүздестік. Елена бізге Молдабайдың аталасы – теледидарда әнші атасы жөнінде сыр қозғаған Рахымжан Қазиев ақсақалды тауып берді. Таныстық. Рахымжан бауырмал жан екен, біздің келгенімізге толқи сүйініп: – Кезінде Қази атам өзімізбен аталас Пахриден қазіреттің мешітінде балаларды ескіше оқытты. Көкірегі ояу жан. Молдабайдың көзін көрді. Одан жиырма жеті жас кіші. Қонысы бірге болды. Өзі мейлінше пәк, таза, ғұлама кісі еді. Молдабайдың бар әңгімесін осы Қази атамнан алдым. Ал, оны бізден сұраған кім бар? Молдабай көріне көзге іздеусіз, ескерусіз қалды. Келгендерің жақсы болды, шырақтарым, өткен жолы мына Елена сәлемдеріңді жеткізді. Молдабайды зерттеп жүр екенсіңдер, соған қуанып, «Иә, құдай… иә, аруақ бар екенсің ғой, Молдабай атамның да күні туды де» деп көзіме жас алдым. Жасым жетпіс бесте. Жас кезімде педучилищеде оқыдым, бір жыл ғана. Шамалы уақыт мектепте істедім. Одан колхоз, совхозда есепші… сонан соң 1989-жылға дейін шофер болдым. Қай жұмыста жүрсем де қария сөзді кісілерге жанасып, мысалы, өзімізбен аталас Сейітқали ақсақалдан көп сыр тартып қалдық. Ол кісі Молдабайды өз әкесі Жанғалидың, көсем сөзді шежіре атасы – Шыңқай ақсақалдың әңгімесімен тірілтетін еді. Оны да көп естідік. Өмір оңай емес екен, қу тірлік, бітпейтін күйбең, егде тартқан жас мынау, кей жайлар ұмытылады да. Бірақ, көкірегімде әлі де біраз хикая бар, Молдабай жайында. Есімде не бар, сендерге бәрін… бәрін беремін, Молдабай атам тірілсін! – деді.
Біз осылайша бас қостық та жолға шықтық. Жол бойы мен Рахымжанның әңгімесін диктафонға жаздым. Хохолдар отырған Полтавка ауылынан өтіп, Күшікбай суының бойы – Қойбас тауының етегі Құрманалы тоғайындағы кең алаңдағы ескі қорымға тоқтап, Молдабайдың жермен-жексен болған… бір кезде көксұр тастармен қоршалған бейітіне дұға оқыдық. Одан шығысқа қарай әудем жерде Молдабай әулеті жатқан бейіттердің ішінде оның немересі Есенаманның басына да тағзым еттік. Содан кейін сол шығыс жақты бетке алып, Бөрлі өзенінің бойындағы Бөрлі ауылына (Студенческое) келдік. Мұнда Рахымжанның айтуымен Елена Ониськова сексенді алқымдаған Әсия есімді апайдан Молдабайдың қыруар хикаясын алыпты.
Әсия апай мен Рахымжан аталас. Екеуі де Молдабайдың жақыны. Бұл бір ғазиз жандар көп уақыт бойы бір-бірімен кездесе алмапты. Өткен-кеткен жайларды естеріне түсірді. Екеуі бір күліп, бір жылап отырып Молдабайдың зәу-затын, арғы аталарын, балаларын… оның Кердері Алтын қызбен айтысын, Орынбор жәрмеңкесіндегі серілік жүрістерін сөз етті. Рахымжанның қолында шежіре дәптер… Елена Ониськованың қолында Молдабайды білетін біраз беймәлім жандардың және осы екі есті кісінің дерегі, Орал, Орынбор жаққа арнайы барғанда тапқан материалдар негізінде жазылған зерттеуі бар.

(Жалғасы бар).


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика