Ғаламтордың арғы беті

17 Қыркүйек 2018

article28805«Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызды», — деп қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсарин армандай жырлаған күн бүгін біздің де басымызға орнады. Технологиялық жаңалықтар, байланыстың аса жетілген түрлеріне қолымыз жетті. Өкініштісі, біздің қоғам қолы жеткен жақсы дүниенің пайдалы жағына ден қоюдың орнына, ең зияндысына бой ұруда.

Туған бауырын ажалға айдаған

Қазір әлемде «виртуалды майдан» белең алды, яғни, жынысына, ұлты мен дініне қарамастан, жастарды лаңкестік мақсатқа, азғындату әрекеттеріне тарту, сол арқылы теріс пиғылды ұйымдардың өздерінің сорақы мақсаттарын іске асыруы жүріп жатыр. Солай бола тұра, халық әлі де бейқам. Ата-ана бесіктен белі шықпаған баласына қымбат айфон әпергеніне мәз, ал ол баланың күні ертең ғаламтордың арқасында кімнің жетегінде кетері беймәлім.
Таяуда ғана Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданында туған бауырын жанкешті лаңкестер қатарына өткізбек болған Нина атты бойжеткен сотталды. Ол түрмеде отырған бір жігітпен некелесіп, ислам дінін қабылдаған көрінеді. Кейін ислам діні туралы білмек болып, ғаламтордың көмегіне жүгінеді де, «Ислам мемлекетінің» арбауына ілігіп кете барған. Сириядағы бірін-бірі «әпке» деп атайтын өзі сияқты қыздар интернеттен хат-хабар жолдап, Нинаның миына «қарулы жиһад» саясатын құйып тастайды. Бір күні Нинаға ар жақтағылар: «Өзіңнің «Ислам мемлекетіне» шын берілгендігіңді дәлелдеу үшін қасиетті майданға араб елдеріне ет жақындарыңның бірін жіберуің керек», — дейді. Нина көп ойланбастан колледжде бульдозер машинисі мамандығын меңгеріп жүрген туған бауыры Андрейді үгіттеп, ақыры оны өзіне қаратып алады. Алыс жолға әзірленген Андрейге «ИМ» өкілдері ақша мен баспанамен қамтамасыз етіп, бар жақсылықты жасауға уәде береді.
Шектен тыс құдайшылдыққа салынған әпкесі мен бауырының мінез-құлқындағы өзгерістерді былайғы жұрт та байқамай қалмайды. Ең алдымен бұл жайт екеуін бағып-қағып өсірген әжелерінің назарын аударады. Өткінші жайт деп мән бермей жүргенінде, бірте-бірте бұлардың үйлеріне діни пікірлестерінің келуі жиілейді. Әжелері осының бәріне қарсылық білдіре бастағанда, кейуананы жалғыз қалдырып, немерелері басқа баспанаға көшіп кете барған. Сөйтіп жүргенде Нина мен Андрейдің әрекеттері туралы хабар қауіпсіздік қызметкерлеріне де жетіпті. Нинаны құқыққорғау органдары бастапқыда үйінде күмәнді материалдар ұстағаны үшін тұтқындағанымен, кейін басқа да жайттардың беті ашылып, оның флешкарта, плеер, видео және аудиоматериалдар сақтап келгені әшкереленді.
Нинаға ҚР Қылмыстық кодексі бойынша лаңкестікті насихаттау, терроршылдық топтың әрекетіне қатысуға арандату, экстремистік әрекет ұйымдастыру жолына тұлғалар тартқаны үшін айып тағылды. Сот Нинаны мүлкін тәркілей отырып алты жылға бас бостандығынан айырды.

«Франция қайда,  мен қайда!» демеңіз…

Әлемді мазасыздық жайлады… Бұрын да талай лаңкестіктер болған. Бірақ бертінгі Парижде болған оқиғалар мен Египетте Ресей ұшағына жасалған қастандықтан кейін әлем халқы үрейге салынды.
Жалпы, қайғылы жайттар тым алыста болып жатқанымен, «Франция қайда, мен қайда» дейтін жағдай емес бұл. «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» демей ме қазақ. «Ислам мемлекетінің» қазір небір мықты державалардың өзін алаңдатып отырғанын мойындауымыз керек.
Таяу арада Астананың әкімі бұқаралық ақпарат құралдарына Астанада ірі лаңкестік оқиғаның жолы кесілгенін мәлімдеді. Бірақ оны кімдер жасамақ болды, қай ұйымның ісі – бұл жағы айтылмады. Астана дейміз, Астана тұрмақ ана бір жылдары Түркия арқылы Сирияға өтпек болған екібастұздық азаматтар да ұсталып, елді шулатты емес пе! Бірақ ол кезде мұны бәріміз кезекті хабар сияқты қабылдадық та қойдық. Сол істі тергеу-тексеру кезінде Екібастұздың Берік, Борис атты тұрғындарының Сириядағы әскери қақтығыстарға қатысы бары анықталған болатын. Бұл екеуі ұялы телефон бөлімінен түскен қаржыны екібастұздық жалдамалыларға жіберіп, лаңкестік әрекеттерді қаржыландырып отырыпты.
Ал дәл қазір қаламызда «Ислам мемлекетінің» шырмауынан басы айналып жүрген жастар қанша – оны білмейміз.

«Ислам мемлекетінің» хақ исламға еш қатысы жоқ

Өзіміз «ИМ», «ИГИЛ» атап жүрген «Ирак және Левант Ислам мемлекеті» 2006 жылы Ирак пен Сирия аумағында «Әл-Каида» террорлық ұйымының оннан астам радикалдық тобының бірігуі арқылы құрылған. 2013 жылы «Ислам мемлекеті» содырлары Башар Асад режиміне қарсы Сирияда азаматтық соғысқа қатысып, өздерін нағыз қаныпезер топ ретінде көрсеткен. Ал ұйымның әу бастағы мақсаты Сирия, Ирак, Ливан аумағында сүнниттік ислам мемлекетін құру болатын. Бастапқыда Сириядағы Башар Асад режиміне қарсы батыс мемлекеттері мен АҚШ «Ислам мемлекеті» аталып жүрген содырлардың қолтығына су бүркіп, олардың ойына келгенін істеуге жол беріп отырғанымен, нағыз қауіптің осы тұстан туғанын енді ғана бағамдай бастаған секілді.

Желінің жетегінде кетпейік…

Шетелдік сараптамашылардың пікірінше, дүниежүзілік шым-шытырықта экстремистік және террорлық ұйымдардың қоғамдастықтары мен аккаунттарының өсіп келе жатқаны байқалады. Әсіресе, «Facebook», «Twitter», «В контакте», «Одноклассники» сияқты танымал әлеуметтік желілерде олардың белсенділігі арта түскен. Яғни, ғаламтор алаңында күн сайын халықаралық террорлық ұйымдардың әрекеттері белсенді жарияланып, насихатталуда.
Кейбір жастар жат ағымдардың торына діни сауатын ғаламтор арқылы арттыру мақсатында ілігуі ықтимал. Ал ғаламтордағының бәрі дұрыс, жақсы бола бермейді! Дәстүрлі ислам біздің елімізде «E-islam. kz», «Islam. kz» рухани-ағарту сайттарында насихатталатынын білген жөн.

Уатсап у ішкізіп жүрмесін

«Мұхаммед 570 жылғы 20 сәуірде Меккеде туып, 633 жылы қайтыс болды. Егер осы хабарламаны 20 адамға таратсаң, тілектерің орындалады. Егер назар аудармасаң, 20 жыл бойы жамандық көресің. Лә Иллаһа Иллаллах, Мұхуммадун Расулуллах – осыны 10 адамға жіберсең, ертең бір жақсы жаңалық болады. Аллаһ үшін ерінбе!».
Соңғы кездері уатсап (whatsapp) арқылы тарайтын осындай хабарламалар көбейіп кетті. Хабарламаны нақ бір Алла Тағаланың өзі көктен түсіргендей қабылдаған жұрт бір-біріне таратып әлек. Рас, ішінде «Әлемдегі ең әдемі есім – Алла. Ең әдемі әуен – азан» деп келетін қысқа да нұсқа, тәрбиелі мәнге ие хабарламалар да бар. Десе де, оларды кім қандай пиғылмен әзірлеп, таратып жүргені жұмбақ.
18 қараша күні Қостанайда Болат атты жігіт экстремистік мазмұндағы ақпаратты таратты деген айыппен сотталды. Нақты айтқанда, ол лаңкестердің әрекеттеріне оң пікір айтылған хабарламалар мен діни бейнероликтер таратқан. Жоғарыда айтылған «көріпкелдік» хабарламалар таратуға дағдыланған кез келген адамның күні ертең Болаттың кебін киюі ғажап емес.  Сондықтан уатсапта және басқа әлеуметтік желілерде діни мазмұндағы хабарламаларды қабылдағанда және жұртқа жолдағанда абай болған жөн!

Жанар ӘБДІКӘРІМ


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика