«FREILEHE KINDER» фестивалі өтті

19 ноября 2017

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында ұлттар мен ұлыстар достастығының ерекше үлгісін көрсетіп келеді. Еліміздің әр азаматы өзінің ұлтына, нәсілі мен сеніміне қатысты ешқандай қысым көрмейді. Қайта диаспора өкілдері ортақ мүдде жолында бас қоса отырып мемлекетті алға қарай сүйреуде. Әрі өздерінің ұлттық мәдениеті мен дәстүрін сақтап, дамыту мүмкіндіне ие.

Ұлтаралық қатынастың жақсы жолға қойылуы, халықтар достығының нығаюы, әсiресе, бiздiң Қазақстан сияқты көп ұлттың өкiлi тұратын, демократиялық жолмен дамып келе жатқан республика үшiн өте қажет. Бұл бағытта елiмiз егемендiк алғалы қыруар шаруалар жүзеге асты және асырыла бермекшi. Солардың ең негiзгiсi Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуы. Ассамбляның негiзгi бағыты – елiмiздiң тарихына терең үңiлiп, ұлттық дәстүр мен мәдениеттi, ана тiлiмiздi сақтау және дамыту және ұлтаралық ынтымақтастық пен сабақтастықты мейлiнше өркендету. Бұл ретте әлемде теңдесі жоқ ұлттар институты болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына тоқталып өткен жөн. Қазақстан Халқы Ассамблеясы өз болмысы арқылы барлық ұлттар мен ұлыстардың басқа кез келген халықпен терезесінің тең, керегесінің кең екендігін көрсетіп отыр.

Елбасымыздың төрағалығымен жұмыс істеп келе жатқан Ассамблея жас ұрпақтың бойында ынтымақ пен келісім, толеранттылық, патриотизм сезімдерін тәрбиелеуге ерекше назар аударып келеді. Осы бағытта түрлі мәдени-рухани шаралар ұйымдастыруда. Дәл сондай айтулы шаралардың бірі ағымдағы жылдың 19 қарашасында Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» өтті.

«FREILEHE KINDER» фестивалі – еврей балалары мен жасөспірімдерінің шығармашылығы. Аталмыш фестивалді ұйымдастыруға Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ мұрындық болған. Аталмыш ұйымның тапсырысы бойынша шараны «Жезқазған қаласы жастар Одағы» қоғамдық бірлестігі «Центр забота – Хэсэд Полина» республикалық еврей қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының өкілдері ұйымдастырған.

Жас буын өкілдерінің өнері сарапқа салынған шараны Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс істеу бөлімінің басшысы А.Ж.Тасмағанбетова өзінің құттықтау сөзімен ашып, Елбасымыздың саясатының арқасында Қазақстанда тұратын барлық ұлттар бірлікте, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанын, бүгінгі іс-шара және барлық Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шаралары Ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде өтіп жатқанын айтты.

Ал «Центр забота — Хэсэд Полина» республикалық еврей қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды филиалының төрайымы  В.Г.Кузнецова болса өз сөзінде: «FREILEHE KINDER» фестивалі қонақжайлылық пен тату көршілік және халықтық дәстүрлерін нығайтады,» — деді.

Бұл расымен де дәл айтылған сөз болатын. Өйткені қай халықтың болмасын келешегі жастардың қолында. Бүгінге балалар мен жасөспірімдер ертеңгі ел азаматтары. Сондықтан да оларды осы бастан туған халқының дәстүрі мен салтын бойына сіңіріп, құрмет тұтуға баулу керек. Сол кезде дәстүр жаңғырып, келешекке ұмытылмай жететін болатын. Өз ұлтын сүйетін, дәстүрін құрмет тұтатын адам өзге ұлттарға да дәл сондай сезімде қарайтыны анық. Ал біздің мемлекеттің басты саясаты – ұлттар мен ұлыстар арасындағы бауырмалдық пен достықты нығайту. Сондықтан да мұндай шаралардың ел ертеңі үшін ерекше маңызға ие екендігі анық.

Еврей балалары мен жасөспірімдерінің «FREILEHE KINDER» фестивалі елімізде сонау 2005 жылдан бастап жыл сайын дәстүрі түрде ұйымдастырылып келеді. Фестивалдің алғашқы қатысушылары бүгінде ересектер сапына қосылып, елдің дамуы жолында еңбек етуде.

Бүгінгі өткен фестивалде «Ахава» вокальды-аспапты тобы, «Яхолом» хореографиялық ансамблі, Л.Пропищан тәрізді өнерпаздар сахына төрінен орын алып, демалыс күні жиналған барша көрерменді әдемі ән мен мың бұралған билерімен баурап алды. Залда жиналған қауымның орындалған әндерге ілесе қосылып бірге ән айтып, би билеп, көрерменге тамаша көңіл күй сыйлағаны фестивальдің межелі мақсатқа жеткендігінің айқын көрінісіндей әсер қалдырған еді.

Жасөспірімдер мен балалардың өнерін тамашалауға қала тұрғындары, мектеп оқушылары және №6505 әскери бөлімінің сарбаздары келіпті. Әскер қатарында отан алдындағы абыройлы борышын өтеп жүрген сарбаздар да бұл шараға белсенділік танытып, алған әсерлерімен бөлісті.

Фестиваль соңында қатысушыларға Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Т.К.Камалиевтің алғыс хатымен дипломдары және этномәдени орталыққа ескерткіш сыйлыққа ноутбук табыс етілді.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика