Гүлзина БЕКТАС. ӘКЕСІЗ ӨСКЕН ҰРПАҚ

2 января 2019

ӘКЕСІЗ ӨСКЕН ҰРПАҚХадисте «Әуеліңе анаңа, тағы да анаңа, одан кейін әкеңе жақсылық жаса» делінген. Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген ананың орны бала үшін әрдайым бірінші орында тұратыны хақ.
Ал әкенің орны ше? Рас, ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары отбасындағы тауқыметтің көбі аналардың иығына артылғаны белгілі. Ала қап арқалап, отбасын асырау үшін базар кезіп кеткен де аналарымыз еді.
Десе де, отбасылық тауқымет қо­ғам­­дағы әкелердің беделін түсіріп жі­берді. От­ба­сын­да әкенің орны бөлек бол­маушы ма еді. Өйткені әрбір ер-аза­мат бір отбасының ға­на тірегі емес, бү­кіл ауылдың, рудың, ағайын­ның тіре­гі болды. «Әкеге бағыну – Аллаға ба­ғыну» деген екен пайғам­ба­ры­мыз. Ба­ланың ізгілікті болуы – Алла таға­ла­­дан десек, әдептіліктің негізі балаға әке­­­ден дарымаушы ма еді. Ақылы мен па­­ра­саты биік аналар балаларын үнемі әке­сін сыйлап, құрмет көрсетуге бейімдеді. «Әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөз­бен ба­лаларына тәрбие нәрін құйды. Осы­­лай­ша, отбасындағы әкенің орнын па­расатты аналар бір ғана сөзбен ай­қын­дап берді.
Осынау бұлжымайтын заң, бұзыл­май­­тын қағида бүгінде неге өзгерді? Де­ректерге сүйенсек, елімізде 3,5 мил­лион­нан астам о­т­ба­сы бар екен. Жы­лы­на 135-140 мың не­ке қиылса, өкі­ніш­тісі сол тіркелген әрбір некенің төр­­тіншісі ажырасумен аяқталатын кө­рінеді. Өткен жылы сексен мыңнан ас­там адамның тағдыры тоқырауға ұшы­­рап­т­ы. Оған бейкүнә балаларды қо­сыңыз. Өйткені ажырасуға арыз бер­гендердің сек­сен пайызы балалы от­басылар көрінеді. Күйкі тірліктің күйбеңі мен күйзеліске ер-азаматтар шыдай бермейді. Сол себепті де болар, ер-азаматтардың арасында өз-өзіне қол жұмсау факторлары жиі кездеседі екен. Жүрек-қан тамырлары ауруларына да жиі ұшырайтын ер-азаматтар десек, оған әйел­дер­ге қарағанда, еркектердің тоғыз жыл кем өмір сүретінін тағы қосыңыз.
Ұлттың, қоғамның әрісі адамзаттың ал­­тын діңгегін құрайтын отбасының азуы бо­лашақ ұрпақтың өркен жаюына да зия­нын тигізбей қоймайды. Отбасын сақтай алм­ай, ажырасып, жалғызілікті жүрген ер-азаматтардың көбі баласының мейіріміне мұқтаж. Бір рет жасалған қателіктің сал­дарынан туған баласының жүзін көре ал­майтын халге жеткен ер- азаматтар да же­тер­лік. Отбасында әке, ер, күйеудің өз ор­ны бар емес пе? Ер-аза­мат­тың мысы бол­маған отбасында бе­реке мен бірліктің ор­най қоюы да не­ғай­біл.
Әкесіз өскен ұрпақ жасық, жас­қан­шақ, екіжүзді, өсекке жақын, боз­сөз­ді­лік­ке құмар болып өспеуіне кім кепілдік бе­ре алады? От­басында екі адам­ның да өзін­дік орны бар. Әйел – үйдің шы­рағы, ер­кек – үйдің пы­рағы. Ал біз ба­ла­­ның тәр­биесін аналар­дың мойнына жүктеп қой­дық та, әке рөлін бәсеңдетіп жібер­дік. Тіп­ті қыз-келіншектер ара­сында «әке­­­сіз де баланы тәрбиелеуге бо­­ла­­ды» де­­ген қасаң қағида қалыптасты.
Ба­­ла­ларын әкелеріне көрсеткісі келмейтін аналар да көбейді. Ана мен әкенің орта­сында бала­ның жау­таң қағып қалатынын ұмыттық. Кейбір безбүйрек аналардың па­ра­сатсыз пайымы балалардың «тірі же­тім­ге» ай­налуы­на жол ашты. Қо­ғамда от­ба­сылық құн­дылық­тардың да жо­ғалуының басты се­бебі – осын­да. Әйел мен еркек от­басын­дағы өз орнын жо­ғалтып алды. Әке ор­нына әке, ана ор­нына ана болып отырған әйел­дер көп. Бұрын күйеуі қайтыс болған әйел­дер ға­на жесір атанушы еді, қазір күйеуінен ажы­расқан әрбір төртінші әйел «же­сірлік» қа­мытын мойнына киюде.
«Бес саусақ бірдей емес». Әрбір ажы­расу­­шы жұптың бәрі бірдей әйелдің кінә­сі­нен ажыраспайтыны белгілі. Бірақ кінә тек қана ер-аза­маттарда деп шолақ шешім шы­ғару­ға тағы болмайды. Құқық екеуіне де бірдей. Баланың тәрбиесі екі адам­ға да ортақ. Өмірге саналы ұрпақ әкел­діңіз бе, оның тағдырына ана мен әке де жауапты. Ендеше, біз әке құ­­қы­ғы­нан айыруға неге құ­мар­мыз? Жыл бойы али­мент төлеп, ба­ласына қажетті ақ­ша­ны беріп отырса да, ба­­ласының жүзін кө­ре алмай жүрген әке­лер жетерлік. Ал ба­л­аға мейірім әкеден де қа­жет.
Әрине, үй-ішінің жайлы өмір сүруі, бала-шағаның тәртіпті болып өсуі шаңы­­рақтың діңі, темірқазығы сана­ла­тын ота­ға­сының ақылы мен еңбек­қор­лы­ғына бай­ланысты. Әйел үйдің бере­ке­сін кел­тір­се, әке бере­кеге негіз бо­­ла­ды.
Мәселен, астаналық үш баласы­мен ажы­­расуға келген әйелдің сотқа берген ары­зында балаларының әке­сін ешқашан көр­сетпейтіндігі ту­ра­лы шарт болыпты. Бі­рақ әке ба­ла­ла­рын тастап, ажырасқы­сы кел­­­­мей­тінін айтып, азар да безер бо­лып жүр. Бұл жерде сот қалай шешім шы­ғарғаны дұ­рыс? Безерген әйелдің арызын тың­дауы к­ерек пе, әлде баласы­нан без­гісі келмей тұр­ған әкенің сөзіне құ­­лақ асқаны жөн бе? Қайт­се, тара­зы­ның басы теңеледі?!
Енді бір мысал, шығысқазақ­стан­дық әке баласын өмірбойы бір көруге мұқтаж бо­­лыпты. Тіпті өмірі­нің соңында бала­сы­­ның маңдайы­нан иіскегісі келіп, ту­ған-туыс­тарын жіберсе де, қатыгез ана ба­ласын әке­сімен кездестірмей қойып­ты. Ба­ласына аманатын жеткізе алмаған күйі өмірден өте барды.
Он сегіздегі бойжеткен әкесімен кә­­ме­леттік жасқа жеткеннен кейін ғана қауышу­ға мүмкіндік алыпты. «Кейбір балалар әке­сін жек көріп өседі ғой. Керісінше, мен әкем­ді емес, анамды жек көрем. Он үш жыл бойы әкеммен араласуға мүмкіндік бер­ме­ді. Қазір әкем ауылда жалғыз өзі тұрып жа­тыр. Қартайған шағын­да әкемді тауып ал­дым. Анам менің бұл әрекетімді құпта­май­ды. Амал қан­ша, анам қанша ренжісе де, әкем­нен бас тартқым келмейді. Он үш жыл бойы балаларынсыз өмір сүрген әкем­ді өмірінің соңына дейін аялағым келеді» дейді бойжеткен.
Міне, мұның бәрі ажырасудан туып жат­қан үлкен апаттар. Бұл апат зілзаладан да жаман. Өйткені тара­зының бір басында ұлттың тағдыры тұр. Бүгін әкесін таны­май­тын, әке­сін білгісі келмейтін ұрпақ өсіп келеді. Олардың ертеңгі тағдыры қандай бол­мақ? Отбасылық жайлы өмірді көр­ме­ген бала күні ертең отбасы құндылығын сақ­тай ала ма? Мәселе – осында.
Ертеден жеткен мынадай бір тәмсіл бар. Хазреті Хасан Басри қағ­баны тәу етіп жү­ріп, жүк арқалаған бір жас жігітті көріпті.
– Не үшін жүгіңмен бірге тәу етіп жүр­сің? – деп сұрапты.
– Арқалап жүргенім жүк емес, әкем. Қа­сиетті қағбаға әкемді жетін­ші рет арқа­лап әкелдім. Өйткені ол менің бойыма иман­дылық нұрын септі. Мені исламның көр­кем мін­е­зі­мен тәрбиеледі, – деп жауап бе­ріп­ті.
Сонда хазрет:
– Әкеңді осылай қияметке дейін арқа­лап жүрсең де, бір рет ренжітсең, бұл жақ­сы­лықтарыңның бәрі босқа кетеді. Егер әкеңді бір рет қуантсаң, осыншама қыз­мет­тің сауабына жо­лығасың, – деген екен.
Ендеше, ұлттың тазалығын сақ­тайтын, от­б­асының берекесін кел­тіретін Ана мен Әкенің беделін сақ­тайық. Баласын әкесі­нен без­дір­мейік, анасын баласынан айыр­майық. Отбасылық теңдік болған жерде са­налы ұрпақ өседі.
Ұлттың келешегі – саналы ұр­пақ­тың қо­лында.
Ұрпақты сақтағаныңыз – ұлтты сақ­та­ға­ныңыз.

 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика