Гүлзина БЕКТАС. СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНДЕГІ СЕГІЗ ОЙ

31 Қазан 2017

Герольд БЕЛЬГЕРГер-аға, Герольд Бельгер сексеннің сеңгіріне келді. Сексен жылдық ғұмырында Гер-аға неміс болып емес, қазақ болып өмір сүрді.
Күнделік жазу Гер-ағаңның қалыптасқан әдеті. Ренішін, күйінішін, разылық ой-толғамдарын, толғаныстарын жинаған қаламгер «өтеді өмір осылай» деп бір күрсінеді. «Бұл менің жасырып-жабуға, құпиялауға келмейтін тағдырымның белес-бедері».  Қазақша ойлап, қазақша түс көретін Гер-ағаңның көңілге түйгендері мен ойға жиғандарының өзі бір алтын сандық. Сол сандықты ақтарып отырып, сексенге келген Гер-ағаңның сегіз ойын түйіндеп беруді жөн көрдік.

Бірінші ой

Әр күні кеш сайын жаным жабырқап, мұңға батамын. Үнемі Бунин есіме түседі: «…әйтеуір, әр қарағай өз орманына қарап шуылдайды» дейді ол. Ал менің орманым қайда? Кіммен бірге кімге қарап шуылдаймын? Менің зарым осы. Оны ешкім білмейді, түсінбейді де. Тек Асқар Сүлейменов қана біршама сезуші еді. Қазір ол да жоқ. Тургеневтің мына бір сөздері ойыма орала береді – «бөтен ұяға бауыр бастым». Ол Полина Виардоны меңзегені, әрине. Менің бауыр басқаным басқа ғой… Мені жегідей жеп келе жатқан – өз ұясынан құлап түскен бейбақтың беубеуі емес пе?

Екінші ой

«Жұлдыз» журналынан Мұхтар Мағауинның «Ұлтсыздандыру ұраны» деген аса көлемді зерттеу мақаласының жиырма бетін оқып шықтым. Күйінішпен өткір де нық жазған. Осы тақылеттес нәрсені бір жазушы қазақ қашан айтар екен деп күтіп жүруші едім. Әбең айтатын шығар деп те қатты үміттенгенмін. Бірақ оның қолынан келмейді. Демек, өз халқының қасіреті жайлы дәл осылайша, қарымды қалам сілтеген жалғыз Мағауин болғаны да. Ұлттық рух хақында әрі егіліп, әрі оны биікке көтере сөйлеу қолынан келетін де одан бөлек бірде-бір қазақ қаламгерін білмеймін. Не дейін? Жарайсың! Оттылығы мен уыттылығы жағынан Мағауинның жазбалары Достоевскийдің «Жазушы күнделігімен» қатар қоюға татиды. Көсемсөздің үздік үлгісі! Әттең, ақсақалдардың ешбірінің бұлайша айта алмайтыны жанды жейді.

Үшінші ой

Кешкісін шамалы уақыт «Суперстарды» тамашаладым. Қазақтарды жанын қинағандай ауыр рок айтуға мәжбүрлепті. Мүлде ақылға қонбайтын дүние! Неге керек? Қазақтың төл мәдениеті болмаған секілді. Не болып барамыз өзі! Жас ұрпақтың жан дүниесін әдейі улап жатқандаймыз. Тым өкінішті-ақ! Көрінгенге еліктеу ұлттық мәдениетті көрге тыққанмен пара-пар.

Төртінші ой

Ұйықтар алдында Л.Толстойдың «Түнгі әңгіме» деген жазбасын оқып шықтым. Жетпіс жастағы жазушы 54 жастағы әйелі Софья Андреевнамен құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз жайлар төңірегінде түн бойы салғыласады. Сондағысы – әлдекімдердің сыпсыңы бойынша, Софья Андреевнаның олардың үйіне қонаққа жиі келетін композитор Танеевпен ашыналық құпия байланысы бар-мыс. Соған орай Толстой әйеліне бұл шынайы сезім бе, әлде сайқалдық па, әуелі өзің үшін соны айқындап ал деп үзілді-кесілді талап қояды. Үсті-үстіне ащы да ауыр сөздер айтып, зығырына тиеді. Өз қолынан қағазға түскен жазбада Толстой тілі удай ащы, ұрысқақ міскін ретінде көрінеді. Софья Андреевнаны аяйсың. Бірақ ол да күйеуін амалсыздан есуас, жауыз деп тілдейді. Толстой әйелін жындысүрей халге жеткізеді. Ең ғажабы, Толстойдың осының бәрін өз бойындағы кесапат шайпаулық пен ит мінезін де жасырып-жаппай – мейлінше ашық түрде жазатыны. «Басқаларды алдай бер, ал мен сенің бүкіл болмысыңды айнадағыдай көріп отырамын» дейді ыза буған әйел жүрегі іштей егіліп. Иә, Лев Николаевич тікенек тілді, ұстамсыз, ашушаң, аума-төкпе, қиын адам болған. Өмірден мәңгібақи өз ожданын өзі шыңдаумен өткені тегін болмаса керек.

Бесінші ой

Тұлдыр кедей саналатын 10 пайыз бен аса дәулетті 10 пайыздың арасындағы айырмашылықтардың көрсеткіші жалпы сипаттағанда тең дәрежелі коэффициент саналады екен. Осы коэффициент бізде, Қазақстанда шын мәнінде, қандай дәрежеде? Дәлірек айтсақ «гольфшілердің», яғни, «тойып секіретіндердің» және ауылдағы мырқымбайлардың, былайша айтқанда, «тоңып секіретіндердің» арасында айырмашылық қандай? Мұны ойлаудың өзі көңілге әлдеқандай үрей ұялатады! Таразының бір басында тойымсыз қарақшылар тұрса, екінші басына – соңғы нәпақасына дейін тоналғандар жайғасыпты. Ең масқарашылығы сонда, бүгінгі қайыршылар бірте-бірте осындай жағдайға көне бастаған сыңайлы. Ал «тоғышарлар» бүлініп бара жатқан ештеңе жоқ деп ағынан жарылғансиды. Дәлірек айтсақ, олар ғұмыр бойы той тойлап, гольф ойнауға және қымбат уылдырық жеуге тиісті көрінеді. Осының бәріне «тұрақтылық» дейтін тұздық қосылған соң не жорық. «Е-е, Алла, бергеніңе шүкір!» дейміз ғой баяғы. Осылайша, қоғамда тамырын терең жайған тоқырау кезеңі қалыптаса бастады. «Гольфшілер» үшін бұл әрине, таптырмайтын амал. Халықты аш-жалаңаш, оның үстіне уыстан шығармай шеңгелде ұстау және осыған орай гольф ойнайтындардың жатса да, тұрса да солардың қамын ойлап, қайғыратынын құлағына сіңіре беру, сөйтіп тұрақтылықты қалыптастырып жатқандығын жеткізу, түптеп келгенде тек өз мүддесін ойлағаны емес деп кім айтар. Барша саясаттың сиқы осы. Әлгі гольф ойнағыштар халыққа өгей баладай, арамтамақ, ақымақ, кемтар-жарымес, көңіл аударуға тұрмайтын «шіріген жұмыртқа» ретінде қарайды. Бұларды тонағаннан басқа жол жоқ, тіпті егер соңғы шекпенін тартып алса, онда осы пенделер кімге қажет?!

Алдағы күннен күтер алапат қасіреттердің барша бастауы міне, осыдан басталады. «Судың да сұрауы бар» демекші, бұл күн ертең өздерін қасіретке бөлеп, алдарынан шығады. Бірақ тонап алған байлыққа бастары айналған гольфқұмарлар мұны мүлде ойламайды, тіпті ойлағысы да келмейді. Солардың ішіндегі біршама ақыл-есі дұрыстары: «Кейін осы алдымнан шығады-ау, бірақ әйтеуір дәл бүгін емес қой» дегенді арқа тұтып, арқасын кеңге салады. Шындығында да, пәле-жаладан құтылып кететін де шығар. Әй, қайдам, құтыла қоймасы анық. Өзіне сор болып жабысатындығы күмәнсіз. Қалтай марқұм осындай жағдайларды көрсе: «Ит екеш иттің де өзі сүйекті артына қарап жұтады» дегенді жиі айтатын. Ал біздің орынтақта отырған гольфқұмарларымыз ертеңгі күнін ойланбастан, түйені де түгімен жұта салудан тайынбайды. Ал халық тартқан қасіреттің сұраусыз кетпей, ақырының азапты болатындығы жұртқа аян.

Алтыншы ой

Бүгінде Қазақстандағы әдеби журналдар қанша екен өзі? Сан жетпейді: «Жұлдыз», «Жалын», «Абай», «Сарыарқа», «Жамбыл», Фариза, Айтов, Төленнің журналдары, «Шәмші», «Мұқағали», «Сын», «Әлем әдебиеті», «Алқа» және тағы да құрығанда оны бар болса керек. Тираждары аз, қаламақысы жоқ. Оларға орыс тілінде шығатын «Простор», «Нива», «Литературный Казахстан», «Аманат», «Тамыр», «Аполлинарий» т.б. қос. Өй-дөйт! Мықтағанда, оқырман – сол оқырман. Меніңше, бұл онша оңған құбылыс деуге сыймаса керек. Сан ешқашан сапаға айналмақ емес.

Жетінші ой

…Кончаловский айтады: жемқорлық бір нәрседен ғана айыл жияды, қатаң жазадан қорқу.

Бәлкім, солай да шығар, алайда, Қазақстанда оларды кім жазалайды? Жемқорды жемқор ма?

Тағы да: «Жемқорлықтың тамырына балта шабылуы бек ықтимал, ол үшін қолы таза адамдар керек».

Бұл да дұрыс. Бірақ қазір қолы тазаларды қайдан табасың? Тіпті, сонау сексенінші жылдары атақты ұжымшар төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Яков Германович Герингтің маған: «Қазір Қазақстанда қолы таза жүз адам табу басты проблема» дегені бар еді. Ол кезде оның бұл пікірі маған қиғаштау көрінген-ді. Бүгінгі таңда солай екеніне иманым кәміл: иә, нағыз проблема осы!

Сегізінші ой

Он алты жыл бұрын осы күні анам бақиға аттанды. Ол туралы жиі ойлаймын. Ойлаймын да қайран қаламын: бүкіл өмірінде не деген көп жұмыс істеді деп! Қашан көрсең таусылып бітпейтін жұмыстан бір сәт мойын бұра алмай, қыбыр-жыбырдан қолы тимейтіні ғана есімде. Үй, медпункттегі жұмыстар, төрт баланы тәрбиелеп өсіру, өзге де шаруалар, тұрмыстық тауқыметтер, жер аударылғаннан тартқан машақаттар, бөтен жұрт, бөтен орта, азапты тіршілік. Қайран анам! Не көрмеді, қайтейін. Өзі айтатын: 13 жасымнан қолымнан келетін, көбінесе, келмейтін де небір жұмыстар істедім. Қуанатын нәрсе шамалы болатын деп. Соған қарамай анам байғұс гитараның ішегін сазға келтіріп, көне неміс әндерін шырқау, радио тыңдап, кітап, газет оқу, менің айтуыммен алған алты жылдық білім, қысқа медициналық, санитарлық курс қана. Бірақ таңғалардай әдепті, қайырымды, парасатты, қай жағынан ұсынықты, адамдармен тез тіл табатын биязы жаратылыс еді. Мен оның жазған диктантына көтеріңкілеу баға қоятынмын. Сөйте тұра, қанша тырысқанмен, немісше акценттен құтыла алмады. Мен қойған бағаға балаша мәз боп, жылы-жұмсақ, тәтті-мәттілерін аузыма тосатын. Менің жастай жабысқан сырқатыма байланысты, қаншама іштей егілсе де, алайда, сырттай сыр  білдірмейтін. Мен де оның қас-қабағына қарап, қашанда аялап, әлпештеуді бір сәт жадымнан шығарған емеспін.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика