Ғафу Қайырбеков. …Өлеңнің жазып кетсе бәрін Қасым

24 октября 2016

Еске алсам, ескі күннің мұнарынан
Бой созып бір өзгеше шығады ұлан.
Еңіреп, ерте айрылып кеткен еді ол
Өмірдің маздап жанған шырағынан.

Сондықтан бейітіне қатарлатып,
Қойып ек қолымыздан от орнатып.
Тұр сол от әлі күнге лаулап жанып,
Жанынан өткен жұртты жалт қаратып.

Жанады ол «өлмес өмір өлеңіндей»,
Жұлдыздың жерге түскен бөлегіндей.
Әлдилеп асау дауыл қанатымен,
Ақ нөсер сүйеді оны бөбегіндей.

Сол ұлан — ақын еді Қасым деген,
Бір туған біздің өжет ғасырменен.
Ортаймас оның жомарт қиялынан
Жалындай жан-жағына шашылды өлең.

Жасынан нөсер құйып, дауылға ерген,
Сол дауыл қанатына дабыл берген.
Оңаша «от шайнаған» кездерінде
Ер Дәуіт тентектігін қабыл көрген.

Атына ғашық болып алыстан мен,
Түсімде жолыққандай арыстанмен.
Аспанның қос бұлтының нажағайы
Секілді шарт-шұрт келіп табысқан мен.

Ол сонда маңдайымнан сүйген менің,
Есімде жұмбақ бақыт күйге енгенім.
Ақ көңіл ақтарылған жаныменен
Шарт етпе мінезін де үйренгенім.

Жарқырап ә дегеннен көрінді ашық,
Көңлімді танығандай менің ғашық,
«Түбінде шатастырып алмайын -деп
Жібердім ақындықтың мөрін басып».

Дер еді маған қарап, жұмсақ күліп,
Бусанған маңдайыма көз сап тұрып.
Маздаған қара шоқтай қос жанарын,
Бүркітке қойған тағдыр ұқсастырып.

Көп еді айтары да, жазары да,
Аурудың жаны күйді азабына.
«Кеш» — деген жалғыз сөзбен кетті өшіп,
Жалт қарап жалпақ туыс қазағына.

Көргем жоқ содан бері оны ұмытып,
Тұрғандай болам күнде қолын тұтып,
Сипасам маңдайымды жыр жазғанда
Кеткендей өлеңіме жалын бітіп.

Еске алдым мінезіңді сағынғасын,
Жасамай кеткен сабаз жарым жасын.
Бұл күні біз қайтеміз деймін тағы
Өлеңнің жазып кетсе бәрін Қасым.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика