Гарем ұстаған әйелдер

15 марта 2017

Гарем. Өткір қара көздер. Тұмашаланған жұмбақ жүздер. Аршын төс, бұраң белдер. Оюлы жастыққа жантайған падишах… Араптар ма, әлде түрік пе екен… Әйтеуір шығыс өрнектері елестейді.

Бірақ гарем деген түсінік арап пен түрік мемлекет болып қалыптаспай тұрған кездің өзінде Ежелгі Қытай мен Ежелгі Үндістанда болыпты. Гаремнің тарихы жайлы мәліметтер іздестіріп отырып, баяғыда қытайды әйел билеген замандар да болғаны туралы білдім.
Ұлы империяны жарты ғасырдан астам уақыт бойы У Чжао есімді әйел билепті. Таққа апарар жолын 14 жасында Тай-цзун император сарайында бесінші дәрежелі кәнизак ретінде бастапты. Көркіне ақылы сай, айлакер әрі қатігез әйел бәсекелестерінің мәйітінен баспалдақ қалап тұрып билік басына жетіпті. Сөйтіп, У Чжао бике У Цзидянь патшайым есімін алып, Аспан асты елінің тағына отырған алғашқы әйел болады.
Патшайым сайдың тасындай іріктелген кілең сымбатты жігіттерді гареміне жинаған. Көне жылнамалардағы жазбаларға сенсек, Саньян тауындағы У патшайымның сарайында 400-дей жігіт «айрықша» қызметте болыпты.
Жастық элексирі ретінде жолбарыстың қанын ішкеннен бе, әлде жас иістің буынан ба, әйтеуір патшайым сексенге дейін сыр бермепті.
Тағы бір еркектер гаремін ұстаған әйел – Таң дәуірінде өмір сүрген Цан импетатордың қарындасы. Шаньинь ханшайым көңіл көтеретін құлдар ұстауға ағасын көндіріп, рұқсатын алыпты. Алғашында ең мықты әрі көрікті 30 сарбазды таңдап алған ханшайым көп ұзамай оларды азсына бастаған екен. «Инь бастауының субстраты жетіспейді» деп патша ағасына шағымдана бергесін, ағасы қарындасының көңілдестеріне арнап жеке сарай салдырыпты.
Еркектер гаремі есте жоқ ескі замандарда ғана болған екен деп ойласаңыз қателесесіз. Жиырмасыншы ғасырдың басында ғана қайтқан Цы Си патшайым да жеке гарем иесі болыпты. Бірақ, бұл әйел өлерінде «Айдаһар тағы енді ешқашан әйелдің билігіне терілмеуі тиіс» деп кеткен екен.

Құралай Райсова


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика