«МЕН – ОТПЫН, ӨРТПІН ҒОЙ МЕН ЛАПЫЛДАҒАН…»

28 июля 2019

Серік АқсұңқарұлыМен – Отпын, өртпін ғой мен лапылдаған,

Лебіме жан шыдамас жақындаған.
Болғанда өзім – жерде, Тәңірім – Көкте, 
Шерімді соған айтып, лақылдағам.
Ұстаған, соңсоң, мені ол биіктетіп,
Пендеге – жат, өзіңе сүйікті етіп. 
Жаныма жақындасаң күл боларсың,
Жасыным бір жеріне тиіп кетіп, — деп жырлаған өр рухты ақынымыз, күн кешегі Абай мен Махамбет, Әсет пен Иманжүсіп, Мағжан мен Сәкен, Қасым мен Мұқағали сынды ірі тұлғалардың жалғасы – Серік Ақсұңқарұлы бүгін міне Жаратқанның қалауымен Пайғамбар жасынан асып отыр. Секең Тәңірдің ерекше нұрландырған Қызыларайда кіндігі кесіліп, одан қара алтының астанасы – Қарағандыда қанаттанып, алтын қауырсыны «қара қылды қақ жарған» Қазыбектің, алты Алаштың кіндігіне айналған Сарыарқада ұшталып, бүгін міне әлемдік поэзияда өзіндік қолтаңбасы бар жыр жауһарына айналды. 
Ақын әлемі – кеңістік. Ендіше кез-келген жұмыр басты пендеге оған еніп, тереңіне бойлауы, гауһары мен лағылын игеруі күрделі дүние. Себебі Ақсұңқарұлының тылсым ғаламында өзіндік құс жолы бар. Ол табиғи таланттың , көл-көсір селдеткен, көкті тілген жасын мінездің, терең білімнің, ақиқатты қаламына арқау еткен құдырет иесі. Міне ұлы сыншы В. Белинский ұлы Пушкинді осы сынды қасиеттерімен даралап, «Ақын – өз заманының перезенті»,- деп үлкен баға берген. Сонымен қатар заман ағымы ақын талантын ұштай түсетінін, бұрынғы көзқарас пен ойды жаңарта нақтылайтынын атап айтады. Ендіше Серік Ақсұңқарұлы поэзиясы да дәуір келбетімен ұштасып жатыр. Алайда рухты ақынның ішкі әлемін бір ғана шағын мақаланың, бір ғана кітаптың аясына сыйғызу мүмкін емес. Оның астарында қол-аяққа емес, санаға салмақ түсіретін ғасырда ақын жырлары жанға – шипа, жүрекке – дәру, ақиқатты –дәріптеуші, жалпы айтқанда имандылық әліпбиін адамзатқа жеткізуші деген қағида жатыр. Ендіше, «Өмір – деген күнді айналу», — деп фәнидің бет-пердесін ашқан Серік Ақсұңқарұлына деген ой легімді әлемге пікірлермен әйгілі болған Лев Аннинскидің Альманахқа жазған соңғы сөзіммен аяқтағым келеді. Көз салсақ: «…Тілектестік те аяушылық та пәруанашылдық та адам табиғатына сай… Ізгіліктің табиғатын сүйене отырып, жаманшылықтың табиғатына қарсы тұруға тура келеді…, ал жұмақтың тамұқпен осынау тайталасынан қашып құтылу мүмкін емес. Оның бұрылыс-бұралаңдары бұлтартпас сипатта. Әрі беймәлім. Демек, тағдырдың кез-келген бұралаңына дайын болу керек. Әрі өз тағдырымыздың сазайын тартуға тиіспіз. Ал егер оны таңдайтын сен емес, өзіңді туғызған халықтың, сенің рухыңды айқындайтын мәдениеттің өзің шеткері аттап баса алмайтын әлеуметтік шеңбердің еркімен сені таңдайтын болса-өз тағдырың үшін бәрібір сен есеп айырысасың. Қалай? Беймәлім. Бұлтартпас түрде» — дейді. Яғни бұл есеп айырысу тек өзіңіздің әдеби шығармашылығыңыз, өз тыңдарманыңыз, кітаптарыңыз, оқырмандарыңызбен кездесулеріңіз арқылы болмақшы. 
Ендіше, Серік Ақсұңқарұлының пешенесіне Ұлы Жартқан осындай есеп айырысуды мәңгі жазған екен. Ізашардан ізбасарға поэзияны тәбәрік еткен бүгінгі туған күн иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына баянды бақыт тілейміз!!!

Алма ТҮСІПБЕКОВА 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика