Ғалымнұр Кәдірбай. «Енді мен қайтейін, ақ бауыр қарлығаш…»

25 декабря 2019

Ғылымнұр Кәдірбай
1997 жылы тамызда Хан-Тәңірде дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, филология факультетінің 4-курс студенті. «Үттегі қақ» атты жыр жинағының авторы.

Кертолғау

Ақылдан ұлғаусар мендегі кертолғау,
Сендегі нәзік жан соған кеп өртенді-ау!…
Жолдарым кер ағыс, дүние дүмбілез,
Ешкімге жақпайды сондықтан бұл мінез.

Шығыстан есетін самалдар аңсауық,
Барғанын білмеймін молама қанша алып!
Өзімді жоғалттым жүргенде тентіреп,
Мұра боп қалғаны құр қаңқа, өрті жоқ.

Енді мен қайтейін, ақ бауыр қарлығаш,
Аққанда сен сүрттің көзімен қанды жас.
Ешкімге айтпауға бекінген ғазал бұл,
Жаңбыры тірілтіп қалады-ау қазанның.

Мендегі мүсінді қашап-ап бұл Құдай,
Жанымның нұрларын сімірген мұңлық Ай.
Солайша фаниден мен мүлде жоғалғам,
Тірілер алдайды сұрама олардан.

Пәленше көшеде мен жүр деп айтады,
Адамның бәрі ұқсас, білесің жайсаңым.
Сен сүйген сол адам көкке ұшқан бір түнде,
Жылама, қамықпа, өкінбе, күрсінбе.

«Менінен» айырылған қаңқамды сүйретіп,
Мен оны іздеймін алапат күй кешіп…
Өзімді бір тауып әкелем түбінде,
Найзағай ойнайтын Алматы түнінде…

 

***
Кеуілдің тілкімдеп мұз қатқан көбесін,
Өреуіл жаңбырдан жасыңды тересің.
Алдыңа түсіп-ап жел қуған жапырақ,
Сүйрелеп барады ауылдың елесін.

Ауылдың елесі…
Сүгірет өртелген,
Ауылдың елесі…
Жүректер ерте өлген.
Сабылған көп көлік бәрі де бармайды,
Өзіңді түбінде апарам, еркем, мен.

Сен күткен күз осы…
Мезгіл ғой тасбауыр,
Сарғайтқан сағыныш жаныңа батты ауыр.
Мазалы ауыр ой мұжыған әлемің,
Алматы аспаны секілді ақ шағыр.

Аяшы, беу, қала аягөз сол қызды,
Тұманға оранып қарсы алма жол күзгі.
Еменді құшақтап егілсек «әке» деп,
Жанғада шипа ғой алданыш ол біздің.

Күйіне жаныңды емдетіп Машырық,
Алатау төсіне тігіліп басы бұлт,
Райымбек даңғылын бойлайтын автобус
Ішінде барасың жасыңды жасырып.

Түнімен ауылдан хат күтіп елеңдеп,
Түсіңде адырна тартасың жебең жоқ.
Тәңертең сол ескі бекетте тұрасың,
Келмесін білсеңде бір көлік келер деп…
Ауылға апарар…

Жарылу

Ол күнгі жаңбырдағы жұпар қандай?!
Аңызына айналған уақыттың.
Есі шығып тәңірде жұтар қанбай,
Періштелер қыдырар ұнатып тым.

Кездесуге жазылды сорлы бағым,
Бал минуттар…
Шырқалмас бәрі басқа ән.
Сиқырлы сазға айналып сендік әр үн,
Мүсіркеп тұрды мені жарық аспан.

Қайың қыздар — тоқ балтыр, кіл нөкерің,
Жер жаһанда сұлу жоқ саған жеткен.
Сездік іштей бұл қимас күн кетерін,
Жүрек қалды қу жалған обалды еткен.

Сол айлы түн басқа өмір бастау алды,
Ал кейінгі кешулер мүлде суық.
Жарым санаң менімен бақта қалды,
Өзің кеттің оралмай түнге сіңіп.

Нәзік жаның барлығын тастады ұмыт,
Жолымыз сан соқпаққа кетіп тарам.
Сол ескі бақ, жаныңда басқа жігіт,
Мен баяғы өзіңмен өтіп барам.

Аспан өзені
(Әбіш Кекілбайұлы рухына)

Жетпіс арнаң жеті қаттан саға алған,
Сен көкілсің көк аспанның өзені.
Күн құлындап, желін жарып самалдан,
Біз айналдық Ғұмыр-Ағаш өзегін.

Қырық арба сексеуілдің қызуы,
Күйдіргенде қуат алдық От Тәңір.
Саған түсіп аруақтың құзыры,
Түпсанадан нұр таратты көп қабыр.

Ер Тұңғалар неге ажалдан қашты деп,
Сенде кездің Өтүкеннің даласын.
Сол жұмбақты табарында тастүнек,
Иініңді жер тартқанын қарашы!

Ғазиз жаның жарық дүние қонағы,
Маңғыл бұлттай көшті аңыздың ақыры.
Жаңа өмірге жарып шықпақ болады,
Сөздер ғана қара түннің жатырын.

Сен өмірге келгеніңше қайта бір,
Тұрғызамыз біз ғажайып мұнара.
Бәйгеторы жүйрігіңе айта жүр,
Аққан көздің жасын енді жуа алам.

Үлпілдеген қыздар еді Үркерлер,
Бірге кеттің таңда жерге түскенде.
Жүректі алған сарсу мұңды жұрт емдер,
Сен келер деп соңғы жиде піскенде.

Шыңыраудың қақ түбіне жасырған,
Жаның қалды ақ семсердің жүзінде.
Күндерде-күн ғасыр шайқап ғасырдан,
Біздің арқау жалғанады үзілген.

Айта-айта Ханша-Дария ертегін,
Көк түріктер кері қайтып Тұранға…
Бөрі Ананың еміп қайта емшегін,
Сен келесің бөрібасты ту алған.

Қорқыт бабам неге ажалдан қашты деп,
Сенде кездің Қарт Маңғыстау даласын.
Сол жұмбақты табарыңда тастүнек,
Иініңді жер тартқанын қарашы!…

Рухым менің оралады…

О, қу дала, сен секілді сез менің ,
Жүрегімді бір қасірет кемірді.
Не қыламын көлеңкесі өзгенің ,
Аясынан шығармайтын өмірді.

Еһ, осылай еркіндікті білген күн,
Қаңғып кеттім тораңғылар арасын.
Сол шақта мен өз-өзіме күлгенмін,
Аяп іштей жетім күннің наласын.

Көкірегіме оғы тиіп досымның,
Жете алмадым сорқұдықтың басына.
Аңыраған қобыз дауысы…
қосылдым,
Тұншығуда бақыт мұңның жасына.

Жердің бетін жаулағанда сайтан ән,
Өгей ерлік бұралмады ол да бет.
Мені өмірге іңкәр еттің қайтадан,
Қабіріме бара жатқан жолда кеп.

Қара желі қағынғанда қазанның,
Тоңған мен бе?
Қызыл күрең іңір ме?
Ақ жаңбырлар алар бәлкім мазаңды,
Бал сағыныш…
Дейсің үнсіз күбірлеп.

Жарасы да айығады мезгілдің ,
Екеумізден жазылады ақыр дерт.
Тәңір болып қуанармын мен бір күн,
Түркістанға рухым келе жатыр деп…

Сағыныш

Қайран жайлау…
Ерке қыз…
Өлген арман…
Қолыңдағы солмапты гүл, қызғалдақ.
Кінәлімін қиялға сенде қалған,
Жүрегімде жанады жұлдыз маздап.

Ат суарып келгенде бұлаққа мен,
Шелегіңе сен ұзақ су құюшы ең.
Мен айтқан «Ертөстікті» ұнатқан ең,
Кірпігіңді іңірге күйдіруші ең .

Сенбейтінбіз өмірде қайғы барға,
Соққан самал тәтті еді Аршалыдан.
Жанарыңа қондырып айды, қарғам,
Мені іздеп кеттің асып қанша қырдан?!

Сен құйған қымыз дәмі ернімде жүр,
Жымиғаның жыр екен…
енді оқыдым…
Құшағында тұншығып желдің жемір,
Кеудемдегі шертілші, беу, жетім үн.

Жаумас қайта біз бірге кешкен жаңбыр,
Кемпірқосақ жеткізбей кетті ақыры.
Сен сіңіп кеттің содан көктемге әлгі,
Мен болдым ессіз күннің есті ақыны.

Әлде бір арман оқып таң тілінде,
Сол жайлаудан кеткемін мен жырақ тым.
Үйшік тізіп ойнайтын тал түбінде,
Үйге қайтпай егіліп сен жылапсың.

Ай тұтылды…
Бөрі ұлып таулы аңғарда,
Тағдыр осы, қайтейій…
Үнсіз қалған!…
Мизамда қапалақтап жауған қарда,
Шашыңды желге жайып жүрсің… қарғам…

 

***
Сен неге жылайсың, жаным-ау, қыстығып,
Ертекке кетсек пе бір алып құс мініп.
Аспанға ұшсақ па көк кептер қыздармен,
Қанатың болса, әттең, мұншама мұздар ма ең.
Ажалды оқтарға толтырып қылшанды,
Сағымға оранып сапарға бір сәнді,
Шығайық, жарығым, қаз мойын тұлпармен,
Дәл сондай бір күнге айтсаңшы іңкәр ме ең?!
Ғұж табан уақыттың ең соңғы сөйлемі,
Мен ақын тілімен кигіздім көйлегін.
Содан ол сүйкімді бүлдіршін қыз болды,
Күзгі бақ сыбырлап шақырды біздерді.
Нарт қызыл қайыңға оранып жыладың,
Тұп-тұнық тамшылар кеудеме құлады.
Көп жұтып сол тәтті ғаламат кермекті,
Жұбату үшін мен ақын боп ержеттім.
Іздейді Тәңірім, мен енді кетемін,
Білген күн, бұл өлең — кімдікі екенін.


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика