Халық күйлерінің тәрбиелік мәні үлкен

28 Қазан 2018

18487-6-haly_k_iler_n_t_rbiel__ruЫқылым заманнан келе жатқан қазағымның қанына сінген әуендерімен жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында, музыка мектебінде сабақ беретін мұғалімдердің еңбегі зор.
Қолына енді ғана домбыра алған бүлдіршінге, алғашқы қадамды қазақтың халық әндерінен бастап, содан кейін халық күйлеріне көшіп оқытса, оқушының ішкі интонациясының өзі халықтық тұрғыда қалыптасатыны анық. 
Ал фортепианоның сүйемел­деуімен орындалатын қазақ композиторларының шығар­малары бір музыка мектебін бітіріп шығуға жетерлік. Сонымен қатар халық күйлерінің ішінде де балаға орындатуыға болатыны болмайтыны да бар. Оны да ескеру керек. Мысалға, халық күйлері «Кеңес», «Көк дөнен», «Сары өзен», «Келіншек», «Жастар биі», «Бозінген» және т.б. халық күйлерін бастама ретінде оқушыға үйретіп барып, халық композиторларына көшу ең жақсы әдістемелік үрдіс деп білемін. Сонымен қатар осы халық күйлерінің аңыздарын қарапайым тілмен айтып отырып орындатып көрсетсе, күйді түсінуге оқушының талпынысы күшейе түседі. Мысалға, халық күйі «Тепең көк» күйінің аңызын келтірсек, ондағы аттың шабысы, желісі, ырғақтық көрінісі айқын болғандықтан оқушының сана­сына сіңру де оңайға түседі. 
 Халық күйі «Тепең көк»: Ертеде бір кедейдің мал дегенде жалғыз көк аты болыпты. Өзі бәйгеге қосқанда алдына қара салмайтын жүйрік екен. Бірақ бір қасиеті, тері шықпаса мүлдем шаба алмайды, ол жақсылып тері шықса қандай жарыс болсада алдын бермейді. Аттың сыры иесіне мәлім демекші, сол елде үлкен ас болып, жан-жақтан небір сәйгүліктер келеді. Аста ат шабыс, жамба ату, балуан күрестері белгіленіп, озғандарына жүлде тағайындалады. Бұл жарысқа әлгі кедейде келеді. Көк тұлпарын жарысқа қосу үшін иесі бәйге басталмас бұрын қанжығасына екі дорба құмды өңгеріп, әрлі-бері желдіртіп, терін шығарып тепеңдетіп келе жатқанда елдегі бір домбырашы көріп, аттың сұлулығына, жүрісіне көңілі толып «шу жануар Тепең көк» деп күй тартыпты. Содан бұл күй ел арасында «Тепең көк» атанып кетіпті. Күйші бұл күйде тепең деп келе жатқан аттың шабысын суреттеген. (Т.Мерғалиев, С.Бүркіт, О.Дүйсен «Қазақ күйле­рінің тарихы» 107-бет).
Осындай кішкене ғана халық күйлерінің аңыздарын келтіре отырып оны оқушыға үйрету, біріншіден, оқушының күйді орындаудағы түсінігі сонымен қатар ырғақты бойына сіңіруі жақсы қалыптасады. Күйді оқушыға үйретіп болғаннан соң, өзіне орындатар алдында бірінші аңызын айтқызып содан кейін тыңдауға кіріссек, музыка мектебінің оқушылары қазақ тілінің өркендеуіне де өз үлестерін қосатын болады. Осындай халық күйлерінің аңыздарын естіп оны домбыра да орындап өскен жас шәкірт, теледидардан небір адам танымас көркемделген мультфилімдерді көріп жетілген басқа оқушыларға қарағанда саналары көш ілгері болары да сөзсіз. 
Міне, осы тұрғыда, халық күйлерінің аңыз әңгімелері музы­ка мектептерінде оқушыны тәрбиелеудегі ең бір керек әдістеме болып табылады. «Бозінген» туралы да жан-жақты сөз келтіріп оның аңызын айтып оқушыға жеткізу, «Кеңес» күйінің негізі, би шешендердің күй тартып кеңес, яғни ақылды шешім айтулары, болмаса «Сары өзен» (Сары өзен деп қазақтар Қытайдағы Хуанхе өзенін атаған) күйінің атауы үлкен тарихты көрсетіп, сағынышқа толы екендігі жайлы жан-жақты информациямен қамтылған бүлдіршін шәкірттің болашағы да жарқын болары сөзсіз. 
Осы тұрғыда халық күйлерінің орны қашанда биік болмақ, ал музыка мектебінің мұғалімдері осы айтылған аз ғана ойға тереңі­рек ой жүгіртсе деген тілегім бар.

Роза ИСАЕВА,
Астана қаласы 
№1 балалар қазақ 
музыка мектебінің мұғалімі


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика