Илья ЖАҚАНОВ: ТӘҢІРБЕРГЕН МОЛДАБАЙ (эссе-элегия)

7 Қараша 2018

45(Соңы. Басы). 

Молдабай!
Бөрлі өзенінің жағасы. Бөрлі ауылы. Әсия апаның үйі. Мені ұмсындырған әңгіменің тиегі ағытылса екен деген ниетпен қасымдағы әнші-шәкіртім Қоянбекке ым қақтым. Ол бірден түсінді де бұған дейін өзім әр ньюансын жөндеп, үйреткен «Молдабайдың әнін» аңқылдата бастады. Әсия мен Рахымжанға көзімнің астымен қарап қоям. Көздері ойға тұнған. Қай-қайдағы жайлар естеріне түсті ме, көңілдері босады. Ән орындалып біткенде екеуі іштей күрсінді. Еркін маған сыбырлап: – Әңгіме енді жөн-жөнімен айтылатын шығар. Мына екі кісі қатты толқыды, – деді, қолындағы видеокамерасын іске қосып.
Іле Рахымжан сөз бастады: – Молдабай – қын түбінде жатқан қылыш. Кешегі бір күндерде өмірдің қандай тәлкегін көрсек те күндердің күнінде ән дүлдүлі Молдабай атамыздың қынаптан шығарған қылыш сияқты жарқ ете қалатынын, әрине, жылдар бойы зарыға күттік. Мына Елена маған жолыққанда мен есімдегінің бәрін жіпке тізгендей етіп, айтып бердім. Бұл қыз сіздердің мәмілелеріңіз бойынша аудан әкімшілігінің көмегімен біраз жерге барып, зерттеу жүргізіпті. Соған ішім жылыды. Елена сол ісіңді өзің айтшы…
Елена: – Нам представилась возможность поработать в Госархиве Оренбургской области, Госархиве Актюбинской области, Областной Универсальной Научной библиотеке имени Баишева города Актюбе, Областной Научной библиотеке имени Крупской города Оренбурга, Областной юношеской библиотеке имени С.Жиенбаева города Актюбе, краеведческом музее городов Оренбурга, Актюбе, села Мартук, Мартукской районной библиотеке. Все это проходило в рамках культурного сотрудничества между Актюбинской и Оренбургской областями.
Собранные свидетельства и материалы по значимости и смысловой нагрузке можно разделить на фактологические и исторические свидетельства, где источником материала явились встречи и беседы со старожилами из рода Тама.
Появлению самородка Молдабая спасобствовала та среда, которой он рос и развивался. Когда родился Молдабай, никакого Мартукского района еще не было. Была Бурлинская волость. Третий аул зтой волости находился в живописном месте, среди высоких гор, и тонул в вишневых садах.
Әсия: – Біздің ел негізі – Оралдық қой. Солай деп үлкендер айтатын-ды.
Рахымжан: – Рас, біз мұнда Оралдың «Теке қолтығы» деген жерінен қоныс аударыппыз. Ол кез – Әбілқайыр ханның, Ұлы Тархан атамыз – Есет батырдың заманы.
Әсия: – Ол жақта жеріміз тарылыпты, – дейді
Рахымжан: – Солай. Жан-жағынан қусырылыпты. Малдың жайы да болмапты. Содан болу керек, аталарымыз Есет батырды сағалап, сол жарықтықты арқа тұтып, осы жерлерді алыпты. Бұл, жолда көрдіңдер ғой, нағыз жер жаннаты!
Елена: – Местность действительно была привлекательной. Самое привлекательное – это, конечно, горы: Каратау и Койбас. Ну, хотя бы потому, что их сразу видно. Со всех сторон. Чего там только не было тогда: и звери, и птицы, и обилие душистых ягод в лощинах…
А еще у аула речка протекала, Кучукбай называлась. Неболыная такая речушка в которую притоки Ащисай и Макпалсай вливаются, а сама она впадает в реку Борте. Да, эту речку жители очень любили и берегли. Вода чистая, хрустальная, родниковая ведь берет начало близ села Полтавки.
Жақсат: – Бұл өңір ертеде ырғалған қалың орман, сыңсыған тоғай екен.
Рахымжан: – Молдабай осы маңда құс салып, аң аулаған. Елдің де, жердің де еркесі – ол!
Еркін:– Ресейден келген келімсектер осы жердің бәрін иемденді..
Рахымжан:– Оның несін айтасың, есіктен келіп, «төр менікі» деді, пәтшағарлар! Полтавкада әлі күнге дейін хохолдар отыр. Украиндарды біздің ел осылай атайды. Оларды да қойдай иіріп, бізге жіберіп отырған о бастағы империялық саясаттың біздің заманымыздағы жалғасқан ісі ғой. Былай қарасақ, өзіміз сияқты халық. Пенде. Олар арбасын сүйретіп, жаяу-жалпылы, шаршап-шалдығып, арып-ашып, азып-тозып, сығанша шұбырып келгенде: «Кім шақырды, сендерді? Бұл – біздің өз жеріміз!» деп айтуға шарасыз боп қалған ата-бабаларымыз амалсыздан көніп, тіпті, оларға ас-ауқат, киім-кешек беріпті. Қарағаннан тоқып, балшықпен ұрып, шеден ғып… «дрездянка» дейді… шымнан қалап, төбесін қара бидай сабанымен жауып, үй де салып беріпті. Сол Полтавка, Андреевка, Покровка, Красноярка… осының бәрінде келімсек қарашекпендер. Олар – Самара, Полтава, Винница хохолдары.
Жақсат: – Краснояркада Медведьевтер, Казаковтар дейтін алпауыт орыстар тұрды. Олар Молдабайдың аталарымен жер үшін қырқысты. Шабындықтарын шауып алды. Егіндеріне түскен малдарын қайтармады. Оязной бастықтар осыларды жақтады. Анау Андреевка… оның байырғы аты – Қызылжар, оңтүстігі– орыстар, қалғаны – хохолдар. Орыстар мен хохолдар бірін-бірі менсінбеді, жек көрді. Хохолдар орыстарды мәскеулік болғаны үшін – «Москали» деп, қағытып, қыздарын қызғыштай қорып, олардын жігіттеріне бермеді, бірақ, өздері орыс қыздарына көп үйленді. Орыстар болса, хохолдарды «Қацаптар» деп мүйіздеді. Екі жағы да біріне-бірі беріспеді. Екі жағы да қазақтарға сор болды.
Шевченко деревнясын алыңыз, мұнда келген хохолдардың қолдарында Тарас Шевченконың «Кобзарь» деген кітабы бар екен. Сол себепті – оны олар «Шевченко» деп атаған. Бұл жер – Молдабайдың аталары жайлаған – Белқайың! Терек, қайың, қарағай, шырша, бұлбұлы сайраған қара орман. Сыңсыған қалың жыныс. Кезінде ырғалып жатқан осы бір үстіртте де Молдабайдың сері тобы ән шырқап, аң қағып, қызды ауылды, қымызды ауылды дүрілдетіп жүріпті. Осы жерлерде туған бір әнін мына Елена біледі.
Елена: – Среди песен певца есть лирические, посвященные богатой природе родного края, например «Ехал я по горам, собирал землянику» и другие. Жаль, тексты не дошли до нас полностью, люди помнят их отрывками. Эти песни особенно распевны, отличаются богатством сюжетов, образностью.
Рахымжан: -Е, ол әнді үлкендер ‘Тауға шықтым, жидек тердім» деп айтатын-ды. Оны да ұмытыппыз. Біз де орысқол боп кеттік қой, ә, дүние… Анау Полтавканы «Күшікбай» деу керек. Күшікбай – Сейітқали атамыздың әңгімесіне қарағанда, Таманың батыры! Өзі дәулетті де екен. Дәл осы жерді жайлапты. Бағана кешіп өткен өзен осы Күшікбайдың атымен аталады. Күшікбай Тама еліне күйеу Күреңбай деген кісінің Мақпал есімді сұлу қызына ғашық болады. Бірақ, Мақпал Әбілқайыр ханның жақынының бір баласына атастырылған көрінеді. Күшікбай Төрелерден ықпай, тәуекелге бел байлап, Мақпалды алып қашады. Осы шатақ іс үстінде Төрелердің содырлары екі ғашықты мерт қылады. Кезінде Молдабай осы қайғылы махаббатты хикая ғып жырлапты. Оны Шыңқай ақсақал қаймағын бұзбай Сейітқалиға айтып беріпті. Ол оны дастан ғып жазды. Ол «Алтын аймақ» деген жинағына кірді. Осы шығармасына белгілі ақынымыз Қадыр Мырза – Әли жақсы пікір жазғанын да оқыдық.
Осы Күшікбай суын біздің – Райым, Батыр, Байын, Сары аталарымыз жайлады.
Жақсат: – Күшікбай суы Құлақбайдың қырқа-жырасынан бастау алады ғой, солай емес пе, Раха?
Рахымжан:– Иә. Ол солай төмен сырғыған күйі мына іргеміздегі Бөртеге келіп құяды. Ұзындығы отыз шақырымдай.
Жақсат: – Иә, иірім-иірім боп кете бе-реді. Айналмасы, бұрылысы көп. Солай ирелеңдеп барып Жайыққа қосылады.
Еркін: – Молдабай елінің жер-суы, тау-тасы, сұлу көркі – табиғат сыйы. Сонау Арқадағы Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар ертегі дүниесіндей Көкшеде дүниеге келіп, әнші болса, қараңыз, Молдабайдың да туған жері сондай жерұйық… Енді Молдабайдың өз өмірін айтыңыздаршы…
Рахымжан: – Мен білем, әрине, бірақ, шашыратып алам ба, деп қорқам. Көңілдегі көрікті ой ауыздан шықса, берекесі қашады дейді, менің дерегімнің бәрін шырасын шығармай мына Елена қағазға түсірді. Жазғанының бәрін оқыдым, әлбетте, жаза басқан жерін түзеттім.
Әсия: – Бұл қыз өте ыждағатты бала екен. Менен алған әңгімесінің бәрін қаз-қалпында жазыпты.
Рахымжан: – Сөйле, Елена, поляктың әсем қызы!
Елена: – Танерберген Молдабай родился 1858-году, в Третьем ауле, Бурлинской волости Актюбинского уезда Торгайской области.
Молдабай родился в год лошади, а потому любил сравнивать образно себя с иноходцем. Отец его был простым скотоводом. С малых лет Молдабай воспитывался у деда Торгая. Это был остроумный гостепримный человек, который постоянно приглашал к себе акынов, певцов, домбристов, сам хорошо играл и пел. Так уже в раннем детстве Молдабай получал уроки мастерства от заезжих музыкантов. У мальчика с детства ярко выражалась любовь к музыке, его спутницей по всюду служила домбыра. А к скотоводству, земледелию он оставался равнодушен. Молдабай жаждал петь, совершенствовался в искусстве импровизации.
Рахымжан:– Бұған менің қосарым – Молдабай жылқы жылы туғандықтан, оның есімін азан шақырып, «Жылқышы» деп қойған. Шын аты – Жылқышы! Ал, біз оның өз әке-шешесінің атын білмейміз. Үлкендерден алып қала алмаппыз. Молдабай өзін «Торғайұлымын» дейді екен. Иә, атасы – ол! Өзінен үлкен жалғыз ағасының аты – Сандыбай. Ол атамыз жөнінде де бейхабармыз.
Жылқышы ауылдағы медреседе үздік оқыпты. Атасы Торғай – ақынжанды, сері көңілді, өнерді сүйген сергек сезімді жан болған соң, немересіне ескі діни қиссаларды, халық әндерін айтқызып, домбыра тартуға машықтырыпты. Құран сөзіне жетік, алғыр ойлы баланың өз есімі ұмытылып, ол үлкендердің еркелетуімен әуелі «Молда бала», одан біраздан кейін «оу, бүл бала тек молда емес, бай да болсын!» десіп, ақыры ол – «Молдабай» атанып кетіпті.
Еркін: – Раха, Молдабайдың зәу-затын…
Рахымжан: – Молдабай – Таманың Әліпке кіретін Аташал бұтағынан. Аташалдан – Тәңірберлі (Тәңірберген), Назаралы, Көкі, Сусар. Мәртөкте осы төрт ата бар. Назаралы әулеті – Бөрте бойы, Қызылсай, Құлақбай деген жерлерде. Көкі әулеті – Бөрте бойы, Қарағаш, Мәртөкте. Сусар әулеті – Елек бойы, Құмсайда. Сусар – әйелдің аты. Елге тұтқа болған соң ру иесі атанып кетіпті. Осы төрт атаның көп тарағаны – Тәңірберлі, Назаралы. Көкі онша көп емес, бытыраңқы. Әр жерде біреуі жүр.
Молдабай әулетіне тура түсейін: Тәңірберліден – Батыр, Байын, Райым, Қошқар, Шуақ, Сары, Аманқұл, Жаманқұл. Осы сегіз ұл! Сарыдан – Рысымбет, Жолбарыс, Қараша. Жолбарыстан – Дос, Торғай, иә, Молдабайдың өз атасы шығады.
Әсия: – Рахымжан, оқуың аз болса да, ескілікті әңгімеге жасыңнан зерек едің, айтқаныңның бәрі жөн. Молдабайдың өз кіндігінен тараған перзенттерін де айт.
Рахымжан:– Молдабайдың әйелінің аты есімде жоқ. Қым-қуыт заман көп жайды ұмыттырды. Молдабайдан – Жиеншора, одан – Есенаман. Есенаманнан – Мұрат. Жиеншора әкесі секілді дауысы биік әнші екен. Көп жасамапты. Одан туған Есенаман – ол да айтыскер, әнші домбырашы болды. Оның жалғыз ұлы – Мұраты да ән салды, домбыра тартты. Кешегі соғыстан қайтпады. Үйленбей кетті. Молдабайдың әулеті осы Мұраттың келте ғұмырымен бітіпті, солай… тағы бір әңгімелерде Молдабай жасы елулердің шамасында Орынбордан бір сұлу келіншекті әкеліп, сонымен ғұмыр кешіпті деседі. Бүл да бір күңгірт жай…
Еркін: – Жаңа жолда Молдабайдың бейітін көрдік. Соның мән-жайын, Әсия апа, Сіз біледі екенсіз…
Әсия: – Иә.
Рахымжан: – Еркін, шырағым, бұл әңгімені мен бастайын: жиырма-жиырма екінші жылдары ел ашықты. Тұралады. Қарақан басы, тұрымтай тұсымен кеткен бір сергелдең күндер туды, ел басына. Молдабай әулеті де тарықты. Немересі Есенаман қаңғалақтап, қасында Шоқанұлы Кенжеғали деген туысы бар, өзінен кіші, екеуі далбас қып, кәсіп іздеп, күнкөріс тауқыметімен Қызылордаға барады. Онда ұсақ-түйек бірдеңелерді айналдырып, біраз диланып, ес жияды. Сонан соң Кенжеғали екеуі, тағы бір Күлзада есімді жесір әйел бар, поезбен елге қайтады. Поезд үстінде Кенжеғали Күлзаданы ұнатып, онымен уәде байласады. Жолда бір станцияда Кенжеғали «қайнаған су әкелем» деп поездан қалып қояды. Адамда пендешілік көп қой, қараңыз, әлгі Күлзада енді Есенаманмен көңіл қосады. Тағдыр. Кейін бұл екеуі Ақтөбеде ойда жоқта Кенжеғалимен кездеседі. Есенаман болған жайды оған ашық айтады. Кенжеғали түсінеді. Ағасына жол береді.
Күлзада мінезге бай, есті әйел боп шықты. Есенаман екеуі тату-тәтті өмір сүрді. 1922-жылы, жаңа айттық, соғыста мерт болған Мұраты дүниеге келді. Молдабайдың соңғы шөбересі! Есенаман қайтыс болған соң Күлзада бір Жағалбайлы жігітіне қосылып, одан Қыдыр деген ұл туды. Тағы бір баласы бар. Осы екінші күйеуі де дүние салды. Күлзада одан кейін Қабиден дейтін кісіге тиді. Балаларын «Жиеншорин» деп жаздырды. Өле-өлгенше: «Молдабай атамның келінімін» деді. Жұрт сол үшін Күлзаданы жақсы көрді.
Ұмытпасам, жиырмасыншы жыл… не жиырма екі, әйтеуір, сол жылдар… Есет батырдың Бесобасында іргелес отырған елдердің бірі, иә, біреулер айтады: «Кердерінің бір ауылы той жасапты. Сол тойда Молдабай күнімен-түнімен әуелете шырқапты. Келесі күні түс ауа бере басы айналып, көзі түйіліп, дүние қысқа пішкен қамзолдай дөңгелене беріпті. Жағдайының күрт төмендегенін сезіп, өзі сыпа, шыдамды жан, сыр білдірмей, Желжетпес деген атына мініп, Күшікбай суының бойындағы ауылына келеді. Атынан зорға түсіп, үйіне зорға кіреді. Денесі нығыз болса да ықшам жүретін жан сондай сылбыр. Баяу. Көңілсіз. Реңі сұп-сұр. Рухы қашқан. Жан-жағына қарайтын шамасы жоқ. Әйелінің жүрегі дір ете қалады. Молдабай әйеліне: «Су жылыт» дейді. Әп-сәтте жылы су да дайын болады. Әйелі Молдабайды жуындырып, төсегіне жатқызады. Әйеліне: «Жұртты шақыр» дейді.
Ауыл адамдары лезде жиналады. Кіші бесін кезінде Молдабай оларға тұнжырай қарап: «Күнім еңкейіп барады. Бар өмір – көрген түс. Ә, жарық дүние… есіл өмір…аз күндік қонақ екенбіз… мына бір кебежені ашыңдар. Онда баяғыда Орынборда айтысқан бір келіншек берген алтын шашақты ақ жібек орамал бар, шетінде алтын ғаріпімен жазылған құран сөзі… соны алыңдар… домбырамды соған ораңдар. Қасымда жатсын, жан жолдасым,» дейді. Сөйтеді де қамшының сабындай шіркін өмір, нұрлы дүние қарауытып жүре береді».
Ақын өлімі – ел қайғысы! Күңіренген ел Молдабайды мына Әсияның атасы – Ержан атамыздың қасына қояды. Екеуі алаңның ортасында бөлек жатыр. Ой, тәңір-ай…. тәңір Молдабайды ақын ғып жаратты. Ол – ақынның өңірін сүрді. Дүние есігін әнмен ашып еді, әндетіп өтті дүниеден! Ал, Әсия, ендігі сөзді сен айт!
Әсия: – Иә, әлгі сауалдарыңа жауап берейін, өз әкем – Қалижан. Атам – Ержан. Ержан Жұбаннан туады. Жұбан-Торғайдың баласы. Көріп отырсыздар, Ержан мен Молдабай немере. Солай!
Әкем – Қалижан ортаның жылқысын бақты. Мен сонда он бір жастамын.Өңкей еркек балалармен ойнаймын. Нағыз еркекшораның өзімін. Тай үйретеміз, ат жаратамыз. Шашымды желкеме түйіп алып, атқа шабам. Әкемнен бір елі қалмаймын. Шешем жалғызілікті болған соң, менің ол еркелігімді жақтырмайды, жоқ жерден шатақ шығарып, маған шүйіліп кеп береді. Мен ықпаймын. Бағыну деген жоқ. Әкем шешеме зекіп: «Менде ұл жоқ. Ұлым да, қызым да – Әсия! Сен сөйлеме, бұған!» деп ұрсады. Мен әкеме арқа сүйеп, шолжыңдап солай өстім.
Әкем және ауылдың басқа да адамдары Молдабай атамның әндерін жақсы білді.О, шіркін, біздің елдің жайлауының маужыр кештері. Тау іші қоңырқай тартып, салқын самал желпиді. Күн қып-қызыл табақтай балқып, тау жотасынан жайлап аса береді. Біздің үйге іргелес көрші-қолаң малшылар, жылқышылар жиналады.Бал қымыз сапырылып, қазанда бағланның еті бүлкілдеп жатады. Әкем төрт құбыласы сай бір пешенелі жан… домбырасын балбырата шертіп, бір кезде қағып-қағып жіберіп, екі иығын қомданып, сілкіне қалып, екі көзі тым алысқа қадалып:
Балқан, Балқан, Балқан тау,
Басы есеннің дені сау
Ұйықтамаса қабақ жау
Ішпей-жеген тамақ жау
Арық атқа қамшы жау
Жыртық үйге тамшы жау
Қашаған болса атың жау
Қарыспа болса қатын жау
Еріншек болса ұлың жау
Ұрысқақ болса келін жау
Сүріншек болса түйең жау
Тебеген болса биең жау
Түйең менен биеңді
Алып бір кетсе жиен жау
Өңшең жаудың ішінде
Басым сауға, япыр-ау! – деп келетін Молдабай атамның «Бестоспа» әнін терме ғып шұбыртады. Жұрт бастарын изеп, тебірене мүлгіп отырады. Молдабай атамның әр сөзі алтын ғой… алтын! Қазір де ойлаймын, Молдабай ана заманның да, мына заманның да, келер заманның да адамы ма, деп. Жаңағы әнді әкемнің өз аузынан үйрендім.
Рахымжан: – Мен де есімде қалған сөзін Еленаға айтып бердім. Сейітқали ақсақалдың әңгімелерінде – Молдабай айтыса кетсе, жеңілмейтін, беріспейтін, ой-қиялы жер мен көкті шарықтаған, ән салса, дауысы аспан кезген паң көкірек әнші. Өзге кереметтерге мүлде ұқсамайды.
Елена: – Да, когда Молдабай импровизировал текст песен – здесь он был акын, собственно сочинял мелодию – здесь он являлся композитором, сам играл эту песню на домбре – здесь он был музыкантом и наконец, свою песню исполнял сам -здесь он выступал как певец. Таким образом в отличие от профессиональных композиторов и поэтов, народный акын обладал чудесным даром сочинителя и исполнителя сразу в четырех ракурсах. Песня стала ведущим жанром в творчестве Молдабая.
В зимнее время Оренбургские купцы устраивали скачки на Урале, где соревновались разные породы лошадей, так вот голос певца отражался от синева льда и «парень» над Оренбургом словно сокол.
Осы әңгімелерге жан-жүрегі елжіреген Әсия мен Рахымжан көздерінен мейір нұры төгіліп, іштей тамылжыды. Мен уақыттың біршама болғанын сездім. Мезгіл кіші бесіннен ауды.
Адамды әрқилы ойға салып, өмірі естіп-білмеген хикаялар шертілді. Көңіл дітінде жүрген жайлар анықталды.Біраз сырға қанықтық. Жүруіміз де керек. Алдымызға шай да келді. Шай үстінде Қоянбай тағы да:
Е, ей, Тәңірберген Молдабай,
Малға жарлы болса да,
Айтар сөзге – тілге бай
Сөйлер сөзге келгенде
Орынбордың аузында
Тағалаған жорғадай.
Сөйле, тілім, жалықпа,
Жалықпақ жақсы қалып па?
Білгеніңді айтпасаң,
Тек жатар жөнің бар ма, еді,
Тегіс жайып халыққа.
Айтарыңды анықта,
Аққу құстай шалықта,
Жақсы менен жаманды
Қаусырма жақ, қызыл тіл,
Көп ішінде анықта.
Алтын қалпақ, жез телпек
Хандар киер көзіне.
Кімдер әуес болмаған
Молдабайдың сөзіне.
Ақ дігердей көрінбей
Үйдің сәні келмейді.
Шым ораулы болмаса
Шидің сәні келмейді.
Егескен жауын мұқатпай,
Ердің сәні келмейді.
Қара жерден қар кетпей,
Көкорай шалғын шөп өспей,
Жердің сәні келмейді.
Үйрек ұшып, қаз қонбай,
Көлдің сәні келмейді.
Қызыл-жасыл киінбей,
Қыздың сәні келмейді.
Қыз-бозбала жиылмай,
Жырдың сәні келмейді.
Молдабайдың әні еді,
Осылай етіп ән салсақ,
Домбыраның сәні еді, – деп нөсерлете төгіп, арындаған екпінін зорға тоқтатты. Арқа мен Сыр бойының… оған қоса осы заманғы эпикалық, лирикалық әндерді, мұның ішінде менің домбырамен айтылатын әндерімді сырлы сезіммен еркін шалқытатын Қоянбайға енді ғана шырқай бастаған «Молдабайдың әні» үшін дән разы болдым. Отырған жандардың көздерінде шуақты сәуле.
Мен осы әннің әсерімен қатты толқыдым да: – Молдабайдың ұмытылған тағы бір-екі әні бар, – дедім, дәптеріме үңіліп.
Отырғандар мені үнсіз тыңдады. Еркін мен Елена бір-біріне қарасып: – Айтыңызшы, – деді қосарлана сөйлеп.
Мен: – Әнін білмеймін, – дедім, – сөзін архивтен таптым. Қырқыншы жылдардың ішінде айтуға тиым салынған көп әндердің қатарында Молдабайдың осы екі әні тұр. Біріншісі – «Қойшының әні»:
Ауылымның ақсақалы Арыстанбай,
Екі аттың бірі озбай ма,
жарысқанда-ай?
Мен пәленмін, мен түген дегенменен,
Біздікі не дегенмен, дауыс қандай!
Ай-хой, үрит шек-шек-шек,
дауыс қандай!
 
Жылқыда екі торы ат жем жейтұғын,
Біреуі біреуінен кем жейтұғын.
Қой бағып ыстық күнде жүргенімде,
Көңілімді, қайда құрбым, демейтұғын.
Ай-хой, шек-шек-шек, демейтұғын!
 
Ал, екіншісі – «Сусар-ай!»:
Дәйім менің мінгенім құла қасқа,
Шеңбер салдым құдыққа құламасқа.
Бірге отырған ауылың кетсе басқа,
Орамалың беріп кет жыламасқа.
А– а– а, Сусар-ай, Сусар-ай,
 
Сусын әкел, қыздар-ай,
Кәмпит берші, Әбила-ай,
Алып берші, Нағима-ай,
Мақұл деші, Жәмила-ай!
Жыртылмайды ақ көйлек
кең болған соң,
Екі құрбы ойнайды тең болған соң.
Көңілімді саған айтпай кімге айтамын,
Көңілімде асыл құрбым сен болған соң…
Мен екі әннің сөзін осылай оқып шықтым. Бәрі оған рахаттана бас шайқасып, қатты қызықты.
Жақсат: – Апыр-ай, ә, мына әндерді білмейміз, әрине, Елена, көшіріп алайық, – деді.
Дәптерімді Еленаға бердім.
Рахымжан: – Біз Молдабайға деген аңқылдаған ықыласымызды білдіруге қанша тырыссақ та, әрине, әлі де көңіл қалтарысында жатқан талай сөз бар. Бірте-бірте еске түсірерміз, кейбіреуін. Бағзы бір әңгімелерде Молдабай – әзіл-қалжыңға шебер, ойыншыл жан… күлдіргі істері көп, сонысымен аңызға айналған.
Еркін: – Жаңағы екі ән Молдабайдың жарқылдаған сері өмірінің бір сәулелі жағын көзге керемет елестетті. Молдабайдың айтулы
шәкірті Әли Құрманов айтатын «Он алты қыз» әні мен Молдабайдың мына екі әні бір-біріне сондай үндес, ұқсас. Бір әншінің жүрек лүпілі сияқты.
Күздің сол бір тынық кешінде жолшыбай «Молдабайдың серілік құрып, сайран салып, саялаған ағаштары, жағасына шатыр тігіп, ат жалдатқан өзендері» деп Рахымжан ақсақал талай жерге тоқтатты. Соның бірі – Абдал өзені. Тәңірберлінің Қошқар атасы жайлаған жер. Бұл өзен – Қызылжардан бастау алады, Күшікбаймен қатар ағады… маңайы құлазып, суы тартылып қалыпты. Жағасы бір кездерде мүлгіген қара орман болыпты. Бүгінде ағаштары сиреген. Үш адамның құшағы жетпейтін бір кәрі ағаш таңғалдырды. Шамасы бір жарым ғасырдан астам жасаған. Молдабай ат байлаған ағаш. Қиял қозғайтын тарихи жерлер, табиғаттың тіл байлар тылсым көріністері, иә, мына кәрі ағаш… сарша тамыз секілді тамылжыған кешкі пейзаж… Молдабайдың қиялына қанат бітірген өте көркем жер!
Мен енді Рахымжан ақсақалдан ғұлама көкірек Шыңқайдың мән-жайын сұрадым. Рахымжан бірден шешіле кетті: – Егер Сейітқали сол Шыңқайдан сөз алып қалмаса, Молдабай хикаясы бүгін шертілер ме еді, шертілмес пе еді. Шыңқай, Сейітқали, мына біз… әлбетте, Молдабай бәріміз – Тәңірберліден тараймыз. Жанғали Сейтқалиын осы кісінің бауырына салып береді. Сейітқали Шыңқайдың тәрбиесінде өседі. Сезімі сергек, ой-қиялы ұшқыр зерделі бала қария сөзді, шежіреші, әңгімешіл атасы шерткен қилы-қилы аңыздар мен тарихи оқиғаларды, өлең мен жырды көкірегіне тоқи берген. Соның әсерімен бала кезінен өлең жазған. Атасы оны ақындық өнерге машықтырған. Молдабайдың көзін көрген Шыңқай оның бар өмірін Сейітқалиға таңғажайып ертегі ғып шерткен. Келе-келе Сейтқали ақын боп шықты. Шыңқайдан естіп-білген тарих сөзін ол «Мақпалсай», «Қалмаққырған», «Тама Есет батыр», «Бөкенбай батыр», «Тәңірберлі Молдабай», «Ақлима анамыз» дастандарына өзек етті. Кердері Алтын қызбен жұмбақ айтысын, Молдабай жырлаған кейбір оқиғаларды ол өзінше жырлады. Әрине, сол Молдабайдың ізімен. Оның біразы өзінің «Алтын аймақ» атты кітабында жарияланды.
Сейітқали сері көңілді жан еді. Сонау жас кезінде сыпа, кербез, сәнқой жігіт боп елде жоқ сәнді киімдерді киді. Біз баламыз, оған қызығып, соңынан еріп, жүгіріп жүреміз. Е, Сейітқали… ол да бір қызықты тағдыр…
Молдабайдың өзі… атасы – Торғай, өз ұлы – Жиеншора, немересі – Есенаман, шөбересі Мұрат… міне, бір әулетте – бес әнші! Бес әнші!!!
Мәртөкке келгенше Молдабайдың серілік өмірі, жасындай жарқылдаған жайсаң әуезі мені бірде тұңғиық ойға батырып, бірде еріксіз жымың қақтырып, елеңдетті де отырды.
Сол жолы Молдабай жөнінде «Ақтөбе» газетінде сұхбатым жарияланды. Мені сол кездегі әкім орынбасары Амангелді Қабашұлы қабылдап, мына жаңалыққа жаны қалмай қуанды: – Ақтөбе топырағында туған Молдабайдай ұлы тұлғаны ардақтап, оның өмірі мен шығармасын жан-жақты насихаттап, арнайы қор ашып, басына кесене орнатуды қолға алуымыз керек! – деді.
Мен Ақтөбеден Атырауға оралған соң сол сапарда түсірілген видеокөріністер негізінде теледидарда бір сағаттай әңгіме жүргіздім.
Жұрт Молдабайдай ән еркесімен тұңғыш рет осылайша табысты.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика