«I am a singer Kazakhstan» 2-маусымына өтінім қабылдау басталды

29 Мамыр 2018

«I am a singer Kazakhstan» халықаралық талант шоуының екінші маусымы басталды. Осыған орай Қазақстан баспасөз клубында баспасөз отырысы өтті. Оған «31-арна» бас директоры Бағдат Қожахметов пен «I am a singer Kazakhstan» шоуының сарапшысы, әнші Сәкен Майғазиев қатысты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Конференцияда сөз алған Бағдат Болатжанұлы биылғы «I am a singer Kazakhstan» шоуының бірінші маусымнан айырмашылығын атап өтті. Оның айтуынша, биылғы жобаға таланты бар кез келген саланың өкілі Қазақстан мен әлемнің түкпір-түкпірінен келіп қатыса алады.

Биылғы жобаға Грузия, Түркия және Үндістанның өнерпаздары қатысуға ниет білдірді. «31-арна» бас директорының айтуынша, Қытайда «I am a singer Kazakhstan» жобасына ерекше қызығушылық танытып отыр. Бағдат Қожахметовтың берген мәліметіне сәйкес, былтыр Қытайда «I am a singer Kazakhstan» шоуының бірінші маусымын 150 миллион адам тамашалаған. Оған қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы беделі мен танымалдылығы әсер еткенін айтады.
– Бірінші маусымда «шетелдік әншілер байқауға қатысу үшін сол елдің ұлттық телеарнасы шоуды көрсету қажет» деген шарт болатын. Былтыр бұл шартты алып тастадық. Себебі «I am a singer Kazakhstan» байқауына Қазақстанда да, шетелде де қызығушылық зор екеніне көзіміз жетті. Әсіресе, Қытайда. Оған Димаштың әсері жоқ емес. Қытайлықтар Қазақстанда 18 миллион Димаш тұрады ойласа керек, – дейді «31-арна» бас директоры.

«I am a singer Kazakhstan» халықаралық талант шоуының екінші маусымының тағы бір ерекшілігі – биыл жобаны бірден екі телеарна көрсетеді. Шоудың өзін «31-арнадан» тамашалап, оның күнделігін «Muzzone» телеарнасынан көре аласыздар.

Аталмыш жобаға бірден екі телеарнаның эфир уақыты берілгені бекер емес. Былтырғы шоу халық арасында үлкен сұранысқа ие болып, көрермен сүйіспеншілігіне бөленген. Оған жоғары рейтинг дәлел.

Былтыр «I am a singer Kazakhstan» халықаралық талант шоуы әлемнің 6 елінде таралып, 8 елдің телеарнасында көрсетілген. Шоуды 200 миллионнан аса адам тамашалаған.

– «I am a singer Kazakhstan» шоуының қамтыған аумағы мен ауқымы кең, ұйымдастырылу деңгейі жоғары, сапасына қойылған талап жоғары болды. Қазақстандық нарықтың алдына биік белесті белгілеп берді. Рейтинг көрсетіп отырғандай, шоу көрерменнің де, ұйымдастырушылардың да көңілінен шықты, – дейді Бағдат Болатжанұлы.
Қатысушылардың талантын бағалайтын сарапшы Сәкен Майғазиев уақыттың тығыздығына қарамастан «I am a singer Kazakhstan» шоуында сарапшы болуға қуана келіскенін айтады.
– Маған осындай ұсыныс келгенде қуандым. Себебі «I am a singer Kazakhstan» шоуы маған қатты ұнайды. Шоуға қатысқан Қайрат, Ерден, Жарқынай және басқа да барлық қатысушылар өздерінің барлық мүмкіндігін ашып, кәсіби деңгейін көрсете білді. Қанша талант тасада қалып қойып жатыр. Осы жоба нағыз таланттарға өнерін паш етуге керемет мүмкіндік беріп отыр, – деді Сәкен Майғазиев.

Әншінің бұлай деуіне негіз де жоқ емес. Екінші маусымда жүлделі 3 орынға ие болғандар салмақты сыйлықтарды иеленеді. Биылғы шоудың жүлде қоры – 50 000 000 миллион теңге.

– 50 000 000 миллион теңге бірінші, екінші және үшінші орын арасында үлестіріледі. Бас жеңімпаз Алматыда жеке концертін өткізіп, жаңа әнін жазып, бейнебаян түсіруге және оны қазақстандық радиостанцияларда, музыкалық телеарналарда жыл бойы ротациялауға мүмкіндік алады, – деді Бағдат Болатжанұлы.

Шоудың екінші маусымында 4 сарапшы болады. Оның үшеуі тұрақты болса, төртіншісі тәуелсіз, яғни ауысып отырады. Шоу ұйымдастырушылары әзірге әншілердің өнерін бағалайтын басқа да сарапшылардың есімін атамай отыр. Бұл көрермен үшін жағымды тосынсый болмақ. Қысқасы, екінші маусымда көрерменді көптеген қызық күтіп тұр.

«I am a singer Kazakhstan» халықаралық талант шоуының екінші маусымында залда отырған көрермен үміткерлерге дауыс бере алады. Ол үшін арнайы құрылғы орнатылады. Егер жобаға қатысушының өнері залдағы көрерменнің 50 пайызына ұнаса, қазылар алқасы да оның шығармашылығын бағалай алады.

Жобаға қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталды. Ол 2018 жылдың 28 шілдесіне дейін жалғасады. Өтінім беру үшін singer.31.kz сайтындағы сауалнаманы толтыру қажет. Сонымен қатар үміткердің фотосы мен видео қоса жіберіледі. Қатысушының жасы 16-дан төмен болмауы тиіс.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика