Геннадий Головкин Елбасына алғыс айтты

3 октября 2017

Шаршы алаңдағы шеберлігімен талайды таңдай қатырған әйгілі бокс шебері, жерлесіміз Геннади Головкин туған жеріне келіп, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен кездесті. Кездесу барысында былғары қолғап шебері өзіне қолдау көрсетіп, жанкүйер болған барша қазақстандықтарға және Елбасына шексіз алғысын білдірді, — деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі.

 — Бірінші кезекте мен мемлекетіміздің Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа осындай қолдау көрсетіп, жылылық сыйлағаны үшін алғысымды білдігім келіп отыр. Ол жекпе-жекті қалың жұрт көрді деп ойлаймын. Жәнеде менің жекпе-жегімді тікелей эфир арқылы Президент көргенін естігенде, әрине, менің жүрегімде, кеудемде көптеген эмоциялар болды.   Адами тұрғыдан алсақ, бұл жанға жайлылық пен мақтаныш ұялататын өте тамаша жайт. Жәнеде Президентіміздің спортқа жанкүйерлік ететініне барлық қазақстандықтар бұл мақтанышты менімен бірге бөлісті деп ойлаймын, — деді Геннадий Головкин.

Өз кезегінше аймақ басшысы Ерлан Қошанов Геннадиге Президенттен бастап барша халықтың жанкүйер болғанын атап өтті.

— Біздің Президенттен бастап еліміздің әрбір тұрғыны саған жанкүйер болды. Біздің Қазақстанның, Қарағандының атын осылай асқақтатып жүргеніңе үлкен алғыс айтамыз, — деп атап өтті Ерлан Қошанов

Бұдан бөлек, кездесу барысында аймақтағы балалар спортының даму  мәселесі қарастырылды. Жақында ғана Майқұдықта Геннадий Головкиннің атындағы спорт кешені салтанатты түрде ашылған болатын. Боксшы осы кешенге соғып, атқаралып жатқан жұмыстардың барысымен танысып қайтқанын жеткізді. Оған кешеннің халық арасында қаншалықты сұранысқа ие екендігі, тұрғындарды, әсіресе жасөспірімдердің қандай спортқа бейім екендігі қызық болған екен.

Өз кезегінде облыс әкімі Геннадий Головкинге рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруда қосып жүрген үлесі үшін рахмет айтты. 

Айта кетсек, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Туған жер» бағдарламасын жариялап, қазақстандық кәсіпкерлер мен қалталы азаматтарды өздері туып-өскен жерлерін көркейтуге үлес қосуға шақырған болатын. Президент бастамасын   WBA, IBF, WBC, IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин алғашқылардың бірі болып қолдады. Ол Қарағанды қаласының Майқұдық тұрғын аймағындағы 14-ші ықшам ауданда өзінің балалық шағы өткен аулаға ойын-спорт алаңын салып берді. Бұл өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын шыңдауларына оң септігін тигізері анық.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика