Халықаралық ЕХРО көрмесінің қысқаша тарихы

7 декабря 2016

Келер жылы Астана қаласында Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі өткізілмек. Еліміздің имиджіне ықпал етіп, сырттан инвестиция тартуға қолайлы жағдай туғызатын бұл көрменің берері мол. Біз бұл мақаламызда халықаралық көрменің тарихына тоқталып өтуді жөн санадық.
ХІХ ғасырда жаңа ғылыми-техникалық мүмкіндіктерге жол ашылды. Қол күшін қажет етпейтін, механикалық станоктардың пайда болуы, өндіріс көлемінің ұлғайуына алып келді. Ал жаңа технологияларды, өнертабыстарды халыққа таныстырып, тәжірибе алмасуға оңтайлы жағдай туғызатын көрмеге деген сұраныс арта түсті. Сондықтан да экономикалық, саяси, мәдени және географиялық орналасулардың ерекшеліктерін ескере отырып халықаралық көрменің өткізу орны мен тәртібі анықталып, бір жүйеге түсірілді.

Экспо көрмесі
Ең алғашқы халықаралық көрме 1851 жылы мемлекет қайраткері, кәсіпкер және дизайнер Генри Коулдің және Альберт Девиз ханзаданың бастамасымен Лондон қаласында «Барлық халықтардың өндірістік жұмыстарының ұлы көрмесі» деген атаумен өтті. Көрме барысында Джозеф Пакстонның басшылығымен салынған Хрусталь сарайы көптің көңілінен шықты. Бұл ғимараттың бір ерекшелігі, ол бөлшектеуге ыңғайлы жеке құрылымдардан тұрғызылған болатын. Кейін басқа қалаларда да осыған ұқсас ғимараттар тұрғызыла бастадайды.
Бұл шара өзінің ерекшелігімен әрі маңыздылығымен көптің көңілінен шықты әрі табысты болып шықты. Сондықтан оны дәстүрі түрде өткізу туралы шешім қабылданады. 1855 жылы Наполеон III көрмені Парижде өткізуге бұйрық берді. 1862 жылғы форум тағы да Лондон қаласында өтті. Ал 1867 жылы Парижде өткен көрмеде шетелдіктерге өздерінің экспозицияларын қоюға арналған ұлттық павильондар тұрғызу қолға алынды. Ал 1889 жылғы көрмеде әйгілі Эйфель мұнарасы ашылып, Париж қаласының басты ғимараттарының біріне айналды.
1900 жылы Париждегі Бүкіл Дүниежүзілік көрмеге 51 миллион адам келді – бұл XIX ғасырдың бүкіл тарихындағы көрермендердің рекордтық саны болды.
1904 жылы Сан-Луиста (АҚШ) келушілер алғаш рет мұзы бар шайдың, ыстық бұршақтың, балмұздағы бар түтікшенің дәмін татып көрді және жаңадан туған нәрестелерге арналған инкубаторларды алғаш рет тамашалады. 1939 жылы Нью-Йоркте теледидар саласындағы RCA-дың алғашқы жетістіктері және алғашқы су турбиналары көрсетілді.
Көрменің қызметін реттеп, әрі қарай дамыта түсу мақсатында 1928 жылы Париж қаласында Халықаралық көрме бюросы (ХКБ) құрылды. Сол күннен бастап, ол әлемдегі өкілетті құрылымдардың бірі болып саналады. Халықаралық көрме бюросы халықаралық көрмелер принциптері мен мақсаттарының сақталуын, халықаралық қызметтесу шеңберінде білім беру, инновациялар саласында, жалпыадамзат мәселелері бойынша пікір алмасу жөніндегі ғаламдық сұқбат-кездесулер ұйымдастыруды қадағалайды.
1939 жылғы Нью-Йорктегі Бүкіл дүниежүзілік көрмеден бастап, көрмелердің бастапқы сипаты өзгере бастады, және оларды қоғамға арналған жарқын болашақты болжай отырып, нақты мәдени тақырыптарға арнады. Көрмелерді инновацияларды алмастыру мақсатында белсенді мәдениетаралық байланысты қолдады.
Өзінің құрылғанынан бастап Көрмелер халықтар арасындағы ынтымақтастыққа ұмтылды; сондықтан олар бір мезгілде «витрина» және адамзат прогресімен байланысты мәселелерді талқылау жөніндегі форумдар болып табылды.
Қазақстан КСРО мүше болып тұрған кезеңде де ЭКСПО көрмесіне қатысып, өз өнімдерін әлемдік нарыққа тынстырып отырды. Бірақ Мәскеудің келісімінсіз әрекет ете алмайтын тәуелді ел болғандықтан көп танылмады және жеке мүше болып кірген жоқ. Бұл мәртебе елімізге 1997 жылы ғана берілді. Сол жылдан бастап Қазақстан Халықаралық көрме бюросының (ХКБ) мүшесі болып танылды. Ал 2005 жылдан тұрақты қатысып, өзінің ұлттық павильондарын таныстыра бастады.

Нұрлыхан Қалқаман
«Қасым» порталы


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика